1 Қазіргі көркем прозадағы ішкі монологтың сипаттамасы 1 Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары


ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ АВТОР БАЯНДАУЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН КӨРКЕМДІГІ



бет3/4
Дата09.06.2016
өлшемі410 Kb.
#125133
1   2   3   4

2 ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ АВТОР БАЯНДАУЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН КӨРКЕМДІГІ

2.1 Ішкі монологтың автор бейнесін жасаудағы рөлі

«Әдеби шығармадағы негізгі қаһарманмен, екінші қатардағы кейіпкерлермен бірге, шығарманың өн бойында үздіксіз бой көрсетіп отыратын, баяндауға ерекше тереңдік сипат беретін, оқушыға ой туғызып, шығарма идеясын оның түсінуіне көмектесетін тағы бір образ бар. Ол – автор образы. Оның әр түрлі формада болуы, алуан түрлі тілдік амалдар арқылы көрінуі мүмкін. Шығарманы тіпті түгелімен үшінші жақта (обьективті түрде) баяндап, болып жатқанға өзінің қатысын, көзқарасын ашық байқатпауға тырысқанның өзінде де, автор, әдетте, суреттеп отырған адамдары мен оқиғаларынан қағыс қала алмайды» (Х. Кәрімов. Қанатты тіл. Алматы, Санат 1995ж 111-112 беттер 141).

Л.Н. Толстой көркем шығарманың барлық детальдарының басын біріктіріп тұрған автор тұлғасы, нақтырақ айтқанда, автор «жаны» екенін өте дәл аңғарған.

«Автор бейнесі – көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауғамүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі» (Б.Шалабай. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999 ж 47 бет)

Жазушы автор – баяндаушы, кейіпкер сөзінің құрылысы туралы айтқанда, өзінің бірінші жаұта көбірек жазатындығын, бірақ әңгіме, роиандардың авторы ретінде сөйлегенін, осы ретте белгілі бір дәрежеде өзін төл шығарманың кейіпкері ретінде сезінетінін де жасырмайды.

Соңғы жылдары көркем шығармадағы автор проблемалары В.В. Виноградов, М.М. Бахтин, Д.С. Лихачев, Б.Шалабай және тағы басқа ғалымдар ерекше көңіл аударып жүр.

Академик В.В. Виноградовтың еңбектерінде автор прблемасы арнайы қаралып, оған «автор образы» деп айдар тағылып, бұл мәселе көркем әдебиеттің стилі, түрі тұғысынан талданады.

Бір жағынан «автор образын», екінші жағынан, кейіпкердің ішкі жан дүниесін өзара диалектикалық бірлікте қарастыра отырып, ғалым бұл проблемаларды Пушкин, Достоевский шығармалары арқылы сөз етеді. Ғалым А.С. Пушкиннің баяндау стилін қарастырғанда, ол кең әлемдегі өз түйсігін, өз көзқарасын әлеуметтік тұрғыда қарап, кейіпкерлерімен емін – еркін араласып, етене жақындасатынын айтады.Ғалымның түсінігі бойынша мұндай көркем шығармадағы баяндаудың құрылысы субьективті көп қабатты болып, кейіпкерлерді суреттегенде қолданылатын тәсіл деп береді. (В.В. Виноградов Стиль Пушкина Москва, Гослитиздат, 1941, 94- стр)

В.В. Виноградов «автор образына» мынадай түсініктеме береді. Ол – заманның идеологиялық, эстетикалық талаптарына сай қалыптасып, ілгері дамитын жазушының жеке – дара стилі. Егер жазушы стилі жеткілікті дәрежеде қалыптасса, әрбір шығарма автордың көзқарасын айқындайды; ол шығармада «автор образы» арқылы көрініс берді. Ғалымның пікірінше, «автор образы» қаламгердің дербес стиліндегі тілдік, идеологиялық құбылыстардың басын қосып, ұйымдастыратын негізгі күш болып табылады. «Автор образын» сөз құрылысының категориясы ретінде қарастыра отырып, ғалым бұл мәселеге басқа қырынан келуді жоққа шығармайды.

Қазіргі қазақ прозасында кездесетін баяндау тәсілдері: бірінші, үшінші жақтан баяндау, ішкі монолог, диалогтан мынадай түйін жасауға болады: автор көзқарасына қарай өзгеріп, құбылып отырады (Т.Рахымжанов Романның көркемдік әлемі, Алматы, Рауан 1997ж 117 бет).

Әдеби шығарма – ең алдвмен автор жан дүниесінің айнасы, ол әдеби кейіпкерлердің күрделі де шырғалаң қатынастары арқылы шығарма бойында өрілген автордың өмірге деген көзқарастары, ой түйіндерінің, өмірлік кредосының ой елегінен, көңіл тереңінен, уақыт сынынан өтіп шыңдалған ең бір қаймағы. Өткір де сыншы көзден тыс қалмайтын шығарма бойындағы автор бейнесі қатардағы оқырман назарынан да тыс қалмайды. Ол шығарма сюжетінен, кейіпкер бойынан, оның әр сөзі, қимылынан әлсін - әлсін бой көрсетіп отырады.

Бір автордың бірнеше шығармасын қатар оқып отырып, әр түрлі жазушы жазғандай әсер қалдыратын сияқты. Ол заңды құбылыс. Өйткені, адам қайшылықтарда тұрады. Адамның ішкі дауысы, «мені» оның оқып – білген, түйсінген заттарына, білімдеріне қарсы тұрып, дау айтқысы келетіні болады. Сол кезде туған шығарма адамның жан күзелісін, сол қайшылықтарды, ішкі егесті, толғаныстарды сыртқа шығарады. Әр шығарма өзінше ыстық, өйткені ол да адамның перзентіндей, толғаныстардан туады. Қандай мезгілде, автордың қандай өмірлік кезеңді бастан кешціне байланысты туғанына қарай, шығармалар да әртүрлі болады.

Көркем шығарманың барлық элементтерін бір қазыққа байлап қоятын – автор бейнесі. Ол жазушының дара стилін анықтауға да көмектеседі. Сонымен, автор бейнесі деген не, оның тілдік құрылымын нелер құрайды, оның қандай түрлері бар?

Ең алдымен, «автор бейнесі» - өмірбаяндық емес, ол құрылымдық – көркемдік, көркем тілдік категория. «Автор бейнесі» дегеннен жазушының дүниетанымдық, әлеуметтік, мінез – құлықтық ерекшеліктерінен тұратын жеке басының қасиеттерінің жиынтығын түсінбейміз. Дегенмен, жазушының жеке басының ерекшеліктері оның туындыларынан байқалып тұратынын да жоққа шығаруға боламйды. Алайда «автор бейнесі» дегенде өзара байланысты мынадай екі ұғымды түсінеміз: 1) шығарманың субьектісі, яғни, шығарманың белгілі бір көркем – идеялық көзқарастармен ұласқан, өзіндік көркемдік әлемін туғызушы субьект; 2) көркем шығарманың ұйымдастырушылық орталығы болып табылатын тілдік құрылымы.

Болмысты әр жазушы өз «нүктесінен» - өзінің адамгершілік, идеялық ұстанымы тұрғысынан – көріп, соны туындысында әр түрлі жағдайлардағы тоғысулар, қарама – қарсы қоюлар арқылы бейнелеп шығады. Оның шығармада «көрінуі» шығарманың көркем – тілдік құрылымы арқылы жүзеге асады. Сондықтан «автор бейнесі» шығарманың өзі көрініс табатын көркем – тілдік құрылымынан тыс қаралмайды, онымен тығыз байланысты болады. (Б.Шалабай. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы. 1999 ж 47-48 беттер).

Әдебиетте жаңа сөз айту екiнiң бiрiне бұйырмаған. Ал бұйрығы жетiп, дүниеге келген жаңа сөз, шын мәнiндегi жаңа сөз - әдебиеттiң ортақ абыройы, ұлттық көркем ойдың мерейi” – деп, Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдары оқырман қауымға ұсынылған уақытта көптеген әдебиетшiлерiмiз пiкiр айтқан болатын. Сол пiкiрлердiң нақты, дәл айтылған сөз екендiгiне романдарды оқып отырып көз жеткiзе аласыз.

Бiз ғасырлар тiзбегiнде “Мың өлiп, мың тiрiлген” жанкештi, қаһарман халқымыздың басынан бағы тайған шағы мен жеңiсiн, қуанышы мен қасiретiн болашаққа деген жарқын мұраты, досқа адал, жауына әдiл қазақ халқының санасындағы сезiмдi Әбiш Кекiлбаевтың жоғарыда айтылған романдарынан тiзбектей аламыз.

Әбiш Кекiлбаевтың екi романында да тарихилық сипат басым. Ол халықтар тарихының даму бағытына әлеуметтiк өзгерiстер негiзiнде қарайды. Адамдардың қай дәуiрде болса да үмiттi болащақтан күткенiн, өзара қарым-қатынасқа, материалдық және рухани байланысқа ұмтылғанын ол жақсы түсiнедi. Көршi елдердiң қыспағына түсiп, көшпелi өмiр сүрген қазақ халқының ендiгi жерде оқшау өмiр сүре алмайтынын түсiнген Әбiлқайыр, ендiгi жерде орыс халқымен бiрлесуге үлкен мән берген осы үлкен ойды жан-жақты барлай отырып автор «Үркерде» ханның толғаныс ойын саралап шыққан. «Үркер» романынның бiрiншi бөлiмi «Тығырықта» ханның елшi жiберiп, айлар бойы күтумен өткiзген психологиялық мiнезiн автор орасан зор шеберлiкпен суреттейдi. Екiншi «Елшiлiк» атты бөлiмде Петербургтен елшi Мәмбет Тевкелевтiң келу тарихы көрсетiледi. Ал, үшiншi «Арбасу» бөлiмiнде елшiмен жүргiзiлген келiсiмнiң қиын арбасу-арпалыстары бейнеленедi, төртiншi «Айқас» атты бөлiмде елшiлiкпен ел басқарушыларының арасындағы қиян-кескi тартыстардың бiр жүйеге – дұрыс шешiмге сайып, олардың соған жүгiнулерi баяндалады. Бұл бөлiмдердiң қай-қайсысында да қысқа ғана баяндала салатын осынау нұсқа сәттер айналысында бүкiл қазақ өмiрi қамтылады. Бөлiмдердегi сюжеттiк желiнiң ұзын-ырғасындағы суреттеулер, диалог, монолог, бедерлi көрiнiстер, тiлдiк құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерiн нақты қолдану жағдайы көрiнiс табады. Сол әдiс-тәсiлдiң бiрi «автор бейнесi».



  1. «Автор бейнесi» - шығармадағы барлық тiлдiк құралдарды, стильдiк құбылыстарды бiр тiлдiк көркемдiк жүйеге бiрiктiрiп тұрушы орталық стилистикалық – категория, ол шығарманың iшкi бiрлiгi мен сыртқы тұтастығының арқауы. (Б. Шалабай “Көркем әдебиет стилистикасы” (оқу құралы) Алматы, 1999 ж. (4-5 б, 53-55 б).

Шығармадағы «автор бейнесi» дегенде жазушының жеке басын түсiнбеймiз. Әрине, көркем шығарманы оны тудырушыдан бөлiп алып тастауға болмайды. Өйткенi жазушының жеке басының ерекшелiктерi; өмiрi, дүниеге көзқарасы, оқиға, құбылыстарға шығармашылық қатынасы шығармаларда iз қалдырып отырады. Дегенмен, көркем шығармада жазушының жеке басы тасаланып, оның орнына шығармадағы «автор бейнесi» шығады.

Автор бейнесi – болмыс пен оқырманды байланыстырушы дәреже. Автор ондай аралық байланыстырушы қызметтi атқаруы үшiн, өмiрдегi оқиғаларды белгiлi бiр көзқарас тұрғысынан, яғни белгiлi бiр «нүктеден» баяндауы керек. Ол белгiлi “нүктеден” кейiпкерлердiң iс-қимылын бейнелей отырып, өзiнiң баяндауларына оқырманның қатысын және өзiнiң қатысын белгiлейдi.

Кез келген көркем шығармада автор “көзге көрiнбей” қатысып отырады, Оның демi, тынысы, ненi қалайтыны, ненi қалаймайтыны, - бәрi сезiлiп турады. Бiрақ оның “сезiлу” дәрежесi барлық шығармаларда бiрдей болмайды. Ол жазушның баяндалып отырған жағдайларға қандай “арақашықтықты” ұстайтынына байланысты.

Автор бейнесi шығармада айтылатын ойға белгiлi бiр қатынасқа байланысты келедi.Сонымен бiрге автор шығармада Әбiлқайырды бiр жақты бейнелеп қоймай, халық арасындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге де қатыстырып отырады. Ханның жiберген емшiлiгiн күтiп отырған бiр күнiнде ұлы дүрмек саятшылыққа шығып, дала тағытардының ортасында көрсетедi. Сол саятшылық уақытында жазушы көркем шығармаға тағы бiр тұлға Итжеместi әкеледi. Бiрақ Итжемес шығармада ұлы тұлға емес, Әбiлқайырдың жаңа бiр қыры саятшылық құру қабiлетiн ашу үшiн алынға кейiпкер секiлдi. Шығармада Итжеместiң iшкi ойы мен сезiмi былай берiледi: “.... Мұны естiгенде Итжемес түйiлiп қала жаздады. Ол бiлетiн қазақта не көп-сұлтан көп, би көп, батыр көп, - әйтеуiр ел үстiндегiұлық көп. Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгiлi, ондай дәурен ойына кiрiп көрмеген Итжемес ханның қосынан бiр-ақ шыққанын бiлгенде қақалмағанда қайтсiн! Қолындағы кәрi жiлiктi ауызына апара алмай бiраз отырды. Тек құрсағына кiрiп алған әлдебiр аш тышқан: “Ау, неге кiдiрдiң?” – дегендей, тағы да шиық ете қалғанда барып, жалма-жан апыл-құпыл асай бастады. Асаған сайын қарыны ғана емес, көңiлi де тоғая түстi” Хан ордағы қаңқасапқа тап болып жатқан қазақ көп қой дейсiң бе?... ” (Ә. Кекiлбаевтың “Он екi томдық шығармалар жинағы” 3-том “Үркер” романы. Алматы, “Өлке” баспасы – 1999 ж (223-224 б).

Осы Итжеместiң iшкi ойы, сезiмi бiр қарағанда авторлық баяндау болып табылады. Өйткенi келтiрiп отырған үзiндi түгелемен автор атынан III жақта баяндалған. Ал осының мазмұны мен стильдiк құрылымдарына қарасақ таза авторлық баяндау емес, себебi оған шығарма кейiпкерi Итжеместiң де қатысы бар. Итжеместiң үнi “Хан ордадағы қаңқасапқа тап болып жатқан қазақ көп қой дейсiң бе?” деген ең соңғы сөйлемiнен сезiледi. Ол романда кейiпкер жан дүниесiмен автор көзқарасын тұтастықта жеткiзетiн қос үндi сөз тәсiлiмен үйлесiм тапқан.

Мiне осындай автор мен қаһарманның субъективтiк көзқарастарын бiрге сиыстырып, қиюластырып жiберуге мүмкiндiгi бар тәсiлдi қос үндi сөз дейдi. Оның маңызды ерекшелiгi баяндаудың екi жеқтылығында. Бұған тiл мамандарының iшiнде алғаш рет Х. Кәрiмов арнайы тоқталып, автор мен кейiпкер үнi қатар шығып, қос үндiлiк танытатындықтан “ортақ төл сөз” атауына қарағанда, “қос үндi сөз” деп атауды ұсынған болатын. (Г.Т. Шоқым “Көркем проза тiлiнiң стильдiк ерекшелiктерi” (оқу құралы), Алматы, 2001 ж. (3-5б).

Ал, Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” шығармаларында осындай стильдiк құрылымдар көптеп кездеседi. Ондағы “автор бейнесiнiң” құрылымын түсiнбейiнше, шығарма стилiнiң жалпы сипатын да, жекелеген ерекшелiктерiн де түсiну мумкiн емес.

Көркем шығарманы құру, ондағы суреттеулер күрделi болу үшiн автор өз қаламындағы барлық бояуды сарп ететiндiгi белгiлi. Сол бояулардың iске асу жолдары тәсiлдерi автор бейнесiн жасайды.

Жалпы, “автор бейнесiнiң” құрылымдық ұйымдасуының үш типi бар “ – деп Б. Шалабай “Көркем әдибиет стилистикасы” еңбегiнде атап көрсеттi. Ол үш тип көркем шығарма бойынан сөзсiз табылып отырады. Олар:


  1. Шығарманың өн бойында өзiн бiрқалыпты ұстайтын, бейнеленiп жатқан жайларға бiрқалыпты, бiртұтас көзқарас – қатынас иесi болып келетiн “автор бейнесi”.

  2. “Автор бейнесi” шығарманың өн бойында бiртұтас, бiрақ әртүрлi қырынан көрiнетiн, құбылмалы “жүздерге” ие құрылым.

  3. “Автор бейнесi” баяндалып жатқан жайларға әрқайсысы өз көзқарас-қатынасы тұрғысынан келе алатын,”бiрнеше бейнелер” жүйесiнен тұратын күрделi құрылым. (Б. Шалабай “Көркем әдебиет стилистикасы” (оқу құралы) Алматы, 1999 ж. (4-5 б, 53-55 б).

Осы көркем әдебиеттегi стильдык құрылымдардың барлығы Әбiш Кекiлбаевтың романдарынан кездесiп отыратыны хақ. Романдарды оқи отырып, бiр ойдан екiншi бiр ойға қалай түсiп кеткендiгiңiздi байқамай қаласыз.

Жазушы тiлi бай, образды, ойлы. Суреттерi де жарқын, нақты. Ол құбылысты образмен танып, шешен тiлмен суреттейдi. Оның тiлдiк образдары түгелдей қазақ ұғымына лайықты. Жалпы Әбiш Кекiлбаевтың кейiпкерлердi сөйлету кезiнде көп ойлана отырып, түйдек-түйдек ой тастайды. Өмiр шындығын мол қамтып, байсалдылқпен кең суреттеу орын алады. Дегенмен, Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдарына көз салған уақытта тiл құрылымдарға кең құшақ жая бару шарт секелдi. Сонымен бiрге жазушы өзiнiң ойлау парасаты мен суреткерлiк шеберлiгiн жоғары деңгейде ұстай отырып, оқырманға үлкен мұра ұсынды.

Көркем шығармадағы баяндау стилін автордың тікелей өз атынан оқиғаны баяндауы, қаһармандарға мінездеме беруі, олардың іс - әрекеттерін бағалауы, портретті, күйініш – сүйінішті, табиғат құбылыстарын, оқиға болып жатқан жағдайды суреттеуі, осының бәрін ол өзі құрайды. Сондықтан да қатысушыларды мінездеп, суреттейтін, оқиғаны баяндайтын автор сөзінің маңызы зор болады.

Әдеби шығармадағы негізгі қаһарманмен, екінші қатардағы кейіпкерлермен бірге, шығарманың өн бойында үздіксіз бой көрсетіп отыратын, баяндауға ерекше тереңдік сипат беретін, оқушыға ой туғызып, шығарма идеясын оның түсінуіне көмектесетін тағы бір образ бар. Ол –автор образы.

Автор баяндаудың бір ізділігін, бейтараптығын бұзу арқылы оның айшық-мәнерін арттырады. Айшық-мәнерлілікті күшейтудің белгілі тәсіл, құралдарын пайдаланып, баяндаушы күрделендіреді. Бұл оқиға, құбылыстардың табиғи өту барысын өзгерту арқылы, басқаша айтқанда, баяндау барысында олардың мезгілдік, кеңістік ізбе-ізгіліктерін өзгерту арқылы жүзеге асады.

Жазушы шығармасында болмыстың зат, құбылыстарын ғана таңдамайды, оларды берудің формасын да таңдайды. Бұл тұрғыда автордың шығармадағы тікелей немесе жанама берілетін пікір-қозғалыстар емес, не бейнеленді, қалай бейнеленді және тұтастық ішіндегі бейнеленген заттардың арасындағы әртүрлі қарым-қатынастар мен байланыстар қалай деген мәселелер айырықша мәнге ие болады. Автор шығармасында бейнелеудің әртүрлі жағдайларын оқырманда қажетті пікір туғызатындай етіп сәйкестендіреді, дәл өзіне керек тұрғыдан әсер ететіндей етіп топтастырады. Автор бейнесі неден көрінеді десек, ол баяндау типтерін бір-біріне сәйкестендіру формаларынан, баяндаудың даму және баяндау типтерінің ауысу ерекшеліктерінен, шығарма тексінің экспрессивтік-стилистикалық ерекшеліктерінен және шығарманың жеке бөлшектерінде орын алатын жазушының өзіндік кейбір пікір, көзқарастарынан көрінеді. Автордың көзқарас, қатынасы шығарманың өн бойын кеулей отыра, оның жеке бөліктерін бір-бірімен байланыстыратын тұрады, көркем шығарманың әр элементінің орнын, рөлін, қызметін түсіндіріп тұрады.

Көркем шығармада мәтіні мынадай субьективтік тұлғалардың күрделі, өзара әрекетшіл қарым-қатынастарынан тұрады: автор, арнайы әңгімелеуші және кейіпкер. Автордың әрекет ету аймағы қатаң әдеби тіл нормаларын негізделген баяндады жасайды. Кейіпкердің әрекет ету аймағына диалог жатады. Онда әдеби емес: қарапайым, ауызекі сөйлеуге тән элементтер де қатар қолданыла береді. Ал арнайы әңгімелеушінің әрекет ету аймағы осы екі шектің аралығын алып жатады, ол бірде авторға, бірде кейіпкерге жақындайды, кейде тіпті екеуінің біреуімен өредік немесе мүдде қосылып кетуі мүмкін.

Осылардың қарым-қатынастарына қайсысының басым болуына қарай негізгі екі композициялық-стилистикалық баяндау типі ажыратылады: 1) автор атынан жүргізілетін баяндау типі; 2) басқа біреудің атынан жүргізілетін баяндау типі. Осыған сәйкес баяндауды субьективтендірудің әртүрлі дәрежесі туралы айтуға болады.

Алғашқы баяндау типіндегі субьективтік орталардың өзара қарым-қатынасы екіншісіне қарағанда әлдеқайда қүрделі және көп қырлы болады. Өйткені ондағы баяндау әдеби тіл үлгісіне құрылатындықтан, әдеби нормадан қандай да болмасын ауытқу ерекше айшықты, әсерлі болады. Мұнда жазушы ауызекі ғана емес, басқа да стильдердің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Баяндаушы бірде бейтарап емес қалыпты ұстайды; бірде суреттейді, бірде толғанысқа алады. Баяндауға басқа кейіпкерлердің үндері, дауыстары кірігіп отыруы, сөйтіп, бауындауды түрлендіріп беруі мүмкін. Түйіп айтқанда, автордың бейнеленіп жанған жайға қарым-қатынасы өте жылжымалы, өзгермелі болады.

... Құла түзге кетіп бара жатқан қарақұрым қосынға керек емес нәрсе болсайшы! Жүк артқан түйелер мен мініс аттарды жол – жөнекей суару үшін жеңіл ағаш астаулар жасалды. Киіз үйлер мен жолым үйлерді жабатын қанша өре киіз жиналды! Күрек, мосы, шелек, арқан, жіп, балта, балғалардың санына жетіп болмайды. Орта жолда керегі болады деп, ұстахана әзірлеп, оған қажет көмірге дейін алдын – ала дайындалып қойылды...

... Оның үстіне жаңа қаланы салуға, ойда жоқта түздіктер шабуыл жасай қалса, қорғануға қамдалған қару – жарақ тағы бар! Ертең осынша артынып – тартынып қарақұрым керуен қаптай өріп түрегелгенде бұл маңайдағы түз елінің де зәре – құты қалмайтын шығар. Тек ертең таң атсын де! Тек, тәңірім, сәтін салсын де!

Бұл қосында: «Иә, сәт!», «Иә, сәт!» деп, жүрегі алқымына тығылып, алабұртып жүрген жаңғыз Кирилов қана емес – ті.

Қазақ елшілігі жайғасқан үш киіз үй ол түні көрер таңды көздерінен атқызды. Түйелердің бырт – бырт күйсегені, өзен бойындағы ию- қию көп дыбыс құлақтарын қытықтап ұйықтатар емес. Көрмегелі үш жылға айналып бара жатқан самиян сахараларына топ етіп төбеден түсе қалғандай... Ай да сол күні әбден шаршысына толып туар ма! Төңірек тапа тал түстей жарқырап, кең дала әбден дені жайыла керіліп талмаурады да жатты.(Ә.Кекілбаев он екі томдық шығармалар жинағы 5 том, Елең – алаң романы Тәуекел тарауы Өлке баспасы 1999 ж 67-68 беттер)

Бұл мысалда автордың бірінші жақтағы баяншы ретіндегі ішкі монологын байқауға болады.

Бірінші жақтан баяндауда автор адамның өзі түсініп үлгермеген интуацияларды ашып көрсетеді. Баяндаудың бұл түрінде адамның ішкі әлеміне көңіл ацдарады. Расында, адамды өзінен артық кім біледі. Бұл – тәубеге келу, психологиялық жағынан өзін - өзі ашу амалы. Баяндаудың бұл түрі кейде драмалық шиеленісте де көрініс табады.

Ал, үшінші жақтан баяндаудың да айырықша ерекшелігі бар. Ол авторға оқырманды кейіпкердің ішкі өміріне енгізіп, оны жан – жақты суреттеуге мүмкіндік жасайды. Автор кейіпкер жайында бәрін біледі, тіпті оның өзі байқамайтын көңіл түйткілдерін де аша түседі. Үшінші жақтан баяндау шығармаға ішкі монолог амалдарын енгізуге жағдай жасайды.

Көркем шығармадағы авторлық баяндауда мазмұны мен модальдық – экспрессивтік мәні жағынан таза автор сөзі деуге келмейтін жеке сөздер, сөйлемдер, тіпті тұтас абзацтар кездеседі. Бұл көріністер сыртқы формасына қарағанда ІІІ – жақта автор атынан айтылады да, ал оның мазмұны, модальдық бағыты қаһарманның қатысын сездіреді.

Жазушының шеберлігін дәріптеуде көркем шығармаларды талдау арқылы жеткізуге болатыны мәлім. Сол себепті ішкі монологтың қай жақта берілуіне қатысты амалдарды қарастыруға болады.

Ішкі монологтың баяндау жақтарына келер болсақ, жоғарыда атап өткендей І, ІІІ жақта берілуі мүмкін.

... Патшайым қолтығындағы құс жастықты бір умаштап қойды. Неге екені белгісіз, көз алдына анадағы қабылдауда қызылды – жасылды киіндірген қуыршаққа ұқсап қаздиып тұра қалған қаршадай бала келді.Жәудірей қараған көздері, қалқтған құлағы, шіңкілдей шыққанмен, асықпай баппен сөйлеген дауысы... Бәрі есінде екен. Қимыл – қозғалысы, сөз тастасы тәрбие көргендігін аңғартқандай. Сол балаға қарап отырып, көшпенділердің де төрт аяқтылардың соңында текке шапқылап жүрмегендерін, олардың да бірталай нәрседен хабары барын сезген сияқты еді. Іргесінен қала салуды өтінгеніне қарағанда мына ханның тап анау айтқандай қара жаяу көрінбейді ғой! Жарайды, сондағы ойы не екен, көрейік...

... Пәтшайымның қабағы түйіліп кетті. Әлгі бір көңілденіп қалғанын ешкім көріп қоймады ма екен дегендей жан – жағына тағы да бір сыздана тінтіп шықты. Абажа жайдың ішінде өзінен басқа тірі пенде жоқ екеніне көзі жеткенде барып, кекжиген басын төмен иіп, қағазға үңілді....

(Ә. Кекілбаев Он томдық шығармалар жинағы, Елең – алаң романы. Тәуекел бөлімі. Алматы. Өлке баспасы 1999ж 19-20 беттер)

Жоғарыда үзінділерде Анна патшайымның ішкі ойы сан жаққа тартқанмен бірінші жақта кейіпкердің өз атынан беріліп отыр. Ішкі ой, ішкі сезімдер адамның болмыс – бітіміне байланысты беріле береді. Оны автор өзінің көздеген мақсаты арқылы көркем шығармасындағы кейіпкерлеріне сомдатады.

Әбіш Кекілбаевтың осы жылдары дүниеге келген шығармалары «Үркер» мен «Елең - алаң» романдарындағы бір тұс – ірі тұс сындарлы мінез, салмақты баяндаудың өзгеше табиғаты. Қай шығармасында да аптықпаай айтып, асықпай сөйлеуге әбден қалыптасқан жазушы қаламының өзіндік айшық бедерін айқын танытар, сонымен қатар ұлттық прозамыздың бүгінгі ойлау өресін, көркемдік деңгейін аңғартар осы бір терең тамырлы, кең тынысты баяндау романдардың көркемдік салмағын көрсететіні мәлім.

Бұл жағдайда автор ұсынатын көркемдік әдіс – монологтық баяндау. Бұл баяндау ең алғаш романдардың стильдік, бейнелік тұтастық қалпын сақтауда үлкен роль атқарып, екіншіден көркемдік ойлаудың шекарасын кеңейтіп, тарихи шындық пен тарихи кезеңдерді, тарихи тұлғаларды танудың, сомдаудың өзгеше ұлттық моделін құрауға мүмкіндік береді. Автор ойы, автор қиялы хронологияның құрсауында қалып қоймай, тарих туралы ойлау мен сөйлеудің мейлінше еркін, мейлінше көркем болуына күш салады.

... Кириловтың көзіне дым жүгіріп тамағы құрғақсып барады. Дәл мынау сәт орыс мемлекетінің талайдан бергі бір арманының жүзеге асырғалы тұрған айтулы сәт екенін мына алтын жаға шонжарлар ұға ма екен? Ұқса, Бестужев- Рюмин ғана ұғатын шығар. Ал, анау қасындағы үш немістің не ойлап тұрғанын кім біліпті? Өздері жаратқан аттай бол қанжардай қатып сіресе – сіресе қалыпты. Үйреншікті жағымпаздақтары ма, жоқ мына сапарының қаншалықты тарихи маңызы барын олар да сезе ме?! Сезсе, басқа басқа, ал мына бұл баяғвдан бері сан – сапат оқып, әр үтір, әр нүктесіне дейін жаттап алған, қажет десе, әу баста өз көкірегінен шығып, одан бері қолдан қолға өтіп, мынындай таптаурын күйге түскен, айтпаса да түсінікті қағаздарды бірінен соң бірін ежіктей оқып беріп, сағыздай созғылап, қайталап пысықтатып қайтеді? Одан да «жолың болсын» деп арқасынан қағып шығарып салмай ма! Мына күннің не күн екенін басқаларды былай қойып, тап осы императрицаның өзі түсіне ме екен! Біле білсе, таққа отырғанынан бергі бес жылдың ішіндегі ең бір айтулы күні ғой. Петр Алексеевичтің өзі өле - өлгенше армандап өткен ісі емес пе еді бұл! Жарты ғаламдай жалпақ Азия қолға өзі келіп түскелі тұрға жоқ па!Бұндай дәуренді саған дейінгі ауызымен құс тістеген талай падиша көре алмай кеткенді. Күн күйдірген күнес Азия саған дейін ешбір Европалық билеушіге сауыны болған мама сиырдай сауырын төсеп тұрып алмаған – ды. Ұғамысың бұны, таж иесі, тақ иесі ұрғашы! Бқксеңді Европаға басып, етегіңді Азияға шашып шалжиып отырған сенде де арман бар ма екен, сірә!Анау күні қолыңа Остерман апарып ұстатқан еңбегімді мен сені солай дәріптегем. Сонымды түсініп істе мейлі, түсінбей істе мейлі, мына көрсеткен сенімің үшін алдыңда мәңні қарыздармын. Әттең мынау жаттан үйренген жаттанды салтанатың көзімнің де, сөзімнің де лық – лық ақтарылғалы тұрған талай сел нөсерін бөгеп тұр. Шіркін – ай, дәл мынандай күні дәл мынандай жерден қалайша шарапқа жұмсалатын шауып кел малайдай сіресіп кіріп, сіресіп шығып кете алам! Ең болмаса, «рахмет» деген жаңғыз ауыз сөзімді айтуға жағдай туар ма екен, жоқ па екен...(Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең алаң романы. Тәуекел бөлімі. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж. 55-56 беттер)

Жазушы осындай ішкі толғаныстарға бара отырып, кейіпкерін тарихи тұлға ретінде көрсетеді. Кирилов мырзаның қазақ еліне қала салуға аттанатын қолдың басшысы бола отырып, өз патшасын қалай дәріптеу қажеттілігін ішкі сөз арқылы береді. Жалпы автор өз кейіпкерін сол кезеңнің дара тұлғасы етіп көрсетуге талпынады. Кейіпкер оқиға үстінде іштей сөйлеп, барлық сезімін бірінші жақтағы ішкі монолог арқылы береді. Кейіпкерлер бірінші жақта сөйлеп, шығарманың өн бойына үлкен бір сын жүктейтін тәрізді. Шығарма кейіпкерлерінен өз қабілеттіліктеріне сенімді күшті байқай аламыз.

Ішкі монологтарға тән ең басты қасиет шартылық. Кейіпкер белгілі бір нәрсе туралы жазушы аңғарған тұста ойланбайды және жазушы сипаттағандай күйде ойланбайды. Ол ұзақ толғануы, ал монолог басты түйіндерді ғана қамтитындай шағын болуы мүмкін.Ол мүлде ойланбауы да, немесе мәтіннен өзгеше ойлануы да мүмкін. Мұндай сәттерде автор стилімен сабақтас идеялық – композициялық талаптар жетекшілік жасайды. (Б.Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы, Санат 1996ж 292-293 беттер)

... Самараның ең думанды жағалауы осы еді. Ол да, міне, тып – тыныш. Ығы – жығы адам да, жабыр – жұбыр үн де жым – жылас. «Оның бәрі менің қасым мен өабағыма қарайды. Ал мен түнерсем, міне, осылай олар да бет – бетіне безіп кетеді», - дегендей, көк сұр айдын бүгін тым бедірейіп алыпты. Өңінде ешқандай жылт жоқ. Қвс бойы мығым жатқан сіре мұздың көбісі сетінеп, әр жер – әр жерден қызыл су көтеріліпті.

Россияның тайлы – таяғын түп – түгел осында айдап әкеп, жаппай шанаға отырғызып, үстінен әрлі – берлі сырғанақ тепкізіп, қанша таптасаң да, мыңқ ете қоймайтындай көрінетін жотасы қалың Еділ мұзының дәл мынадай болып қаусай сөгіліп, тозған көрпедей жырымдала бастағаны уақыттың тойтарыс бермес өктем пәрменін ұқтырғандай. ...(Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең алаң романы. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж. 223 бет).

Зерделеп отырған мәселеміздің өзі бір ғана тәсіл, ішкі монолог болғандықтан, оның тәсіл ретінде қалыптасуына әсер ететін қосымша тәсілдер баршылық. Мәселен жазушының өзі айтқандай «адамдар не істеп жатыр емес, САНА не істеп жатыр» деген әдебиеттегі келелі мәселені өзі қозғайды. Шығарма кейіпкерлері ырыққа көнбейтіндей ағыл – тегіл ой ағыстарында жүреді. Авторлық баяндауы басым эпикалық, үшінші жақтан баяндау стилін таңдағанмен ол көбіне кейіпкер болып сөйлеп, кейіпкер тұрғысында ойланады, демек кейіпкер кейпіне енген автор оқырман алдында көп көрініс табады.

Автордың біз қарастырып отырған туындылары «Үркер» мен «Елең- алаң» романдары ішкі монологтың авторлық тұрғысында баяндалады. Дегенмен, кейіпкерлерін толғандыратын тұстарда ішкі монологтың персонаждық түрін де қолданады. Кейіпкерлердің өзіне тән жан дүниесі, кескін – кейпі, сезім иірімдері осы көркемдеу тәсілі арұылы анықталады. Ішкі монолог арқылы кейіпкер образын даралау айрықша айқын көрінеді.

«Тіл көркемдігінің бір байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек – ақ. Өйткені диалог адам мінездерін, қимыл - әрекеттерін ашуға бірден – бір қолайлы форма ғой. Монологқа келсек бұл талап одан да арта түседі» (М.Базарбаев. Қазіргі қазақ көркем шығармаларының тілі жайында // Өнер алды қызыл тіл.Мақалалар жинағы. Алматы, Жазушы, 1986ж 63 бет).

Шығармадағы әрбір кейіпкер сөйлеу сипаты жағынан бір – біріне ұқсамайды. Олардың өзінше сөйлеу дағдысы, мәнері бар. Осы әртүрлілікті жазушы ішкі монолог құруда өте ұтымды қолданылған. Шығармадағы кез – келген кейіпкердің ішкі ойын беруде, ең алдымен оның мінездеріне қарай отырып, ішік толғаныстарын жеткізген. Мәселен көркем шығармадағы бейнелі кейіпкерлердің бірі Татищевтің қазақ жерінде жүріп ішкі ойларын алуға болады. «... Бірақ, амал қайсы... Кісідегінің кілті аспанда емес пе! Өз қолында тұрса, мындағы кикілжіңдерді басып, башқұрт бұзықтарын тиісінше жазалап, башқұрт түздіктерін арқадан қағып, қазақ сұлтандарын да алдап- сулап, жаңа қамалдарды салдыруға әлдеқашан кірісіп кетер еді...

Қайтерсің, ақ патша бұған деген қырыс қабағы не істесе де жазылмайды... Бұның аузынан шыққан сөздің бұрысы да бұрыс, дұрысы да бұрыс... Әйтпесе, соңғы бір жылдың ішінде қаншама ұсыныс айтты! Қайсысы жүзеге асты!... Жүзеге аспады да... Өйткені Анна Иоановна төңірегіндегілерге Татищевтың абыройының асқаны емес, қайдағы бір «қатыгездіктерге» ұрынып, кеудесін жерге басқаны керек. Сондықтанда оның қай ісінен де мін табуға тырысып бағады.Өздері қайсақтарды: «Алдап – сулап ұста!»- деп алып, енді: «Олардың ханына мәймөңкелік жасадың», - деп айыптамақшы. Егер оған тырнағын қаттырақ батырып жіберсе, олар: «Ондай оспадарсыздығыңмен енді – енді илігіп келе жатқан қайсақтарды безіндіріп жіберетін болдың», - деп ит терісін басына қаптар еді...» (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең- алаң романы. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж 334- бет).

Жоғарыда көрсетілген мысалдар арқылы Татищевтың ішкі жан күзелісін көруге болады. Бірінші жақтан баяндау арқылы кейіпкердің іштей сөйлетіп, тыңдаушысына үлкен характерлі бейне ұсынды. Жалпы ішкі монолог тәсілін қолдану арқылы кейіпкерінің қандай жан және қандай жұмыс атқара алатынын байқауға болады. Адам бір мезгілде әртүрлі құбылысқа ене отырып, ішкі ойы арқылы басқа түсінікте болуы да абзал. Автор шығармаларында кездестіргеніміз кейіпкерлері үлкен ойлы, парасатты сөйлей алады. Бұл автордың тума талантылығынан болса керек.Сонымен бірге оның кейіпкерлерінің мінезі өз алдына бір мәселе. Әрбір адамның өзінің характері болатындығына байланысты, туынды да іртүрлі характерлі тұлғалар кездеседі. Характер – әрбір адамның ерекше белгісі, айырмашылығы. Ол екі түрге бөлінеді: біріншісі адамның өзіндік ерекшелігі, екіншісі: адамның тұлға ретінде мінез жиынтықтары деп түсіндіріледі. Ішкі монолог арқылы шығармадағы кейіпкерлердің мінезін анық көруге болады. Сонымен бірге ішкі ой адам мінезін қалыптастыратын ең ұтымды тәсіл. Біз қарастырып отырған жазушының «Үркер» және «Елең - алаң» романдарындағы басты образ Әбілқайырдың ішкі монологтары арқылы санамызға бейнелеп отырған кейіпкердің қандай адам болғаны елестеп, оның ойы арқылы қандай істер жасай алатындығына көзіміз жетеді.

Жалпы Әбіш Кекілбаев кейіпкерлері көп ойланады, ойлана отырып түйін түйеді, оқырманғада ой тастайды.Бұл орайда ол кейіпкерлеріне еркіндік жалауын ұстатады. Мысалы; Әбілқайыр хан, Тевкелев, Кирилов, Татищев және хан ордасындағы барлық билер мен ханзадаларға дейін еркін ойлап, еркін сөйлеуге дағдыланады. Ең азы әйел заты саналатын Бопайдың өзінің ішкі ойы романда анық көрініс табады. Олардың қай – қайсысына да өмір туралы өзіндік байлам жасайды, осылардың негізінде көркем шығарманың тұтас философиялық тереңдіктері түзіледі.Жазушы бұл әдісті тарихи тақырыптарға жазған шығармаларында жүгінеді.Тарихи оқиғаларға кейіпкер ойымен баға береді. Қазіргі тіл білімінде «ішкі монолог» деп аталып жүрген бұл әдісті кейіпкер мен автордың ой бірлігін берік ұстауға ықпал жасалады.

... Тұсында керемет жолы болғандай көрінген сол оқиғалар, түптеп келгенде, бұның итінің қырын жүгірген күндері екен ғой. Білсеші...

Бірақ, осы ақ патшаға қалмақтың тыныштығы, башқұрттың тыныштығы, ноғайдың тыныштығы керек болғанда, қазақтың тыныштығы неге керек болмайды?!

Солай болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес... Ақ патша жаңа боданына бұрынғы бодандарынан көбірек жалтақтамаса, аз жалтақтамас... Ендеше, жалтақтасын... Жалтақтаңқырасын... Жалтақтатпай айдаладағы қатын патшаның мойын омыртқа сүйегін аяй ма?! Жан – жағына жалтақтағаны қайта өзіне жақсы. Жауырынына сары су иленбейді... Көп талтаңдап, аз жалтаңдасын деген заң ба екен?Ақылы бар аз өзі талтақтай алмағанмен, жұртты жалтақтата алады. Бір есептен бұның да бірден майлы шелпек боп көрінбегені дұрыс. Өзіне салса ол жағын келістірер еді –ау. Бірақ, өйтіп сенісердей елі болмай тұр ғой. Башқұрттардың бұйда жібін ұстап алып біраз, саудаласып көрем бе деп еді. Құдай сәтін түсірмей тұр. Шыр айналдырып кеп бір қазақтың, оның да бір арысының ауқымынан шығармай тұр. Ал қазақтың қай бір қиқаңы мен сипаңы таусылған. Ондай ел өзіңді жалтақ қылмай тұрмайды. Өзің жалтақтап тұрып өзгені қайдан жалтақтата аларсың... Дымыңның құри беретіні содан. Әйтпесе, осы жолы да «Ақ патшаға қазақ керек болса, Әбілқайыр да керек... Ендеше ол Әбілқайырды белден басып кете алмайды», - деп шіреніп – ақ бағатын жері. Құдай сорлатқанда ондай пәтуаны өзіне қиғанмен, қарауындағы елге қиып отыр ма?! Қай бір нәрсенің де алды – артын парықтап жатқан айналаң бар. Бір қиқудан бір дүркіреп қасыңа жиналады, бір қиқудан дүсірлеп бет-бетіне тайып кетеді.... (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең- алаң романы. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж 341-342- беттер).

Ішкі монолгтың автор тұрғысынан берілу жағы көбіне көркем шығармаларда үшінші жақтан берілу сипатында көрінеді. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтің тарихи тақырыпқа жазған шығармаларында «Үркер» мен «Елең - алаң» романдарында көрініс тапқан.

Көркем прозадағы диалог және оның түрлері жайында сөз қозғау ең алдымен төл сөздің айналасындағы айтылатын автор сөзіне тоқталған жөн. Өйткені көркем шығармада ол да белгілі стильдік қызмет атқарады. Ғылыми грамматика мен зерттеулерде бұл «автор сөзі» деп аталып жүр. Грамматика тұрғысынан бұл әбден орынды жәйт.Себебі кейіпкер сөзіне байланысты автор атынан айтылатындар авторлық баяндаудың бағытын жалғастырады, сөздің құрамы жағынан автор сөзінің бір бөлігі саналады. Ал стилистика ғылымы үшін бұлай атау жеткіліксіз. Неге десеңіз «автор сөзі» авторлық баяндау, суреттеу, мінездеу тілінде кейіпкер сөзіне байланысты айтылған авторлық түсініктеме сөздерді де бірдей ұғынуға болады. Стилистикада бұл екеуін көркемдік қызметі жағынан алғанда екі ұдайы құбылыс деп танып, бір – бірінен ажыратып қарастырудың мәні зор.

В.В. Виноградовтың пікірінше, «тілдік құралдарды сұрыптап, таңдап салыстыру нәтижесінде жүзеге асатын түрлі экспрессивтік – стильдік бояулар, бағалаулар мен олардың сипаты шығарманың идеялық мәні, суреткердің жалған – талбы, шығармашылығы туралы түсінік береді. Ал оның бәрі шығарманың стильдік бірлігін белгілейтін автор бейнесінің тілдік құрылымында көрініс табады.

Автор сөзі өзі білдіретін затқа тура бағытталған, ол өзі бейнелейтін нәрсені тікелей түсіндіруге арналған.Осындай автор сөзі арқылы берілген диалог, ішкі монолог тәсілдері Әбіш Кекілбаев шығармаларында көптеп кездеседі.

Жалпы қазақ прозасындағы ішкі монолог тәсілінің өзге көркем компоненттермен өзара сабақтас бірегей қызмет атқаратыны шығарманы оқып отырғанда байқалады. Автор шығармаларында баяндаушылық сипаттан гөрі образды ойлауға, оқырманын психологиялық тереңдікке бойлатуға мүмкін береді.

Көркем әдебиетте өмір шындығын әрі сенімді, әрі айқын көрсетілуінің бірі – кейіпкер сөздері. Кейіпкер сөздері диалог, ішкі монолог тәсілдері арқылы жүзеге асады. Жазушының көркем шығармада кейіпкерлерді сөйлете отырып, олардың мінезін, атқаратын қызметін, өмір сүрген ортасын және қарым – қатынас жасайтын адамдарын әр қырынан ашуды тілдік – стильдік мақсат ете білген.

... Мына сығыр не деп кетті? Ертегінің Алдарындай жылмиған неменің әңгімесінің өтірігі қайсы, шыны қайсы? Қайдағы бір төбе шашыңды тік тұрғызар сойқан хабарларды ауыл – үйдің өсегіндей жүрдім – бардым айта салады. Ал сосын әлгі сұмдығына сенеріңді, сенбесіңді біліп көр...

Қалмақ сапарында алдынан қырық құбылып шыққан да отырған Шона Добы әңгімесі енді былайша ұйытқыды. Оны өлді дегендері өтірік болғаны ма? Басқұншақ жақтағы мола астына арам өлген тоқтышақ көмілген жәй әншейін төмпек боп шыққаны ма? Ал енді күллі мұсылманның қамқоршысы пірәдарға қол көтеріп көр!...Бәрін айт та бірін айт. Ресей қарамағындағы күллі мұсылманға оп – оңай ие болып шыға келгенін айт. Қап тауындағы мұсылмандар мойындаса, Қырымдағы мұсылмандар мойындаса, Еділ бойындағы мұсылмандар мойындаса, түріктің сұлтаны, Мекенің хадиі мойындаса, іргедегі башқұрт та құлдық ұрып ат сабылтса, қақ ортадағы қазақ қайда қалушы еді! Көбі бұның үш арысқа ортақ хан ьолам деген дәмесін болдыртпау үшін қаңғып жүрген қалмақ түгілі қаңғалақтап ұшып бара жатқан қаңбақты ұстап алып, төбесіне қоймас па... (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең- алаң романы.Тәуекел бөлімі. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж 286- бет).

Әбілқайырдың осы бір ішкі ойы бірінші жақтан беріліп, адамның сол кезеңдегі толғанысын бейнелейді. Автор кейіпкерлерін іштей сөйлете отырып, тарихи істің басын ашады. Ішкі ойдың мысалдағыдай қолданысы кезінде автор мен оқиғаның арасындағы белгілі қашықтық жойылып, автор мен кейіпкер қосылып кетеді.

«Автор әрдайым кейіпкермен бірге: онымен бірге қуанады, бірге қайғырады, бірге мысқылдайды. Кейіпкердің өз сөзі де, ортақ төл сөз де, ішкі сөзі де сол мақсатта қызмет атқарады. Автор мекендік, мезгілдік, ұғым – түсініктер тұрғысынан кейде өз кейіпкеріне жақын тұрады, кейде одан алыстап кетеді, кейде біте қайнасып жатады, бәрібір солардың қай – қайсысында да өз идеясын алға тартады. Тіпті, ұнатпайтын кейіпкерін сөйлету арқылы да өз идеясын береді(Б.Шалабай. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы 1999 ж.101-бет).

... Расында да, нағып байқамаған... Мына жалба тымақтарды тойғаннан басқа арманы, ырду – дырдудан басқа құмары жоқ аңғал жұрт деп санаушы еді. Баяғыда Уфада тұрғандағы үйінің аула сыпырушы шалына қарап, еңбекке үйретсе, өздері қыруар пайда тигізе алуы да мүмкін екен деп ойлаған. Сөйтсе, нағыз екі аяқты ши бөрілер екен ғой. Ығы – жығы Уфада моп – момақан болып жүргенмен, ұлы түзге аяқ басты – ақ, тісін қайрап, жан – жағыңнан анталай қамап, арс – арс етіп қоя бермеді ме! Анада Ор бойына жеткенше қылмаған қысастығы, көрсетпеген қорлықтары қалды ма! Онда әйтеуір күштері жетпеген соң, дегендеріне жете алмады. Күштері жеткенде, Чижовтың полкінің кебін бұлар да киетін еді. (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең- алаң романы.Тәуекел бөлімі. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж 237- бет).

Жоғарыдағы мысалда автор кейіпкермен бірге сөйлеп, Кириловтың ішкі жымысқы ойын қалың оқырманына сездіреді. Автордың ішкі ойы, оның шығарма төңірегіне байсалды кейіпкерлерді жинақтауы жазушының аса бір шеберлігі деп ұғамыз.

Көркем әдебиет тілінінің өзіндік сипатын түсінуде көркем әдебиеттің өзін, жалпы өнердің бір түрі ретінде ерекшелігін анықтаудың мәні зор. Қазіргі көркем әдебиетінің тілі – дамудың жоғары сатысындағы биік өрелі тіл, нағыз өнердің өзі. Көркем проза тілін тануда көркем шығарманың тілдік композициясын құрайтын тұтастықтардың автор сөзі мен сөзінің алатын орны ерекше.

Автор бейнесі мәселесі В.В. Виноградов еңбектерінде көркем әдебиет тілін, жазушы стилін зерттеуде орталық, негізгі мәселелердің қатарын құрайды. «... Но особенно значительна, глубока и синтетична прежде всего в отношении задачи выяснения внутреннего единства стилистических средств литературного произведения, а шире творчества писателя в целом – проблема речевой структуры образа автора. Образ автора – это та цементирующая сила, которая связывает все стилевые средства в цельную словесно – художественную систему. Образ автора – это внутренний стержень, вокруг которого группируется вся стилистическая система произведения» (В.В. Виноградов О языке художественной литературы. Москва. 1959 г 100-101 ст. 654)

Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады. Ең алдымен автор бейнесі тілдік тәжірибенің нәтижесі ғана емес, ол - әдеби – көркем мәдениет жемісі. Сондықтан ол тілдік стилистикалық құбылыс – категория ретінде арнайы зерттеудің обьектісі бола алады.Автор бейнесі шығарманың тілінен, оның баяндау құрылымынан, ішкі ой ағысынан көрінеді. Сондықтан шығарманың тілін, баяндау құрылымын талдау арқылы «автор бейнесінің» сан алуан қырларын, оның қалыптасу, даму эволюциясын аша аламыз. Шығарманың баяндау құрылымы автор сөзінен және кейіпкер сөздерінен көрінеді.

Негізінен, автор шығармасында өзі баяндаушы болады. Кейбір жағдайда автор өзінің орнына қолдан баяндаушы жасап алуы мүмкін. Ондай баяндаушы оқиғаларды не оған қатысушы, не бақылаушы куәгер түрінде баян етеді.

Баяндаудың бұл қырлары (автордың өз атынан, не кейіпкер атынан баяндауы) автордың перспективасын таңдауына байланысты. Автор бір жағдайда шығармасында қзі жасайтын шындық әлемімен бірігіп, біртұтас дүние болып кетеді, одан бөлінбейді, енді бір жағдайда бейнеленетін шындық пен өзінің арасына белгілі қашықтық орнатып, одан алыстайды. Баяндау перспективасының құрамына енетіндер: шығарма авторы мен баяндаушы(оқиғаны өз атынан жүргізетін ойдан құрастырылған әдеби – көркем бейне) арасындағы қарым – қатынас, шығарманың белгілі бір мезгілдік, кеңістік және экспрессивтік тұрғыдағы бағыт – бағдары. Бұлардың бәрі бірлікте автордың идеялық – эстетикалық көзқарас – қатынасын білдіреді.(Б.Шалабай. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы 1999 ж.50-51 беттер)

Жалпы Ә.Кекілбаев – шығармаларындағы авторлық айшықты сөз қолданыстардың молдығымен, сонылығымен, дәлдігімен, зерделі ой арқалайтын құдірет – күшімен қазіргі қазақ қаламгерлері арасында шоқтығы биік тұратын тұлға. «Үркер» мен «Елең - алаңды» оқып отырған кезде көбінесе ауыз ашып, көз жұмып, таңдай қаққаннан басқа ештеңе қалмайды. Романдарды оқыған адам Ә. Кекілбаевтың шынында да «қаламынан парасат тебіндейтін» зерделі ойлы, әрі жүйрік, әрі жорға, сұңғыла тілді жаөушы екендігіне көз жеткізеді. Сөз болып отырған романдарда кешегі бір күндердің талабы тұрғысынан әсіре қызыл саясат қуудың жұрнағы да жоқ. Романдар дәл осы қазіргі кезде жазылғандай әсер береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет