ТҰҢҒыштар тынысы



Дата11.06.2016
өлшемі59 Kb.
#127439
ТҰҢҒЫШТАР ТЫНЫСЫ
Толғамы мен тұрлауы тарам-тарам, толғанысы тереңнен шымырлап шығатын шынайы поэзиядағы тың тыныспен, өзгеге ұқсамас өзіндік әуенімен келу - өлең өлкесін армандап, талпыныс жасаған талапкердің өзен толы мақсаты. Тұңғыш топтамадан сол ізденістің ізі аңғарылып, жүрекжарды жырымен оқырман жүрегіне жол іздейді. Алғашқы жинақтан-ақ жас ақынның алымы мен шалымы шаң береді. Бүгінде тұңғыш өлең кітабын көп ретте 25-30 жастың арасындағылар шығарып жүр. Бұл адамның өмірге көзқарасы қалыптасып, сезім дүниесі, психологиясы, ой-өрісі бір арнаға түсетін шағы. Толысқан шағы. Сондықтан да тұңғыш жинаққа тек қана жанашырлық жанар мен емес, сын көзбен де қараудың артықшылығы жоқ. Жиырма бестің жігерімен тумаған жалынды өлеңнің отызда өзекті өртеуі күмәнді.

Сонымен, тұңғыштар тынысы жүректі толғандыра ма? Төрт жинақ, төрт ақын. Әр қайсысының тақырыбы, көркемдік дәрежесі, көлемі бір-біріне ұқсамайды. Жастары шамалас. «Таң» – астанадан алыстағы Әбен Дәуренбековтың тырнақалдысы. Пышақ сыртындай ғана жұқа. Есімі елге таныс та, бейтаныс та. Елең еткізер ерекшелігі – жырларында жылылық бар, өзіне тартып тұрады. Іштей үндестік табасың. Қыр лебін, жусан иісін, табиғатқа құштар көңілдің құлшынысын аңғарасың. Әбен жадағай емес, детальға үңіледі. Содан өзінше ой қорытады. Қозы-лақ, көген, өлең, өріс, серке жөнінде толғам-толғам цикл жазғандар бар. Ал, Дәуренбековтың «Қоңыр қозысы» моп-момақандығымен ұнайды.

Бір қарбалас кезі еді

екіндінің,

Көз сап қой деп қойларға деп

өтінді інім.

Жабылады бір қозы әр

желінге,

Қайдан білсін ол шіркін,

жетімдігін.

Тағы барды бір қойға

жасқана ма,

Бір жетсем деп аңсайды-

ау ақ мамаға.

Толған торсық секілді

құрдастары,

Ала-бөтен бұл сонда аш

қала ма.

Көкейімнен таппаған

бұрын тұрақ,

Болды маған осы бір

қиын сұрақ.

Қоңыр қозым – өлеңім,

сен де солай,

Жүрмегейсің әр кімнен

жылу сұрап,

Жас ақынның артықшылығы да, кемшілігі де осы өлеңнің бойынан орын алған. Ой айтуы – соңылау. Ал үш шумақта ешқандай мағыналық мазмұн қоспайтын «бір» деген сөзді бес рет, «сұрақты» екі рет қатарынан ұйқасқа пайдалануы – стильдік, техникалық ақаулық. Жас ақынның ширауы қажет. Шеберлікті шыңдап, тынысын кеңейтіп өсіргені абзал. Шағын деталь, бір сәттік сезім – өлеңге өмірлік арқау болмас, Әрине, бір өлең арқылы оның барша творчествосына үкім айту – әбестік. Жинақпен танысып, күнгейін де, көлеңкесін де көңілге түйген тұжырым бұл. Алғашқы сезімнің әсерімен үстірт баяндау басым. «Қоңыр қозыдай» алыс-берісі аралас өлеңдер. Өзінің тақырып бейімділігін байқатып қана қойған. Философиялық толғау, ой салмақтылығы жетпейді. Алғашқы қадамның толқуы мен дірілі, күдігі мен сенімі сабақтасқан. Сонысымен де табиғи, жанға жақын.

Екінші бір «Ақ шуақ» жинағының көлемі де, көркемделуі көңіл тойдырады. Демек, Рахымжан Өтегеновтың барлық қырынан көрініп, өзінің творчестволық табысын танытуға толық мүмкіндігі болған. Грузиннің ұлы ақыны Бараташвилидің соңында қалғаны 27-ақ өлең екен. Ендеше 83 жыр, 3 балладаның басын қосқан жинақтың салмағы да біраз тартса керек. Кітаптың беташарында:

Жазсам деп бүгін жақсы кешегімнен,

Жаңылдым күндердің де есебінен –

деген қос тармақ жас талаптың мақсатын айқындап, ізденіс сипатын байқатады. Рақымжан егілмейді, орынсыз лепірмейді. Ол жастықты, оның ішінде махаббат лирикасын көбірек толғаған. Р. Өтегеновтың бейімділігі қысқа өлеңнен сәтті көрініс тапқан. Ана. Осы тақырыпта тізбектелген қозының көгеніндей ұқсас топтама жазбаған өлеңші жоқ. Рақымжанда ондай ұқсас әуендер баршылық. Алайда, соның жүгін бір-ақ шумақ көтеріп тұр.

Жүрдің-ау, ана,

бір тойға ұзақ жиналып,

Келердей ұлың бақытты

барлық үйге алып,

...Ең соңғы рет жинаған

өзің – жүгіңді,

Бұза алмай жүрдік,

Көп күндер біздер

қиналып...

Жүректі дір еткізіп, сезім толқынын шайқайды. Көз алдыңа анасының соңғы рет жиған жүгіне қиыла қараған бала елестейді. Ол жүк сан рет жиылар. Тіпті, күндегіден де әдемі текшеленер. Бірақ, анасының көрпе қаттағанындай қайдан болсын. Жалғыз төрттағанда шағын драма бар. Алайда, оның ауыр салмағын жылы лиризм жеңіп, әуені саздылау естіледі.

Түн, Қаптаған

терезелер,

Тіл қатпаған

терезелер, –

деп басталатын өлеңнің құрылысында психология шаң береді.

Сәтті жыр – тәтті жыр. «Ақ шуақтағы» жырлар – бір деңгейлес. Ал жалпы жас таланттың алдағы уақытта ескеретіні – тақырып пен талғам ба дейміз. Әкеге, шешеге, әпкеге, жеңгеге арналған өлеңдерінде жалпылық басым. Қашанғы бал-қаймақ майды, сүр етті, бауырсақты, қымызды тамсана айтып, абзал жандарды ауызымызға аламыз. Олардың басқа қырынан, өмір туралы толғамын, жан-дүниесін ашатын кез жеткендей. Тынысы тар шумақтар, ортақол туындылар да мол. Зады Р. Өтегеновтың қалайда бір сілкінуі қажет сияқты. Өйткені, осы бір тақырыптарды қоңыржай қайталау – ақынның бір ізді шиырлап, тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Поэтикалық қуатты көрінген тақырыпқа жұмсамай, пайымды, салмақты туындыға ұмтылғаны абзал. Оған оның қабілеті толық жетеді. Содан кейін, Рақымжанның тіл қоры жұтаңдау. Мысалы: «Көп бопты ұмытқалы қойдың үнін» дегендегі орнын таппаған сөз бірден аңғарылады. Қойдың маңырағанын «үн» деу әбестік. «Дауысы» десе мүмкін сиымды болар ма еді. Балладалар да осы жанрдың бойына тән қасиеттерді толық игермеген. Кәдімгі толғау өлең ғой. Біз бұл ойларымызды үмітіпен, ізгі ниетпен айттық. Қамшылағаннан қанат қырқылмайды, қайта қарқындайды.

Бізде талантты дер кезінде танып, қолтығынан демеугс енжарлық жоқ. Екі жас ақын Ерлан Бағаев пен Ұлықбек Есдәулетов ондай кұрметтен кенде қалған жоқ. Қисын-жүйесімен көзге ілініп, үміт отын тұтатты. Олардың жаңа жинағындағы өлеңдердің арасында баспасөз бетінде жарық көрмеген шумақ жоқ екен. Мерейі ауған оқырманға алғашқы жыр моншағын қалай табыс етті? «Таңсәрі» – Ерланның тұңғыш топтамасы. Бұдан бұрынғы бірнеше жас ақындардың жинағында да көрінген. «Таңсәріде» сондағы жырлардан ерекшелене қоятын шумақтар шамалы. Тақырып аясы, ой иірімі таяздау. О, туған жер, ох, махаббат... Ерлан нәзік сезімге, ақ ниетті тілекке құштар. Бұл – «Таңсәрінің» басын қосып тұрған тақырып. Бірақ, нағыз поэзия ешқашанда жеке адамның тілегіне қызмет етпейді ғой. Өлең қоғамдық ойдың өлшемі. Онда объективті көзқарас, түйсіну, тұжырым нышан танытар болар. Ерлан Бағаев жырларында әлі балаңдық басым. Бос есілген шылбыр сияқты шумақтары болбыр. Сезім де өлең боп құйыла бермеген. Жас талапкер кейбір өлеңді өзін-өзі күштеп, кірпіш қалағандай құрастырған. Ерланның арылуға тиісті кемшілігі – тілекшілдік. Мысалға жүгінейік:

Жақсылықпен қашанда ұғысайық,

(19-бет).

Айналайын, көктем-ай, аймалашы.

(23-бет).

Жулдыздер

жымындағанда,

Менің де жымыңдағым

келді.


Бастаулар шымырлағанда

Менің де шымырлағым

келді (?)

Қыраңдар қалыңтағанда,

Менің де қалыңтағым

келді.


Шынарлар шарықтағанда (?)

Менің де шарықтағым келеді.

(26-бет).

Ағаш қалай шарықтайды, қанаты жоқ қой.


***
Бүгінгі жаңбыр менің

сағынышым секілді.

Кіршіксіз мөлдіреп бір,

Жалаудай желбіреп тұр, (?)

Жаңбыр желбірей ме?
***
Бүгінгі жаңбыр менің

армандарым секілді...

...Бүгінгі жаңбыр менің ақ

көңілім секілді...

(29-бет).

Ақ арманмен қарсы

алайын таң нұрын

(35-бет),

Жақсылық боп жайнайық,

Тәтті үміт боп қалайық.

Ләззат пен рахаты,

Маңдай термен табайық

(49-бет).

Ерланның бас тілегінің орындалуына тілектеспіз. Тек тілекпен поэзияның өрісі кеңімес. Келтірілген үзінділер сияқты «ақ тілекті» кез-келген беттен табуға болады. Өлеңдерде, ырғақ, буын, ішкі психология, ұйқас жағы ақсап жатыр. Өз күшіне:

Шамалы бітіргенім,

Сонда да биікпін мен,

Осындай жігітпін мен! –

деп сенген жас ақынның осы жинақтан талантын мойындай отырып, биігіне жетуін қалаймыз.

Әр қашанда жүргенің,

Жетегінде ой-арман,

Осы ма тек білгенің,

Серпілсеңші, ей, Ерлан?, – (32-бет),

деп, өзі дұрыс айтқан. Серпілу де, ширығу да қажет. Ерлан алғашқы өлеңінен бастап бүгінгі күнге дейін тек мадақталып жүрді. Әйтсе де, ізденіс өрісін де кеңіткен абзал емес пе?

Ерланмен тұстас, қатарлас шығып жүрген Ұлықбек Есдәулетовтың «Жұлдыз жарығындағы» – өлеңдері мөлдір сезім тамшыларындай. Ең қуаныштысы – тілі. Ұ. Есдәулетовтың жырларында әдемі сурет, алғырлық нышандары аңғарылады. Ақын ретінде біршама қалыптасып қалған,

Бізді өмірге жіберген жоқ адас деп,

Адасқанға жөн сілте деп жіберді.


***
Майданнан қайтты Ол,

Сыңар аяқ,

Сыңар білекпен,

Оқ тескен бір өкпемен.

Жеңілген тән, жеңілмеген

жүрекпен,

Мен Оны балдақ боп

сүйеп келем.

Әшеннің күсті алақанын

Сипапты ғой лақтырып

тастау үшін,

Маңдайыма жазылған

сорым болса, –

деуінде жарасымдылық жатыр.



Ұлықбектің әлі де балаң лирикасы саздығымен үміттендіруімен жүрекке жетті. Ал, «Толағай жандар» поэмасының сюжеті де, баяндалуы да, тілі де нашар екен. Өз мүмкіндігінен көп төмен. Зады ең өкініштісі, өнер туындысы ретінде өзіне баурай алмайды. Біздіңше, бұл кемшіліктер кейіпкерлер мен оқиғаның шартты түрде өрбуінен көптеген сурет, ойлардың жалаң-жасанды шығуынан болар. Оның үстіне, ұйқас, тіркес жөнінде де елеулі ескертпелер айтуға болады. Әйтеуір, жас талапкердің өзіміз білетін өлеңдеріне тән сергек сезім мен шеберлік елестерін көре алмадық. Зады әр таланттың өз қыры, өз бейділігі болса керекті. Жас ақын осыны ескергені мақұл. Ұлықбек жырлары осы деңгейінде қалып қоя ма деген күдік те мазалайды. Бұл уақытқа дейін оқырманның оған деген ілтипатына бір себепкер Ұлықбектің жастығы еді. Енді есейді, танымы, толғамы өсті. Демек – талап та қатаң. Сондықтан да, Ұ. Есдаулетов өзіне қатал да өрелі мақсат қойып, творчестволық олқысын толтыру жолында тынбай ұмтылыс жасаса нұр үстіне нұр. Расында да жас талапқа деген сеніммен қатар сол сенімнің ақталар күні бар емес пе? Оқырманды ренжітетіні – жастарда тақырыптың тарлығы, тіл жұтаңдығы. Жас ақында ауыл арасындағы ұсақ-түйекке айналып, уақыт оздырып алған сияқты. Тегеурінді жас толқынға тың тыныс кең диопазон, соны араналар қажет-ақ. Жас талапкерлердің ішіндегі ең жиі көрініп, оқырман назарына ілініп жүрген үш-төрт ақын өлеңдерін оқығандағы пікіріміз осындай. Оларға ортақ мін – ізденіс аясының тарлығы, өзара ұқсастық көптігі, қайсібір жеңіл пафос, үстірт теңеулер дер едік. Бұл, тек қана осыларда ғана емес, жалпы балауса буында байқалатын жай.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет