50-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру мемлекеттің сотталған адаммен орнықты саяси-құқықтық байланысты мәжбүрлі тоқтатуынан тұрады, бұл олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді.
2. Он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру тағайындалмайды.
Ескерту. 3-бөлім 50-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
51-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, мәжбүрлеу тәртібімен орындалады.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу – қосымша жаза түрі ретінде, ал қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін негізгі де, қосымша да жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін.
Сот осы жаза түрін қосымша жаза ретінде тағайындаған кезде бұл негізгі жаза түрі өтелгеннен кейін немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 161-бабы бірінші бөлігінің 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша оны одан әрі өтеуден босатылғаннан кейін, ал шартты түрде соттау қолданылған жағдайларда үкім заң күшіне енген кезден бастап орындалады.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-БӨЛІМ. ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарынасәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер осы Кодекстiң 55-бабында айқындалады.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:
1) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау;
2) кінәлі адамның кәмелетке толмауы;
3) жүктілік;
4) кінәлі адамның жас балаларының болуы;
5) медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету;
6) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру;
7) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу кезінде, жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы;
11) шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге белсенді түрде ықпал ету.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін.
Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы;
2) қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтiру;
3) қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсендi рөл атқару;
5) кінәлі адамға ауыр психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтан (аурудан) зардап шегетiнi көрінеу белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту;
6) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшiн кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
7) кінәлі адамға жүктiлiк жағдайда екені көрінеу белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) қару, оқ-дәрiлер, жарылғыш заттар, жарылыс немесе оларды имитациялайтын құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттар пайдаланып, сондай-ақ күштеп немесе психикалық мәжбүрлеуді қолданып не жалпы қауiптi тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
11) төтенше жағдай, төтенше ахуал кезінде, сондай-ақ жаппай тәртiпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
12) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы;
13) адамның өзi берген сертін немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы;
14) кінәлі адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
15) билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
16) құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайта ескерілмейді.
3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмайды.
Ескерту. 54-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
55-бап. Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау
1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігінің адам кінәлі деп танылған бабында немесе бабының бір бөлігінде бас бостандығынан айырудан гөрі онша қатаң емес жазаның негізгі түрі көзделсе, адамды:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркiмен өтеген, моральдық және өзге зиянды қалпына келтірген жағдайда;
2) осы Кодекстің 218, 248 және 249-баптарында көзделгендерді қоспағанда, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркімен өтеген жағдайда, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
2. Жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің:
1) қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – жартысынан;
2) ауыр қылмыс жасаған кезде – үштен екiсiнен;
3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды.
3. Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша, сондай-ақ процестік келісімнің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан асыруға болмайды. Айыптау үкімі бұйрықты іс жүргізу тәртібімен шығарылған істер бойынша айыппұл қылмыстық теріс қылық жасалған кезде – айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі, онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде айлық есептік көрсеткіштің елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
4. Іс-әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, кінәлі адамның рөлiне, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мінез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және іс-әрекеттiң қоғамға қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сол сияқты топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы топтың жасаған іс-әрекеттерін ашуға белсене жәрдемдескен кезде, осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен жаза тағайындалуы мүмкiн не соттың жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
5. Жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, осындай мән-жайлардың жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
6. Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, жаза осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін.
7. Қылмысқа дайындалғаны немесе оқталғаны үшін жаза тағайындалған жағдайларда, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шектер осы Кодекстің 56-бабының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
56-бап. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде мән-жайлардың себебiнен қылмыс ақырына дейiн жетпеген сол мән-жайлар ескерiледi.
2. Қылмысқа дайындалғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң жартысынан асыруға болмайды.
3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды.
4. Қылмысқа дайындалғаны үшiн және қылмысқа оқталғаны үшiн өлiм жазасы мен өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
57-бап. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау
1. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына жетудегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпалы ескерiледi.
2. Сыбайлас қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол сыбайлас қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.
58-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезiнде сот әрбiр құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу арқылы түпкiлiктi жазаны айқындайды.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығында тек қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы не жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте айыппұл түріндегі жазаның түпкілікті мөлшерін – төрт жүз айлық есептік көрсеткіштен, ал қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу түріндегі жазаның түпкілікті мерзімін тиісінше төрт жүз сағаттан немесе елу тәуліктен асыруға болмайды.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына тек қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына ауыр немесе аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма жылдан асыруға болмайды.
4. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс, сондай-ақ жасалғаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылық кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.
Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе тиісінше өлім жазасы түрінде тағайындалады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын құқық бұзушылықтар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Ішінара немесе толық қосу кезінде түпкiлiктi қосымша жазаны осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң осы жаза түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза осы баптың қағидалары бойынша тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi.
Ескерту. 58-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
59-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау
Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.
60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкiмі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаған жағдайда, осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнің осы жаза түрi үшiн көзделген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды. Егер үкiмдердiң жиынтығына адам жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ең болмағанда бір аса ауыр қылмыстың жасалуына кінәлі деп танылған үкiм кірсе, онда бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны отыз жылдан асыруға болмайды. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе тиісінше өлім жазасы түрінде тағайындалады.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуға тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жүргiзiледі.
61-бап. Жаза мерзiмдерiн қосу кезiнде мерзімдерді айқындау тәртiбi
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде:
1) бас бостандығынан айырудың бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
2. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу, мүлiктi тәркiлеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары оларды айыппұлмен, түзеу жұмыстарымен, қоғамдық жұмыстарға тартумен, бас бостандығын шектеумен, қамаққа алумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, бас бостандығын шектеудiң, бас бостандығынан айырудың мерзiмдерi – айлармен және жылдармен, қамаққа алу мерзімдері – тәуліктермен, қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімдері сағаттармен есептеледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жазаны ауыстыру немесе жазаларды қосу, сондай-ақ жазаны есепке алу кезінде мерзімдер тәуліктермен есептелуі мүмкін.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты:
1) қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше және толық қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) орташа қауіпсіз, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні;
3) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
3-1. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақыты:
1) қамаққа алу түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні;
3) қоғамдық жұмыстар түрінде жазаны өтеудің төрт сағаты;
4) тиісінше түзеу жұмыстары, айыппұл түрінде жазаны өтеудің төрт айлық есептік көрсеткіші үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
4. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйқамақта ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу түрiндегі жаза мерзіміне – бiр күнге екi күн есебімен, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, айыппұл түрiндегi жаза мерзiмiне тиісінше қоғамдық жұмыстардың екі сағаты немесе екі айлық есептік көрсеткіш үшін үйқамақта ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледі.
5. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды күзетпен ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеу уақыты, адам осы Кодекстiң 9-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда, бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
6. Адамға жазаның өзге түрін тағайындай отырып, үкімді қайта қарау кезінде жазаның өтелген мерзімі немесе орындалған мөлшері үкім қайта қаралғанға дейін жаңа жазаның мерзіміне немесе мөлшеріне есептеледі. Жазаның өтелген мерзімін немесе орындалған мөлшерін есепке алу кезінде:
1) бас бостандығынан айырудың бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
7. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықпен (аурумен) науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне немесе мөлшеріне есептеледi.
Ескерту. 62-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер сот бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындағанда сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген түйінге келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттауды қолдану кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттауды тағайындау кезінде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгiлейдi.
Шартты түрде сотталғандағы пробациялық бақылау кезеңінде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау қолданылуы мүмкін.
Пробациялық бақылау сот қосымша жаза түрі ретінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді тағайындаған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам шартты түрде сотталған кезде белгіленбейді.
4. Шартты түрде соттау кезiнде шектеулердің және жазаның қосымша түрлерi тағайындалуы мүмкiн.
5. Шартты түрде соттау кезiнде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
6. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Ескерту. 63-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою
1. Егер шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi өткенге дейiн өз мінез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша сот шартты түрде соттаудың күшiн жою туралы және сотталған адамнан сотталғандықты алып тастау туралы қаулы шығара алады. Бұл ретте шартты түрде соттаудың белгiленген мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң оның күшi жойылуы мүмкiн.
2. Шартты түрде сотталған адам:
1) қоғамдық тәртіп пен имандылыққа, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке адамға қол сұғатын және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшiн өзіне әкiмшiлiк жаза қолданылған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған;
2) электрондық бақылау құралдарын қасақана зақымдаған (бүлдірген) не дәлелсіз себептермен тіркелуге келмеген немесе пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органға хабарламай тұрғылықты жерін ауыстырған;
3) қылмыстық теріс қылық жасаған жағдайларда, сот пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша пробациялық бақылау мерзімін ұзарта алады, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.
3. Шартты түрде сотталған адам соттың оған жүктеген міндеттерін орындамаған не осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген органның ұсынуы бойынша сот шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етеді, ал кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты пробациялық бақылау мерзімін қайтадан ұзарта алады, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.
4. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде – абайсызда қылмыс не онша ауыр емес қасақана қылмыс, ал шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адам онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған жағдайларда, шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындаған кезде шешедi.
5. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде – ауырлығы орташа қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс, ал кәмелетке толмаған адам ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, сот шартты түрде соттаудың күшiн жояды және оған үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жаза осы қағидалар бойынша тағайындалады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ ЖАЗАДАН БОСАТУ
65-бап. Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
Сыбайлас жемқорлық қылмысты алғаш рет жасаған адамды тек қана сот шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, азаптаулар, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Ескерту. 65-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
66-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезінде қылмыстық жауаптылықтан босату
Қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен шыққан адам iстiң мән-жайлары ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
67-бап. Процестік келісімнің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты кәмелетке толмаған жасаған жағдайларды қоспағанда, мұндай қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
Ескерту. 67-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
68-бап. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
2. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам, егер ол шынайы өкінсе және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
4. Осы баптың ережелері:
1) азаптаулар;
2) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, мұндай қылмыс;
3) абайсызда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) өліміне алып келген жол-көлік оқиғасын жасау жағдайын қоспағанда, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып келген қылмыс;
4) сыбайлас жемқорлық қылмыс;
5) террористік қылмыс;
6) экстремистік қылмыс;
7) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды;
8) бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін осы Кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |