Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ
(14.01.2015 жылдың өзгерістері мен толықтыруларымен)
8-тарау. ӘКIМШIЛIК ЖАУАПТЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ ӘКIМШIЛIК ЖАЗАДАН БОСАТУ
62-бап. Ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
1. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа кезде, тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, ал қоршаған ортаны қорғау саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн – оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
2. Жеке тұлға әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ салық салу саласында, кеден ісі, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы, мемлекеттік құпиялар, табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы заңнамасы және монополияға қарсы заңнама саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды, ал заңды тұлға (оның iшiнде дара кәсiпкер) әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасы саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап үш жыл өткеннен кейiн, ал салық салу саласында, кеден ісі, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасы мен монополияға қарсы заңнама саласындағы құқық бұзушылық үшiн оны жасаған күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
3. Созылып кеткен әкiмшiлiк құқық бұзушылық кезiнде, сондай-ақ бюджеттiк қатынастар саласында қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғылатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
Қаржы саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап бес жылдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатады, бiрақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.
4. Осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен және бұл туралы қылмыстық iстi тергеп-тексеру немесе сот қарауы барысында белгілі болған жағдайларға қолданылмайды. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнiң 405-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен мұндай құқық бұзушылыққа кiнәлi тұлғаға, егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезден бастап бiр жылдан аспайтын уақыт өткен болса, әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі сараптама тағайындалған, сондай-ақ iстi сот инстанцияларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген мемлекеттiк органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Бұл мерзiмдердi есептеу сараптама қорытындыларын алған кезден қайтадан басталады.
6. Құқық бұзушының әрекеттерiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, тұлға оны тоқтату туралы шешiм келіп түскен күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
7. Егер осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетілген мерзiмдер өткенге дейiн тұлға жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолдану мерзiмiнiң өтуiне үзiлiс жасалады. Мұндай жағдайларда мерзiмдi есептеу жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған кезден басталады.
8. Судьяның немесе уәкiлеттi органның әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмге қарамастан, ол заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
Ескертпе. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылып кеткен құқық бұзушылық деп танылады.
439-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы
көрінеу жалған ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау –
жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
676-бап. Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi
Жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
677-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк
берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның
заңсыз материалдық сыйақы алуы
Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның жеке өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңiлдiктерді не көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн осыларды алуы, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса, –
алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
678-бап. Заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi
1. Заңды тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, –
жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –
бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
679-бап. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi
басқару органдарының заңсыз кәсiпкерлiк қызметтi
жүзеге асыруы және заңсыз кiрiстер алуы
Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өздерiне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсiпкерлiк қызметпен айналысуы не белгiленген қаржыландыру көздерiнен басқа материалдық игiлiктер мен артықшылықтар қабылдауы –
осы ұйымдардың басшыларына алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
680-бап. Мемлекеттiк органдар басшыларының сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде шаралар
қолданбауы
Мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары басшыларының не жауапты хатшыларының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кiнәлi, өздерiне бағынысты адамдарға қатысты өз өкiлеттiктерi шегiнде шаралар қолданбауы не көрсетілген шараларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұза отырып қолдануы не кiнәлi тұлғалардың тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік кіріс органдарына тиiстi ақпаратты ұсынбауы –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
681-бап. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды
жұмысқа қабылдау
Мемлекеттiк органдар, мекемелер мен кәсiпорындар басшысының не ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары, сондай-ақ олардың еншiлес ұйымдары басшысының бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауы –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |