1. Қос сөздердің аралығына дефис қойылады:
бала-шаға, ата-ана, көрші-қолаң, тау-тау т.с.с.
2. Күшейткіш буыннан кейін дефис қойылады:
жап-жасыл, топ-толық, жап-жақсы т.с.с.
Бірақ ақ және көк сөздеріне күшейткіш буын үстелгенде, дефис қойылмайды: аппақ, көкпеңбек (ап-ақ, көп-көк емес)
3. Реттік сан есім араб цифрымен берілсе, одан кейін келетін зат есімнің алдынан дефис қойылады: 8-сынып, 2-қабат, 3-орын т.с.с. Сондай-ақ сан есімнен кейін -ыншы/-інші қосымшасы жалғанса да, арасына дефис қойылады: 6-ыншы, 7-інші т.с.с. Алайда сан есім рим цифрларымен берілсе, дефис қойылмайды: ХХІ ғасыр, ІІІ сессия т.с.с.
4. Топтық сан есімдерден кейін дефис қойылады:
бір-бірден, екі-екіден, бір-бірлеп т.с.с.
5. Болжалды сан есімдер екі сан есіммен тіркесіп келсе, арасына дефис қойылады:
екі-үштерде, отыз-қырықтарда, үш-төрт т.с.с.
6. Қысқарған сөзден кейін жалғанатын қосымшаның алдынан қойылады:
ҚазҰУ-ға, БҰҰ-дан т.с.с.
7. Шетелдік компания немесе шетелдік тауар (өзге тілдің әріптерімен жазылған) атауларынан кейін қосымша жалғанғанда дефис қойылады:
Toshіba-ға, «Henkel»-ден т.с.с.
8. Техника маркаларын көрсететін шартты белгілерден кейін жалғанатын қосымшаның алдынан дефис қойылады:
ТУ-104-ті, ДТ-54-пен т.с.с.
9. Өлшем бірліктері
қысқартылып берілген кезде жалғанатын қосымшаның алдынан дефис қойылады:
см-ге, кг-нан, 10°-қа т.с.с.
10. Араб есімдерінде кездесетін әл артиклінен кейін дефис қойылады:
Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни т.б.
11. -мыс, -ақ, -ау, -ай демеулік шылауларынан бұрын дефис қойылады:
келіпті-мыс, сен-ақ, сәулем-ау, қалқам-ай т.с.с.
12. Өткен шақ қосымшаларының (-ды, -ді) алдынан дефис қойылады:
келетін-ді, баратын-ды т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |