1. СТАТИСТИКА ПӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ МІНДЕТТЕРІ
1.1.
Статистика туралы жалпы тҥсінік
«Статистика» термині латынның статус (status – күй-жай)
деген сөзінен
шыққан. Бұл сөзді алғаш рет неміс ғалымы Готфрид Ахенваль 1749 жылы
жарияланған мемлекеттану туралы ғылыми жұмысында қолданды. Алғашқы
кезде бұл сөз мемлекеттің саяси жағдайы деген мағынаны білдірді. Ғылым
ретінде статистика тек XVIII ғасырда пайда болғанмен, статистикалық есептің
өте ертеден жүргізілгені белгілі. Мысалы көне
заманның өзінде-ақ халықты,
малды, жерді, қалаларды есепке алып отырған.
Статистика ғылымының қайнар көзінде екі мектеп тұрды:
немістің сипаттамалық мектебі;
ағылшынның саяси арифметиктер мектебі.
Сипаттамалық мектептің өкілдері мемлекеттің аумағын, халқын,
шаруашылықты жүргізуін, т.б. назар аударарлық көрсеткіштерін статистика
санмен емес, сөзбен сипаттауы қажет деп санады. Бұл мектептің көрнекі өкілдері
ретінде Г. Конрингті (1606–1661), Г. Ахенвальды (1719–1772), А. Бюшингті
(1724–1793) атауға болады.
Ал саяси арифметиктер қоғамдық құбылыстарды сан
жағынан сипаттауды
мақсат етті. Статистика ғылымы үшін бұл қоғамдық құбылыстар мен
процестерді сипаттаудан оларды өлшеуге, зерттеуге көшкен жаңа кезең болды.
Саяси арифметиктер мектебінің негізін қалаушы және оның аса көрнекті өкілі
болып ағылшын ғалымы В. Петти (1623–1687) саналады. Ол
осы мектептің
статистикалық-экономикалық бағыты бойынша зерттеулер жүргізсе, Д. Граунт
(1620–1674), Э. Галлей (1656–1742) демографиялық процестерді талдады. Бұл
ғалымдар алғаш рет қоғамның дамуын сан жағынан көрсетуге тырысты және
олардың алдарына қойған міндеттері қазіргі статистика міндеттеріне ұқсас
болды.
Статистиканың одан әрі дамуына бельгиялық ғалым А. Кетле (1796– 1874)
көп үлес қосты. Ол қоғамдағы бұқаралық
құбылыстардың заңдылықтарын
зерттеді. А. Кетленің бастамасы бойынша статистиканың үйлесімді түрде дамуы
үшін бірнеше халықаралық статистикалық конгрестер ұйымдастырылды.
Ресей статистикасының тарихында сипаттамалық мектептің өкілдері
ретінде В. Н. Татищевті (1686–1750), М. В. Ломоносовты (1711–1765), ал Д.
Бернулли (1700–1782) мен Л.Крафты (1743–1814) саяси арифметиктер ретінде
атауға болады. Статистикалық әдістемені жетілдіруге А. А. Чупров (1874– 1926),
В. С. Немчинов (1894–1964), С. Г. Струмилин (1877–1974)
сияқты орыс
ғалымдары атсалысты. Ал статистиканың математикалық бағытта дамуына П. П.
Чебышевтің (1821–1894), Н. А. Марковтың (1856–1922), А. М. Ляпуновтың
(1857–1919) қосқан үлестері зор.
Қазақстан аумағында құрылған алғашқы мемлекеттік статистикалық орган
болып Түркістан губерниялық статистикалық комитеті (1868) және оған
бағынышты Сырдария, Жетісу статбюролары саналады. XIX ғасырдың 70 –
жылдарында Орал, Семей, Ақмола, Торғай
облыстарында статистикалық
комитеттер құрылды. Бірақ 1920 жылға дейін Қазақстанда жергілікті
статистикалық мекемелерді біріктіретін бірыңғай орган болған жоқ. 1920 жылы
Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрылуына байланысты Үкімет
өзінің 1920 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен «Қазақ АҚСР-ы мемлекеттік
статистикасы туралы Ережені» бекітті және
Қазақ АҚСР-ның статистика
басқармасын құрды. Сондықтан Қазақстанның орталықтандырылған бірыңғай
статистикалық органдарының құрылған күні болып 1920 жылдың 8 қарашасы
саналады.