«6М020600 – Дінтану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі академиялық дәрежесін алу үшін орындалған Такиров Қанатәлі Бақытұлының «Араб елдерінің ислам дініндегі деструктивті ағымдары: дінтанулық талдау» атты тақырыбындағы
магистрлік диссертациясына сыртқы пікір білдірушінің
СЫН ПІКІРІ
1.Тақырыптың өзектілігі және оның жалпығылыми, жалпымемлекеттік бағдарламалармен байланысы (ғылым мен техниканың және өндірістің сұранысы).
Қазіргі таңдағы отандық дінтану саласында бірқатар іргелі еңбектер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жарық көрді. Бұл бағыттағы жұмыстар күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып отыр. Дегенмен әлі де болса кешенді зерттеу жұмыстарын талап ететін тақырыптар да жетерлік. Солардың бірі – араб елдеріндегі исламдық деструктивті ағымдар мәселесі. Рас тәуелсіздік жылдарында деструктивті ағымдар, олардың түсініктері, ерекшеліктері, таралым аймақтарының жекелеген мәселелеріне қатысты зерттеу жұмыстары жарық көрді. Алайда мәселені кешенді зерттеу ісі әлі де болса қажет. Өйткені заман ағымына сай исламдық деструктивті ағымдар да өз сипаттарын өзгертіп, идеологиялық және нақты іс-әрекеттерінің әдістері мен тәсілдеріне де өзгеріс енгізді. Сондықтан бүгінгі күннің қажеттіліктері мен талаптарына толық жауап берітін тың зерттеулер белсенді жүргізілуі керек.
Деструктивті ағымдар, секта, культ түсініктері қоғамның даму заңдылықтарын мойындамайтын және мемлекеттік, ұлттық мүддені ескермейтін әлеуметтік топ болып табылады. Олардың қоғамда өмір сүруі көп жағдайда жасырын жүргенімен, уақыт өте заңға қарсы теріс әрекеттері әшкере болып, бүтіндей қоғам мүшелері үшін қауіп те төндіру ықтималдылығы жоғары. Сондықтан олардың сипаты мен белгілері анықталған жағдайда дереу алдын-алу жұмыстарын жүргізу мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғам мүшелерінің міндеті. Әрине ол үшін кез-келген деструктивті ағымдар жайында мол мәліметке ие болудың маңыздылығы жоғары. Осы тұрғысынан келгенде Қ.Б. Такировтың диссертациялық жұмысы өзінің өзектілігімен ерекшеленеді. Араб елдеріндегі исламдық деструктивті ағымдар – тек араб елдері ғана емес, халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалмайды. Оның қоғам және оның әрбір мүшесі үшін де қауіптілігі жоғары. Сол себепті де мәселенің маңыздылығын ескерген тиісті органдар олармен күрестің алғашқы кезеңінде алдымен деструктивті ағымдар турасында зерттеу жұмыстарына көңіл аударады. Осы ретте Қ.Б. Такировтың «Араб елдерінің ислам дініндегі деструктивті ағымдары: дінтанулық талдау» атты тақырыбындағы магистрлік диссертациясы өз маңыздылығына ие болады. Осы бағыттағы мұндай зерттеу жұмыстары болашақта да өз зерттеушісін тауып, мәселені жан-жақты әрі толыққанды ашуға өз үлесін қосуы тиіс деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |