1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары және олардың мақсаты



Дата09.06.2016
өлшемі159.5 Kb.
#124043
Қазақстан Республикасының Заңы №199-V
Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары және олардың мақсаты

1. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі – ішкі істер органдары) адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органы болып табылады.

2. Ішкі істер органдары өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға тыйым салынады.

2-бап. Ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізі

1. Ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылатын қағидалардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Ішкі істер органдары қызметінің қағидат­тары

Ішкі істер органдарының қызметі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттарына және құқық қорғау қызметінің арнаулы қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.


2-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ, ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

4-бап. Ішкі істер органдарының міндеттері

1. Қазақстан халқына қызмет етуге тиісті ішкі істер органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мынадай міндеттерді жүзеге асырады:

1) құқық бұзушылықтар профилактикасы;

2) қоғамдық тәртіпті сақтау;

3) қылмыстылықпен күрес;

4) қылмыстық жазаларды және әкімшілік жазалауды орындау.

2. Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен ішкі істер органдарына өзге де міндеттер жүктеледі.

5-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне жүктелген міндеттер шегінде:

1) құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады;

2) қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асырады;

3) жол жүрісіне және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асы­рады;

4) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрон­дарының айналымына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

5) күзет қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

6) мемлекеттік күзетілуге жататын жеке тұлғалар мен объектілерді күзетуді жүзеге асырады;

7) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылайды;

8) азаматтық, халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

9) жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау­ды, сондай-ақ Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді жүзеге асырады;

10) лицензия және рұқсат беру қызметін жүзеге асырады;

11) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;

12) қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуды және тексеруді жүзеге асырады;

13) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады;

14) зерттеулерді жүзеге асырады;

15) іздестіруді жүзеге асырады;

16) есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимылды жүзеге асырады;

17) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды жүзеге асырады;

18) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы мемле­кеттік саясатты іске асырады, адамдарды ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауды жүзеге асырады;

19) мемлекеттік қызметтер көрсетеді;

20) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

21) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6-бап. Ішкі істер органдарының өкілеттіктері

1. Ішкі істер органдары өзінің құзыреті шегінде:

1) адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға;

2) оқиға туралы, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдауға, тіркеуге және қарауға, заңнамада белгіленген тәртіппен өтініш берушіге қабылданған шешім туралы хабар беруге;

3) құқыққа қарсы қолсұғушылықтан, оқиғалардан және жазатайым жағдайлардан зардап шеккен, сондай-ақ өздерінің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті дәрменсiз не өзге де күйдегі жеке тұлғаларға көмек көрсетуге;

4) құқық бұзушылық профилактикасының жалпы, арнаулы және жеке шараларын жүзеге асыруға;

5) патрульдеуді жүзеге асыруға;

6) жол жүрісі қағидаларының және жол жүрісі қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге жататын өзге де нормативтердің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға, жол жүрісін реттеуге;

7) жүргізушілер куәліктерін беруді, көлік құралдарын сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік тіркеуді және оларды есепке алуды, көлік құралдарын сенімхат арқылы пайдаланатын адамдарды тіркеуді жүзеге асыруға;

8) әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға;

9) қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүрген адамдарды медициналық ұйымдарға немесе ішкі істер органдарына жеткiзуге;

10) сот шешімімен тағайындалған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан жалтарып жүрген адамдарды іздеуді жүзеге асыруға, оларды ұстауға және арнаулы медициналық мекемелерге жеткізуге;

11) үш жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған қадағалаусыз қалған балаларды, сондай-ақ ата-анасының немесе оларды алмастыратын адам­дардың қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу орталықтарына жеткізуге;

12) көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақтауды қамтамасыз етуге;

13) жаппай тәртіпсіздіктің, топтасып бағынбаушылықтың жолын кесуге;

14) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, төтенше немесе соғыс жағдайы режимін қам­тамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;

15) күзет қызметімен, күзет дабылы құралдарын монтаждаумен, баптаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын субъектілерге және жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтары қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға;

16) мемлекеттік күзетілуге жататын жеке тұлғалар мен объектілерді күзетуді жүзеге асыруға;

17) мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерде өт­кізу режимін қамтамасыз ету кезінде адамдарды, олар­дың заттарын, көлік құралдарын тексеріп қарауды жүргізуге;

18) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін және паспортын, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігін беруге, жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруға және Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуге;

19) азаматтық материалдарын ресімдеуді қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының азаматтығы болуын (болмауын) айқындауға;

20) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды, оларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету құжаттарын ресімдеуді жүзеге асыруға;

21) заңсыз көшіп келудің жолын кесу, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және оларды тіркеу бойынша шаралар қолдануға, олардың Қазақстан Республикасына келу, кету, болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүру қағидаларын сақтауын бақылауға;

22) еңбекші көшіп келушілерді дактилоскопиялауды, суретке түсіруді жүзеге асыруға және оларды есепке алуды қалыптастыруға;

23) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кетуге визалар, Қазақстан Республикасында уақытша болуға және тұрақты тұруға рұқсаттар беруге;

24) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру жә­не оны тоқтату ресімдерін, босқын куәлігін, жол жүру құжа­тын, пана іздеген адамның куәлігін беруді жүзеге асыруға;

25) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдар, жарылғыш материалдар, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымының белгіленген қағидаларын сақтауын бақылауды тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асыруға;

26) мыналарды:

мыналарға:

жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрондарын комиссиялық сатуға;

заңды тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын комиссиялық сатуға жолдамалар;

мыналарға:

жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрон­дарының бірлі-жарым данасын Қазақстан Респуб­ликасының аумағына әкелуге, Қазақстан Респуб­ликасының аумағынан әкетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге;

заңды тұлғаларға:

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрон­дарының криминалистік талаптарға сәйкес келуіне;

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу­ге қорытындылар;

мыналарға:

жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрондарын иемденуге, сақтауға, сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға;

заңды тұлғаларға:

жарылғыш материалдарды иемденуге, сақтауға, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтауға;

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға, сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға;

атыс тирлері (атыс орындары) мен стендтерін ашуға және олардың жұмыс істеуіне;

есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге рұқсаттар беруге;

27) табылған жарылғыш материалдарды, оқ-дәрілерді және жарылғыш құрылғыларды зарарсыздандыру және жою жөнінде шаралар қолдануға;

28) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар күзететін Қазақстан Республикасының объектілерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін және олардың басшыларының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңында көзделген талаптарды орындауын бақылауға;

29) терроризмге қарсы операциялар мен күзет іс-шараларын жүргізуге қатысуға;

30) қылмыстық құқық бұзушылықтарды, оның ішінде жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізу арқылы анықтауға, алдын алуға, жолын кесуге және ашуға;

31) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзу­шылықтар жасайтын адамдарды ұстауға;

32) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, оларды жоюға бағытталған шаралар қолдануға;

33) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыруға;

34) анықтау органдарынан, тергеуден және соттан жасырынған, қылмыстық жазаны атқарудан және өтеуден, сот шешімін орындаудан жалтарған, хабарсыз кеткен адамдарды іздестіруді жүргізуге;

35) сот актілерін, судьялардың талаптарын, прокурордың қаулыларын, нұсқамаларын және талаптарын, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеушiнiң, анықтаушының жазбаша тапсырмаларын орындауға;

36) атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуда сот орындаушыларына көмек көрсетуге;

37) мемлекеттік қорғалуға жататын адамдардың өмірі мен денсаулығын және олардың мүлкін қорғау мақсатында қауіпсіздік шараларын қолдануға;

38) адамдарды ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға, оларды күзету мен айдауылдауды қамтамасыз етуге;

39) сотталғандарға қатысты сот үкімдері мен қау­лыларын орындауға, жазаларды өтеу тәртібі мен шарттарының сақталуын, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуді қамтамасыз етуге;

40) ішкі істер органдарының қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде және арнаулы мекемелерінде ұсталатын адамдардың санитариялық-эпидемиологиялық са­ламаттылығын және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге;

41) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдардан өздеріне Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасымен және соттың үкімімен жүктелген міндеттерді орындауды талап етуге;

42) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге;

43) өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

44) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды және құпиялылық режимiнiң сақталуына ведомстволық бақылауды қамтамасыз етуге;

45) ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;

46) дербес деректерді қорғауды қамтамасыз етуге;

47) Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының және ішкі істер органдарының қызметі туралы өзге де деректі материалдардың жинақталуын, сақталуын және есепке алынуын қамтамасыз етуге, жеке және заңды тұлғаларға мұрағаттық анықтамалар беруге;

48) Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер ұсынуға;

49) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органның сұрау салулары бойынша заңда белгіленген тәртіппен банкрот деп танылған немесе оларға қатысты оңалту рәсімі қолданылған борышкерлерге қатысты меншікке қарсы қылмыстар бойынша қозғалған, іс жүргізуде жатқан қылмыстық істер жөніндегі мәліметтерді ұсынуға;

50) қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыруға;

51) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қаз­ақ­­­­стан Республикасының Президенті мен Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

2. Ішкі істер органдарының өз құзыреті шегінде:

1) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасын сақтауды, құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, ал бұл талаптарды орындамаған жағдайда тиiстi мәжбүрлеу шараларын қолдануға;

2) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ орындалуын бақылау iшкi iстер органдарына жүктелген, белгiленген қағидалардың сақ­талуын тексеруге қажеттi басқа да құжаттарды тексеруге;

3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін iс жүргізуде жатқан материалдар мен iстер бо­йынша iшкi iстер органдарына шақыруға, олардан тү­сінік және айғақтар, құжаттар, олардың көшiрмелерiн алу­ға, ал, келмеген кезде белгіленген тәртіппен күштеп келтіруге;

4) меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларынан немесе өзге де лауазымды адамдарынан олардың «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды орындауы туралы мәліметтер сұратуға;

5) күзет қызметі субъектілерінен олардың «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көз­делген талаптарды орындауы туралы мәліметтер сұратуға;

6) жеке және заңды тұлғаларға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұйғарымдар, ұсынымдар енгізуге;

7) ішкі істер органдарына жүктелген міндеттерді іске асыру үшін азаматтармен жария және жария емес негізде ынтымақтастық орнатуға;

8) қоғамдық тәртіпті сақтауда ерекше көзге түскен азаматтарды көтермелеуге;

9) қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен на­разылық танытудың заңсыз нысандарының жолын кесуге;

10) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактiсiн және масаң күйде болғанын анықтау үшін адамдарға куәландыру жүргiзуге, ал, мүмкін болмаған жағдайда – куәландыру үшін медициналық мекемелерге жеткізуге;

11) көлік құралдарын тоқтатуға және тексеріп қарауға, адамдарды көлік құралдарын басқарудан шеттетуге, көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға;

12) төтенше жағдайлардың салдарын жою, терроризмге қарсы операцияны, күзету, көпшілік, карантиндік іс-шараларын өткізу, іздеу салуда жүрген адамдарды ұстау, кепілге алынғандарды босату, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер және жарғыш құрылғылар, улы және радиоактивті заттар табылғандығы туралы мәліметтерді тексеру, жаппай тәртіпсіздіктің және жеке тұлғалардың қауіпсіздігіне, инфрақұрылым объектілерінің тыныс-тiршiлiгіне қауіп төндіретін, қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де топтасқан әрекеттердің жолын кесу кезінде жергілікті жер учаскелерін қоршауға алуды жүргізуге;

13) күзетілетін, көпшілік іс-шаралар өткізілетін орындарға кіру (келу) кезінде жеке тұлғаларды, олардың заттарын, көлік құралдарын және өткізілетін жүктерді тексеріп қарауды, оның ішінде техникалық құралдарды пайдаланып тексеріп қарауды жүргізуге, олар өткізілетін орындарға тыйым салынған нәрселер мен заттары бар адамдар мен көлік құралдарын кіргізбеуге;

14) жедел-профилактикалық, іздестіру және өзге де арнаулы іс-шараларды өткізу кезінде бақылау-өткізу пункттерін орнатуға;

15) карантиндік, санитариялық-эпидемияға қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуға;

16) төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын, көлiк және басқа да материалдық-техникалық құралдарды, ұйымдардың байланыс және химиялық қорғану құралдарын тартуға, қажет болған жағдайда адамдарды, материалдық құндылықтарды қауiптi аймақтан көшiруге өкiм беруге, төтенше жағдайларды жою кезеңiне цехтар мен объектiлердiң жұмысын тоқтата тұруға;

17) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамның ізіне түсу, оқиға орнына бару, төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылған кезеңде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдайларды жою кезінде, сондай-ақ меншік иелеріне материалдық залал келтірілген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен оның орнын толтыра отырып, егер кiдiрту адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіруі мүмкін болатын болса, жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды медицина ұйымдарына жеткiзу үшiн көліктің кез келген түрін (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардың көлік құралдарынан басқа) пайдалануға;

18) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, олардың негізгі құраушы бөліктерін, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлейтін, өндіретін, жөндейтін, сақтайтын, пайдаланатын, жоятын, сататын, коллекциялайтын және экспонаттайтын орындарға, жарылғыш материалдарды сақтайтын орындарға тексерулер жүргізуге;

19) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін және ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалануға;

20) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстау жөнінде іс-шаралар жүргізуге;

21) жеке тұлғаларды әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына жеткізуге;

22) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзу­шылықтар жасаған әскери қызметшілерді ұстауға және оларды әскери полиция органдарына, әскери бөлімдер командирлеріне немесе жергілікті әскери басқару органдарының бастықтарына тапсыруға;

23) қаруды, оқ-дәрілерді, есірткіні, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ өзге де тыйым салынған нәрселер мен заттарды алып қоюға;

24) қылмыскерлер мен ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарды, ұйымдасқан қылмыстық топтар (қауымдастықтар) мүшелерін табу, оқшаулау, залалсыздандыру және ұстау, сондай-ақ кепілге алынғандарды босату жөнінде арнаулы операциялар жүргізуге;

25) жеке адамдардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу кезінде не сол жерде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасалды немесе жасалуда, жазатайым оқиға болды деп санау үшiн жеткiлiктi мәлiметтер болса, дүлей зілзалалар, апаттар, авариялар, эпидемиялар, эпизоотиялар және жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде жеке тұлғалардың жеке басының қауiпсiздiгi мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн тұрғын және өзге де үй-жайларға, аумақтарға және жер учаскелерiне (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардан басқа) кедергiсiз кiруге, оларды қарап тексеруге;

26) егер жеке тұлғалардың тұрғын жайларда, жергілікті жердің белгілі бір учаскелерінде болуы адамның өмірі мен денсаулығына, меншік объектілеріне қатер төндіретін болса, ұйымдардың жұмысын бұзса, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісіне кедергі келтіретін болса, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу амалдары мен көпшілік іс-шараларды жүргізген жағдайларда олардың сол жерлерге кіруін немесе онда болуын шектеуге, оған уақытша тыйым салуға;

27) жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомстволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құжаттарын пайдалануға;

28) ғылыми-техникалық және өзге де зерттеулер жүргізуге;

29) ведомстволық және жедел есептерге алуды құруға, пайдалануға және жетілдіруге;

30) күдіктілерді, айыпталушыларды, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұсталатын, профилактикалық есепке алынған адамдарды криминалистік есепке қою үшін суретке түсiруге, дактилоскопия жасауға, дыбыс жазбасын, кино- және бейне түсiрiлiмiн жүргізуге, биологиялық, одорологиялық және басқа да үлгілерді алуға;

31) ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-комму­никациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін құруға, пайдалануға және жетілдіруге;

32) әкімшілік немесе қылмыстық заңнаманың күші қолданылатын іс-әрекеттер жасаған адамдарды қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiне iргелес аумақта ұстауға және iшкi icтep органдарына жеткізуге, оларды жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;

33) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аума­ғындағы және режимдiк талаптар белгiленген оған iргелес аумақтағы адамдарды, олардың заттарын, көлiк құралдарын тексеріп қарауды жүргiзуге, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға;

34) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұста­латын адамдарға психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактiсiн және масаң күйде болғанын анықтау тұрғысынан куәландыруды жүргiзуге, ал мүмкін болмаған кезде – куәландыру үшін медициналық мекемелерге жеткізуге;

35) көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, азаматтарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына және оған iргелес аумаққа кіргізбеуге немесе ерекше жағдайлар режимiн енгiзу кезiнде оларды сонда қалуға не сол жерден кетуге мiндеттеуге;

36) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық және діни бірлестіктерді қылмыстық-атқару жүйесі қызметіне тартуға;

37) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуға;

38) ішкі істер органдарының қызметін жария ету үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға;

39) ішкі істер органдарының әуе кемелеріне өтеусіз аэронавигациялық қызмет көрсетуге;

40) дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыруға;

41) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Ішкі істер органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері және жұмыскерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, ішкі істер органдары бұл құқықтарды қалпына келтіруге, келтірілген залалдың орнын толтыруға, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кінәлілердің жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етуге міндетті.
3-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ

7-бап. Ішкі істер органдары жүйесі

1. Ішкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Ішкі әскерлер құрайды.

2. Полицияны криминалдық полиция, әкiмшiлiк полициясы, тергеу, анықтау бөлімшелері және өзге де бөлімшелер құрайды.

Криминалдық полиция ұйымдасқан қылмысқа, экстремизмге, есiрткi, психотроптық заттар мен пре­курсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі бөлімшелерден, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.

Әкімшілік полициясы полицияның учаскелік инспекторлары, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік, көші-қон, табиғатты қорғау полициясынан, арнаулы мекемелерден, қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.

3. Ішкi iстер органдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі), ведомстволардан, аумақтық органдардан, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардан тұрады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қала­лардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттері, қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, желілік ішкі істер органдары, әскери-тергеу органдары аумақтық органдар болып табылады.

4. Қылмыстық-атқару жүйесін ведомство, оның аумақтық органдары және жазаларды орындайтын мекемелер, өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.

5. Ішкі әскерлер құрамы мен оның қызметінің ұйымдастырылуы «Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

6. Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлім­шелерін, ведомстволарды, аумақтық органдарды және Iшкi iстер министрлiгiне ведомстволық бағынысты ұйымдарды құруды, қайта ұйымдастыруды және таратуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (бұдан әрі – Ішкі істер министрі) жүзеге асырады.



8-бап. Ішкі істер министрлігі

1. Ішкі істер министрлігі iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.

2. Ішкі істер министрлігінің туы, жалауы және рәмізі болады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қала­лардың және астананың, көліктегі ішкі істер депар­таменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, сондай-ақ Ішкі істер ми­нистрлігі жоғары оқу орындарының жалаулары болады.

Ішкі істер министрлігі туының, жалауының және рәмізінің, аумақтық органдар мен жоғары оқу орындары жалауларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

9-бап. Ішкі істер министрі

1. Ішкі істер министрлігін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Ішкі істер министрі басқарады.

2. Ішкі істер министрі:

1) iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiне басшылықты жүзеге асырады;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде ішкі істер органдарының құрылымы мен штат санын белгілейді;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ішкі істер органдарының штат санының лимитін өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

4) ішкі істер органдары қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін тағайындайды, тәртіптік жазаға тартады және қызметтен шығарады;

5) көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттайды;

6) Қазақстан Республикасының Президентіне мем­лекеттік наградалармен марапаттауға ұсыныс енгізеді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қы­з­метшілеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар беруге ұсыныс енгізеді;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Ішкі істер министрінің орынбасарлары, Ішкі әскерлердің Бас қолбасшысы лауазымдарына тағайындауға ұсыныс енгізеді;

9) Қазақстан Республикасының Президенті алдында ішкі істер органдарының қызметі туралы есеп береді;

10) Ішкі істер министрлігінің атынан ішкі істер органдарының орындауы үшін міндетті құқықтық актілер, өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады;

11) өзінің орынбасарларына, Ішкі істер министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволардың, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына өкілеттіктер береді;

12) мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым­дарда Ішкі істер министрлігі атынан өкілдік етеді;

13) өз құзыреті шегінде халықаралық шарттарға қол қояды;

14) ішкі істер органдарындағы сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

15) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің акті­лерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


4-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) ішкі істер органдарының қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) Ішкі істер министрлігі туралы ережені бекітеді;

3) қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын бекітеді;

4) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын бекітеді;

5) жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету қағидаларын бекітеді;

6) азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды пайдалану арқылы жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекітеді;

7) атыс тирлерi (атыс орындары) мен стендтерiн ашу және олардың жұмыс iстеу қағидаларын бекітеді;

8) есiрткiнің, психотроптық заттар мен прекур­сорлардың айналымы саласында объектiлердi және үй-жайларды пайдалану қағидаларын бекітеді;

9) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

10) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын бекітеді;

11) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекітеді;

12) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін бекітеді;

13) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын бекітеді;

14) жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын бекітеді;

15) жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомстволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын бекітеді;

16) қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгілік ережені бекітеді;

17) өзіне Қазақстан Республикасының Консти­туциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

11-бап. Ішкі істер министрлігінің құзыреті

Ішкі істер министрлігі:

1) Қазақстан Республикасындағы криминогендік ахуалдың жай-күйін және даму үрдістерін талдайды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және қабылдайды;

2) жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

3) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы мемлекеттік сая­сатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

4) есiрткiнің, психотроптық заттар мен прекур­сорлардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, олардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдалануына қарсы іс-қимылды қамтамасыз етеді;

5) азаматтық, халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

6) ішкі істер органдары жүйесіндегі біртұтас мем­лекеттік кадр саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді;

7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар күзететін Қазақстан Республикасының объектілерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының жай-күйін және олардың басшыларының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды орындауын бақылауды ұйымдастырады;

8) мемлекеттiк күзетілуге жататын жеке тұлғалар мен объектiлердi күзетудi ұйымдастырады;

9) күзет қызметімен, күзет дабылы құралдарын монтаждаумен, баптаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын субъектілерді және жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;

10) арнаулы және әскери тасымалдарды ұйым­дастырады;

11) ішкі істер органдарындағы лицензия-рұқсат беру қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

12) ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінің және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;

13) қамауға алынғандар мен сотталғандарды күзетуді және айдауылдауды бақылауды қамтамасыз етеді;

14) iшкi iстер органдарының жүйесi үшiн, оның ішінде халықаралық шарттар негізінде шет елдерде кадрлар даяр­лауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады;

15) ішкі істер органдары жүйесінде ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырады;

16) ішкі істер органдарының өз қауіпсіздігін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

17) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiмет­тердi қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастырады және ішкі істер органдарында құпия­лылық режимiнiң сақталуын ведомстволық бақылауды жүзеге асырады;

18) ішкі істер органдары жүйесінде кинологиялық қызметті дамытуды ұйымдастырады;

19) ішкі істер органдарында іс жүргізудің және мұрағаттық істі ұйымдастырудың біртұтас мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

20) ішкі істер органдарының қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;

21) ішкі істер органдары жүйесін құқықтық қамта­масыз етуді жүзеге асырады, сотта, өзге де мемлекеттік органдарда ішкі істер органдарының мүдделерін қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;

22) ішкі істер органдары қызметін ақпараттық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етеді;

23) ішкі істер органдары жүйесіндегі жұмылдыру даярлығын жоспарлауды, ұйымдастыруды және оған басшылық жасауды жүзеге асырады, жүктелген жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарының орындалуын қамтамасыз етеді;

24) мыналарды:

Ішкі істер министрлігі туралы ережені;

көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын;

жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пай­далануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін;

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын;

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрон­дарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын;

жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету қағидаларын;

азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды пайдалану арқылы жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын;

атыс тирлерi (атыс орындары) мен стендтерiн ашу және олардың жұмыс iстеу қағидаларын;

есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектiлердi және үй-жайларды пайдалану қағидаларын;

есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың ай­налымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;

есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын;

жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын;

жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олар­дың ведомостволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын;

террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын;

қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi ұйымдастыру жөнiндегi жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгілік ережені әзірлейді;

25) мыналарды:

құрылымдар мен штаттарды, оның ішінде үлгілік құрылымдар мен штаттарды, штаттық нормативтерді, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жүктеме нормативтерiн;

лауазымдар номенклатурасын, ішкі істер орган­дарындағы лауазымдар санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын, конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, қызметке кіру кезінде конкурс пен тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін;

Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, ведомстволар, Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты аумақтық органдар мен ұйымдар туралы ережелерді;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің құрылымдық бөлімшелері туралы үлгілік ережелерді;

Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес туралы ережені, оның құрамын және аумақтық ішкі істер органдары жанындағы қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ережені;

ішкі істер органдарының білім беру ұйымдары қызметінің қағидаларын;

жоғары білімнің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;

жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;

ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидаларын;

ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің сыныптық біліктілігін беру, жоғарылату, растау, төмендету және алып тастау қағидаларын;

ішкі істер органдары жүйесінде ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу қағидаларын;

ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұратын адамдарды профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;

алып қойылған, ерікті түрде тапсырылған, тауып алынған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш материалдарды ішкі істер органдарында қабылдау, есепке алу, сақтау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қағидаларын;

учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидаларын;

ішкі істер органдары мамандандырылған күзет бөлім­шелерінің қызмет атқаруын ұйымдастыру қағи­даларын;

ішкі істер органдарындағы жедел-криминалистикалық қызметті жүзеге асыру қағидаларын;

ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын;

ведомстволық және жедел есепке алуды құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;

жалпы және арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу тактикасы қағидаларын;

ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;

босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу және қарау қағидаларын;

босқын куәлігінің, жол жүру құжатының, пана іздеуші адам куәлігінің үлгілерін әзірлейді және бекітеді;

26) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

27) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.



12-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

1) ішкі істер органдарымен бірлесіп, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

2) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;

3) әкiмшiлiк полицияның штат санын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен лимиттер шегiнде облыстық бюджеттер және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерi есебiнен ұстауды қамтамасыз етедi;

4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық органдар аппараттары ахуалдық орталығының электрондық почта, бейне-конференциялық-байланыс және бейнебақылау жүйесінің көрсетілетін қызметтерiне жұмсалатын шығындарды қоспағанда, жанар-жағармай материалдарын сатып алуды, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдарының коммуналдық көрсетілетін қызметтерге, электр энергиясына, жылу беруге және көрсетілетін байланыс қызметтерiне ақы төлеу жөнiндегi шығындарды қоса алғанда, қызметтiк үй-жайлар мен көлiк құралдарын ұстауды, оларға қызмет көрсетудi және жөндеудi қамтамасыз етедi;

5) учаскелiк полиция инспекторлары қызмет көр­сететiн учаскелерде оларды жиhазбен, байланыс құралдарымен жабдықталған, жұмысқа арналған үй-жаймен, сондай-ақ көлiк құралдарымен қамтамасыз етедi;

6) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:

1) iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ұйымдастырады;

2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағындағы әкiмшiлiк учаске халқының пiкiрiн ескере отырып, учаскелiк полиция инспекторларын тағайындау үшiн iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастырады;

3) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;

4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13-бап. Өзара іс-қимыл, ынтымақтастық және қоғамдық бақылау

1. Ішкі істер органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде басқа мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар ішкі істер органдарына көмек көрсетуге құқылы.

Жекелеген азаматтар өздерінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ішкі істер органдарымен жасырын негізде ынтымақтастыққа тартылуы мүмкін. Мәжбүрлеп ынтымақтастыққа тартуға жол берілмейді.

3. Ішкі істер органдарының шет мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

4. Ішкі істер органдарының қызметіне халықтың сенімін арттыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады және қоғамдық бақылау жүйесі қолданылады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық байқаушы комиссиялары, сондай-ақ қоғамдық кеңестер құрылады.


5-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

14-бап. Ішкі істер органдарының кадр құрамы

Ішкі істер органдарының кадрларын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.



15-бап. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлау

1. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдары және өзге де білім беру ұйымдары жүзеге асырады.

2. Ішкі істер органдарының кадр құрамын бастапқы арнайы оқыту, кәсіптік қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарында және мекемелерінде жүзеге асырылады.

3. Қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыс­керлер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жо­ғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім ала алады.



16-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлері мен жұмыскерлерінің еңбегін құқықтық реттеу

1. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.

2. Ішкі істер органдары жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының мемле­кеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.

17-бап. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру

1. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру тәртібі мен шарттары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.

2. Соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай қолданылған, терроризмге қарсы операция жүргізілген кезеңде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезінде ішкі істер органдарының қызметкерін тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде оған жүктелген міндеттерді орындауға тартуға: қызметтік уақыт режимін өзгертуге, оған қосымша міндеттер жүктеуге, басқа жерге іссапармен жіберуге, қызмет сипатын өзгертпей басқа бөлімшеге уақытша ауыстыруға, сондай-ақ қызметкердің келісімінсіз өзге де ерекше жағдайлар мен қосымша шектеулер белгілеуге жол беріледі. Мұндай жағдайларда ішкі істер органдары қызметкерінің қызмет мерзімінің бір күні үш күн болып есептеледі және үш есе мөлшерде ақшалай қамтылым төленедi.

18-бап. Ішкі істер органдарындағы қызметке байланысты шектеулер

Құқық қорғау қызметінің ерекшеліктеріне негізделген ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.



19-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің өкілеттіктері

1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, атқаратын лауазымына, уақытқа қарамастан, оларға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар берілген жағдайда не ол тікелей анықталған жағдайда құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу, жәрдемге мұқтаждарға көмек көрсету, оқиға болған орынды күзету, сондай-ақ жақын жердегі ішкі істер органдарын хабардар ету жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

2. Ішкі істер министрлігінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымы бойынша Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспектор болып табылады.

3. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке адамдардың құқықтарын уақытша шектейтін әрекеттері «Заң атымен» деген сөздерді айта отырып жасалады. Әрбір адам мұндай жағдайда белсенді әрекетін тоқтатып, ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарына мүлтіксіз бағынуға және оның қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты нұсқауларын орындауға міндетті.

4. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнің арнаулы құралдарды, атыс қаруын және өзге де қаруды алып жүруге, сақтауға және қолдануға, дене күшін, оның iшiнде жауынгерлiк күрес тәсiлдерiн қолдануға құқығы бар. Арнаулы құралдарды, атыс қаруы мен өзге де қаруды және дене күшін қолдану тәртiбi «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

5. Қызметкерлер ішкі істер органдарының өкілет­тіктерін іске асыру кезінде:

1) жеке адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін таныстыруға және қызметтік куәлігін көрсетуге;

2) ұсталғаннан кейін адамға оны ұстау негіздерін хабарлауға, оның өзіне және жақын туыстарына қарсы куәгер болмауға құқығы, бір рет телефон соғуға және қорғаушы алуға құқығы бар екенін түсіндіруге;

3) жеке адамның ұсталғаны туралы оның жақын туыстарына хабарлауға;

4) жеке тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерін сақтауға, азаптауды, зорлық-зомбылықты, қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын, қадір-қасиетін қорлайтын жаза қолданбауға, қасақана тән зардабын және жан азабын тарттырмауға міндетті. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықты жасауға айғақ беруге және өзін кінәлімін деп мойындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.



20-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің нысанды киімі

1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.

2. Тізбесін Ішкі істер министрі айқындайтын бөлім­шелердегі лауазымдарда қызмет өткеретін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне нысанды киімнің орнына ақшалай өтемақы төленеді.

3. Ішкі істер органдарындағы қызметте он бес және одан да көп жыл еңбек сіңірген, жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқаруына байланысты ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шығарылған, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған және қызметке жарамсыз деп танылған қызметкерлердің салтанатқа және салтанатқа шығуға арналған нысанды киім киіп жүруге құқығы бар.


6-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ

21-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

1. Осы Заңда белгіленген ішкі істер органдарында қызмет атқарудың ерекше сипаты мен қызметкерлердің жауапкершілігі қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.

2. Ішкі істер органдары қызметкерінің бiр елді мекеннен елу километрден асатын қашықтықтағы екiншi елді мекенге көшуiне байланысты қызметi ауысқан және жоғарылаған кезде оған қызметкердің өзiне екi айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде және онымен бiрге көшкен әрбiр отбасы мүшесiне жарты айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленедi.

Ішкі істер органдары қызметкерінің қызметi ауысқан және жоғарылаған кезде оған он тоннаға дейінгі жеке мүлкінің тасымалы үшін, сондай-ақ онымен бiрге көшкен отбасы мүшелерiн қоса алғанда, теміржол, су, автомобиль көлігінің жолақысы үшін шығындардың мемлекет есебінен орны толтырылады.

Ақшалай ризықты, жәрдемақыларды және өзге де төлемақыларды төлеу тәртібін Ішкі істер министрі белгілейді.

Қызметiн ауыстырған және жоғарылаған кезде көтерме жәрдемақыға, көліктің жолақысы үшін және жеке мүлкін тасымалдағаны үшін шығындардың орнын толтыруға құқығы бар ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

3. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалармен – ордендермен марапатталған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қызметтен шығарылған кездегі біржолғы жәрдемақы мөлшері ақ­шалай қамтылымының екі айлықақысына арттырылады.

4. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар ішкі істер органдарының қызметкерлеріне осы Заңда көзделмеген қосымша әлеуметтік қорғау кепілдіктерін белгілеуге құқылы.



22-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің, олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй құқықтары

1. Тұрғын үйге мұқтаж ішкі істер органдарының қызметкері және оның отбасы мүшелері ішкі істер органдарында қызмет өткерген кезеңге тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Ішкі істер органдарының тұрғын үйге мұқтаж қызметкеріне тұрғын үймен қамтамасыз етілгенге дейін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін өтемақы төленеді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін өтемақы төлеу тәртібін, сондай-ақ өтемақы алуға құқығы бар ішкі істер органдары қызметкерлері лауазымдарының санаттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2. Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған ішкі істер органдарының қызметкерлерін қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар ішкі істер органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұратын тұрғын үйді өтеусiз жекешелендіріп алуға құқығы бар.

3. Асыраушысынан айырылған ішкі істер органдары қызметкерінің отбасын басқа тұрғын үй берілгенше өз­дері тұратын қызметтік тұрғын үйден немесе қызметтік тұр­ғын үйге теңестірілген тұрғын үйден шығаруға болмайды.

4. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің отбасы мүшелерінің қаза тапқан (қайтыс болған) адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйін өтеусіз жекешелендіріп алуға құқығы бар.

Ескерту. Осы тарауда ішкі істер органдары қызметкерлерлерінің отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), екеуінің немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған балалары (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы); балалар (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде оқитын жиырма үш жасқа дейінгі балалары; мүгедек балалар (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) он сегіз жасқа дейін мүгедек болған мүгедек балалары; қызметкердің асырап-бағуындағы ата-аналары және жұбайының (зайыбының) ата-аналары түсініледі.

Осы тарауда ішкі істер органдары қызметкерінің асырап-бағуындағы адамдар деп оның табысы есебінен өмір сүретін және дербес табыс көзі жоқ отбасы мүшелері танылады.


7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

23-бап. Ішкі істер органдарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Ішкі істер органдарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.



24-бап. Әскери-тергеу органдарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Әскери-тергеу органдарын қаржылай және мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігіне бөлінетін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қызметтік үй-жайлар және байланыс құралдары орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің есебінен беріледі.



25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



2. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 23, 154-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233, 247-құжаттар; № 23, 920-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-құжат; № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154, 155-құжаттар; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2008 ж., № 15-16, 61-құжат; 2009 ж. , № 8, 44-құжат; № 18, 84-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 1, 2,3-құжаттар; № 2, 8-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 75-құжат; № 16, 83-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 жылғы 15 наурызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті

Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2014 жылғы 23 сәуір

№199-V ҚРЗ

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет