1-бап. Заңның мақсаты
1. Осы Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi.
2. Осы Заң сол сияқты демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiм нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталған.
2-бап. Негiзгi ұғымдар
1. Осы Заңда мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.
2. Осы Заңда, сондай-ақ өзге заңдарда көзделген, заңдарда белгiленген тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар (сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар) болып табылады.
3. Мемлекеттiк мiндеттер - Қазақстан Республикасының заңнамасымен мемлекеттiң, оның органдары мен мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдардың өкiлеттiгiне жатқызылған iс жүргiзу мәндерi.
3-1. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Лауазымды адамдар - тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында өкiмет өкiлiнiң мiндеттерiн жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-билiк етушiлiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттерiн атқаратын адамдар.
5. Жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамдар – мемлекеттiң функцияларын және мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерін тiкелей орындау үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымды атқаратын адамдар, оның ішінде Парламент депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымдарды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын атқаратын адамдар.
3-бап. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық
субъектiлерi
1. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшiн осы Заңның негiзiнде мемлекеттiк мiндеттер атқаруға уәкiлеттi адамдар мен оларға теңестiрiлген адамдар жауапты болады.
2. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға:
1) мәслихаттардың депутаттары;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес барлық мемлекеттiк қызметшiлер жатады.
3. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға:
1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар;
2) заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ретiнде тiркелген азаматтар, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелері;
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан төленетiн қызметшiлер;
4) мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері теңестіріледі.
4. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектiлерiне лауазымды және мемлекеттiк мiндет атқаруға уәкiлеттi өзге де адамдарды немесе оларға теңестiрiлген адамдарды сатып алуды жүзеге acыpушы, сол сияқты оларға заңға қайшы мүліктік игiліктер мен артықшылықтар беретiн жеке және заңды тұлғалар да жатады.
Ескерту.
1. Осы Заңда мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар болып көрсетілген ұйымдарда тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын адамдар танылады.
2. Ұйымдастырушылық-әкімшілік міндеттер деп адамдардың заңнамада және ұйымның атқарушы органының құрылтай құжаттарында көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру жөніндегі қызметі түсініледі. Бұл міндеттерге ұжымға жалпы басшылық жасау, кадрларды орналастыру және іріктеу, бағынышты адамдардың жұмысын ұйымдастыру және бақылау, көтермелеу және тәртіптік жазалар қолдану шараларын қолдану арқылы еңбек тәртібін сақтау жатады.
3. Әкімшілік-шаруашылық міндеттер деп толық материалдық жауаптылық жүктелген тұлғалардың берілген өкілеттіктердің шегінде мүлікті, соның ішінде ұйымның балансындағы және банк шоттарындағы ақшаны басқару және оларға билік ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруы түсініледі.
4-бап. Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының күллi аумағында барлық жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Осы Заң Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тiркелген заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
2. Жекелеген мемлекеттiк мiндеттердi атқару тәртiбi туралы (мәслихат депутаттарының, судьялардың мәртебесi туралы, мемлекеттiк қызметшiлердiң жекелеген санаттарының қызмет өткеруi туралы, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың өзге де ықтимал субъектiлерi туралы) заңдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулер мен тыйым салу көзделетiн басқа да құқықтық нормалар белгiленуi мүмкiн.
3. Судьялар, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн жауапты болады.
4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстық және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн қылмыстық жауаптылық пен жаза, әкiмшiлiк жауаптылық пен шара тиiсiнше Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде және Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделеді.
5-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi
принциптерi
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес:
1) барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдiгi;
2) мемлекеттiк органдардың қызметiн анық құқықтық регламенттеудi, мұндай қызметтiң заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
3) мемлекеттiк аппараттың құрылымдарын, кадр жұмысын жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын мәселелердi шешу рәсiмдерiн жетiлдiру;
4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық ұйымдық-басқару жүйелерiн қорғаудың басымдығы;
5) Қазақстан Республикасы Конституциясы 39-бабының 1-тармағына сәйкес лауазымды адамдар мен мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлдiк берiлген басқа да адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берiлуiн тану;
5-1) мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік және құқықтық қорғауды мемлекеттің қамтамасыз етуі;
6) жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою және олардың алдын алу;
7) сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылыққа қарсы күреске жәрдем жасайтын азаматтардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және оларды көтермелеу;
8) мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлдiк берiлген адамдар мен соларға теңестiрiлген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн мемлекеттiң қорғауы, аталған адамдар мен олардың отбасыларына лайықты тұрмыс деңгейiн қамтамасыз ететiн жалақы (ақшалай үлес) мен жеңiлдiктер белгiлеу;
9) осындай қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеуге өкiлеттiк берiлуiн болдырмау, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау;
10) сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ашу, олардың жолын кесу және алдын алу мақсатында жедел-iздестiру қызметi мен өзге де қызметтi жүзеге асыру, сондай-ақ құқыққа қайшы тапқан ақша қаражаты мен өзге мүлiктi заңдастыруға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен арнайы қаржылық бақылау шараларын қолдану;
11) кәсіпкерлік қызметті атқару заңмен белгіленген қызметтік міндеттерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 3-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында аталған адамдар үшін кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқару органдарында ақы төленетін қызметтер атқаруға тыйым салуды белгілеу;
12) қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.
6-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi жүзеге
асырушы органдар
1. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, ұйымдардың, оның ішінде мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз құзыреттері шегінде осы Заңның талаптарын орындауды және бұл үшін кадр, бақылау, заң қызметтері мен басқа да қызметтерді тарта отырып, онда көзделген тәртіптік шараларды қолдануды, сондай-ақ өздеріне белгілі болған барлық сыбайлас жемқорлық жағдайларын тіркеуді және олар туралы осы баптың 2-тармағында аталған органдарға хабарлауды қамтамасыз етеді.
2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесудi, алдын алуды және олардың жасалуына кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өз құзыретi шегiнде прокуратура, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер, мемлекеттік кіріс, әскери полиция органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметi жүзеге асырады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған органдар өз өкiлеттiктерiнен туындайтын шараларды қолдануға және жауапты мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстар анықталған барлық жағдайлар туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және ақпарат органдарына дереу жiберуге мiндетті.
Ocы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған лауазымды адамдар мен органдар сыбайлас жемқорлық қылмыстар, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөнiндегi iстi, материалды, хаттаманы, ұсынымды жолдаған адамға немесе органға заңдарда белгiленген мерзiмде оларды қарау нәтижелерi туралы жазбаша хабарлауға мiндеттi.
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар туралы мәліметтері бар материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жөнінде заңда көзделген шараларды қолдануға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының Президентi сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi мемлекеттiк орган құруға, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн айқындауға хақылы.
7-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетiн
адамдарға тиiспеушiлiк кепiлдiктерi
1. Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзге де түрде жәрдемдесетiн адам мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетiн адам туралы ақпарат мемлекеттiк құпия болып табылады және осы Заңның 6-бабының 2 және 4-тармақтарында аталған органдардың немесе соттың сұратуы бойынша заңда белгiленген тәртiппен ғана табыс етiледi. Бұл ақпаратты жария ету заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2-1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адам Қазақстан Республикасының Үкіметі көздеген тәртiппен көтермеленедi.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi органдар қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетiн адамдардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi.
4. Осы баптың ережелерi көрiнеу жалған ақпарат хабарлаған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап беруге тиiс адамдарға қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |