Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 10 наурыздағы N 357 Жарлығы
"Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңын iске асыру мақсатында қаулы етемiн:
1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.
2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерiне еңбек сiңiрген жылдарына проценттiк үстеме ақы төлеу үшiн мемлекеттiк қызмет стажы мен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарын есептеудiң тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3014 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, N 27, 225-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3014 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерiне еңбек сiңiрген жылдарына проценттiк үстеме ақы төлеу үшiн мемлекеттiк қызмет стажы мен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарын есептеудiң тәртiбi туралы ережеге толықтыру мен өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 23 сәуiрдегi N 3919 Жарлығы .
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр ай мерзiмде өз актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
4. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2000 жылғы 10 наурыздағы
N 357 Жарлығымен
Бекiтiлген
Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ереже
Осы Ереже мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет өткеру мәселелерiн регламенттейдi.
1-бөлiм
Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет өткеруi
1. Мемлекеттiк саяси қызметшiлерге қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк саяси лауазымға орналасу азаматтар арнайы тексеруден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда келiсуден өту шартымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң негiзгi функциялары және олардың қызметiн ұйымдастыру
2. Мемлекеттiк саяси қызметшiнiң функционалдық мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен, осы Ережемен, тиiстi мемлекеттiк орган туралы ережемен және мiндеттер бөлiнiсiмен айқындалады.
3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң негiзгi функциялары:
1) мемлекеттiк саясатты тұжырымдауға, айқындауға және iске асыруға ықпал ететiн шешiмдер қабылдау;
2) қабылданған шешiмдердiң орындалу барысын бақылау;
3) мемлекеттiк және өзге де бағдарламалар мен жобалардың орындалу барысын реттеу мен бағалау;
4) мемлекеттiк органның жұмысын басқару;
5) бағынысты мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысына басшылық жасау болып табылады.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлерге мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң лауазымдарын қоса атқаруға жол берiлмейдi.
3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы
5. Мемлекеттiк саяси қызметшiнiң атқаратын саяси лауазымындағы өкiлеттiгi:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
2) мемлекеттiк орган таратылған (жойылған);
3) мемлекеттiк саяси қызметшi өзiнiң табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер берген;
4) «Мемлекеттiк қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрi – Заң) белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамаған;
5) өзiне меншiк құқығы бойынша тиесiлi мүлiктi сенiмдi басқаруға бермеген;
6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
7) мемлекеттiк саяси қызметшiге қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
8) мемлекеттiк саяси қызметшiнiң өз өкiлеттiгiнен тоқтату туралы жеке жазбаша өтiнiшi негiзiнде орнынан түсуi қабылданған;
9) мемлекеттiк саяси қызметшiнi ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берiлген лауазымды тұлға (орган) тиiстi шешiм қабылдаған;
10) басқа жұмысқа ауысқан;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.
Мемлекеттiк саяси қызметшiнiң өкiлеттiгi сондай-ақ мемлекеттiк орган қайта құрылған, мемлекеттiк қызметшiлердiң саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда тоқтатылуы мүмкiн.
6. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер Қазақстан Республикасының Конституциясында, Заңында және өзге де заңнамасында белгiленген негiздер мен тәртiпте орнынан түсуге өтiнiш бередi және қызметтен кетедi. Егер орнынан түсудiң негiздерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмесе, мемлекеттiк саяси қызметшiлер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жалпы негiздер бойынша жұмыстан шығарылады.
7. Мемлекеттiк органдардың басшылары, әкiмдер болып табылатын мемлекеттiк саяси қызметшiлер өздерi тағайындаған басшы лауазымдардағы бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған, оларға қатысты соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi болған жағдайда орнынан түсуге өтiнiш бередi.
2-бөлiм
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет өткеруi
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
8. Мемлекеттiк органның қызметкерлерiн лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар тұлға (орган) не осы өкiлеттiктер берiлген өзге тұлға (орган) жүзеге асырады.
Еңбек қатынастары мәселелерi заңнамалық актiлерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, орталық атқарушы органда орталық атқарушы орган қызметкерлерiн лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгiленген тәртiппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкiлеттiктерi жүктелген лауазымды тұлға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетiлген лауазымды тұлға болмаған жағдайда – орталық атқарушы органның басшысы жүзеге асырады.
Орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгiленген тәртiппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкiлеттiктерi жүктелген лауазымды тұлға:
орталық атқарушы органның басшысымен келiсiм бойынша орталық атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасарлары қадағалайтын орталық атқарушы органның департаменттерi директорларын және дербес басқармалары бастықтарын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
орталық атқарушы органның басшысымен келiсiм бойынша, еңбек қатынастары мәселелерi заңнамалық актiлерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, облыстық аумақтық органдар мен бөлiмшелердiң басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
еңбек қатынастары мәселелерi заңнамалық актiлерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, облыстық аумақтық органдар мен бөлiмшелер басшыларының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
еңбек қатынастары мәселелерi заңнамалық актiлерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, тағайындау үшiн ведомстволар басшылары ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын тағайындайды;
заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларда, ведомстволар басшылары тағайындау үшiн ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын орталық атқарушы орган басшысының тағайындауын келiседi;
осы тармақтың үшiншi бөлiгiнiң екiншi абзацында көрсетiлген лауазымды адамдарды, сондай-ақ еңбек қатынастары мәселелерi заңнамалық актiлерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, орталық атқарушы органның қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
9. Заңның 24-бабы 4-тармағының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер өздерiнiң келiсiмiмен және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда конкурстық iрiктеуден тыс мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға тағайындалады.
10. Өз өкiлеттiктерiн терiс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкiлеттiктерiн кемiнде алты ай орындаған және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн, өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуы олардың өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан күннен бастап бiр жылдың iшiнде конкурстық iрiктеуден тыс жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттiк органды құру кезеңiнде қызметтiк қажеттiлiк жағдайында бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымымен көзделген мiндеттердi уақытша атқару үшiн адамдарды үш айдан аспайтын мерзiмге жұмысқа қабылдауға жол берiледi. Ұзартылуға жатпайтын осы мерзiм iшiнде аталған лауазымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен толтырылуға тиiс. «А» корпусының бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымымен көзделген мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа алу «А» корпусы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған адамдар арасынан жүзеге асырылады.
Мiндеттерiн уақытша орындау үшiн жұмысқа қабылданатын адамдардың саны мемлекеттiк органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиiс.
Мемлекеттiк қызметшiлер болып табылмайтын мұндай адамдар мен оларды уақытша жұмысқа қабылдаған мемлекеттiк органның еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi.
Бұл адамдардың еңбекақысының мөлшерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасында осы лауазым үшiн көзделген шектi жоғарғы еңбекақы мөлшерiнен аспауға тиiс.
12. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына тағайындау кезiнде, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге мерзiм белгiленбесе, бiр реттен артық емес ұзарту мүмкiндiгiмен ол адаммен төрт жыл мерзiмге еңбек шарты жасалады. Еңбек шарты осы Ережеге қосымшаға сәйкес үлгiлiк еңбек шартының негiзiнде жасалады.
«А» корпусының уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасқан жағдайда еңбек шарты «А» корпусының осы лауазымды атқаратын мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң уақытша орнында болмайтын кезеңiне жасалады.
13. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлермен еңбек шартын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлға (орган) жасасады.
Егер Қазақстан Республикасының Президентi өзгеше белгiлемесе, Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiмен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жасасады.
Егер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өзгеше белгiлемесе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiмен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы жасасады.
Еңбек шартының мерзiмi бiткенге дейiн кемiнде үш ай бұрын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлға (орган) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияның қарауына (бұдан әрi – Ұлттық комиссия) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiмен еңбек шартының мерзiмiн ұзарту, еңбек шартын бұзу туралы негiзделген ұсыныс не «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiн ротация жасау туралы ұсыныс енгiзедi.
Ұлттық комиссия «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң мемлекеттiк қызметтi одан әрi өткеруi туралы не оның мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы туралы ұсыным шығарады. Ұлттық комиссия көрсетiлген өкiлеттiктердi лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлғаға (органға) беруге құқылы.
Еңбек шарты мерзiмiнiң бiткенiне дейiн тиiстi шешiм болмаған жағдайда, Ұлттық комиссия не Ұлттық комиссия өкiлеттiгiн берген жағдайда – лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлға (орган) шешiм қабылдағанға дейiн «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсi атқаратын лауазымында жұмысын жалғастырады.
Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларымен еңбек қатынастарын ұзарту туралы мәселенi шешудi Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.
14. Азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiн ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi.
15. Әскери немесе арнайы атағы бар адамдардың басқа мемлекеттiк органдардан iссапармен бару тәртiбiмен мемлекеттiк әкiмшiлiк және саяси қызметке кiруi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
16. Персоналды басқару қызметтерi (кадр қызметтерi) барлық мемлекеттiк қызметшiлерге қызметтiк тiзiм ашады. Қызметтiк тiзiмнiң нысанын мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi.
17. Мемлекеттiк қызметшiлерге мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен қызметтiк куәлiк берiледi.
5. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға ауысу тәртiбiмен орналасу
18. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн қызмет бойынша жоғарылату олардың бiлiктiлiгi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi, қызметтiк мiндеттерiн адал орындағаны, сондай-ақ олардың соңғы лауазымындағы қызметтерiнiң нәтижелерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
19. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiне мемлекеттiк органның iшiнде және басқа мемлекеттiк органдардан ауысу тәртiбiмен «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға рұқсат етiледi.
«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуы:
1) олардың аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда, мемлекеттiк органның, оның ведомствосының iшiнде, сондай-ақ олардың арасында;
2) «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарының А және В санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдарға мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ мемлекеттiк органдардан А және В санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдардан басқа мемлекеттiк органдарға;
3) мемлекеттiк органдардан Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерiне және керiсiнше;
4) басқа мемлекеттiк органдардан мемлекеттiк органдар бiрiншi басшыларының көмекшiлерi мен кеңесшiлерi, баспасөз хатшылары лауазымдарына жүзеге асырылады. Олардың аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда, мемлекеттiк органның, оның ведомствосының iшiнде аталған адамдарға одан әрi ауысуға рұқсат етiлмейдi.
20. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасу мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң келiсiмiмен жүргiзiледi.
«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсi «Б» корпусының дәл сондай, мемлекеттiк органның сол құрылымдық бөлiмшесiндегi басқа мемлекеттiк лауазымына ауысқан жағдайда мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмi талап етiлмейдi.
Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану туралы актiнiң орындалуы аяқталған күннен бастап бiр жыл iшiнде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған ретте, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.
21. «Б» корпусының бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымы бар мемлекеттiк орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi ауысу тәртiбiмен тағайындауға келiсiм алу үшiн мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшесiне мынадай құжаттарды:
1) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң тиiстi лауазымға ауысу тәртiбiмен орналасуға өтiнiштi;
2) персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) куәландырған толтырылған қызметтiк тiзiмдi табыс етедi.
22. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган не оның аумақтық бөлiмшесi табыс етiлген құжаттардың негiзiнде бес жұмыс күнi iшiнде мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) тағайындауға келiсiм бередi;
2) келiсiм беруден бас тартады.
23. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң қойылатын бiлiктiлiк талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуi, осы Ереженiң 21-тармағында көрсетiлген құжаттарды табыс етпеуi немесе толық табыс етпеуi келiсiм беруден бас тарту үшiн негiздер болып табылады.
6. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң сынақ мерзiмi
24. Сынақ мерзiмiн белгiлеген жағдайларда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше атқаруға қабiлетсiздiгi сынақ нәтижелерiн қанағаттанғысыз деп тану үшiн негiз болып табылады.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiздiгiн растайтын барлық фактiлердi, сондай-ақ материалдар мен құжаттарды персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) жазбаша тiркейдi және жинақтайды, олар сынақ нәтижелерi туралы ұсыныста көрсетiледi.
25. Сынақ мерзiмiн өткерушi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасы қолданылады.
7. Еңбек қатынастарының туындауы және еңбек тәртiбi
26. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi оның тағайындалуы туралы актiде көрсетiлген күннен бастап қызметте тұрады деп есептеледi.
27. Мемлекеттiк органның бейiндi қызметiне сәйкес келетiн мамандық бойынша бiлiм ұйымында оқып жатқан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiге мемлекеттiк органның қызметкерлерiн лауазымдарға тағайындау және лауазымдардан босату құқығы бар тұлғаның шешiмiмен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес оқу демалысы берiледi.
28. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде қайта даярлауға және бiлiктiлiгiн арттыруға жiбергенде, оған Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген iссапар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар қолданылады.
29. Мемлекеттiк орган мемлекеттiк қызметшiнi мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм бағдарламалары бойынша оқуға жiберген жағдайда оған жалақысы сақталмайтын демалыс берiледi және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Оқу мерзiмi жоғары оқу орнынан кейiнгi тиiстi бiлiм бағдарламаларында белгiленедi.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк қызметшi оқу бiтiргеннен кейiн кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызметте еңбек қызметiн атқарады. Бұл ретте, оқу бiтiргеннен кейiн мемлекеттiк қызметшi кемiнде бiр жыл тiкелей өзiн оқуға жiберген мемлекеттiк органда еңбек қызметiн атқарады.
Мемлекеттiк қызметте және оқуды бiтiргеннен кейiн мемлекеттiк органда жұмысын өтеудiң жағдайы, сондай-ақ мемлекеттiк қызметшiнiң өзiнiң мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi тиiстi оқыту шартында көзделедi.
Оқуды бiтiргеннен кейiн мемлекеттiк органға қайтуы сәтiне, сондай-ақ жұмысын өтеуi кезеңiнде мемлекеттiк қызметшi зейнеткерлiк жасқа жеткен жағдайда Заңға сәйкес оның мемлекеттiк қызметте болу мерзiмiн ұзартуға рұқсат етiледi.
30. Мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының Мемлекеттiк саясат ұлттық мектебiне «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiн оқуға жiберген мемлекеттiк орган, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi оқуды бiтiрген күнiнен бастап оны үш ай iшiнде мемлекеттiк органдағы «Б» корпусының бос жоғары мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына тағайындау жөнiнде шаралар қабылдайды.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiмiнде аталған мерзiм iшiнде бос жоғары лауазым болмаған жағдайда мемлекеттiк орган бiр жыл iшiнде тағайындау бойынша жоғарыда көрсетiлген шараларды қабылдайды.
Мемлекеттiк қызметшi ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының Ұлттық мемлекеттiк саясат мектебiне оқуға жiберiлгенге дейiн атқарған лауазымында жұмысын жалғастырады.
31. Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлаудың және бiлiктiлiгiн арттырудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде оқу бiтiрген адамдардың мемлекеттiк қызмет өткеруiне мониторинг жүргiзудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
32. Мемлекеттiк қызметшi тағылымдамаға жiберiлген жағдайда оның жұмыс орны (лауазымы) және жалақысы сақталады.
33. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердi мерзiмдi әскери қызметке шақырған жағдайда, оларға жалақысы сақталмайтын демалыс берiледi және олардың жұмыс орны (лауазым) сақталады.
8. Мемлекеттiк қызмет өтiлi
34. Саяси және әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымдық айлықақысын айқындау мақсатында олар үшiн мемлекеттiк қызмет өтiлi Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiпте есептеледi.
35. Еңбекақы төлеудiң тарифтiк-бiлiктiлiк кестесiне сәйкес лауазымдық айлықақы алуға құқық беретiн өтiлге мемлекеттiк қызметте болған барлық уақыт енгiзiледi.
36. Лауазымдық айлықақы белгiлеуге құқық беретiн жұмыс өтiлiн есептеу үшiн, сондай-ақ мына:
1) терiс себептермен қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның Қарулы Күштерiндегi, iшкi, шекара әскерлерiндегi, басқару органдарындағы және азаматтық қорғаныс бөлiмдерiндегi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен бұрынғы КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдарының жүйесiндегi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiндегi және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланындағы сержант пен офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың, мерзiмнен тыс қызмет әскери қызметшiлерiнiң мiндеттi әскери қызмет өткерген;
2) терiс себептермен қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, басшы құрамдағы адамдардың Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның iшкi iстер, қаржы полициясы органдары жүйесiнде қызмет, прокуратура органдарында қызмет өткерген, судья лауазымында және сот аппараттарында жауапты лауазымдарда, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнде басшы құрамдағы лауазымдарда жұмыс атқарған;
3) еңбек сiңiрген жылдары үшiн үстеме ақы алуға құқық беретiн лауазымдардағы, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның соттарындағы, прокуратура, iшкi iстер, қаржы полициясы органдарындағы, КСРО мемлекеттiк қауiпсiздiк, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк және бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетi органдарындағы жұмыс iстеген;
4) мемлекеттiк қызметте тұрған адамдардың бала бiр жарым жасқа толғанға дейiн оны күтуге берiлетiн iшiнара ақы төленетiн демалысы мен бала үш жасқа толғанға дейiн оны күтуге берiлетiн жалақысы сақталмайтын қосымша демалысының, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын басқа да ақысыз демалыс түрлерiнiң
5) КСРО Мемлекеттiк банкi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүйесiндегi жұмыс;
6) егер шетелге жiберердiң алдында қызметшi мемлекеттiк қызметте болса және шетелден қайтып келген күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде, көшiп келу уақытын есептемегенде, мемлекеттiк қызметке кiрсе, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдардың жолдамасы бойынша шетелдегi жұмыс;
7) 1992 жылдың 1 қаңтарына дейiн Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасының партия, кәсiподақ және комсомол органдарында сайланбалы және өзге де жауапты лауазымдардағы жұмыс;
8) соңғы мемлекеттiк ұйымдағы басшы лауазымдардағы немесе мемлекеттiк қызмет мамандықтарымен бiрдей мамандықтар бойынша лауазымдардағы жұмыс;
9) егер осы лауазымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарына жатқызылған болса, мемлекеттiк органдар мен олардың аппараттарына техникалық қызмет көрсеткен және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз еткен қызметкерлер лауазымдарындағы жұмыс;
10) егер қызметшi жiберiлгенге дейiн мемлекеттiк қызметте болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының жолдамасы бойынша халықаралық ұйымдардағы немесе басқа мемлекеттердегi жұмыс;
11) кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi курстарда жұмыстан қол үзiп оқу, сондай-ақ қызметшi оқуға түскенге дейiн мемлекеттiк қызметте болса және оны бiтiрген соң мемлекеттiк қызметке қайтып келсе, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жолдамасы бойынша шетелде оқу;
12) Қазақстан Республикасының Парламентi депутатының, сондай-ақ тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутатының өкiлеттiгiн жүзеге асыру;
13) мемлекеттiк органның құрылуы кезiнде, сондай-ақ арнайы тексерiстiң нәтижелерiн алғанға дейiнгi бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазыммен көзделген мiндеттердi уақытша атқарған адамдардың жұмыс уақыты қосылады.
37. Мемлекеттiк қызметтегi жұмыс стажы, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес қызмет өткерген жылдарына саналатын уақыт күнтiзбелiк санау арқылы есепке алынады.
38. Күнтiзбелiк ай iшiнде лауазымдық жалақысын көтеру құқығы туындаған қызметшiлерге өтiлiн ескере отырып лауазымдық жалақысын есептеу осы құқық туындаған күннен бастап жүзеге асырылады.
39. Мемлекеттiк қызмет өтiлiн құрамы мемлекеттiк органның қызметкерлерiн лауазымдарға тағайындауға және лауазымдардан босатуға құқығы бар тұлға (орган) бекiтетiн еңбек өтiлiн белгiлеу жөнiндегi комиссия айқындайды.
Мемлекеттiк қызмет өтiлiн белгiлеу жөнiндегi комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Хаттаманың көшiрмесi бухгалтерияға берiледi. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк қызметшiнiң талап етуi бойынша оған комиссия шешiмiнiң үзiндiсiн бередi және оны растайды.
40. Мемлекеттiк қызмет өтiлiн айқындау үшiн еңбек кiтапшасы немесе қызметтiк тiзiм негiзгi құжат болып табылады. Еңбек кiтапшасы, қызметтiк тiзiм болмаған ретте, сондай-ақ қажеттi жазба болмаған не жұмыс кезеңдерi туралы қате немесе дәл емес жазбалар болған жағдайда еңбек өтiлiн растауға еңбек шарты, жұмыс берушiнiң актiлерiнен үзiндi көшiрмелер, қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзiндi көшiрмелер, аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы жинақтаушы зейнетақы қорынан үзiндi көшiрмелер, жүргiзiлген әлеуметтiк аударымдар туралы Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан мәлiметтер, қызметкердiң еңбек қызметi туралы мәлiметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қабылданады. Мемлекеттiк қызмет өтiлiн куәлардың айғақтарымен растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы
41. Басқару құрылымын өзгерту, лауазымдарды қайта атау жағдайлары, iс жүзiнде саны қысқартылмай және (немесе) еңбек жағдайлары елеулi өзгертiлмей мемлекеттiк органның штатын қысқарту мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiздер болып табылмайды.
Мұндай жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер бұрын болған лауазымындағы еңбек жағдайларына сәйкес келетiн (толық немесе елеулi бөлiгiнде) жаңа штат кестесi бойынша лауазымдарда жұмысын жалғастыра бередi.
42. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлермен еңбек шартын бұзудың және олардың мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi:
1) осы Ереженiң 13-тармағындағы жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты мерзiмiнiң өтуi;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда, Ұлттық комиссия ұсынымының негiзiнде, оның iшiнде әңгiмелесу; мемлекеттiк органдар жүргiзген бағалау материалдарын қарау; тәртiптiк iстердiң нәтижелерi бойынша қабылданатын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлғаның (органның) шешiмi;
3) Заңда көзделген өзге де негiздер болып табылады.
10. Мемлекеттiк қызметтi өткерудiң өзге де мәселелерi
43. Мемлекеттiк органдар бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар туралы ақпаратты бос лауазымдар пайда болған күннен бастап үш жұмыс күнiнiң iшiнде өздерiнiң интернет-ресурстарына орналастырады.
44. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсе отырып мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы үлгiлiк ереженiң негiзiнде мемлекеттiк органдар персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi.
45. Мемлекеттiк қызметшi өзi атқаратын лауазымы «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қайта өзгертiлген жағдайда осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген тұлғамен жасалатын еңбек шартының негiзiнде, мына оқиғалардың бiреуi басталған мерзiмге дейiн:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте осы Ереженiң 46-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде осы лауазымға орналасқанға дейiн;
2) осы Ереженiң 46-тармағында көрсетiлген мерзiм өткенге дейiн – егер осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте орналаспаған жағдайда, осы лауазымдағы жұмысын жалғастырады.
46. Ұлттық комиссия мемлекеттiк лауазымдар «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қайта өзгертiлген күннен бастап алты айдың iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеу жүргiзедi.
Мемлекеттiк қызмет өткеру
тәртiбi туралы ережеге
ҚОСЫМША
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiмен
ҮЛГIЛIК ЕҢБЕК ШАРТЫ
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Осы еңбек шарты (бұдан әрi - Шарт) бiр тараптан
_____________________________________________________________
(мемлекеттiк органның атауы, лауазымды тұлғаның Т.А.Ә.)
(бұдан әрi - Уәкiлеттi тұлға), және екiншi тараптан азамат ______________________(бұдан әрi - Қызметкер) арасында жасалды. (қызметкердiң Т.А. Ә.)
2. Уәкiлеттi тұлға Қызметкердi________________________________
________________________________________лауазымына қабылдайды. (лауазымның атауы)
Қызметкер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнде, уәкiлеттi тұлғаның актiлерiнде, лауазымдық нүсқаулықтарда көзделген еңбек мiндеттемелерiн орындайды.
3. Осы шарт 20__ жылдың «___» _____________ бастап қолданылады. Шарттың қолданылу мерзiмi_______________жыл (мемлекеттiк лауазым «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қайта өзгертiлген жағдайда: 20___жылдың «___» ___________бастап мына оқиғалардың бiрi басталғанға дейiн:
мемлекеттiк лауазым «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қайта өзгертiлген күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте алты айдың iшiнде осы лауазымға орналасқан;
мемлекеттiк лауазым «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қайта өзгертiлген күннен бастап алты ай өткенге дейiн - осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте орналаспаған жағдайда).
4. Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiне сәйкес Қызметкерге осы лауазым үшiн көзделген жалақы төленедi.
5. Қызметкерге кепiлдiктер мен өтемақылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. УӘКIЛЕТТI ТҰЛҒА МЕН ҚЫЗМЕТКЕРДIҢ НЕГIЗГI ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
6. Уәкiлеттi тұлға қызметкерден өзiне жүктелген функциялар мен өкiлеттiктердiң орындалуын, Қазақстан Республикасы заңнамасының, уәкiлеттi тұлға актiлерiнiң сақталуын талап етуге, қызметкердi көтермелеуге, тәртiптiк жаза қолдануға құқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
7. Уәкiлеттi тұлға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, өзiнiң қабылдаған актiлерiн сақтауға, қызметкерге жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мiндеттемелердi сақтауға мiндеттi.
8. Қызметкер өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруға қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiпте алуға, өз құзыретi шеңберiнде өзiнiң мемлекеттiк қызметтi өткеру мәселелерiн қарау мен олар бойынша шешiм қабылдауға қатысуға, оларды тиiстi мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың орындауын талап етуге, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
9. Қызметкер мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн сақтауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкiлеттi тұлғаның актiлерiне сәйкес еңбек мiндеттерiн орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мiндеттемелердi сақтауға мiндеттi.
3. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIГI
10. Осы шартта көзделген мiндеттемелердi орындамағаны және
тиiсiнше орындамағаны үшiн тараптар Қазақстан Республикасының
заңдарына сәйкес жауапкершiлiкте болады.
4. ЕҢБЕК ШАРТЫН ӨЗГЕРТУ ЖӘНЕ ТОҚТАТУ
11. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтуралы және еңбек заңнамасында көзделген тәртiпте және негiздерде жүзеге асырылады.
12. Шарт ___ данада жасалды, оның әркайсысының бiрдей заңдық күшi бар.
Уәкiлеттi тұлға Қызметкер
_________________ ________________
(қолы, күнi) (қолы, күнi)
Достарыңызбен бөлісу: |