?-қосымша
12 жылдық мектеп түлегінің жеке қасиеттерін жобалау
Білім беру жүйесі өз алдына толығымен дербес өмір сүре алмайды, өйткені ол бос жерде емес, белгілі бір әлеуметтік, ғылыми-техникалық, экономикалық, мәдени және ең соңында саяси ортада жұмыс істейді және дамиды. Бұл орта, бір жағынан, білім берудің мақсаттарын белгілесе, екінші жағынан оның одан арғы дамуы мен іске асырылуының белгілі бір алғышарттарын жасайды. Мұндай шарттылықтың бастапқы факторын әлеуметтік-экономикалық шарттылық десе де болады. Шын мәнінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымы барлық қалған факторлар мен қоғамдық жүйелерді біріктірудің тиісті алғышарттарын жасайды. Ғылыми-техникалық прогресс, мәдени және саяси орта әлеуметтік-экономикалық қайта құрылымдарды іске асыруды не ынталандырады, не олардың дамуын тежейді.
Бұл ретте білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының негізгі міндеттерін іске асыруға ықпал етуге тиісті, өйткені мектеп және жоғары оқу орындары адамды экономиканың, мәдениеттің, қоғамдық-саяси өмірдің әр түрлі саласындағы белсенді іс-әрекетке дайындайды. Сондықтан, оның білім берудің базалық буыны ретіндегі рөлі өте маңызды, мектептің жинақталған оң тәжірибелерді сақтай отырып, қоғамдық сұраныстарға құлақ асу қабілеттілігінің үлкен маңызы бар. Мұнымен бірге әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, ғылыми-техникалық прогрестің дамуы мектептің және жоғары оқу орындары қызметкерлерінің арасында тиісті қолдау тауып отырады.
Сондықтан да әлемнің дамыған елдерінің бәрінде білім беру жүйесін реформалау барысында педагогикалық технологияларды дамытудағы бетбұрыс қажетті ақпаратты өз бетінше алып үйренуге, проблемаларды мүшелеп, олардың оңтайлы шешімін табу жолдарын іздестіруге, алған білімді сыни тұрғыдан талдай білуге және оларды барлық жаңа міндеттерді шешу үшін қолдануға бағытталған.
Дайын білімдерді меңгеру мен жинақтау – мақсат емес, адамның интеллектуалды дамуының көмекші құралдарының бірі ғана. Педагогикалық жүйелер қазіргі жағдайда оқытуды адамзат жасаған дайын білімдердің жиынтығын меңгеруге, соңғы жүзжылдықтың бастауындағы сияқты өркениет тәжірибесін көне ыдыстан жаңасына ауыстырып құюға құра алмайды. Қазіргі қоғамдағы білім берудің мақсаты – адамның интеллектуалдық және адамгершілік тұрғыдан дамуы, бұл – адам, әйтеуір, белгілі бір саяси, идеологиялық немесе кез келген басқа бір машинаның ессіз тетігі болмасын деген сөз. Бүгінгі қоғамға өз бетінше дербес, сыни тұрғыда ойлайтын, туындаған проблемаларды көре білетін және шығармашылықпен шеше білетін адам қажет.
Қазіргі кезде әлемнің барлық дамыған елдері, оқушының (студенттің) шын мәнінде оқу процесінің орталық тұлғасы болуы үшін, оқушының танымдық іс-әрекеті әрқашанда педагог-зерттеушілердің, білім беру бағдарламаларын әзірлеушілердің, әкімшілік қызметкерлердің тұрақты назарында болуы үшін өздерінің білім беру жүйелерін реформалаудың қажеттілігін саналы түрде сезініп отыр.
Сонымен, ақпараттық технологиялар қоғамы, XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың ортасындағы индустриялдық қоғамға қарағанда, оның азаматтары өз бетінше белсенді қимылдауға, шешім қабылдауға, өмірдің өзгермелі жағдайларына икемділікпен бейімделуге қабілетті болуына бұрынғыдан да үлкен дәрежеде мүдделі болып отыр.
Осыдан келіп қазіргі ақпараттық қоғам оқу орындарының барлық типтерінің алдына және ең алдымен, мектептің алдына мынадай қабілеттері бар түлектерді дайындау міндетін қояды:
-
қажетті білімдерді өздігінен ала отырып, оларды өмірден өз орнын табу үшін, әр түрлі туындаған проблемаларды шешу үшін іс жүзінде қолдану, өзгермелі өмір жағдайларына икемділікпен бейімделу;
-
дербес сыни ойлау, нақты шындықтан туындаған міндеттерді көре білу және қазіргі технологияларды пайдалана отырып, оларды оңтайлы шешу жолдарын іздестіру, алған білімдерін өмірдің қай саласында қалайша қолдануға болатынын нақты сезіну; жаңа идеяларды туғызуға, шығармашылықпен ойлауға қабілетті болу;
-
ақпаратпен ыждағатты жұмыс істеу (белгілі бір проблеманы шешу үшін қажетті фактілерді жинай білу, оларды талдай білу, проблеманы шешу жолдарын ұсыну, шешімнің ұқсас немесе баламалы нұсқаларына қажетті қорытулар, салыстырулар жасау, статистикалық заңдылықтарды белгілеу, дәлелді тұжырымдар жасау, алныған тұжырымдарды жаңа проблемаларды табуға және шешуге жұмсау);
-
әр түрлі әлеуметтік топтарда коммуникабельді, адамдармен араласуға икемді болу, кез келген шиеленісті жағдайлардан еппен шығып немесе оны болдырмай, әр түрлі салаларда жариялылықпен жұмыс істей білу;
-
өзінің адамгершілік, интеллект, мәдени деңгейін дамыту үшін өзінше жұмыс істеу.
Сонымен, қазіргі қоғамда білім беру жүйелерін дамытудың стратегиялық бағыттары айқын: ол – адамды білімнің әр түрлі саласындағы мақсатты іс - әрекетке тартудың негізінде оның интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысынан дамуы.
-
12 жылдық мектепте жалпы білім беру процесін құрудың негізі осы мектеп түлегінің үлгілі бейнесі болуға тиісті. Бұл бейнені қалыптастырудың психологиялық – педагогикалық тәсілі оқушының жеке қасиеттерінің жиынын анықтау болып табылады. Оларды дамыту шаралары білім беру қызметінің тиісті түрлерінің оларды орындауы барысында жоспарланады.
Оқушы тұлғасының анықталған қасиеттері базистік оқу жоспарын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен басқа да білім беру құралдарын құрудың мақсатты және құрылымдық негізі ретінде қызмет етеді, бұлардың негізгі мақсаты – оқушының білім алу қызметін қамтамасыз ету.
А.В.Хуторской 12 жылдық мектепті бітірушінің жеке қасиеттерінің үш тобын бөліп көрсетеді: креативтік, когнитивтік және ұйымдастырушылық – іскерлік.
Ұйымдастырушылық – іскерлік (методологиялық) қасиеттер:
-
оқушының өзінің жеке ерекшеліктерін, мінезінің қырларын, әрбір оқу пәні мен сабақтың оңтайлы қарқыны мен нысанын білуі;
-
белгілі бір оқу пәндері арқылы әрбір сабақтың мақсатын сезіну және түсіндіру, онда өзін қалай көрсетуді білу;
-
жаңа немесе әлі қол жетпеген мақсаттың, оған жету бағдарламасының болуы, істі ақыр аяғына дейін жеткізуге деген табандылық, мақсатқа берілгендік; мақсатқа жетуді көздеу, мақсаткерлік; мақсатқа жетудегі табандылық;
-
белгілі білім немесе қызмет саласында оқу мақсатын қоя білу, оған жетудің жоспарын жасау; белгіленген жоспарды өзінің жеке қасиеттеріне сүйеніп орындау; нәтижеге қол жеткізу және оны сезіну; оны сыныптастарының соған ұқсас нәтижелерімен салыстыру;
-
іс – әрекет ережелерін, оның заңдар жүйесін қалыптастыра білудің шығармашылық нормасын жасау қабілеті, іс – әрекет нәтижелерін болжау;
-
зерттелетін объектілердің мағынасын көре білу;
-
өзіндік ұйымдастыру дағдылары: іс – әрекетті жоспарлау, іс – әрекетті бағдарламалау, іс – әрекеттің кезеңдері мен тәсілдеріне түзетулер енгізу, іс – әрекеттің икемділігі мен вариативтілігі, іс – әрекеттің реттілігі, жоспарлардың іске асырылуы; санада әр түрлі бағдарламаларды бір мезгілде ұстап тұру;
-
рефлекстік ойлау әдістерін меңгеру, өзінің одан арғы оқу жоспарын құра білу; іс – әрекеттің мағынасын анықтау, нәтижелерді мақсатпен біріктіру, өзіндік байқау, өзін – өзі талдау және өзіндік бағалау; басқа білім беру субъектілерімен және айналадағы әлеммен өзара іс – қимыл мойындамауына төзу, “соққыға шыдай білу”; дербестік, тәуелсіздік, алға ұмтылушылық, шешімділік, коммуникативтілік;
-
басқа оқушылармен бірге өзгелердің шығармашылығын ұйымдастыру қабілеті (педагогикалық қасиет); идеяларды тану және туғызу; ми шабуылын ұйымдастыра білу, оған қатысу; идеяларды салыстыру және салғастыру, пікірталас.
Креативтік қасиеттер:
-
эмоциялық – бейнелік қасиеттер: шығармашылық жағдайлардағы шабыттылық, жігерлілік, эмоциялық өрлеу; бейнелілік, қауымдастық, байқампаздық, қиял, елестету, арманшылдық, романтиктік, жаңаны, әдеттен тыс құбылысты сезіну, қарама – қайшылықтарға ден қою, шығармашылық күмәнге бейімділік, ішкі күйзелісті жеңу қабілеті, эмпатияға қабілеттілік, таңбатану шығармашылығы, рәмізтану шығармашылығы;
-
бастамашылық, оралымдылық, зеректік, ойдан шығаруға дайындық; өзіндік ерекшелік, даралық, бейстандарттық, төлтумалық, идеялар тудыруға қабілеттілік;
-
мектепте және отбасында қалыптасқан мінез – құлық нормаларын сақтай отырып, ой мен сезімнің, қимылдың еркіндігін меңгеру;
-
өткірлік, бейтаныстан танысты көре білу және керісінше; таптаурындарды жеңе білу, проблеманы шешу кезінде басқа жазықтыққа немесе кеңістікке шығу қабілеті; зерттелетін объектімен әңгімелесе білу, объектіге сәйкес келетін танымдық әдістерді таңдау; құрылым мен құрылысты анықтай білу, объектінің салалас объектілермен байланысын және функцияларын табу; объектінің өзгерістерін, оның өсу немесе даму динамикасын болжау; объектінің қасиеттеріне қарай танымның жаңа әдістерін құру;
-
болжампаздық, сәуегейлік, гипотезаны қалыптастыру, нұсқаларды, заңдылықтарды, формулаларды, теорияларды құрау; логикалық емес эвристикалық рәсімдерді меңгеру; интуиция, инсайт, медитация;
-
білім стандарттарынан тереңдігімен, тақырыбымен, пікірмен, жалпы қабылдағандардан өзгешелігімен ерекшеленетін білімнің жеке нәтижелерінің болуы; тәуелсіздік, тәуекелге бейімділік;
-
өзінің шығармашылық қабілеттерін шығармашылық жұмыстарды орындау және қорғау түрінде іске асыру тәжірибесінің болуы, конкурстарға, олимпиадаларға және басқаларға қатысу.
Когнитивтік қасиеттер:
-
физиологиялық қасиеттер: көру, есту, сипай сезу, зерттелетін объектінің иісі, дәмі арқылы сезіну; жұмыс қабілеті, жігерлілік;
-
интеллектуалдық қасиеттер: білуге құмарлық, білімділік, ойлылық, аңғарғыштық, қисындылық, “интеллект коэфициенті”, мағыналылық, негізділік, дәлелділік, талдай білу, ұқсастықтарды таба білу қабілеті, дәлелдемелердің әр түрлі нысандарын пайдалану, іске берілгендік;
-
ұмтылғыштық, өткірлік, проблемаларды іздеу, экспериментке бейімділік, сұрақ қоя білу, қарама – қайшылықты білу, проблемалар мен гипотезаларды құрау, теориялық және эксперименттік зерттеулерді орындау, әр түрлі міндеттерді шешу тәсілдерін меңгеру, тұжырымдар мен қорытындылар жасау, әрекеттердің жеделдігі, ойлаудың тосындығы;
-
өз іс – әрекеті арқылы бастан кешірген мәдени нормалар мен дәстүрлерді меңгеру; өз білімін және алынған нәтижелерді дәлелдей білу; таңдау жағдайында өзін – өзі таба білу;
-
кез келген туындаған мәселе бойынша өзінің түсінігін немесе түсінбегенін білдіру қабілеті; басқа көзқарасты түсіне білу және бағалай білу, мазмұнды әңгімеге немесе пікірталасқа қатысу;
-
зерттеу салаларын олардың кеңістік пен уақыт ішіндегі иерархиясы арқылы құрылымдық – жүйелік көру; объектінің байланыстарын, олардың себептерін, соған байланысты проблемаларды іздеп табу; кез келген объектілер мен құбылыстардың (табиғаттың, мәдениеттің, саясаттың, т.б.) мәнін білудің жалпы тәсілін меңгеру, әр түрлі ғылыми көру;
-
іргелі емес объектілер арасынан іргелілерін таңдау, олардың арасындағы бағынысты байланыстарды іздеп табу; белгілі объектілердің иерархиясын, жаңа функцияларын және байланыстарын көру; объектінің пайда болу себептерін іздеу қабілеті, объектінің мағынасын, оның көзін табу қабілеті; объект туралы фактілерді және факт еместерді айыра білу;
-
әрбір оқытылатын оқу пәнінің мағынасын түсіну; базалық білімді, біліктер мен дағдыларды меңгеру; оқытылатынғылымдардың іргелі проблемаларына бағдарлану;
-
мәдени – тарихи ұқсас материалдарды өзінің білім жетістіктерімен және сыныптастарының нәтижелерімен салыстыра білу, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу, өзіндік білім нәтижелерін қайта қарау немесе пысықтау;
-
мәдени – тарихи ұқсастықтардың шығу (көріну) себептерін анықтау қабілеті, оның құрылымы мен құрылысын анықтай білу, салалас идеялық объектілердің байланыстарын анықтау, идеялық объектілердің жүйесін құру, дәлелдеген принциптердің өлшемдерімен олардың иерархиясын құру; мәдени – тарихи ұқсастықтардың нақты объектілермен байланыс жүйесін таба білу;
-
алынған білімді рухани, материалдық және іскерлік нысандарға жұмсау қабілеті (13).
Оқушылар қасиеттерінің аталған топтары оларды кеңейтуге және нақтылауға ашық болып табылады. Сонымен бірге бұл топтар нәтижелі жеке тұлғаға бағдарланған оқытуды қамтамасыз ету үшін бағдарлардың ең аз кешенді жиынын білдіреді. Мысалы, креативтік қасиеттерді ғана дамыту оқушының жалпы білім алу қозғалысын алға бастырмайды. Өйткені, ұйымдастырушылық – іскерлік негіздерді қалыптастырмаған жағдайда оның шығармашылығы шашыраңқы және рәсімделмеген күйінде қалады.
Жүргізілген талдау жалпы білім беретін мектеп оқушысының жеке қасиеттерінің бірыңғай жалпы қабылданған біліктілігінің болмайтынын көрсетті. Әрбір ғалым өзінің зертеулерінде ол қарайтын іс – әрекет түрлерінің мәнін неғұрлым толық көрсететін жеке қасиеттерге сүйенеді.
Жоғарыда көрсетілген оқушының жеке қасиетінің топтары болашақ 12 жылдық мектептің жалпы мақсаттарымен, мазмұнымен және технологияларымен бірге, оқушының жеке басын дамытудың динамикасына сәйкес құрылатын, оның жекелеген білім салаларын жобалау кезіндегі өлшемдердің бірі ретінде қызмет етеді.
А.Абилкасимова
12 жылдық білім беру методологиясы
Достарыңызбен бөлісу: |