1206 жылы көшпелі шонжарлардың құрылтайында Монғол империясы құрылды. Ұлы хан болып Шыңғысхан (Темүжін) сайланды. Монғол мемлекеті 95 түмен әкімшілік билікке бөлінді. Әскери аумағы жағынан мемлекет үш әскери әкімшілік аймақтан тұрды. Олар – барунгар (оң қанат), жоңғар (сол қанат) және кул (орталық қанат). Мемлекеттің басты заңы “Жасақ” деп аталды. Оның бірінші бөлімінде Шыңғысханның нақыл сөздері мен ел басқарудағы шешімдері болған. Екінші бөлім әскери, азаматтық істерді орындаудағы жалпы заңдар мен жазалау ережелерінен құралды. “Жасақ” бойынша өкімет билігінің жоғарғы органы құрылтай болды.
1207-1208 жылдары Жошы Енисей қырғыздары мен Сібір халықтарын жаулап алды. Ал 1207-1209 жылдары Шыңғысхан таңғұттарды, Тұрфан кінәздігін, ұйғырларды бағындырды. 1211-1215 жылдар арасында Шыңғысхан Қытай жерін басып алды. 1217 жылы Шыңғысхан Күшліктің Жетісудағы иеліктерін басып алуға Жебе ноянды аттандырды. Монғолдар 1218 жылы Жетісу жеріне енді. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияға жол ашылды. Оның басты себебі “Отырар опаты” болған. 1219-1220 жылдары Сыр бойындағы қалалар толығымен монғолдардың иелігіне көшті. Жетісу аймағында монғол шапқыншылығына дейін 200-ден астам елді мекен болған. Ал 13-14 ғасырларда 20-ға жуық қала қалған. Монғол шапқыншылығы қалалық мәдениеттің дамуына үлкен кедергі болды. Ең бастысы, халықтардың этникалық құрамы мүлдем бұзылды. Қазақ халқы қалыптасуының аяқталуы ұзақ жылға кешеуілдеді. Шыңғысхан жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп берді. Қазақстан жерінде Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстары пайда болды. Төле Монғолия жерін биледі.
Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы ірі мемлекеттердің бірі. Орталығы алғашында Сарай-Батуда (Еділ бойында) болды, кейін Сарай-Беркеге көшірілді. Батый хан Алтын Орданы құрып, 1227-1255 жылдары мемлекетті басқарған. Мұсылман деректерінде Батый хан әділ адам болғандығы айтылады. Батый хан мұсылмандардың ең жақын қамқоршысы деп есептелген. Орыс жылнамаларында Батый ханның Алтын Орданың экономикалық қуатын арттыруға, қалалық өмірдің жандануына ерекше көңіл бөлгендігі айтылған.
1236-1242 жылдары Батысқа жасалған жеті жылдық жорықты Батый хан басқарды. Берке хан Монғол империясына тәуелділігін мойындамай, бүкілмонғолдық құрылтайға қатысудан бас тартты. Берке хан Алтын Орданы күшейту үшін мұсылман дінін қабылдады. Меңгу-Темір 1271 жылы Египетпен байланысына кедергі болуға тырысқан Византияға қарсы жорыққа шықты. Византия императоры соғыстан бас тартып, бейбіт келісімге келді. Бұл келісім Алтын Орданың Жерорта теңізі бойындағы қалалармен сауда қатынасын жақсартты. Тохты хан Алтын Орданың саяси жағынан мемлекеттік беделінің көтерілуіне зор үлесін қосты. Ол Иран, Кавказ елдерімен сауда байланысын жандандырған. Египетпен тығыз қатынаста болды. Алтын Орданың гүлденген кезі Өзбек хан мен баласы Жәнібек ханның билігі тұсында болды. Өзбек хан қалалық өмірдің дамуына қатты көңіл бөлген. Оның билігі кезінде мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды.
14 ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда ішінде алауыздық күшейді. Жошы ханның екінші бір ұрпағы Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Алтын Орданың билігін алады. Әмір Темір Алтын Ордаға шабуылдап, мемлекетті бас көтере алмастай етіп тұралатты. 15 ғасырдың ортасында Алтын Орда бірнеше хандықтарға бөлініп кетті.
Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдағаннан кейін іс жүргізу жұмыстарын ұйғыр жазуымен жүргізді. Азаматтық басқару билігі түрік әулетінен шыққан “мәлік” деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылды. Алтын Ордада басқару жүйесінде басқақтар маңызды орын алды. Олар басқару қызметімен қатар, жергілікті халыққа әскери бақылау жүргізді. Даруғалар салық жинаумен шұғылданды. Әскери істі беклербек басқарған. Азаматтық билік уәзірлердің қолында болған. 14 ғасырда Алтын Орда мұсылмандық мемлекетке айнала бастаған.
Ақ Орда – Қазақстан аумағында монғолдардан кейін құрылған алғашқы мемлекет. Ақ Орданың аумағы Жайық өзенінен Батыс Сібір ойпатына дейін, Сырдарияның орта және төменгі ағысы аралығын алып жатты. Орталығы – Сығанақ қаласы.
Ақ Орда 14 ғасырдың екінші ширегінен бастап Алтын Ордадан біржолата бөліне бастады. 14 ғасырдың екінші жартысынан бастап Алтын Ордада аласапыран төңкеріс басталды. 60-жылдары Сарай қаласында бір жылдың ішінде 4 хан ауысқан. Осы тартысты пайдаланған Ұрұс хан билікті қолына алып, мемлекетті нығайтты. Әмір Темір Тоқтамысты пайдаланып, Ақ Орда мен Алтын Орданы басып алуға тырысады. Ұрұс хан мен баласы Тоқтақия қайтыс болғаннан кейін Әмір Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызды. 1395 жылы Әмір Темір Тоқтамыстың орнына Ақ Орда тағына Қойыршақ оғланды (Ұрұстың баласы) хан етіп қойды.
Ақ Орда ханы Барақ Сырдария бойындағы қалаларды қайтару үшін әрекеттер жасады. Әбілхайыр Шайбани Ақ Орданың біраз жерін жаулап алып, өз хандығын құрды. Ал Ұрұс хан ұрпақтары 15 ғасырда Ақ Орда жерінде Қазақ мемлекетін құрды.
14 ғасырдың ортасында Шағатай ұлысы ыдырап, шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті құрылды. Моғолстанның аумағы Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстанды қамтыды. Моғолстандағы беделді тайпа дулаттар болды. 1348 жылы дулат ақсүйектері Шағатай ұрпағы Тоғылық-Темірді хан етіп сайлады. Тоғылық-Темір хандықтың бүкіл аумағын біріктіріп, бір орталыққа бағындырды. Мемлекеттің орталығы – Алмалық қаласы.
Моғолстанда мұсылман діні мемлекеттік дін ретінде қабылданды. Тоғылық-Темір бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысы кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекеттенді. 1360-1361 жылдары Мәуереннахрға екі рет сәтті жорық жасады. 1365 жылғы Ташкент қаласының маңындағы “Батпақ шайқасында” Ілияс Қожа жеңіске жеткен. Әмір Темірдің Моғолстанға алғашқы жорығы 1371-1372 жылдары болған. Ол 1380-1390 жылдары да бірнеше рет жорық жасады.
Моғолстандағы бытыраңқылық жағдай 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін де тоқтамады. Дулат әмірлерінің қолдауымен Есен-бұға 1433-1462 жылдары хан тағына отырды. 1462 жылы Есен-бұға қаза болған соң Жүніс Моғолстанға оралып, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абдар-Рашид ханның кезінде ыдырай бастады. Оның Жетісу аймағы Қазақ хандығының құрамына енді.
13 ғасырда Қазақстанның солтүстік-батысында Ноғай Ордасы мемлекеттік бірлестігі құрылды. Аумағы – Еділ мен Жайық өзендерінің аралығы. Орталығы – Сарайшық қаласы. Ноғай – жорықты Батыймен бірге бастап, Алтын Орданың бес ханы тұсында қолбасшы болған адам. Ноғай әскерінің көпшілігі түрік тілдес маңғыт тайпасы болғандықтан “маңғыт елі” деп те аталған. Ноғай Ордасының негізін қалаған – Ноғайдан кейінгі Едіге. Орда Едігенің баласы Нұрад-дин (1426-1440) тұсында өз алдына жеке мемлекет болып, Алтын Ордадан бөлініп шықты. Ноғайлар 15 ғасырдың ортасында Сырдарияның орта ағысына дейін жетіп, бекініс қалаларды жаулап алды.
Орда билігі мұрагерлік жолмен берілді. Ұлысты билеушілер – мырзалар өз жерінде шексіз үстемдік етті. 16 ғасырда Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Халқының кейбір бөліктері Кіші жүзге қосылды.
Батыс Сібір жерінде туысқан түрік тілдес тайпалардың бірлестігі болды. Бірлестікте керейіттер басты рөл атқарған. Батыс Сібір Жошы ұлысы құрамына кіріп, Шайбани әулетінің жері саналған. Бірақ елді басқару Тайбұға заманындағы түрік шонжарлары әулетінің қолында болды. Сібір хандығының негізгі жерлері Тобыл, Тура өзендерінің аңғарлары болды. Астанасы – Чимги-Тура (Қызыл-Тура). 1428 жылы Әбілхайыр хан Батыс Сібірге жорыққа аттанады. Ол Махмуд Қожаны жеңіп, Батыс Сібір Әбілхайыр ханның қарамағына өтеді. Шайбани ұрпағы Ибақ хан өз билігін Чимги-Тура, Тобыл, Ертіске жақын жерлерге жүргізеді. Ибақ хан орыс патшасы III Иванмен сауда қарым-қатынасын орнату мақсатындағы достық одақ құруға шарт жасасты. 1495 жылы Мұхаммедтің басшылығымен Чимги-Турада Ибақ хан өлтірілді. Тайбұғалық Мұхаммед билеуші болып жарияланды.
Қазақстан аумағында Шыңғыс әулетінің үш ғасырға жуық билік жүргізуіне қарамастан, қоғамдық қатынастардың өрістеуі, тілдік қатынастың дамуы, шаруашылық салаларының өсуі жергілікті этникалық ортада дамыды. Қазақстандағы феодалдық мемлекеттердің негізгі этникалық құрамы біртұтас ел болып қалыптасқан қазақ халқының негізін құрады.
1428 жылы ақсүйек, шонжарлар 17 жастағы Әбілхайырды хан етіп сайлады. Хандық Өзбек ұлысы, Өзбек хандығы, Шайбани ұлысы, Әбілхайыр ұлысы деп аталды. Ұлыстың алып жатқан жері мен халқының көпшілігі қыпшақтар болғандықтан, оны Қыпшақ хандығы деп те атаған. Әбілхайыр хандығы батысында Жайық, шығысында Балқаш, оңтүстігінде Арал мен Сырдарияның төменгі ағысы, солтүстігінде Тобыл, Ертіс өзендерінің орта саласы аралығын алып жатты. Рузбихан дерегі бойынша, Әбілхайыр хандығы негізгі үш халықтан – шайбанилерден, қарақалпақтардан және қазақтардан тұрған.
1431 жылы Екіретүп деген жердегі Тоқа Темір ұрпақтарымен болған шайқаста Әбілхайыр жеңіске жетті. Кейін Орда-Базарды бағындырып, өзінің орталығы етті. Оған дейін астана Тура қаласы болған. 1446 жылы Әбілхайыр хан Атбасар маңында Мұстафа ханды тас-талқан етті. Бұл жеңістен кейін Сығанақ, Аркөк, Созақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алды. Cығанақ қаласын өзінің орталығы етті. 1446 жылы Самарқанды алды.
1456-1457 жылдары Әбілхайыр хан Сығанақ қаласы түбінде Үз-Темір бастаған ойраттардан жеңіліп қалды. Ол 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа шығады. Жорық кезінде Аққыстау деген жерде қайтыс болды. Қазақ хандығының құрылуымен Әбілхайыр ұрпақтары Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде билік жүргізу құқығынан айырылды.
Әмір Темір 1336-1405 жылдар аралығында өмір сүрген. 1370-1405 жылдары Мәуереннахрда билік еткен. Әмір Темір Алтын Орданы басып алудан бұрын Ақ Орданы әлсіретуді көздеді. Тоқтамысты пайдаланып, оған әскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Ақ Орда хандары жеңіліс тапқан соң, Әмір Темір Тоқтамысты Сауранда таққа отырғызды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін – Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыс енді Алтын Орда мен Ақ Орданың бұрынғы қуатын қайта қалпына келтіруді ойлап, Әмір Темірге тәуелділіктен бас тартады. Алтын Орда Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұрыс алаңына айналды. 1391 жылы Әмір Темір Құндызша деген жерде Тоқтамыс әскерін қирата жеңеді. 1395 жылғы шайқас Кавказ тауының солтүстігіндегі Терек өзенінің жағасында өтеді. Бұл жолы Тоқтамыс күйрей жеңіледі. Тоқтамысты жеңгеннен кейін Әмір Темір әскері Еділ бойына, Сарай-Беркеге дейін жетіп, шабуылдады.
Әмір Темірдің шабуылдары Алтын Орда экономикасына ұзақ жылдар бойы оңалмастай нұсқан келтірді. Әмір Темір Моғолстанға 1371 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасаған. Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын байқады. Олар 1380 жылдың аяғында одақ құруға әрекет жасады. Одақтың құрылып жатқанын білген Әмір Темір 1384-1391 жылдары Алтын Орда мен Моғол жеріне бірнеше рет жорық жасаған. 1390 жылдардағы жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелділікке түсті. Оның шапқыншылық жорықтарының ауыр зардаптары болған. Қазақ жерінің экономикасының, мәдениетінің дамуына көп зардабын тигізді. Шапқыншылықтың салдарынан бір жұрттың халық болып қалыптасу жүйесі бұзылды.
Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасының әлеуметтік құрылымы феодалдық қатынастарға негізделген. Хандық биліктің ең жоғарғы өкілдері – хан, сұлтандар, оғландар. Хан кеңесінің құрамы хан тұқымдарынан, ұлысбектерден, әмірлер мен бек, билерден тұрған. Ханның кеңесшісі уәзірлер болған. Құрылтай – хандық өкіметтің ең жоғарғы жиыны. Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстанда түрік тайпаларының басшылары “әмір” деп аталған. Ал Ноғай Ордасында оларды “мырза” деп атаған. Қарапайым халық “қараша” деп аталады. Әділ үкім шығаратын “би” қызметі болған. Шыңғысхан жаулап алған жерлерін балаларына бөліп берген. Осы жерлер “інжу” деп аталған. Иқта, сойырғал деп аталатын сый-жерлер әскери немесе мемлекеттік басқару ісінде ханға адал қызмет еткендерге берілген. Әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жиналатын салық тағар деп аталған. Жан басына және мал басына құшыр салығы салынды. Жер көлеміне байланысты қалан салығы салынған. Мал салығы зекет деп аталған. Отырықшы егінші аймақтардан харадж, баж салықтары алынған. Мұрагердің “тел бауырын” көкілташ деп атаған. Ал мұрагердің тәрбиешісі атабектер болған. Жастайынан сайланған хандарға ақыл беретін кеңесшінің лауазымы “наиб” болған. Ханның аңшылық ісін басқаратындар миршикар деп аталған. Жасауылдар жиын-той, мерекелерде тәртіп, салт-дәстүрді қадағалап отырған. Cарай қызметінің басшылары ішік аға басы делінсе, хан кеңесшілері инақтар деп аталған. Ал даруғалардың міндеттеріне салық жинау, тәртіпті қадағалау кірген. Хандық өкіметтердің мемлекеттік-әкімшілік жүйесі билеушілер мүддесін қорғауға бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |