1917 жылға дейінгі Арал өңіріндегі этнодемографиялық ахуалдың қалыптасуы Этнодемографическая ситуация в Аральском регионе до 1917 года



Дата23.02.2016
өлшемі106 Kb.
#3845
1917 жылға дейінгі Арал өңіріндегі этнодемографиялық ахуалдың қалыптасуы
Этнодемографическая ситуация в Аральском регионе до 1917 года
Etnodemographic situation in Aral region before 1917

Айтжан ОРАЗБАҚОВ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы»

ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты


Сырдария бойы ежелден адамдар қоныстанып, егін шаруашылығымен айналысып, отырықшылдыққа ерте көшкен жер. Сырдария өзенінің бойындағы жерлерде ондаған қалалар орналасып, мыңдаған гектар жерлерде егіс егілген. Бір ғана мысал, Арал теңізі тартылып, Барсакелмес аралына дейінгі жерлер құрғап қалғанда оның табанынан бұрын игерілген ондаған мың гектар жерлер, ол жерлерге су апаратын ені он метрден асатын бірнеше каналдардың орны айқын көрінді. Бұған қоса осы жерлерден табылған қала орнында ені 90 сантиметрдей болатын көптеген диірмендер де табылды. Бұл дегеніміз осы жерде мыңдаған, тіпті ондаған мың адамдар өмір сүргенінің дәлелі. Бұл Сырдарияның ең төменгі ағысындағы жағдай, ал бүгінде археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сырдың барлық бойында көптеген қалалар, елді-мекендер орналасып, онда суармалы егіншілікпен айналысқан мыңдаған адам тұрғаны анықталды. Ол қалалардың көбісінің түрлі оқиғалардың салдарынан қирағаны тарихтан белгілі. Тұрғылықты халықтың біразы көшпелі мал шаруашылығымен айналысса да, Сырдың бойын паналады.

Сыр бойы Ресей қоластына көшкеннен кейін бұл жерлерге Ресей империясының басқа аймақтарынан қоныс алмастырушылар көбейді. Патша үкіметінің қазақ жеріне қоныс аудару саясатын үш кезеңге бөлуге болады:

1) ХХ ғасырдың 60-шы жылдары – бұл кезеңде казактардың қоныс тепкен Орал, Сібір жерлері және Қоқандар қуылған Сырдария, Жетісу жерлеріне Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аудару патша үкіметінің қолдауымен жүргізілді;

2) 70-ші жылдар – бұл кезеңде қазақ жеріне қоныс аударуға үкімет тарапынан тиым салынды;

3) 80-90-шы жылдар – бұл кезеңде Ресей шаруаларына өз бетінше үкіметтің көмегінсіз қазақ жерлеріне қоныстануға рұқсат етілді.

1866 жылдың 12 маусымында Сырдария облысына Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аударушыларды жайғастыру мәселесі бірінші рет көтерілді. «Қанша адамды қоныстандыра аласыз» деген сұрауға Сырдария облысындағы форттардың ішінде тек Жөлек фортының басшысынан ғана «100 жанұяны қабылдаймыз» - деген жауап келді [1, 109 бет]. «Басқалары мүмкіндігіміз жоқ» деп жауап берді. 1867 жылы Кауфман генерал-губернатор қызметіне кіріскеннен кейін Сыр өңіріне сырттан келушілер саны көбейді. Қоныс аударылғандарға бастапқы кезде жер жеке иеліктеріне берілмей, жалға берілу керектігін жергілікті әкімшілік білсе де, бұл жердің сатылып жатқанын білмейтіндей кейіп танытты.

Патша үкіметі Орынбор-Ташкент жолын қамтамсыз ету үшін жол бойында отставкаға шыққан солдаттармен шаруалардан селолар тізбегін салуға тырысты, алайда шаруалар жер шаруашылығына құнарлы жерлер іздеп Сыр бойына келуге аса құлықты болған жоқ. Осының салдарынан ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарына қарай Қазалы уезінде селолар болған жоқ, ал Перовск уезінде 174 жанұя 4 селоға қоныстанды [1,109 бет].

Астық шықпай қалған 1891 жылы Ресейден ретсіз көшіп келушілер көбейген кезде Сырдария облысында оларды орналастырумен айналысатын 6 қоныстандыру комитеті құрылды. Олардың екеуі Перовск мен Қазалыда орналасты. Осыдан кейін өңірдегі этнодемографиялық жағдай күрт өзгерді. Егер 1880 жылы өңірдегі 1000 адамның 682-сі көшпенділер болса, 1896 жылы 567 көшпенділер, 299 жері бар егін шаруашылығымен айналысатындар, 134 қала тұрғындары болған. Жер шаруашылығымен айналысқандардың құрамында тек қоныс аударғандар ғана емес, жергілікті қазақтар да болды. Мысалы 1880 жылы өңір қазақтарының 1,5℅ жері бар қоныстанған қазақтар болса, 1896 жылы олар 7,1℅, құраған.

ХІХ ғасырдың соңында Сыр өңірін мекендеген халықтар арасында қазақтардың үлес салмағының көп болуы қазақ жанұяларында бала туу деңгейінің жоғары болуына байланысты болды. Мысалы 1867-1876 жылдары Сырдария облысындағы табиғи өсім 7,8℅ құраса, қазақтар көптеп қоныстанған Оралда 5℅ құраған. 1877-1886 жылдары Сырдарияда – 14,4℅; Оралда 6,2℅; 1887-1896 жылдары Сырдарияда – 4,6℅; Оралда 6,2℅ құраған. Соңғы мәліметтегі ара-қатынастың өзгеруіне себеп – мал шаруашылығындағы жұт және жұқпалы аурулардың көбеюі. Казактар қоныстанған жерлерде әскери госпитальдардың көп болуы халықтың денсаулығының жақсы болуына әсер етті, ал көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар ауылында медициналық көмектің болмауы қазақтардың көп өлім құшуына душар етті. Өлкеде 1 жасқа дейінгі балалардың өлімі өте жоғары болып, бір мыңға шаққанда 240-340 нәрестеге дейін жетті [1,121 бет]. Алайда қазақтардың үлесінің көп болуын бала туу деңгейінің жоғары болуымен ғана байланыстыруға болмайды. Бірінші кезекте мұны осы өңірдегі қазақтардың басқа этностарға қарағанда әлдеқайда көп болуымен байланыстыру керек. Ал басқа этностар арасында ХІХ ғасырдың соңында бала туу деңгейі қазақтардан онша төмен болмағанын 1897 жылғы санақ материалдарынан көруге болады. Этносы емес діни ұстанымына сәйкес берілген мәліметтерде Ресей империясындағы 20-49 жас аралығындағы әйелдердің 10 жасқа дейінгі балаларының санына байланысты мынадай мәліметтер бар. 1000 әйелге шаққанда – мұсылман әйелдерде 142 баладан болса, православияны ұстанатындарды – 144 баладан, католиктерде 142 баладан, иудейлерде – 153 баладан, лютериандарда 116 баладан болған. Бұдан көретініміз сол кездегі Ресей империясындағы балық дерлік этностарда көп балалы жанұялар болған.

1897 жылғы санақ құжаттарынан көретін тағы бір нәрсе сол кездің өзінде Қазақстан жерін мекендеген халықтар ішінде 60-тан аса этнос өкілдері болды. Осыдан Қазақстанның көп ұлтты елге айналуы ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастағанын көруге болады.

ХІХ ғасырдың 70 жылдары Перовск уезінде 100 090 адам тұрса, оның 100℅ қазақтар құраған; Қазалы уезінде 62 266 адамның 99,23℅ қазақ, 200-і орыс болған екен. Екеуін қосқанда 162.356 адам [1,124 бет]. Байқап отырсаңыздар, Сыр өңірінің ыстығынан қашқан болу керек, орыстар я басқа ұлттар, бұл жерлерге қоныстануға аса ынта білдірмеген. Алайда, орыс әкімшілігінің нығаюы, Орынбор мен Ташкент арасындағы жол қатынасының орнауы бұл жерге орыс тілдес басқа ұлт өкілдерінің көптеп келуіне жағдай жасады. 1897 жылғы Бүкіл Ресейлік санақ өткенде Перовск уезіндегі халық саны 133.663-ке, Қазалы уезіндегі халық 140.541-ге жетіп, қазіргі Қызылорда облысының шекарасындағы халық саны 274.204-ке жеткен. Перовскіде 1084 орыс 0,81%; 117 украин 0,08%; Қазалыда 2 821 орыс, 2%; 95, украин ұлтының 0,68% өкілдері тұрған. Қалған Қазалы қаласының тұрғындарының ұлты ашып көрсетілмесе де Қазалыдағы басқа ұлт өкілдерінің санын ана тіліне қарай білуге болады. Өзінің ана тілі есебінде орыс, украин, белорус тілін 2 610 адам, қазақ тілін 3 358 адам, тәжік тілін 352 адам, татар тілін 627 адам, сарт тілін 435 адам, өзбек тілін 42 адам көрсеткен. Қазалы қаласының халқы Перовскіге қарағанда көптеу болған. Перовскіде 5058 адам тұрса, Қазалыда 7585 адам тұрған. Бұл санақтағы адам санындағы бір ерекшелік Қазалы қаласы тұрғындарының 4303-і ер адамдар, 3282 әйелдер болған, пайызға шаққанда ерлер 57 пайызды, әйелдер 43 пайызды құраған. Бүкіл Қазалы уезін алсақ уездегі 140 541 адамның 73 630-ы (52 пайызы) ер адамдар, 66 911 әйелдер (48 пайызы) болған. Қаладағы ер адамдар санының көп болуын ауыл қазақтарының жанұясын ауылда қалдырып уақытша қалаға келіп жалданып жұмыс істеуімен байланыстыруға болады. Сол кездің өзінде Қазалыда 3 358 қазақ тұрса, күнделікті қалаға келіп-кетушілер көп болған. 1897 жылы санақ жүргізілген бір күнде қалаға 155 адам келген.

Қазалыдағыдай жағдай Перовскіде де болды. Уезд орталығындағы 5058 адамның 3122-сін, 62 пайызын ер азаматтар, 1936-сын, 38 пайызын әйелдер құраған. Ал Перовск уезі бойынша 133 663 адамның 70756-сын, 53 пайызын еркектер, 62907-сін, 47 пайызын әйелдер құраған. Перовск қаласындағы ер азаматтардың Қазалы қаласындағы еркектер үлесіненде көп болуын қаладағы сауда және өндіріс орындары санының адамдарға шаққандағы үлесінің Қазалыға қарағанда басымдау болуымен байланыстыруға болады [2]. ХІХ ғасырдың соңында Перовскіде 343 сауда орталығы болды және 1885 жылғы 25 көпестер саны 15 жылда 200-ге көбейді [3].

1897 жылғы санақ мәліметтеріндегі қазақтардың саны төмендетіліп көрсетілді деген ойды көптеген зерттеушілер санақ өткен кезден бастап айтуда. ХХ ғасырдың басындағы белгілі қоғам қайраткері М.Тынышпаев санақ кезінде қазақтар патша әкімшілігі әскери міндетті ендіргісі келіп тұр деп балаларын санаққа енгізбеген деген ой айтқан оның ойынша. Қазақтар саны 1897 жылы 4 100 000 адамды құрап Ресей империясында 6 орында болды деген. Бұл ойын М.Тынышпаев сол кездегі басқа ұлт өкілдерінің санақ көрсеткіштерін саралап, зерттеу негізінде айтты. М.Тынышпаевтың ойын Торғай облыстық басқармасының сол кездегі кеңесшісі И.Крафтта қолдағандай, оның ойынша 1897 жылы қазақтар 6 миллион болған, ал қазақтардың тарихы мен тұрмысын зерттеген, Я.Я.Полферов 5,5 миллион деген тұжырымға келген [9,20 бет].

Бұл ойды ХХІ ғасырдағы қазақ ғалымдары М.Х.Асылбеков және А.М. Жаркеноваларда қолдайды [11,7 бет]. Олардың ойынша 1897 жылғы қазақтар саны 3 881 800 адамды құраған. Жоғарыда айтылған адамдардың ой-пікірін дұрыс деп санаймын олай болса Перовск және Қазалы уездері халықтарының саны, әсіресе қазақ ұлтының саны ресми мәліметтерден көптеу болғаны анық.

Басқа ұлт өкілдерінің Сыр бойында көптеп қоныстануының басты себебінің бірі, Қызылорда облысының аумағында ХІХ ғасырдың соңында топпен келген «Орал казактарының жаңа ережесіне» қарсы шыққан Орал казактары болды. 1875 жылы 2 мыңнан аса Орал казактары Түркістан өлкесіне жөнелтіліп, Қазалыға келіп қоныстанса бір жылдан кейін жанұялары да жіберілді. 1879 жылға дейін бас аяғы бес мың адам қоныс аударылды. Олардың топтасып орналасқан негізгі орталығы Қазалы болды. Осы жерден олар кейін Қазақстанның, Орта Азияның басқа жерлеріне тарады. Казак әскерлерінің есаулы Ливкин 1902 жылғы өз есебінде Қазалыда 1500, Перовскіде 150 казак тұрады деп көрсеткен [4,161 бет].

ХХ ғасырдың басына дейін Орал казактары Сырдария бойындағы поселкаларға және Арал теңізіндегі аралдарға қоныстанып, негізгі кәсібі балық аулау шаруашылығымен айналысты. Түркістандағы патша әкімшілігі кезінде бұл казактардан Түркістан казак әскерлерін құрғысы келді. Алайда қаржы тапшылығына байланысты, сондай-ақ бұл казактарға деген сенімсіздіктің басым болуынан жоспар іске аспады.

Қазіргі кезде бұл топтың егде жастағы өкілдері өздерін Орал казактарымыз десе, жастары өздерін көп жағдайда орыстармыз деп атайды. Қазір Орал казактарының Қызылорда облысындағы саны қанша екені белгісіз. Себебі, 1926 жылдан кейінгі санақ мәліметтерінде олар арнайы топ есебінде көрсетілмеген. Арал суы тартылғаннан кейін көбісі Ресейге, Шымкентке көшіп кетті. Қазіргі кезде Орал казактарының облыс көлеміндегі топтасып орналасқан жерлері Жосалы кенті мен Қазалы, Қызылорда қалалары.

Орыс әскерлері Орта Азияны жаулағанда бұхара еврейлері оларға көп көмек көрсетті. Сыр бойында сауда-саттықпен айналысқан Бұқара еврейлері «егер орыстар Бұқараны алғаннан кейін бізге Ресейдегі еврейлерге берген құқықтарын берсе, біз соғыстың барлық шығынын төлеуге дайынбыз» - деп мәлімдеген болатын [5,96 бет]. Осы себепке байланысты болу керек Бұхарамен жасаған бейбітшілік келісіміне Бұхара еврейлеріне қатысты бірнеше пункт қосылды және еврейлердің капиталының Ресей нарағына салынуына жол ашылды. ХІХ ғасырдың ортасында Ақмешітте болған орыс зерттеушісі А.К.Гейнс өзінің «Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан» атты еңбегінде «Ақмешіт қамалын орыстар алғаннан кейін қамалдағы бірнеше дүкеннің орнында бұхара еврейлерінің базары пайда болды, ал Бұхарамен Ресейдің соғысы біткесін бұл еврейлер өз жанұяларын Сыр бойына көшіріп алғысы келеді» – деп көрсетеді. Көп ұзамай еврей капиталының арқасында бұхара еврейлері Ресей азаматтығын алып, Ресей көпестері гильдиясына кіріп, өздерінің сауда-саттық операцияларын кеңейтіп қазақ жерлеріне, оның ішінде бірінші кезекте Перовскі мен Қазалыға көше бастады. 1910 жылғы мәлімет бойынша Қазалыда 25 еврей жанұясы болған. 1897 жылғы санақ мәліметтері бойынша Қазалыда иудей дінін ұстанатын 120 адам бар делінген. Осыдан Қазалыдағы еврейлер саны кем дегенде 120 адам болды деуге болады [6]. Ресейдің ішкері аймақтарынан келгендер үшін Сыр бойы тұруға қолайсыз жер болса, Орта Азияның ыстығына, суына үйренген бұхара еврейлері үшін үйреншікті жер болды.

Перовск қамалындағы солдаттардың жағдайы қиын болды, жергілікті жердің ауа райына, суына үйренбеген олар түрлі себептермен әскери борышын өтеу орнын басқа жаққа ауыстыруды көздеді, тіпті бұл үшін оларды басқа жаққа соттап, айдап жіберсе де кетуге дайын болды. 1853-1866 жылдары Перовскі маңайындағы казактарға басшылық жасаған К.Ф.Грузьдің айтуынша Ақмешіт қамалындағы орыс солдаттары басқа жаққа айдалып кетермін деген үмітпен жазықсыз 23 қазақты өлтірген. Бұл Американы жаулаушылардың жергілікті халыққа деген көзқарасымен бірдей еді.

ХІХ ғасырдың соңында Сыр бойында тұрған ірі этностардың тағы бірі – татарлар болды. Сыр бойындағы ауылдарды аралап сауда-саттық жүргізумен қатар олар негізінен Казань қаласында жарық көрген араб шрифтімен жазылған діни кітаптарды таратып, мұсылман дінін нығаюына жағдай жасады. ХІХ ғасырдың соңындағы татарлардың қазіргі облыс көлеміндегі нақты саны жоқ, бірақ Қазалыда орналасқан қыздар мектебіндегі оқушының 40-ы татар қызы болған, бұдан бұл диаспораның ауқатты өкілдерінің Қазалыда көп болғанын көреміз.

Қазалы татарлары ХІХ ғасырда негізгі фирмасы Орынборда орналасқан татар миллионері Хусаиновтардың Қазалыдағы фирмасының төңірегінде шоғырланды.

1906 жылғы Столыпиннің аграрлық реформасы Ресей империясындағы шаруалардың жаңа, ірі толқынын қайтадан қазақ жерлерін басып алуға итермеледі. 1871-1896 жылдары Ресейдің басқа жерлерінен Қазақстанға 327,8 мың адам келсе, 1897-1916 жылдарда 1 301.4 мың адам келді. 1897 жылғы санақ бойынша Дала өлкесінде орыстар саны халықтың 20 пайызын құраса, 1917 жылғы қаңтардағы есеп бойынша 42 пайызға жетті. 1893-1905 жылдары қазақтардан 4 млн десятина жер тартылып алынса, Столыпиннің аграрлық реформасы іске аса бастаған 1906-1912 жылдары қазақтардан тартып алынған жерлер көлемі 17 млн десятинаға жетті. Бұл көппа аз ба деген сұраққа жауап берер алдында десятина деген ұғымды ашып көрсетуіміз керек. 1 десятина 1, 0925 гектарды құрайды, сонда 17 миллион десятина дегеніміз 18 572 мың 500 гектар жер. 1954-1960 жылдары Қазақстандағы тың жерлерін игеру кезінде 18 млн гектар жер игерілгенін ескерсек [12,29 бет], Қазақстанның қанша жері қазақтардан күштеп алынып қойғанын көруге болады. Жетісуда 4 млн десятина алынса, Сырдария облысында 500 мың десятина жер тартылып алынды [7]. Байқап отырсаңыздар, мигранттар қатары алдыңғы толқынға қарағанда 4 есеге дейін өссе де, Сырдария облысына бірінші толқында 39,2 мың, екінші толқында 40 мың адам келген. Табиғаты шұрайлы, орманды аймақтардан кейін ыстық, шөлейт келетін Сырдария облысына, оның ішінде Перовск, Қазалы уездеріне келуге ынталылары онша көп бола қойған жоқ. Мысалыға айтатын болсақ, 1908-1915 жылдарда Сырдария облысында жаңадан құрылған 162 поселканың 69-ы Шымкент, 86-сы Әулие-ата уездерінде, яғни 96℅ Сырдария облысының құнарлы жерлерінде құрылды.

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасты. Солтүстік-батысында ол Торғай облысымен, оңтүстікте - Әмудария бөлімімен, оңтүстік шығыста - Перовск уезімен шектесті.

Батыс және солтүстік шекаралары Арал теңізінің жағалауларымен өтті. Кұнарлы жерлері Сырдарияның төменгі ағысында орналасты.

Уездің жер көлемі 87 020 шаршы шақырым болды, онда 1909 ж. 1 қаңтарда 179 500 адам, негізінен қазақтар қоныстанды. Олар мал шаруашылығымен ғана емес, суармалы егіншілікпен де айналысты. Астық, бақша және техникалық дақылдар егістіктері 22 000 десятина жерді қамтыды. Балық аулау да кең өріс алды.

Уезд қазақтары — әлімұлы тайпасы мен оның шекті, қаракесек, төртқара, шөмекей және қарасақал руларынан құралды. Шектілер қыстақтары Арал теңізінің жағалауына, ал қалғандары - Сырдария жағалауларына орналасты. Егер уездегі әр түрлі рулардың ара қатынасын салыстыратын болсақ, ол мынадай: шекті - 40%, төртқара - 15%, шөмекей - 30%, қаракесек - 4%, қа­расақал -7%. Бұлардың сыртында 4% сұлтандар, төлеңгіттер, қожалар тобы, сондай-ақ Сырдарияның жағасында тұратын қарақалпақтар болды. Қазалы қазақтары жазда көшіп Ырғыз уезінің жерлеріне, Егізқара тауларына, Буратал, Ащыбұлақ, Үшқамты, Жарбұлақ және Қандай өзендеріне дейін барды. Шекті руы бұдан да әрі - Мұғаджар таулары мен Ембіге дейін көшті [8,68-69 бб].

Перовск уезі Қазалы уезінің шығыс жағында Сырда­рияның жағалауында орналасты. Ол солтүстікте Торғай облысымен, бір бөлігі Ақмола облысымен шектесті. Алып жатқан жер көлемі 61 420 шаршы шақырым болды. Уезд тұрғындары негізінен қазақтар - 179 800 адам. Төрт орыс поселкесінде небәрі 700 орыс тұрғыны өмір сүрген. 1908 ж. орыстар мен қазақтар жерін қосып есептегенде егістікке және бақша дақылдарына 40 500 десятина жер бөлінді.

Уезд жерін Кіші және Орта жүз тайпалары мекендеді. Кіші жүз ішінде ең көп тарағандары: әлімұлы тайпасының кете руы – 2284 шаңырақ уездің солтүстік-батыс бөлігін, жетіру тайпасының керейт руы - 1385 шаңы­рақ Сырдарияның сол жағалауын иеленді. Уездің оң жағалаулық, солтүстік-батыс бөлігіне әлімұлы тайпасы­ның шөмекей руына енетін - 60 шаңырақ орналасты. Байұлы тайпасы алтын руының қауымдары - 170 отбасы Жалағаш шатқалының батыс беткейін қыстады, ал сол шатқалдың шығыс қапталынан Перовск уездік қаласына дейін жетіру тайпасы табын руының 1687 шаңырағы мен тама руының 140 шаңырағы қыстады. Байұлы тайпасы жаппас руының 1711 шаңырағы Перовскінің шығыс жағынан Сұлутөбе шатқалына дейінгі жерлерді жайлады.

Орта жүз тайпалары: 586 шаңырақ найман, 464 шаңырақ қыпшақ, 350 шаңырақ арғын, 301 шаңырақ қоңырат Төменарықтан Жаңақорғанға дейін орналасты[8,69 бет].

1917 жылы Перовск уезінде 184.8 мың адам тұрған, оның 5.7 мыңы орыстар болған. Қазалы уезінде 256,3 мың адам тұрған, оның 14,8 мыңы орыстар. Екі уезде 441,1 мың адам оның 20,5 мыңы орыстар болған.

Қазіргі Қызылорда территориясына кіретін жерлерде ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың басында мекендеген халықтың саны 441,1 мыңнанда көп болған. Оның дәлелі есебінде екі уездің жер көлемін алуға болады. 1897 жылғы санақ мәліметтерінде Перовск уезінің жері - 65 840 квадрат шақырым, Қазалы уезінің жері – 59 800 квадрат шақырым, екі уездің жері – 125 640 квадрат шақырым деп көрсетілген. Сол кездегі бір квадрат шақырымға – 1,1381 квадрат километр кіретінін ескерсек екі уездің территориясы квадрат километрге шаққанда 142 991 квадрат километрді құраған. Ал, 2011 жылы жарық көрген қазақ энциклопедиясында Қызылорда облысының жер көлемі 226 мың квадрат километр деп көрсетілген [11,304], сонда 83 009 квадрат километр қайда. Бұдан бір ой ғана келеді, патша заманындағы екі уездің жері қазіргі облыс жерінен әлдеқайда кем болған.

1870 жылғы 162 356 адамнан екі уез халқы 47 жылда 441,1 мыңға дейін өскен, оның ішінде орыстар саны 100 есе өссе, қазақтар саны 2 еседен сәл асқан. Байқап отырсаңыздар орыстандыру саясатының бір көрінісі, ассимилизацияның бастамасы ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында басталған екен, алайда бұл үдерістің толық іске асуына 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс және Қазан төңкерісі кедергі болды.

1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі қазақтарға қатты соққы болып тиген екінші Ақтабан шұбырынды сияқты кезеңі болды. 1915-1917 жылдар аралығында Қазақстан мен Орта Азиядағы қазақтар саны 4753,8 мыңнан 4061,3 мыңға кеміді. Бірі көтеріліс кезінде қаза тапса, екіншілері патшаның жазалаушы әскерінің қаһарынан қорқып, көршілес аймақтарға, шетелге кетіп жатты. Тарихшылар арасында көтеріліс тек Торғай мен Жетісуда болды деген жаңсақ пікір бар. Шындығына келгенде көтеріліс ошақтары Қазақстанның барлық аймақтарында болды, ал Торғай мен Жетісу аймақтары көтерілістің қызған жерлері болды. Себебі патша үкіметінің көтеріліс алдындағы 50 жыл бойы жүргізген қазақтардың жерлерін алып қою саясатының қарқынды, тонаушылық пиғылда жүргізілген жерлері осы екі өлке болды. Сондықтан да көтеріліс ұраны көтерілгенде ашу-ызасы ішінде қайнап тұрған халық қолына бірден қару алып шықты.

1916 жылғы Қазақстандағы көтеріліс қарулы формада ғана емес, патша әкімшілігінің бұйрығын орындамау, көшіп кету түрінде де байқалды. Осының себебі болу керек, көтеріліс ошақтары қатты байқалмаған Сыр өңірінде де халық санының күрт кемуі байқалды. 1916-1917 жылдары Перовск уезіндегі қазақ саны 178,5 мыңнан 151,5 мыңға, яғни 27 мың адамға, Қазалы уезінде 240,5 мыңнан 122,6 мыңға, яғни 117,9 мыңға кеміді. Тарихта көтеріліс ошақтары белгіленбеген 2 уездегі қазақтар саны 1 жылда 144,9 мыңға кеміп кетті. Қазақстанның басқа өңірлерінде бұндай жағдай Қытаймен шекаралас аймақтарда ғана және Орта Азиядағы қазақ диаспораларында байқалды.

Бұлда патша әкімшілігінің ішкі саясатына наразылық білдірген Сыр өңірі халқының қарсылық акциясы болды. Патша әкімшілігі қазақтарды «тыл жұмысына аламыз» деп қазақ айтқандай «артық қыламын деп, тыртық қылып алды». Тыл жұмысына қазақтарды алғанды былай қойғанда І-ші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға әскер жетпей жатқанда, қазақ даласындағы көтеріліс қайта көтеріле ме деген үреймен патша үкіметі қазақ жерінде ондаған мың әскер ұстауға мәжбүр болды. Сол кездері Перовскімен Қазалыда патша әскерінің екі Сібір полкі тұрды.

Бірінші дүние жүзілік соғыспен 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт азаттық көтеріліс аралығында Орта Азияда, Қазақстанда үлкен этнодемографиялық өзгерістердің тағы бір себебі бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындарының осы аймаққа әкелінуі болды. Толық емес мәліметтер бойынша Орта Азия мен Қазақстанға 150 мыңдай Австро-Венгрия әскери-тұтқындарын 37 лагерге орналастырылды. Бұлардың ішінде австриялық тұтқындардан тұратын мыңдаған офицер мен солдаттың бір бөлігі Перовск және Қазалы маңындағы лагерлерге қоныстанды. Бұл тұтқындардың жағдайы Орта Азияда орналасқан лагерлердегі тұтқындардан әлдеқайда жақсы болған көрінеді. Орта Азиядағы тұтқындардың жағдайын сипаттайтын жағдай есебінде Ташкенттен 22 шақырым жердегі Шыршық елді мекенінде орналасқан Троицк лагерінде қамауда болған 18 мың австриялық солдаттардың 1915-1916 жылдары 6150-і тифтен мерт болуынан көруге болады. Ал Қазалы мен Перовскідегі тұтқындарға көп жеңілдіктер жасалды. Мысалы Қазалы және Перовскідегі лагерлерде орналасқан офицерлерге лагерден тыс жерлерде тұруға және өзінің қаржысына үй салып, сонда тұруға рұқсат етілді. Сол кезде Қазалы және Перовскіде салынған үйлер тұтқындағы офицерлерге 150-500 сомға түсіп отырды. Офицерлердің жағдайы жақсы болса да солдаттардың жағдайы мәз болған жоқ. Солдаттар лагерлерден қашып, ауылдарда тұратын жергілікті тұрғындардың үйін паналап, жұмыс табуға тырысты. Түркістан әскери округінің сол кездегі мәліметі бойынша 1457 солдат және 72 офицер лагерден қашқан, олардың басым бөлігі австриялықтар болған. Жергілікті халық болса тұтқындардың бұл ісіне көмек беріп отырған.

1917 жылдағы ақпан революциясынан кейін тұтқындардың жағдайы онан сайын жақсарды, енді олар Перовск, Қазалы көшелерінде еркін жүріп жергілікті халықпен байланыс орната бастады. Уақытша үкімет әкімшілігі 1917 жылдың 22 маусымында тұтқындардың жергілікті әйелдермен некелесу мәселесін де қарады. Кеңес үкіметі Брест бітіміне қол қойғасын австриялықтардың көбісі өз отанына қайтты. Алайда Қазақстанда: Қазалыда, Перовскіде қалғандары да болды. Олар азамат соғысына қатысып, Кеңес үкіметін орнатуға қатысты, кейбіреулері ақтар жағына шығып, Кеңес үкіметіне қарсы соғысты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі




  1. Бекмаханова Н.Е., Многонациональное население Казахстана и Киргизий в эпоху капитализма, М., Наука, 1986, 244 бет.

  2. Первая Всеобщая перепись населения Российской империй 1897 года. Наличное население в губерниях, уездах, городах Российской Империй (без Финляндий) // Демоскоп Weekly, 22 сентября – 5 октября 2014, №611-612.

  3. Алдамжарова С. Летопись старой столицы// Кызылординские вести, 12 ноябрь, 2008.

  4. Сагнаева С., Очерки традиционной культуры казачества Россий, том1, Краснодар, 2002.

  5. Гейнц А.К., Дневник 1866 года Путешествие в Туркестан.// Сборник литературных трудов М. 2009, том 1.

  6. Пашина П.М., О жизни население городов Сырь-Даринской области// World Discovery Kazakstan, 2007, №1

  7. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Қоныс аудару саясатының күшеюі. Столыпин реформасы.// Қазақстан тарихы веб-порталы. e-history.kz

  8. Мұқанов М., Қазақ жерінің тарихы, Алматы, 1994, Атамұра

  9. Тынышбаев М., История казахского народа (учебное пособия). Алма-Ата, Қазақ университеті, 1993 ж.

  10. Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М., Население Казахстана в конце ХІХ-начале ХХ века. (1897-1917 гг.) Алматы, 2001 ж.

  11. Қазақстан табиғаты: Энциклопедия/ Бас редактор Б.Ө. Жақып. Алматы, «Қазақстан энциклопедиясы» ЖШС, 2011, Т.3

  12. Қазақстан тарихы, лекциялар курсы/ редакцияны басқарған К.С.Каражан, Алматы, Нұр пресс, 2009, 376 бет.

Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы

«Қорқыттану және өлке тарихы»

ғылыми-зерттеу институты

директорының орынбасары,



тарих ғылымдарының кандидаты




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет