2 1 тарау заттық ҚҰҚЫҚТЫҢ жалпы сипаттамасы



бет2/4
Дата11.06.2016
өлшемі463.5 Kb.
#128306
1   2   3   4

2. Жер пайдалану қуқыгын тоқтату негіздері. Жер пайдалану құқығын тоқтату занда немесе шартта қаралған негізде жүзеге асады. Жер туралы" Заңның 63-бабындағы тұжырымды келтіре кетелік: "Жер учаскесіне жер пайдалану құқығын:

1) жер учаскесін жер пайдалану құқығын жер пайдаланушы басқа тұлғаларға иеліктен шығарып бергенде;

2) жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқанда;

3) жер учаскесіне жер пайдалану құкығынан заң актілерінде көзделген өзге реттерде айрылғанда тоқтатылады.

Жер пайдалану құқығынан бас тартуға байланысты заң белгілі бір тәртіп қарастырған. Пайдаланушы алдымен өзі хабарлауы керек немесе өздеріне тиесілі жер учаскесіне құкыктарды сактауға ниет білдірмей, ол құқықтардан шеттегенін айқын дәлелдейтіндей іс-әрекеттер жасауы мүмкін. Жер пайдаланушы құқықтарынан бас тартқандығын айқын іс-әрекет жағдайда (баска жаққа кету, учаскені ұзақ уақыт бойы пайдаланбау және т.б.) бұл учаскені жер кадастрын жүргізетін органдар иесіз мүлік ретінде есепке алып, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға ха-барлайды. Есепке алынғаннан кейін иесіз мүлік ретінде бір жыл өткен соң мұндай жер учаскесі жергілікті атқару органдарының талабы бойынша сот шешімімен мемлекет меншігіне кайтарылады.

Жер пайдалану құқығынан бас тарту осы жерді пайдалану құқығын басқа адам сатып алғанға дейін, жер пайдаланушының жер учаскесіне қатысты құкықтары мен міндеттерін тоқтатуға әкеліп сокпайды.

Жалпы ереже бойынша, жер пайдаланушыдан жер учаскесін алуға (сатып алуға) жол берілмейді. Дейтұрғанмен, белгілі бір жағдайда оған рұқсат етіледі:

1) жер пайдаланушының міндеттемелері бойынша жер учаскесінің құнын өндіріп алу. Айта кетелік, бұл орайда жер пайдалану құқығы заңдарда көзделген тәртіппен ауысатын адамда алынған жер учаскесіне пайдалану құқығы пайда болған сәттен бастап тоқтатылады;

2) мемлекеттік қажеттілік үшін жерді пайдаланушыдан алу (сатып алу);

3) максатты пайдаланбаған немесе заңды бұзып пайдаланған жер учаскелерін жер пайдаланушыдан алу;

4) тәркілеу. Жасалған қылмысы үшін санкция түрінде жер пайдаланушыдан жер учаскесін заңдарда көзделгендегідей сот арқылы тегін алу жағдайы да болады. Бұған қоса жер пайдаланушының құқығын тоқтатуда мынадай негіздер болуы мүмкін:

1) жер учаскесі берілген мерзімнің аяқталуы;

2) жер учаскесі кепілде тұрған жағдайларды қоспағанда жер учаскесін жалға беру шартынын немесе өтеусіз уақытша пайдалану шартының мерзімінен бұрын тоқтатылуы;

3) соларға байланысты жер пайдаланушыға қызметтік жер үлесін беруге негіз болған қатынастарының тоқтатылуы.

Сервитуттар. Азаматтық кодекстегі сервитут (латынның servituts деген сөзінен шыққан, "заттың қызмет етуі", дегенді білдіреді) бөтен меншікке болатьн заттық құқықты (затты) неме­се бөтеннің затын пайдалануды шектеу деп түсіну керек.

Қазакстан Республикасының Азаматтық кодексінде сервитутқа анықтама берілмеген, оны саралайтын арнайы тарау жоқ. Оған қарап, Азаматтық кодекс сервитутты мүлдем реттемейді екен деген ұғым тумауға тиіс. Азаматтық кодекстің 188-бабы 6-тармағында "Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі өз мүлкін басқа адамдардың шектеулі түрде пайдалануына жол беруге міндетті" деп ап-анык жазылған. Сонымен, қазіргі азаматтық заң сервитуттарға нақты анықтама мен оның тізімін бермегенімен, бұл институттын өмірдің әркилы жағдайларына кеңінен қолдануға жалпы ережені бекіткенін айтсақ та жеткілікті.

Қазақстан Республикасының қазіргі заңдарында жер сервитуты деген түсінік кеңінен мәлім, айталық, ол "Жер туралы" Заңда "Сервитуттар" деп аталатын дербес тарау бар.

Сервитуттың елеулі белгілерінің қатарына мыналар жатады:

1) өзге біреудің (бөтеннің) затына құқық, бұл жағдайда меншік құқығы бұзылмайды, меншік құқығынан ешқандай жеке өкілдік туындамайды, тек сервитутты жүзеге асыру мөлшерінде ғана қажетті деңгейде оған жол беріледі, тек шыдамдылық керек немесе ештеңе істемесе болғаны;

2) сервитуттын мақсаты — белгілі бір тұлғаға оның алар пайдасы мен мүддесі үшін жер учаскесін беру болып табылады (мысалы, бөтен біреудің үйінде өмір бойы тұру құқығы);

3) сервитутка билік ету құқығы меншік иесінде қалатындықтан, билік етуге жол берілмейді. "Жер туралы" Заңның 56-бабы 2-тармағына сәйкес сервитут мәміленің, оның ішінде сатып алу-сатудың және кепілге салудың дербес нысанасы бола алмайды;

4) сер­витутқа "жалғасу құкығы" тән. Мысалы, "Жер туралы" Заңда "Сервитут баска тұлғаларға қамтамасыз етілуі үшін сервитут белгіленген құқықпен бірге ғана ауыса алады" деп ашық айтқан.

Сервитуттың субъектілері азамат, заңды тұлға және мемле­кет болып табылады. Сервитуттар заттық (жер) және жеке бо­лып бөлінеді. Заттық (жер) Сервитуттар белгілі бір тұлғаның пайдасына емес, белгілі бір жер учаскесінің пайдасына тағайындалады. Жеке тұлғаның қоршалмаған, жабық емес жер учаскелерінде әркімнің қандай да бір рұқсатсыз еркін жүріп-тұруға хақысы бар. Мемлекет және мүлікті пайдалануда нормативтік шектеу қояды, айталык, көрші құқығы тәрізді, онда ол жеке сервитут болып табылады. Мәселен, электр желісін көрші учаскесі арқылы тарту мұнын айқын мысалы болып есептеледі.

Сервитуттар икемді және икемсіз болып жіктеледі. Икемді сервитуттарға меншік иесінін келісімімен оның иелігіне басқа тұлғаның кіруі жатады. Айталық, мал айдау, жер учаскесін зерттеу жұмыстарына пайдалану және т.б. Икемсіз сервитуттар дегеніміз — меншік иесінің оған іргелес учаскені пайдалануда өзімен санасуын талап ету құқығы болып саналады. Оған, әсіресе, әуежайлар құқығы жатады, өйткені, әуежай аумағына іргелес жерде көп қабатты үйлер мен құрылыстарды салғызбауды олар талап ете алады.

Сервитуттар заң күшінде немесе шартпен тағайындалады. Олар біржақты келісім болмаса, оны жүзеге асырудың көнелігімен көріне алады. "Жер туралы" Заңның 50-бабы 2-тармағына сәйкес бөтен жер учаскесін шектеулі нысаналы мақсатта пайдалану құқығы (сервитут) мынадайжағдайларда:

1) тікелей нормативтік-құқықтық актіден;

2) мүдделі тұлғаның жеке меншік иесімен немесе жер пайдаланушымен жасаған шартының негізінде;

3) жергілікті атқарушы органның актісі негізінде;

4) сот шешімі негізінде;

5) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда пайда болуы мүмкін. Мысалы, уақытша (маусымды) пайдаланылатын мал айдау жолдары жеке меншік иелерінен немесе жер пайдаланушылардан жерді қайтарып алмай, өздерінің жерлерінен мал өтетін жеке меншік иелерімен немесе жер пайдаланушылармен келісе отырып, аудандық (аудан аумағында) немесе облыстық (екі немесе одан көп аудандардың аумағында) атқарушы орган — акт мүдделі тұлғаның жеке меншік иесімен немесе жер пайдаланушымен шарт негізінде сервитут тағайындауын қарастыратын болса, ал соңғысы мұндай шарт жасаудан бас тарта қалса, онда оны мүдделі жақ сотқа береді. Мұндай құжаттарды жергілікті атқару органдары да бекітілген тәртіппен қарай алады.

Сервитуттың объектісі қозғалмайтын мүлік болып табылады. Егер сервитут тікелей нормативтік-қүқықтық актіден туындамайтын болса, оның пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы жылжымайтын мүлікке не онымен мәміле жасау құқықтарын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады (АК-тің 118-бабының 2-тармағы).

Сервитуттың мазмұнын заттық құқык ретінде оның зандық күші анықтайды. Өкілдігінің нақты аумағы сервитут тағайындауды талап етуші тұлға мен меншік иесі немесе жер пайдаланушы арасында жер учаскесіне байланысты жасалатын шартқа тағайындалады. "Жер туралы" Заңның 52-бабына сәйкес жеке меншік иесі немесе жер пайдаланушы көрші жер учаскесіне жеке меншік немесе жер пайдалану құқығының объектісінен, ал қажет болған жағдайда, өзге учаскеге де жеке меншік немесе жер пайдалану құқығының субъектісінен осы учаскені шектеулі пайдалану құқығын беруді талап етуге құқылы.

Көрші немесе өзге жер учаскесін шектеулі пайдалану құқығы мына мәселелерді қамтамасыз ете алады:

1) егер жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өз учаскесінен басқа жолмен өтуге мүмкін болмаса, аса қиын болса немесе үлкен шығындарды талап етсе, көрші немесе өзге жер учаскесі арқылы жаяу немесе көлікпен жүріп өтуді;

2) қажетті электр қуаты, байланыс желілерін тарту және пайдалану, су мен, суғарумен, жылумен жабдықтауды, мелиорацияны және жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының көрші немесе өзге учаскеге сервитут белгіленбейінше қамтамасыз етуге болмайтын басқа мұқтаждарын қамтамасыз ету үшін белгіленуі мүмкін.

Затқа меншік иесімен, яғни сервитут тағайындалған адам мен сервитутқа құқық алған тұлға арасындағы шарттык қатынастан мына мәселелер туындайды:

а) жер учаскесін шектеулі пайдалану құқығының субъектісі және меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға сервитутқа байланысты барлық шығын­дарды өтеп тұруға тиісті ("Жер туралы" Заңның 52-бабының 4-тармағы); ә) сервитут үшін жасалған шартқа ақы белгіленуі мүмкін ("Жер туралы" Заңның 52-бабының 5-тармағы); б) ауыртпалық түскен учаскенің міндеті өз учаскесіне белгілі бір бөтен әрекеттердің орын алуына рұқсат етуі болып табылады не ондай әрекеттерден бас тартуы керек. Мысалы, жер учаскесін іздестіру жұмыстары үшін пайдаланғанда ондай жұмыстарды жүргізу мерзімдері, орны, жерді пайдаланғаны үшін төлемдердің мөлшері, шығынды өтеу және жерлерді ны­саналы мақсатына сай пайдалануға жарамды күйге келтіру жөніндегі, сондай-ақ басқа да шарттар іздестірушінің жеке меншік иесімен немесе жер пайдаланушымен жасаған шартында анықталады.

Сервитут та, баска да заттық құқықтар тәрізді заң бойынша тоқтатылады. Заң жер сервитуттарына қатысты оның тоқтатылуының екі жағдайын қарастырады: біріншіден, сервитут белгіленген себептердің жойылуына байланысты ол жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының талабы бойын­ша тоқтатылуы мүмкін; екіншіден, сервитуттың ауыртпалығы түскен жер учаскесі мұндай ауыртпалықтың салдарынан өзінің қолданылуы мақсатында пайдаланылмайтын реттерде жеке меншік иесі немесе жер пайдаланушы сервитуттын тоқтатылуын сот тәртібімен талап етуге құқылы ("Жер туралы" Заңның 57-бабы);



2.1 ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫНДАҒЫ ЗАТТЫҚ ҚҰҚЫҚ

Қазақтардың заттық құкығы азаматтық құкықтын арнайы зерттеу пәніне айнала койған жоқ. Әдет-ғұрып құқығының нормаларын зерттеп білуге байланысты заттық құқықты талдау тарихи-этнографиялык тұрғыда ғана қолға алынды.

Қазақтардың заттық құқығы тарихымыздың бөлінбес бөлшегі болып табылады. Қазақ халқының заттық құқығының тарихын түбегейлі әрі нақты зерттеу Қазақстан Республикасының қазіргі азаматтық заңы үшін тек танымдық қана емес, тәжірибелік саяси мәні бар екендігін баса айтуымыз керек.

Баршаға мәлім, қазақ халқының мемлекеттігін қалыптастыру өте күрделі жағдайда болды. Сол себепті де казақ халкының заттық құқығынын дамуы көптеген жағдайларға тәуелді еді. Қазақ халкының өз алдына мемлекет болуынан кейін бірқатар заңдар қабылданған, оның ішінде заттық құкыктың алар орны ерекше. Атап айтканда, ондай зандарға ХҮІ ғасырдың бірінші ширегіндегі "Қасымханның қасқа жолы" (1511— 1521 жж.) жатады. Оны Қасым ханның өзі қабылдаған, ХҮІ ғасырдың аяғы — ХҮІІ ғасырдын бас кезінде Есім хан тұсында (1598—1628 жж.) "Есім ханның ескі жолы" деп аталатын дәл сондай құжат дүниеге келді. ХҮІІ ғасырдың аяғы — ХҮІІІ ғасырдың басында Хан Тәукенің заманында (1680—1718 жж.) "Жеті жарғы" деп аталатын тұтастай жинақ жасалды.

Академик С.Зиманов қазақтардың заттық кұкықтарында мүліктік жауапкершіліктің басым орын алатындығын атап көрсетеді. Мұндай жауапкершілік жүйесінің аукымы өте кең әрі нұсқалары мен түрлерінің өте көп екендігіне мән береді (айып, тоғыз, құн — бұл дегеніміз тұтастай бір жауапкершілік институты болып табылады).

1731 жылы 19-ақпан, яғни Қазақстанның Ресей отары бо­луынан бастап патшалық Ресей қазақтардың құқылық жүйесіне өзгеріс енгізуге тырысып бақты, мұның өзі заттық құқыққа да қатысты екені белгілі. Сөйтіп, патша мемлекеті қазактардың ғасыр бойы қалыптасқан әдет-ғұрып құқығын бұзу үшін әдейі саясат жүргізді, сөйтіп, орнына орыс мемлекетінің заңдық нормаларын тықпалады, осылайша өздерінің айтқанына көндіріп, дегенін істету үшін әрекет етті. Кейбір аймақтарда орыс заңының нормаларымен казақтың әдет-ғұрып құқықтары қабысып кетті. Алайда "қазақтардын дәстүрлі құқығын жалпыимпериялык заңмен ауыстыра қою қолдарынан келе қоймады... " Сондықтан да Қазақстанда кұқықтың екі жүйесінің нормалары қолданылып келді.

Қазақтардын көне меншік түрлерінің бірі қозғалмайтын мүлікке деген меншік еді. Жер иелік етудің басты заты болды да, жеке меншік туралы ұғым жерге байланысты пайда бол­ды. Сондықтан да казак коғамында жерге меншік мәселесі даулы сипат алды. Бірқатар зерттеушілер қазақтардың көшпелі болуына байланысты дербес жер меншігі болған емес деген тұжырым жасайды. Яғни жер бүкіл халыққа тиесілі болып, тіпті хан жарлықтарында жерді иелену жөнінде айтылмады, тек арық, қыстақ және жайлау жөнінде әңгіме болды дегенді айтады. Қазақтарда "енші" деген ұғымның болғанына ешкімнің таласы жоқ. Сол себепті де біздің халықта жеке меншік деген болған және қолданылған. Мәселен, ру басшысы Алаш өзінің үш ұлына "енші" беріп, әрқайсысына тиесілі меншіктің түсін түстеп, атын атаған. Мұның өзі жеке меншіктің болғанын, яғни жеке меншіктің барлық объектіге қатысты екендігін білдіреді. Қалған мүліктерді ұлдарына таратып берген Алаш былай дейді: "Менен қалған менің мүліктерімнің төртінші болігін алыңдар, ал оны өздеріңнің "меншіктерің" деп есептемеңдер, ол бөліп берілмейтін ортақ игілік болып есептеліп, ғасырдан ғасырға сендердің еншілерің болып кетеді (былайша айтқанда. ортақ меншік те болған, ал оны қауымдастық меншікпен шатастыруға жол берілмеген).

С.З. Зиманов қазақтардың көшпелі тұрмысында феодалдык қатынастың негізі ретінде жер (жайылым) феодалдық меншіктің объектісі болды деп есептейді. Сонымен, қазактың әдет-ғұрып құқығы бойынша жерге, малға, құрылысқа, бау-бақшаға, арыққа, құдыққа және басқа мүліктерге жеке меншік құқығы жүзеге асқан.

Қазақтарда дербес мүліктердің меншік иесі отағасы, яғни отбасының қожасы болып табылды, әйелі мен енші алмаған балалары ешқандай мүлікке билік ете алмады. Дей тұрғанмен, жұбайлар мүлікті ортақ ("еншілес") пайдаланды. Соған қарамастан, мүліктің иесі отбасының қожасы болып қалды, ал оның құқығы белгілі бір дәрежеде шектеулі еді. Айталық, әкесі мен атасы баласынан немесе немересінен не алам, не қоям десе де ерікті болды. Ал баласы атасынан не әкесінен тек үш мәрте ғана алуына рұқсат етілді (төртінші peт алса, ол айып төлеген).

Әкесі қалыңмал мәселесін шешуге міндетті еді. Егер ол оны шеше алмайтын болса, онда ұлына әкесінің малынан қажеттісін айдап кетуге құқық берілді. Бұл орайда баласы ұры деп есептелмеді. Ұлға берілетін бөліктің ең аз мөлшері ақсақалдармен шешілген.

Меншік құқығын шектейтін бірқатар принциптер де жерге байланысты. Мәселен, егер жер иеленуші егістікке құрылыс салса, онда ол оның меншігі болып есептелді.

Сонымен, меншік құқығын шектеу жалпының қатысу құқығы және жеке қатысу құкығы болып бөлінді. Қазактарда жалпының қатысу құкығы кең тараған. Мысалы, көшуге бөлінген жер, мал айдайтын жолдар жалпыға бірдей пайдалануға жатты.

Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы бойынша әрбір өкілеттілік (иелену, пайдалану мен билік ету) шектеулі деуге болады. Әдетте ондай шектеу өкілеттіліктің біреуіне немесе бірнешеуіне қатар жүрді. Меншік құқығын шектеу тек бір ғана иелікке ка­тысты болды, қазақтардың әдет-ғұрып құқықтарында шектеусіз пайдалану мен билік ету кездеспейді. Иелік етуді шектеу пайдалануды шектеумен бірге жиі кездеседі. Мысалы, оған кәмелетке жасы толмағандар мен ақыл-есі кем адамдарға камқорлық жасау, сондай-ақ қозғалатын мүлікті кепілдікке қою жатады. Меншік құқығындағы шектеу кейде тек бір ғана билік етуге қатысты болды (мысалы, салынған қыстақты басқа біреуге беруге тыйым салу).

Бірқатар ғалымдардың пікірі бойынша қазақтың әдет-ғұрыптық құқығында бөтеннің затына деген құқық белгісіз болған. Ал басқалары әдет-ғұрып құқығында мұндай кұқық танылған деп түйіндейді.

Біздің ойымызша, соңғы пікір көңілге конады. Оған туысқандарына мінерге ат, сауарға мал, пайдалану мен иелік етуге жер беруінің өзі мұндай құқықтың болғанын дәлелдей түседі.

Әдет-ғұрып құқығы мүліктерді қозғалатын, қозғалмайтын деп бөліп карамайды. Дей тұрғанмен, заттық құқықтың белгісі ретінде "таңба" болды (рулык, сословиелік және т.б.). Көшпелі өмірдің кезінде байлықтың көзі мал деп есептелді, ал мал дегеніңіз ақшаның рөлін атқарды, демек, мал мен басқа мүліктер арасында бөлудің басқаша түрі дүниеге келгені шындық. Малды қазақтар "дәулет" дейді, демек, ол — байлық. Ал қалған қозғалатын не қозғалмайтындары мүлік деп аталды. Қозғалатын заттар "нәрсе" деп те айтылды. Осындай бөлу қазактардың мүліктік айналымдарында негізгі орын алды.

Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы бойынша заттық кұқыққа қысқаша талдау жасағанда заттық кұқықтың бүкіл болмысын осы нормалардан табуға болады, олардың кейбіреуінің тіпті ерекше маңызы бар. Мәселен, меншікті иеленудің бір түрі — барымта. Барымта дегеніміз: иелену тәсілдерінің бірі болып табылады, сондай-ақ тек осы құқыққа тән меншік кұқығын жүзеге асыру, қандай да бір заңды талабын қанағаттандырмаған адамнан малын тартып алып кетудің тәсілдері. Барымтаның мынадай жағдайлары бар:

а) барымтаға түнде емес, күндіз аттану;

ә) барымтаны ашық түрде жариялау;

б) келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жасалатындығы;

в) егер де жауапкер талап қоюшыға ақысын төлемей, би жарлығын орындамаса онда барымта жасалады.

ЗАТТЫҚ ҚҰҚЫҚ ПЕН МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ АНЫҚТАМАСЫ

Меншік қай қоғамның да сан қырлы өзекті мәселесі болып келді. Сондықтан да меншік құқығын құқық институты ретінде қараған кезде оны меншіктен шығатын экономикалық катего­рия деп түсіну керек.

Меншік дегеніміздің өзі материалдық игіліктерді — табиғаттың өнімдері мен еңбекті — меншіктену әрі иеленуді білдіреді. Ол тарихи қоғамның ішкі айқындауы арқылы пайда болады.

Сонымен, меншік затты иелену, меншіктену екен, оның өзі заттың пайдалы қасиеттеріне орай жүзеге асады, демек, оны меншіктенген соң өндіріс барысында пайдаланып, оған билік етіледі. Меншіктің экономикалық қатынасы құқық нормаларымен реттеліп, меншік құқығына айналады.

Әлемдік құқықтану доктринасы мен отандық заң ғылымы меншік құқығын объективті жағдайдағы меншік құқығы және субъективті жағдайдағы меншік құқығы деп бөледі."

Материалдық игіліктерді иелену, пайдалану және билік етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін азаматтық құқық нормалары жөнінде (кодекс, заңдар мен басқа да заңдык, нормативтік құжаттар) әңгіме болғанда — шын мәнінде объективтік мағынадағы меншік кұкығы, яғни меншіктің құқық институтын кұрайтын нормалардың жиынтығы екенін көреміз (мысалы, АК-тің 188-276-баптары). Меншік құкығының объективті нормалары негізінде нақтылы меншік иесі өз қалауы бой­ынша өзіне тиесілі мүлікті пайдалануына және оған билік етуге құқылы екендігін, яғни сату-сатып алу, жалға беру және тағы баска белгілі зандық фактілерді жүзеге асыра алатындығын әңгіме еткенімізде меншік құқығының субъективті жағына тап боламыз (АК-тін 188-бабы).

Азаматтық кодекстің 188-бабында меншік құқығына мынадай анықтама берілген: "Меншік құқығы дегеніміз — субъектінің заң кұжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқылы". Бұл анықтама мейлінше дәл әрі ғылыми жағынан толық берілген. Өйткені, субъектіге "тиесілі" де­ген сөзбен шектеліп қалмай, мүліктеріне өз қалауынша иеле­ну, пайдалану және билік ету құқығын береді. Меншік кұкығына аныктаманы субъектінің, мүлікке заңға сәйкес билік етуі, оны өзінің калауынша пайдалануы деп түсіну керек. Яғни субъектінің затқа үстемдік етуі заңдастырылған және оған толық құқылы. Осындай үстемдікке қол жеткізу арқылы меншік иесі заттың табиғат берген қасиеттерінің бәрін пайдаланып. оны өзгертуге, өндеуге, билік етуге, тіпті бөтен біреуге беруге, жойып жіберуіне толық құқы бар. Затқа заң арқылы үстемдікті тану заң кұжаттарында көрсетілген шекте жүзеге асады, өйткені, затқа үстемдікті шектеу меншік иесінің еркіндігіне белгілі бір дәрежеде ықпалын тигізеді, демек, затқа меншік иесінің билігі шексіз болуы мүмкін емес. Сондықтан да Азаматтық кодекстің 188-бабындағы меншік құқығын шектеу мұндай кұқықтың шексіз еместігін көрсетеді, сол себепті де тұлғанын өз иелігіндегі затты иелену, пайдалану және билік ету құқығы заң арқылы айқындалады. Меншік иесінің еркіндігін шектеу меншік иесінің өз өкілеттігін жүзеге асыруы баска тұлғалар мен мемлекеттің құкықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс міндеттен туындайды. Мұндай құқықты немесе заңды мүддені бұзу баска түрлерде де кездесуі мүмкін, айталық, меншік иесі өзінің монополиялық немесе басым жағдайларын пайдаланып, нарықта көрер көзге қиянатқа жол беруі мүмкін (АК 11-бабының 3-тармағы). Міне, осындай теріс пиғылды әрекеттерге жол бермеу үшін де осындай талап заңға енгізілді. Меншік иесі өз құкықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтірілуі мүмкін зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті (АК-тің 188-бабының 4-тармағы).

Азаматтық кодекстің 188-бабында қаралған меншік құқығының иелену, пайдалану және билік ету тәрізді құрамдас бөліктерінен басқа оны заңмен қорғау да ескерілген. Мұндай құқық өзгенің құқығына тәуелді емес, меншік иесі өзінін мүлкін сактауға, қорғауға, өзге адамдардың сырттан әрекет етпеуіне тыйым салуына хақысы бар. Егер осындай құқықтары бұзылып жатса, онда ол затты қайтарып алуға, қалпына келтіруге, келген залалдың орнын толтыруға құқылы.

Азаматтық кодекстің 188-бабы 5-тармағына сәйкес меншік құкығының мерзімі шексіз болады. Мүлікке меншік кұкығы Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ыктиярсыз тоқтатылуы мүмкін.

Меншік құқығының мазмұнын меншік иесіне тиесілі ие­лену, пайдалану және билік ету тәрізді өкілеттіктер құрайды.

Бұл өкілеттіктердің әрқайсысы меншік құқығының қажетті элементтері болып табылады. Меншік иесі аталғандардың қай-қайсысын да үшінші бір тұлғаға бере алады, тіпті үш өкілеттіктің бәрін де беріп жіберіп, өзі меншік иесі болып қала береді. Мысалы, ол заттарын теміржол, әуежай және қонақ үйдің зат сақтайтын жеріне тапсырып, өз қарауындағы затты күзетшінің игілігіне береді.

Кейде заң талаптарына сәйкес меншік иесінен несие берушінің талабын қанағаттандыру үшін мүлкі ықтиярсыз алынуы мүмкін, онда меншік иесі әлгі үш өкілеттіктен де айрылады. Бірақ ол мұндай жағдайда меншік иесі болып қала береді. Қарызын өтегеннен кейін мүлкін сатқаннан қалған қаржы алуға құқылы, сөйтіп, заттарын кері қайтарғаннан соң оның пайда­лану және билік ету өкілеттігі калпына келтіріледі.



Иелену құқыгы мүлікті нақты иелену мүмкіндігін заң жағынан толықтай қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Ол меншік иесіне затқа іс жүзінде үстемдік етуге мүмкіндік беріп, затты пайдалану үшін маңызды алғы шарт жасайды.

Заң иеленуді занды, заңсыз, адал ниетті және арам ниетті деп бөледі. Егер мүлікті иелену занды негізде жасалса, онда ол заңды иелену болып табылады. Яғни құқық негізінде меншік кұқығы жүзеге асырылуы тиіс. Затты (мүлікті) заңсыз иелену, егер оны зорлықпен немесе заңнан жасырын жасалса, немесе заңсыз иеленуші затты кездейсоқ иеленіп, оны қайтару жөніндегі талапты құлағына ілмесе, бұл да құқық бұзу деп есептеледі. Сондай-ақ иеленуші иеленген затың заңсыз екендігін білсе, білуге тиісті болса, онда ол арам ниетті иеленуші делінген. Қарсы жақ өзінің талабын дәлелдемейінше, зат иеленуші адал алушы қатарына жатады (АК-тің 261-бабы). Ал, керісінше, егер де мүлік оны иеліктен айыруға құқығы болмаған адамнан тегін алынып, алушы мұны білмесе және білуге тиіс болмаса (адал алушы), мүлікті меншік иесі немесе меншік иесі мүлікті иеленуге берген адам жоғалтқан не мұның екеуінен де ұрланған, не олардың иеленуінен бұрын бұлардың еркінен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншік иесі бұл мүлікті алушыдан талап етіп алдыруға құқылы.

Азаматтық кодекстің 188-бабыңда иеленудің әр түрі тура­лы айтылмаған, тек аталған баптың 3-тармағында ғана бөтеннің затына кұқық ретінде иеленудің жасалу жолы мен тәуелділігі көрсетіледі. Сонымен бірге заңда ерекше негіз бар "Иелену мерзіміне" жол беріледі (АК-тің 20-бабы).1 Иеленудің мұнда құқығы меншік құқығынан тұлғаның затты өз билігінде нақты түрде ұстауымен ерекшеленеді. Бұл иеленудің заңдық салдары болады, яғни иеленуші мүлікке меншік құқығын алғанға дейін оны басқалардан қорғауға құқылы (АК-тін 240-бабы, 2-тар-мағы), ал екінші жағынан, осы баптың нормалары негізінде өзінін иелігіндегі затты меншіктенуге құқық алады. Сонымен, иеленудің мерзіміне мынадай белгілер тән:

а) өзі иелік ететін мүлікке нақты үстемдік етеді;

ә) осы тұлғаның затқа адал, ашық және үздіксіз түрде нақты үстемдік етуі. Демек, иеленудін мерзімі иелену құқығынан меншік құқығының кұрамдас бір бөлігі ретінде ерекшеленеді. Оған қоса бұл иелену түрі затты иелену құқығынан да ерекшеленеді, сонымен бір мезгілде зат­ты иелену құқығын өзгеге бергенімен, меншік иесі болып қала береді (мысалы, кепілдік шарты бойынша).

Пайдаланудың өкілеттік құқығы дегеніміз — мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда та-будың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Паяда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін (АК-тің 188-бабы 2-тармағы).

Пайдаланудың өкілеттік құқығынан жай пайдалануды ажырата білу керек. Пайдаланудын өкілеттік кұқығы — затты пайдалануға құқықты қамтамасыз ететін меншік құқығы субъектісінің өкілеттілігі. Пайдалану — осы қүкыкты жүзеге асыру болып табылады, яғни затты нақты пайдаланып немесе оны қашан кіріс алғанша тұтыну.

Меншік иесі өзінің пайдаланудың өкілеттік құқығын қалай жүзеге асыруды өзі шешеді. Бірақ та, Конституцияның 6-бабын бұрмаламауы тиіс, яғни меншікті пайдалану қоғамдық игілікке қарсы келмеуі керек. Демек, қоғамдық маңызы бар объектіні пайдаланғанда, меншік иесі тек өзінін ғана емес, қоғамның да мүддесін ойлауына тура келеді. Мысалы, қазақ өнерінің көрнекті шығармаларын, айталық мұрагер меншік иесі ретінде бүлдірмеуге міндетті. Меншік иесі басқа тұлғаға өзінін пайдалану құқығын беруіне хақылы (мысалы, жалға, арендаға беру т.б.). Пайдалануға өкілеттік алған тұлға оны өзі үшін пайдалана бастайды (мысалы, затты пайдалану, өнім алу). Мұндай жағдайда меншік иесі өзінің өкілетгігіне сәйкес табысты жанама жолмен түсіреді, айталық, затты пайдаланудан түскен кірісті иеленеді, немесе белгілі бір пайызды еншілейді.

Заң негізінде немесе баска да құқылық құжаттарға орай меншік иесі өкілетгігінен айрылуы не құқығы шектелуі мүмкін. Мәселен, тұрғын үйді не оның бір бөлігін тұрғын жай мақсатынан тыс пайдалану жағдайы заң арқылы жүзеге асады ("Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 4-бабы).



Билік ету құқығы дегеніміз — мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі (АК-тің 188-бабы 2-тармағы1).

Билік етудін өкілеттігі меншік құқығының объектілеріне қатысты мәмілелер жасауға өкілетті. Мысалы, меншік иесі өзінің меншік құқығын өзгеге беріп, кепілдік құқық жасап, жалға беруді жүзеге асырса, онда ол билік кұкығын жүзеге асырғаны болып табылады. Билік ету кұкығы арқылы мәмілелер жасалған кезде меншік иесінің құқығы өзгеге толықтай не жекелеген түрде өтеді (мысалы, арендаторға иелік ету және пайдала­ну құқықтары беріледі). Билік етудің өкілеттігін жүзеге асырудың маңызды түрі меншік иесінің мүлікті өз иелігінен шығарып, басқа адамдарға беруі болып табылады.

Нарықта өз орнын табу үшін меншік иесіне билік ету қажет. Әдетте тауарлар ауыстыру үшін өндіріледі. Ауыстыру кезінде меншік иесінің құқығы сатушыдан сатып алушыға ауысады. Сондықтан да сатушы тауардың меншік иесі ретінде меншік құқығын езгертуге мүмкіндік алуы тиіс. Билік ету құқығын жүзеге асыру мақсаты меншіктің әр түрлі түрлеріне сәйкес келеді.

Әдетте меншік иесі өзінің билік өкілеттігін қалай да жүзеге асыруға міндетті деген ереже жоқ. Шешімді қалай қабылдайды, қалай билік етеді — оны бір өзі шешеді. Дей тұрғанмен, ол бұл арада заңды бұрмалауға жол беруге тиіс емес. Әрине, кейбір жағдайда меншік иесі өзінің билік ету құқығын қоғам мүдделі болғанда жүзеге асыруға міндетті. Заң мен басқа да құқықтық негіздерге орай меншік иесінін билік ету құқығы алынуы не тоқтатылуы мүмкін. Белгілі бір жағдайларда билік ету құқығы тек мемлекеттің келісімімен жүзеге асады. Мысалы, әрекет ету қабілеті шектеулі адамдармен билік ету құқығын асыру үшін келісім жасаған кезде заңды өкілінің рұқсаты талап етіледі.

Билік ету құқығы затқа меншік иесі болып табылмайтын тұлға арқылы да жүзеге асады. Бұл заңның арнайы нұскауымен болады, немесе меншік иесімен жасалған келісім-шарт негізінде (мысалы, теміржол жүкті иесіне беруге мүмкіндік болмаған жағдайда басқа тұлғаға тапсырады) болады.

Меншік иесі өз меншігінің игілігін көріп қана қоймай (мүлкін пайдаланудан пайда тауып, тұтыну қажеттілігін қанағаттандыру), меншігіндегі мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығы да жүктеледі. Айталық, күрделі жөндеу жүргізіп, сактандыру шараларын жүзеге асырады және т.б. Егер заңда қаралмаған болса, өзіне түсетін ауыртпалықты үшінші біреуге жүктеуіне болмайды. Егер мүлік заңды түрде үшінші жақтарда болса, олардың өзгенің мүлкін күтіп ұстауға жұмсалған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншік иесіне өтуге тиіс. Мысалы, оған қараусыз кеткен малды ұстап, баққанға кеткен шығынды айтуға болады.

Заңмен басқада мәселелер қаралуы мүмкін. Мүлікті бас­қа біреуге уақытша пайдалануға берген кезде оны күтіп-сақтау пайдаланушыға жүктеледі. Күтімсіз және заңсыз ұстаған адамға мүлікті күтіп ұстауга жұмсалған шығындары өтелмейді (АК-тің 189-бабы).

Ауыртпалық жағдайы деп заттардың кездейсоқ жойылу не­месе кездейсоқ бүліну каупін айтады. Иеліктен айрылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі, егер заң құжаттарында немесе шартта ол өзгеше белгіленбесе, сатып алушыда меншік құқығы пайда болуымен бір мезгілде соған көшеді. Мүліктің бүлінуі не жойылуына байланысты қауіп басқа мезгілде заң немесе шарт негізінде сол мүлікті алушының мойнына жүктеледі. Мысалы, шарт жасаушылар ондай кауіпті шарт жасау кезінде алдын-ала ескереді (сатып алу-сату), яғни зат берілмей тұрып, сатып алушыға меншік құқығы ауыспай тұрғанда мәселенің басы ашылуы тиіс.

Екінші бір жағдай мерзімінің өтіп кетуіне байланысты. Мәселен, егер иеліктен айырушы адам заттарды беру мерзімінің өткізіліп жіберілуіне кінәлі болса немесе сатып алушы олар­ды қабылдау мерзімінің өткізіліп жіберілуіне кінәлі болса, кез­дейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупін мерзімін өткізіп жіберген тарап көтереді (АК-тің 190-бабы 2-тармағы).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет