3 І. ҚАзақстан республикасының Қылмыстық ҚҰҚЫҒы бойынша қылмыс ұҒымы



Дата20.06.2016
өлшемі252.76 Kb.
#149619



ЖОСПАР
КІРІСПЕ-------------------------------------------------------------------------------------3
І. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҒЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫС ҰҒЫМЫ--------------------------------------------------5

1.1. Қылмыстың ұғымы және белгілері----------------------------------------5

1.2. Қылмыстың түрлері-------------------------------------------------------------6

1.3. Қылмыстың жиынтығы---------------------------------------------------------8


ІІ. ҚЫЛМЫС ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МІНДЕТТЕРІ--------------------------------12

2.1. Қылмыс құрамының түсінігі және оның маңызы -----------------------12

2.2. Қылмыс және қылмыс құрамының міндеттері---------------------------16

2.3. Қылмыс құрамының түрлері-------------------------------------------------20


ҚОРЫТЫНДЫ---------------------------------------------------------------------------24
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР---------------------------------------------------25


КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2005 жылы Қазақстандықтарға арнаған Жолдауында ғылымды одан әрі дамытуға ерекше мән берді.

Жалпы ғылымы жоқ ел тұл, ғылымы дамымаған елдің болашағы күмәнді, қазір қарап отырсақ, жер жаһандағы ізгі жетістіктердің барлығы дерлік ғылымның адамзатқа тартқан сыйы, тартуы іспеттес. Тәуелсіздік туын желбіреткен он жылдан бері Қазақстан ғылымы да дамып, әлемге әйгілі бола бастады, кез-келген ғылым саласында ілгері дамушылық көрінісі айқын.

Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес біздің мемлекетіміз демоқратиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет болып табылады. Еліміздің өркендеуіне, мемлекетіміздің нығаюына құқық нормаларын, құқық саласы ғылымын жетілдірудің маңызы ерекше. Құқық нормалары барлық қоғамдык катынастардың реггеуші тетігі, кез-келген қоғамдық қатынастар жалпыға бірдей, әділ заң нормалары арқылы жүзеге асырылуы қажет.

Заң талаптарын, құқық нормаларын құрметтеу және оны бұлжытпай жүзеге асыру әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Құқықтық мемлекеттілікті орнатуда, оның тетіктерін одан әрі жетілдіруде құқық ғылымы салаларының атқаратын міндеті зор болып отыр. Сондай ауқымды міндет заң ғылымының негізгі салаларының бірі — қылмыстық құқық ғылымына да жүктеліп отыр. Қылмыстық құқық ғылымында алда кешенді ғылыми проблемаларды жүзеге асыру, оның ішінде қылмыстық жазаны тағайындау, бас бостаңдығынан айырмайтын шараларды белгілеудің ғылыми негіздері, өлім жазасын қолдануды жою, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын орындаудың құқықтық - нормалық қырларын жетілдіру сияқты іргелі зерттеулерді жүзеге асыру міндеттері түр.

Қазақстан Республикасы Конституциясында сәйкес біздің мемлекетіміз демократиялық құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет болып табылады. Еліміздің өркендеуіне, мемлекетіміздің нығаюна құқық саласы, құқық қорғау органдарының маңызы ерекше.

Құқықтық мемлекетті орнатуда, оның тетіктерін одан әрі жетілдіруде құқық ғылымы салаларының атқаратын міндеті зор.

Қылмыстылықпен күрес, қылмыскердің тұлғасына ғылыми негізде зерттеу, орын алған қылмысты құбылыстардың себептері мен оған мүмкіндік жасайтын мән - жайларын анықтау, бүгінгі күні заң ғылымдарының келесі міндеттерінің бір болып саналады.

Қылмыстық құқық дегеніміз – құқық саласының негізгі түрлерінің бірі ретінде қылмыстың түсінігі мен белгілерін, қылмыс үшін қылмыстың жауаптылықтың негізгі мен шектерін сондай – ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың шарттарын анықтайтын құқықтық нормалардың жиынтығы. Қылмыстық құқық басқа да құқық салалары сияқты белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттейді.

Қылмыстық құқықтың бірден – бір жалғыз формальды қайнар көзі – Қылмыстық Кодекс болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодекстің 11 - бабын алатын болсақ, онда «Қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы» деп аталады. Қазақстан Кодексінің 11 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес – жалғаспалы қылмыс ортақ ниетпен және мақсатпен қамтылып, тұтас алғанда, бірдей қылмыстық әрекеттер қатарынан тұрады

Егер адам бұрын жасаған қылмысы үшін заңмен белгіленген тәртіп бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса не адамның бұрын жасаған қылмысы үшін соттылығы жойылған немесе онысы алынған болса немесе мұндай қылмыс үшін қылмыстық жауапқа тартылу мерзімі өтіп кетсе, қылмыс бірнеше рет жасалған деп танылмайды - деп Қылмыстық Кодекстің 11- бабының үшінші бөлімінде анық айтылған, сол сияқты, бұл жағдайды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы да бірнеше рет атап көрсеткен.

Берілген «Қылмыстың түсінігі» курстық жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттерден тұрады.
І. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫС ҰҒЫМЫ, ТҮСІНІГІ

1.1. Қылмыстың ұғымы және белгілері

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу — қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс - әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.

1924 жылы КСРО және одақтас республикалардың қылмыстық зандарының негізгі бастамаларында қылмыс туралы ұғымға арнаған бап болған жоқ. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінде «қылмыс дегеніміз қоғамға қауіпті іс-әрекет» деп көрсетіледі (1-бап). Бұл жерде кеңестік құрылысқа немесе құқық тәртібіне бағытталған әрекет немесе әрекетсіздік қоғамға қауіпті деп жарияланды. КСРО және одақтас республикалардың 1958 жылғы қылмыстық заңдардың негізінде «Қылмыстық заңда көзделген, оның саяси және экономикалық жүйелеріне, социалистік меншігіне, азаматтардың жеке басына, саяси, еңбек, мүліктік және басқа да құқықтары мен бостандықтарына қиянат жасайтын қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ социалистік құқық тәртібіне қиянат жасайтын қыл-мыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекет қылмыс деп табылады» делінген. Дәл осындай анықтама бұрынғы Одаққа кірген барлық республикалардың, онын ішінде 1959 жылы 22 шілдеде қабылданған Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде де (7-бап) берілді. 1997 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданды. Осы Кодексте өмірімізде, қоғамда орын алған елеулі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге сәйкес қылмыстың жаңа ұғымы берілген. Онда «жазалау қатері мен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады» делінген (9-бап). Осы анықтамадан қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік, жазаланушылық қылмыстың белгілері екендігі көрініп тұр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекеленген қылмыс құрамдары арнаулы көрсетілген. Қылмыстық құқықта қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс-әрекет істеуді құқыққа қайшылықпен атау қалыптасқан.

1960 жылға дейінгі қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы жаңа Конституциясында, осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді.

1.2. Қылмыстың түрлері

Қылмыс санаттары деп оларды нақты белгілері бойынша топқа бөлуді айтамыз. Қылмысты санаттауға іс - әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі немесе қылмыс құрамының жекелеген элементтері негіз болады. Қылмыстық заңда қылмысты санаттаудың үш түрлі көрінісі қалыптасқан. Ол біріншіден, іс - әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне қарап қылмысты төрт түрлі санатқа бөлу, екіншіден, қылмыстың объектісі бойынша санаттау. Осы белгі бойынша барлық қылмыстарды Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде бірнеше санатқа бөлініп, объектісінің маңыздылығына қарай бірінен соң бірі орын алған, мысалы адам өміріне қарсы, мемлекеттің егемендігіне, басқару тәртібіне, меншікке қарсы, әскери қылмыстар т.б. Үшіншіден, қоғамға қауіптілік дәрежесі бірдей қылмыстар, қоғамға қауіптілік сипаттарына қарай жай, күшейтілген (квалифированные), артықшылық берілген (привилегированные) болып бөлшектенеді. Мысалы: кісі өлтіру, ауырлатпайтын және жеңілдетпейтін жағдайда кісі өлтіру, жеңілдететін жағдайда жан күйзелу, қажетті қорғану шегінен асып кісі өлтіру бөліп бөлінеді.

Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде қылмысты санаттау туралы арнаулы норма енгізіліп, онда қылмыстар сипатына және қоғамға қауіптілік дәрежесіне және кінәнін түріне байланысты былай көрсетілген:


  • кішігірім

  • ауырлығы орташа

  • ауыр

  • аса ауыр


Қылмыстық кодекстің 10-бабына сәйкес:

Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет кішігірім қылмыс деп танылады.

Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс деп танылады.



1.3. Қылмыстың жиынтығы

Қылмыстық Кодекстің түрлі баптарында немесе баптарының бөліктерінде көзделген, адам солардың бірде-біреуі үшін сотталмаған немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екі немесе одан да көп әрекеттерді жасау қылмыстардың жиынтығы деп танылады.

Қылмыстардың жиынтығында адам, егер жасалған әрекеттердің белгілері осы Кодекстің бір бабының немесе бабының бір бөлігінің неғұрлым қатаң жаза қолдануды көздейтін нормасымен қамтылмаған болса әрбір жасалған қылмыс үшін осы Кодекстің тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылады (12-бап, 1-бөлігі).

Осы Кодекстің екі немесе одан да кеп баптарында көзделген қылмыстардың белгілері бар іс-әрекет (әрекетсіздік) те қылмыстардың жиынтығы деп танылады. Адам қылмыстардың мұндай жиынтығында, егер бір әрекеттің белгілері осы Кодекс бабының басқа әрекет үшін неғұрлым қатаң жаза қолдануды көздейтін нормасымен қамтылмаған болса, әрбір қылмыс үшін осы Кодекстің тиісті баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады (12-бап, 2-бөлігі).

Егер адам Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптарында, ал жеке реттерде баптардың бөлігінде көрсетілген екі немесе одан да көп қылмыстарды істесе, онын бірде біреуі үшін сотталмаса немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаса, онда оның іс-әрекетінде қылмыстың жиынтығы бар деп танылады. Басқа сөзбен айтқанда, қылмыстардың жиынтығында кінәлі түрде істелген іс-әрекетте екі немесе одан да көп қылмыстың құрамы болады. Кінәлінің істеген іс-әрекеті қыл-мыстық кодекстің Ерекше бөлімінде көрсетілген баптардың әр түрлі бөлігінің немесе бір баптың неше түрлі тармақшаларында көрсетілген қылмыс кұрамының белгілеріне сәйкес болуы керек. Сол сияқты адамның істеген біркелкі әрекетінің біреуі біткен қылмыс та, басқасы қылмысқа дайындалуды, оқталуды немесе қылмысқа катысуды түзетін болса, онда мұндай әрекетте қылмыстың жиынтығы болып табылады.

Қылмыстың жиынтығы болу үшін адам істеген іс-әрекеттің біреуі үшін де сотталмаған немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған болуы керек, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 65,66, 67, 68, 69. 73, 76 - баптарында көрсетілген шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босап, қажетті корғану шегінен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату; жәбірленушімен та-туласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату; жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату; ескіру мерзімі өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату; айыптау үкімінің ескіру мерзімі бойынша жазаны өтеуден босату, айыптау үкімінің-ескіру мерзімі бойынша жазаны өтеуден босату, рахымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықпен жазадан босату сияқты фактілер қылмыс жиынтығында орын алмауы керек.

Егер мұндай мәселелер болса, онда ондай іс-әрекетте қылмыстың жиынтығы болмайды. Заң әдебиетінде қылмыстың жиынтығы идеалдық, және нақты (реалды) болып екі түрге бөлінеді.

Қылмыстың идеалдық жиынтығы деп кінәлінің, бір іс-әрекетінен бірден қылмыстық заңның әр түрлі баптары, бір баптың әртүрлі бөліктері, тармақшалары бойынша сараланатын екі немесе одан да көп қылмыстардың істелуін айтамыз. Қылмыстың идеалдық жиынтығына Ш-ның іс-әрекеті мысал бола алады. Ш. өзінің танысы К-ның саяжайына келеді. Ш. К-нің саяжайда қатты мас болып, ұйықтап жатканын көріп, одан кек алу мақсаты-мен, есік, терезені сыртынан мықтап бекітіп, дәлізде түрған 10 литр бензинді саяжай ішіне шашып, от қояды. Өрттен саяжай өртеніп, ішіндегі К. ауыр жарақат алып 4 тәуліктен соң ауруханада қайтыс болады. Ш. бір әрекетпен (К-нің саяжайын өртеу арқылы) екі қылмыс істеді: 1) бөтеннің мүлкіне өрт жіберу арқылы қасақана құрту (87-бап, 2-белігі, «а» тармағы); 2) кісіні кек алу мақсатымен қасақана өлтіру (96-бап, 1-бөлігі).

Егер кінәлі адам бір әрекет арқылы бір мезгілде қылмыс істеуге оқталумен бірге екінші бір біткен қылмыстың құрамын орындаса бұл да қылмыстың идеалдық жиынтығы болады.

Мысалы У. төртінші қабаттағы пәтерінде тұрып жолда өтіп бара жатқан өзінің жек көретін танысы С-ны ауыр жаралау мақсатымен төртінші қабаттан С-ға қаратып жұдырыктай тас лактырады. Тас С-ға тимей Ж деген әйелге тиіп, оған ауыр дене жарақатын түсіреді. Осы мысалдан У-дың бір әрекетінен екі қылмыс жасағанын көріп отырмыз. Оның біріншісі С-ға ауыр дене жарақатын салуға оқталу, екіншісі Т-ға абайсызда ауыр дене жарақа-тын түсіру. Қылмыстың нақты жиынтығы деп адамның әр түрлі іс-әрекеті арқылы қылмыстық заңның әр түрлі бабына (баптың бөлімдеріне, баптың тармақшаларына) жататын қылмыс жасауын айтамыз. Қылмыстың жиынтығын идеалдық және нақты деп бөлудің теориялық та, практикалық та маңызы зор. Қылмыстың жиынтығының зияндылығы идеалдық жиынтыққа қарағанда қомақты болады, сол үшін де оған қатаңырақ жаза мөлшері белгіленеді. Оның үстіне Қылмыстық кодекстің 54-бабының, 1-бөлігінің «а» тармағына сәйкес қылмыстың нақты жиынтығында бұрын бір қылмыс істеген адамның жаңадан қылмыс істеуі, қылмыстардың қайталануы, жауаптылықты ауырлататын мән-жайларға жатады.

Қылмыстың жиынтығын нормалар бәсекелестігінен ажырата білу қажет. Нормалар бәсекелесі Қылмыстық кодекстің, Ерекше бөлімінің бірнеше баптарын бірдей қамтитын бір қылмыс арқылы көрініс табады. Нормалар бәсекелесінде сот Қылмыстық кодекстің бірнеше баптарынан сол іс-әрекетке тән бір бапты ғана бөліп алып, іс-әрекетті сол бойынша саралайды. Жалпы және арнаулы нормалар бәсекелесі болғанда арнаулы норма қолданылады.

Егер арнаулы нормалар өзара бәсекеге түссе, онда жазаны жеңілдететін мән-жайларды көрсететін қылмыстық құқылық нормаға артықшылық беріледі.Егер белгілі бір және нақ сол әрекет осы Кодекстің тиісті баптарының жалпы және арнаулы нормаларының белгілеріне сәйкес келсе, қылмыстардың жиынтығы болмайды және қылмыстың жауаптылық осы Кодекстің ерекше бөлімінің арнаулы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды (12-бап, 3-бөлігі).

Яғни айтқанда, егер бір қылмысты іс-әрекет екінші бір қылмыстың міңдетті белгісі ретінде көрінсе, қылмыстың жиынтығы болмайды. Мысалы: қызмет өкілеттігін пайдаланып қиянат жасау жеке қылмыс (307-бап), ол сонымен бірге бөтеннің мүлкін талан-таражға салудың тәсілі ретінде көрінуі де мүмкін (176-баптың 2- бөлігі, «в» тармағы), соңғы жағдайда барлық іс-әрекет бір қылмыс болып табылады да, қосымша 307-баппен саралануға жат-пайды.



ІІ. ҚЫЛМЫС ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МІНДЕТТЕРІ

2.1. Қылмыс құрамының түсінігі және оның маңызы
Қылмыстық заңда қылмыстың жалпы түсінігі берілген, сонымен бірге Ерекше бөлімде нақты қылмыстар жеке-жеке көрсетілген. Қылмыстық заң қылмыс құрамы деген түсінікті ашпайды. Бұл түсінікті қылмыстық құқық теориясы ғана береді. Қылмыстың кұрамы деп — қылмыстық заң бойынша қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді белгілі бір кылмыстың қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін кылмыстың объективтік және субъективтік жақтарынан кұралған элементтердің және олардың белгілерінің жиынтығын айтамыз. Қылмыс құрамының әрқайсысы оның субъективтік және объективтік белгілерімен сипатталады. Барлық жүйелер секілді қылмыстың құрамы да белгілі бір элементтерден тұрады. Осы белгілердің қосымша жүйелерінің ең болмағанда біреуінің жоқ болуы жүйенің болмауына, яғни қылмыс кұрамының тұтастай жоқ болуына әкеп соғады. Бұл жерде қылмыс құрамының элементтері деп, қылмыс құрамы жүйелерін құрайтын бастапқы компоненттерді айтамыз. Қылмыс кұрамының белгілеріне мынадай 4 түрлі элементтер жатады: объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы.

Мысалы, бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру қылмысы (187-бап) белгілері болып біріншіден, басқа біреудің мүлкіне қол сұғу, екіншіден, осы мүлікті жою немесе бүлдіру, үшіншіден, осы әрекетті қасақана істеу, төртіншіден, бұл іс-әрекет ауырлататын жағдайда жасалса ол үшін 14-ке толған адам жауапқа тартылады. Осы көрсетілген төрт белгінің біреуі жоқ болса, онда бұл қылмыс құрамы болмайды. Егер адам бөтен адамның мүлкін абайсызда бүлдірсе немесе жойса онда кінәлінің әрекетінде басқа бір қылмыс құрамы болады. Себебі, бұл жерде 187-бапта көрсетілген кылмыстың басты белгісі қылмысты қасақаналықпен істеу жоқ. Әрбір қылмыс құрамының белгілері Ерекше бөлімдегі баптардың диспозициясында ғана емес, қылмыстық заңның Жалпы бөлімінде оның тиісті баптарында да айтылады. Ерекше бөлімнің, баптарының диспозицияларында әр түрлі қылмыстың көптеген белгілері аталып көрсетілген. Мүның өзінде диспозициялардың кылмыстың ерекшелігін анықтайтын және оны басқа қылмыстардан ажырататын соған тән белгілерінің тізбегін береді. Барлық қылмыстарға жалпылама ортак немесе нақты қылмыс топтарына тән белгілер Жалпы бөлімнің баптарында анықталады. Мысалы, бөтеннің мүлкін ұрлауды анықтайтын Қылмыстық кодекстің 175-бабының диспозициясында осы қылмыстық не субъектісі, не кінәнің нысаны аталмаған.

Бұл жалпылама белгілер Қылмыстық кодекстің 15 және 20-баптарында көрсетілген. Қылмыстық кодекстің 175-бабында ұрлықтың оған тән белгісі — басқа біреудің мүлкін жасырын түрде ұрлау ғана керсетілген. Осы белгі арқылы ұрлық тонаудан ерекшеленеді. Әрбір қылмыс істелген уақытында көптеген белгілермен сипатталады. Осы белгілердің барлығы да қылмыс кұрамына жатпайды. Қылмыс құрамына мұқияттылықпен таңдап алынған түрлік белгілер ғана қосылады. Түрлік белгілер дегеніміз барлық қылмыстарға ортақ, олардын коғамға қауіптілігін және құқыққа қайшылығын білдіретін жиынтығының көрінісі болады. Түрлік белгіге жатпайтын тек қана жекелеген қылмысқа тән белгілер қылмыс құрамына қосылмайды. Сондықтан олар қылмыс құрамынан тысқары болады да, осыған байланысты оның қылмысты саралау үшін маңызы болмайды. Мысалы, біреудін мүлкін ұрлағанда (ақша, зат, кұжат т. б.) немесе ол ұрлыктың қашан болғаны қылмысты саралауға әсер етпейді. Түрлік белгі сол немесе басқа қылмыстың міндетті белгілері болып табылады. Осы түрлік белгілердің біреуі жоқ болса, онда қылмыс құрамы да болмайды. Мысалы, басқа біреудің мүлкін ұрлаудың түрлік белгісі — оны жасырын ұрлау. Егер басқа біреудің мүлкін алу жасырын түрде емес, ашық түрде жүзеге асырылса, онда ұрлық емес, басқа қылмыс құрамы — тонау болады. Қылмыс кұрамы бір ғана қылмыстық құқықтык нормада — бір бапта көрсетілуі мүмкін. Мысалы, 314-бап —кызмет жөніндегі жалғандық.

Басқа жағдайларда Қылмыстық кодекстің бір бабында қылмыс құрамының бір немесе бірнеше түрі қарастырылуы мүмкін. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 308-бабында қылмыстың қауіптілік дәрежесіне қарай билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланудың үш құрамы көрсетілген: баптың, бірінші бөлімінде осы қылмыстың жай түрі, ал екініші, үшінші бөлігінде осы қылмыстың ауыр немесе өте ауыр түрлері көрсетілген.

Ерекше бөлімнің баптарында әдетте аяқталған немесе орындаушының тікелей істеген қылмыстары көрсетіледі. Алдын ала қылмысты әрекеттерде немесе қылмысқа қатысушы адамдардың: ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші әрекеттеріне сол немесе басқа кылмыстың құрамының барлық белгілері болмайды. Мысалы, әйелді зорлауға оқталғанда онымен зорлап жыныстық қатынас жасау орындалмайды немесе кісі өлтіруге ақталғанда кылмыстың зардабы — адам өлімі жоқ. Бірақ та осы жағдайларда кінәлінің әрекеттерінде Ерекше бөлімдегі аталған баптарда көрсетілген қылмыстың барлық белгілерінің болмауы олардың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деуге негіз болмайды. Бұл жағдайда да қылмыс құрамы бар, бірақ ол оның құрамы Ерекше бөлімнің, сол сияқты Жалпы бөлімнің тиісті баптары көрсетіле отырып белгіленеді. Мысалы, әйел зорлауға оқталғанда кінәлінің әрекетінде Қылмыстық кодекстің 120 және 24-баптарында көрсетілген қылмыс құрамының белгілері бар. Қылмыс құрамының заңдылықты сақтауда және оны нығайтуда маңызы зор. Заңдылықты қатаң сақтау, бұлжытпай жүзеге асыру, тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюының негізгі шарты. Заңдылық кағидасын сақтау, жүзеге асыру кұкык қорғау органнның қызметкерлерінің қасиетті борышы. Бұл азаматтардың конституциялық құқығын, бостандықтарын жүзеге асырудың, негізгі кепілі болып табылады. Заңдылық талабын дұрыс жүзеге асыру қылмыс істеген адамға заңды дұрыс қолданып, оның әрекетіне заң талабына сай баға беру болып табылады. Қылмыстық заңды дұрыс қолданудың маңызды шарттарының бірі қоғамға қауіпті іс-әрекеттерге заңды дұрыс қолданып, әрекет немесе әрекетсіздікке қылмыстық заң, нормасының талабына сай баға беріп саралау болып табылады.

Қылмысты саралау дегеніміз адамның қоғамға істеген қауіпті іс-әрекетін қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс құрамының белгісі бар бапқа дәлме-дәл жатқызу болып табылады. Қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыстық заңда керсетілген нақты қылмыс құрамымен қамтылса, онда ол дұрыс сараланған деп саналады. Қылмысты саралауда іс-әрекеттің қылмыс кұрамының тиісті баптары немесе оның бөліктеріне, тармақтарына сай келетіндігін дәлме-дәл көрсету қажет: Егер адамның іс-әрекетінде бірнеше қылмыстың кұрамы болса, онда оның іс-әрекеті заңның бірнеше баптары немесе баптардын бірнеше бөліктері, тармақтары бойынша сараланады. Қандай түрде болсада қылмысты дұрыс сараламау, ол зандылықты бұзуға, қылмысқа қарсы күрес жүргізетін органдардың беделіне нұқсан келтірумен байланысты болады. Мұндай құбылысқа жол бермеу үшін қылмыстық заңды дұрыс қолданып, істің мән-жайын терең зерттей білу, істелген іс-әрекетті дұрыс саралау қажет, сондай-ақ қылмысты қылмыс еместіліктен немесе соған ұқсас басқа қылмыстардан ажырататын белгілерді анықтау керек. Міне, бұл жерде қылмыс кұрамының, оның белгілерінің қылмысты саралаудағы, заңдылықты сақтаудағы маңыздылығы ерекше болып отыр. Біздің құқықтық мемлекетімізде бірде-бір адам, егер оның істеген іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болса, қылмыстық жауапқа тартылуға немесе жазалануға тиісті емес. Өйткені жаңа Қылмыстық кодекстің негізгі талабы қылмыстық жауапқа және жазаға тек қана қылмыс істегенге, яғни қылмыстық заңда көрсетілген, коғамға қауіпті іс-әрекетті қасақана немесе абайсыздықтан істеген кінәлі адамды ғана тарту болып табылады.



2.2 Қылмыс және қылмыс құрамының міндеттері
Қылмыс пен қылмыс құрамы өзара тығыз байланысты, бірақ бір-біріне ұқсамайтын қылмыстық-құқылық түсініктер. Олардың өзара мазмұны да, бағытыда әртүрлі. Жоғарыда айтқандай қылмыс туралы ұғым Қылмыстық кодекстің 9-бабында берілген. Осы баптағы анықтамадан көрінгендей, қылмыс дегеніміз адамның әлеуметтік-құқылық, қоғамға қауіпті және кұкыққа қайшы секілді міндетті белгілерінің жиынтығынан туатын ерекше іс-әрекеті болып табылады.

Қылмыстың жалпы түсінігі, сол қылмыстың заңдылык сипаттамасын беріп қана қоймай, оның әлеуметтік-саяси мәнін де ашып көрсетеді. Өмірде қылмыстық құбылыстар әртүрлі нысанда көрініс тауып немесе түрлі түрде болатындықтан қылмыстық заң қылмыстың жалпы түсінігімен бірге нақты қылмыстардың да түсінігін қарастырған. Қылмыстың жалпы түсінігі — барлық қылмыстарға тән, оның белгілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көрсетілген жеке қылмыстар түрінде нақтыланып, өзінің дамуын табады.

Қылмыстық заңда сипатталған әрбір қылмыс, яғни қылмыс құрамы өзінің ерекше белгілерімен сипатталады. Қылмыстың құрамы — бұл қылмысты іс-әрекет емес, тек соның нысанын сипаттайтын түрі ғана. Ол — нақты қылмыстың заңды сипаттамасы. Жеке нақты қылмыстың зандылық түсінігі. Егер қылмыстың түсінігінде барлық қылмыстарға тән белгілер — қоғамға Қауіптілік, құқыққа қайшылық, кінәлілік және жазаланушылық аталған болса, ал қылмыс құрамында іс-әрекеттің қоғамға Қауіптілігін білдіретін нақты қылмыстардың міндетті белгілерінің Жиынтығы есепке алынады. Қоғамға қауіптілік қылмыс кұрамының емес, қылмыстың белгісі болып табылады. Осы екі қылмыстың құқылық-түсініктерінің бағыты да әр түрлі. Нақты қылмыстың кұрамы қылмыстық жауаптыдықтың негізі болса, ал қылмыстың жалпы түсінігі нақты қылмыстың құрамының заңдылық базасын жасаудың, қылмыстык құқықта оның құқылық, әлеуметтік-саяси табиғатын түсіндіру кажеттілігінен туындайды.

Қылмыстық кұқық теориясында, оқулықтарда қылмыс құрамының жалпы түсініктері кеңінен қолданылады. Жалпы және нақты қылмыстың кұрамының түсінігі жалпы қылмыс түсінігіне қарағанда заңдылық ұғым емес, ғылыми ұғым болып табылады. Бұл ұғым теорияда нақты қылмыстардың түсінігінен қылмыстың нақты құрамының жинақталған белгілері арқылы анықталады және өз бойында жалпылама барлық қылмыс құрамдарының белгілері мен элементтерін сипаттап, көрсетеді. Нақты қылмыстың құрамы нақты қылмысқа тән белгілерді көрсетеді деп жоғарыда атап өттік. Бірақ әрбір қылмыс құрамында барлық қылмыстардың кұрамына тән, жиынтығында кылмыс құрамының жалпы түсінігін құрайтын, яғни кез-келген қылмыстар кұрамының жалпы белгілерін белгілейтін белгілер бар. Қылмыстық құқық теориясы әрбір қылмыста болатын төрт түрлі міндетті элементтерді: қылмыстың объектісін, қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарын, субъектісін атап керсетеді. Осы белгілерге орай кез келген қылмыстың құрамы осындай төрт түрлі топтағы элементтерге бөлінеді. Әрбір қылмыс құрамында оның объектісін, объективтік, субъективтік жақтарын, және – субъектіні бейнелейтін белгілері міндетті түрде болады. Осы элементтердің әрқайсысы қылмыстың құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан да осы элементтердің біреуінің жоқ болуы қылмыс құрамының, мүлде және қылмыстық жауаптылыққа негіздің де жоқ екендігін көрсетеді. Қылмыстың құрамының жалпы түсінігі барлық қылмыс құрамына тән осы төрт түрлі элементтермен сипатталады. Қылмыстың осы немесе басқа элементтерін сипаттау тиісінше қылмыс кұрамының элементтерін сипаттау деп аталады. Мысалы, қылмыстың субъективтік жағының белгілерін сипаттау қылмыс құрамының субьективтік жағы деп аталады.

Қылмыстың объектісі деп, сол қылмыстық қиянаттың неге бағытталғанын, оның қандай зиян келтіргенін немесе келтіруге нысана алғанын айтамыз. Қылмыстың объектісі заң қорғайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстық кұқықта олар шартты түрде жалпы, топтық және тікелей объект болып бөлінеді. Қылмыстың объектісін оны сипаттайтын қылмыс құрамының белгілерін дұрыс анықтаудың коғамға зиянды іс-әрекеттің сипаты мен дәрежесін белгілеу үшін және оны саралау үшін маңызы ерекше.

Қылмыстың сыртқы пішінің, көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы қылмыстың объективтік жағын құрайды. Объективтік жағының белгісіне ең алдымен қоғамға қауіпті мінез-құлық актісінің сыртқы көрінісі — адамның әрекеті немесе әрекетсіздігі жатады. Қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздіктің нысандары мен түрлері қылмыстық заң тұжырымдарында әр түрлі және жан-жақты (мүлікті жою немесе бүлдіру, өмірді жою, қауіпті жағдайда қалдыру, т. б.). Біршама қылмыс құрамының объективтік жағы әрекет немесе әрекетсіздіктен басқа қылмыстың зардабы және іс-әрекеттің зардап пен себепті байланысын көрсетеді. Көрсетілген белгілерден басқа заңда кейбір қатынастардың объективтік жағын сипаттауда оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмыстың жасалу тәсілдері де жатады. Қылмыстарды ажыратып жіктеуде, оның қоғамға қауіптілігінің дәрежесін белгілеуде, қылмысты саралауда объективтік жақтың осы белгілерінің маңызы зор. Қылмыстың субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ішкі жағын құрайтын белгілері, яғни адам істеген коғамға қауіпті іс-әрекет не психикалық қатынас сипатталады. Субъективтік жақтың белгілеріне кінә, ниет және мақсат жатады. Кінә екі түрлі нысанда: касақа-налық және абайсыздық түрінде (20,21-баптар) көрініс табады. Субъективтік жағынан бір қылмыстар қасақаналықпен (ұрлық), екінші біреулер абайсыздықпен (абайсызда кісі өлтіру), үшіншіден қасақаналықпен де, абайсыздықпен де жасалуы мүмкін. Кінәнің нысанының көпшілігі қылмыстық заңның өзінде тікелей ашып көрсетіледі. Ал көрсетілмеген жағдайда олар қылмыстың құрамының белгілеріне талдау жасау арқылы анықталады. Кейбір қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ниеті мен мақсаты да жатады. Мысалы, пайдакорлық ниетпен кісі өлтіру, басқа қылмыстың ізін жасыру мақсатымен кісі өлтіру. Қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілерін анықтау, қылмысты саралауда кылмыстың және қылмыскердің, қауіптілік дәрежесін анықтау үшін және жаза мөлшерін белгілеу үшін аса маңызды болып табылады. Қылмыстық заң бойынша қылмыстың субъектісі болып, қылмыстық жауаптылықка тартылуда кез келген адам жатады. Қылмыстық жауаптылыққа есі дұрыс, қылмыс жасаған уақытта 16-ға, кейбір қылмыстар үшін 14,18-ге толған (14, 15-бап) жеке адамдар жатады.

Сонымен кез келген қылмыс құрамының субъектісінің жалпы белгілері болып: жеке адам, есі дұрыс адам, белгілі жасқа толғандар саналады. Кайсыбір қылмыс құрамдары үшін жауаптылыққа осы жалпы белгілерден бөтен қосымша белгілер болғанда ғана жол берілуі мүмкін. Әдетте, мұндай қосымша белгілер осы қылмыс үшін жауап беруі мүмкін адамдардың шеңберін шектейді. Мысалы, пара алудың субъектісі болып тек қана мемлекеттік органдардың адамдары ғана, ал әскери қылмыстардын субъектісі болып әскери кызметшілердің болуы қылмыстың субъектісін белгілейтін белгілердің қылмысты саралау үшін, қылмыстық жауаптылық мәселелерін шешуде және жаза мөлшерін белгілеуде маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда қылмыстық құқық теориясында қылмысытың кұрамының жалпы тусінігі, қылмыс құрамының кажетті, міндетті белгілері және факультативті белгілері болып өзгешеленеді. Мұндай өзгешелену қылмыс құрамының мазмұнын ашуға, қылмысты іс-әрекетті дұрыс саралауға көмектеседі. Қылмыстың құрамының кажетті, міндетті белгілері дегеніміз бұл кез келген қылмыс құрамында болатын белгілер. Ондай белгілердің кем дегенде біреуінің болмауы қылмыс құрамының мүлде болмауының көрінісі болып табылады. Мұндай белгілерге жататындар: әрекет немесе әрекетсіздік, кінәнің нысаны, адамның есі дұрыстығы және оның белгілі жасқа толуы.

Қылмыс кұрамының факультативті нышандары дегеніміз бұл заң шығарушының кейбір қылмыс кұрамдарын сипаттау үшін қолданатын белгілері болып табылады. Факультативтік белгілерге жататындар: уақыт, қылмыс істеу тәсілі, қылмыстық ниет, мақсат, қылмыстың заты, қылмыстың арнаулы субъектісі, қылмыстың зардабы, себепті байланыс.

Егер факультативтік белгі сол немесе баска бір кұрамда атап көрсетілсе, онда ол өзінің мәні жағынан осы құрамның кажетті, негізгі белгісіне айналып кетеді. Мысалы, басқа біреудің мүлкін тонауды алсақ, мұнда тонаудың тәсілі — мүлікті ашықтан ашық алу, осы кылмыстың белгісі. Егер факультативтік белгісі қылмыс құрамына енгізілмесе, онда ол қылмысты саралауға әсер етпейді. Тек қана қылмыстық-құқылық жаза белгілегенде есепке алынады. Мысалы, қызметшінің құжаттарды қолдан жасау қылмысын саралауда оның қандай тәсілмен, қандай кұралмен істелгені есепке алынбайды (314-бап). Бірақ қолданылған тәсіл, мақсат, жаза тағайындалғанда сөз жоқ ескеріледі. Қылмыс құрамының жалпы түсінігінің ол туралы ілімінің заңдылықты сақтауда және оны нығайтудағы маңызы орасан зор.

Қылмысты дұрыс саралау үшін, нақты қылмыс құрамдарының белгілерін тиісінше дұрыс түсіну кажет. Осындай әдіс қылмыс құрамының жалпы белгілерін білуге жәрдемдеседі. Ал қылмыс кұрамының жалпы түсінігі нақты қылмыс құрамын қатесіз табудың аса кажетті сатысы болып табылады.


2.3. Қылмыс құрамының түрлері

Жекелеген қылмыс құрамының мазмұнын терең ашу, олардың белгілерін анықтауды женілдету және нақты істелген іс-әрекетті дұрыс саралау мақсатымен қылмыс кұрамының түрлері нақты белгілер бойынша өзара бөлінуі мүмкін.

Қылмыстық құқық ғылымында мұндай бөлінудің негізі (критеориясы) болып: біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі, екіншіден, қылмыс кұрамының сипатталу тәсілі, үшіншіден, қылмыс құрамының құрылысы есепке алынады. Іс-әрекеттің коғамға кауіптілігінің дәрежесі мен мәніне карай құрамдар негізгі, жауаптылықты ауырлататын қылмыс кұрамдары және жауаптылықты жеңілдететін кылмыс құрамдары болып бөлінеді. Негізгі қылмыс құрамы деп іс-әрекеттің белгілі түрі бойынша онда негізгі, тұрақты белгілердің болуын айтамыз. Негізгі қылмыс кұрамында қылмысты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайлар көрсетілмейді. Мысалы Қылмыстық кодекстің 96-бабының І-бөлігіндегі құрам негізгі құрамға жатады. Онда кісі өлтірудің жай түрі ғана көрсетілген, ауыр немесе жеңіл түрлері айтылмаған.

Егер қылмыс құрамында осы іс-әрекеттің негізгі белгілерінен басқа жауаптылықты жеңілдететін жағдайлар көрсетілсе, онда ондай қылмыс құрамын жауаптылықты женілдететін қылмыс құрамы деп айтамыз. Мұндай қылмыс кұрамына Қылмыстық кодекстің 98-бабында көрсетілген қылмыс құрамы жатады (жан күйзелісі жағдайында болған кісі өлтіру). Негізгі белгілермен бірге жауаптылықты ауырлататын жағдайлар көрсетілген қылмыс құрамы, сараланған қылмыс кұрамы (яғни, жауаптылықты ауырлататын құрам) деп аталады. Сондай-ақ құрам қатарына 129-баптың III бөлігінде көрсетілтен адамды ауыр қылмыс істеді деп айыптап жала жабу жатады. Немесе 175-баптың 2-бөлігіндегі ұрлықты ауырлататын жағдайлар: адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, бірнеше рет т. б. жағдайлар жатады. Қылмыс кұрамының сипатталу тәсіліне қарай құрам жай қылмыс құрамы, күрделі қылмыс құрамы және балама қылмыс құрамы деп бөлінеді. Жай құрам дегеніміз қылмыс құрамының белгілерінің біркелкі болуы, яғни оның бір ғана объектісі, бір ғана объективтік жағы ғана болуы. Бұған мысалы, 125-баптың І-бөлігінде көрсетілген адамды ұрлау жатады. Күрделі қылмыс құрамы деп қылмыс құрамы элементтерінің бірінің күрделенуін айтамыз (объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы). Мысалы, екі объектіге бірдей қол сұғуын (179-бап — карақшылық). Кінәнің екі түрлі нысаны болатын қылмыстар (103-бап, 2-бөлігі және т.б.). Балама құрам деп Қылмыстық кодекстің бабындағы диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істегендікті айтамыз. Мысалы, 259-бап есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату. Қылмыс құрамының құрылысына қарай құрамды түрге бөлудің де практикалық маңызы ерекше. Осы белгісі бойынша қылмыс құрамы материалдық, формальдық және келте қылмыс құрамы болып бөлінеді. Іс-әрекеттің нәтижесінен болатын зардап қылмыс құрамында көрсетілсе ондай қылмысты материалдық қылмыс құрамы деп атайды. Мұндай қылмыс құрамы әрекет немесе әрекетсіздік жасалған уақыттан бастап қана емес, заңда көрсегілген қылмыстың зардабы болған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Мысалы, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып қиянат жасауды келтіруге болады (307-бап).





Формальдық қылмыс құрамы деп зардабы болмайтын қылмысты айтамыз. Формальдық кылмысқа жататындар: пара беру (312-бап), қызмет жөніндегі жалғандық (ЗІ4-бап). Пара беру, параны кез келген нысанда берген уақыттан бастап, белгілі бір зардаптың болуына қарамастан аяқталған қылмыс деп саналады. Кейде заң шығарушы қылмыстың аяқталған уақытын алдын ала қылмысты әрекет сатысына көшіреді. Мұндай құралымда қылмыс құрамын келте құрам деп айтамыз. Келте қылмыс кұрамына адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупінде қалдыру (116-бап, 1-бөлігі) жатады. Бұл кұрам бойынша заң шығарушы аяқтау уакытын оның зияндылығына байланысты оқталу сатысына көшірген. Яғни, бұл қылмыс деп аталған адамдардың жәбірленушіге осы ауруды жұқтырған уақытынан емес, оларға осы ауруды жұқтыру қаупін туғызған уақыттан бастап аякталған деп танылады. Келте қылмыс құрамына бандитизм де (237-бап) жатады. Бұл қылмыс құрамы ұйымдастырылған уақыттан бастап-ақ біткен қылмыс деп есептелінеді.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қылмыстық құқық дегеніміз- құқық саласының негізгі түрлерінің бірі ретінде қылмыстың түсінігі мен белгілерін, қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықтың негізі мен шектерін, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың шарттарын анықтайтын құқықтық нормалардың жиынтығы.

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу — қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады.

Қылмыс пен қылмыс құрамы өзара тығыз байланысты, бірақ бір-біріне ұқсамайтын қылмыстық-құқылық түсініктер. Олардың өзара мазмұны да, бағытыда әртүрлі. Жоғарыда айтқандай қылмыс туралы ұғым Қылмыстық кодекстің 9-бабында берілген. Осы баптағы анықтамадан көрінгендей, қылмыс дегеніміз адамның әлеуметтік-құқылық, қоғамға қауіпті және кұкыққа қайшы секілді міндетті белгілерінің жиынтығынан туатын ерекше іс-әрекеті болып табылады.

Сонымен қорыта келе, қылмыстың жалпы түсінігі- сол қылмыстың заңдылық сипаттамасын беріп қана қоймай, оның әлеуметтік-саяси мәнін де ашып көрсетеді. Өмірде қылмыстық құбылыстар әртүрлі нысанда көрініс тауып немесе түрлі түрде болатындықтан қылмыстық заң қылмыстың жалпы түсінігімен бірге нақты қылмыстардың да түсінігін қарастырған.



Қылмыстың жалпы түсінігі — барлық қылмыстарға тән, оның белгілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көрсетілген жеке қылмыстар түрінде нақтыланып, өзінің дамуын табады.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР



  1. Ағыбаев А.Н. /Қылмыстық құқық, жалпы бөлім/ Алматы – 2001 ж.

  2. Звечаровский И.Э. // Уголовная ответственность. Москва - 1995 г.

  3. Даубасов Ш. //Қылмыскерді ұстап беру бойынша көп жақты халықаралық құқықтық механизмдерге Қазақстан Республикасының қатысуы/

Хабаршы №2, 2003 ж.

  1. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы //Алматы – 2001ж

  2. Қазақстан Республикасының қылмыстық – атқару құқығы /Алматы-2002

  3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсінік /Алматы-2001

  4. Лейкина Н.С. // Личность преступника и уголоная ответственность

М. 1995 г

  1. Наумов А.В. //Осы заманғы қылмыстық құқықтың негізгі тұжырымдамалары. Алматы – 1999 ж.

  2. Наумов А.В. // Қылмыстық құқығы/ Астана – 2001 ж.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет