Әлемнің бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне Қазақстанның үлесі Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы - мемлекет тәуелсіздігінің тарихында жеткен ең бірегей жетістіктерінің бірі. Қазақстан 20147 жылы іргелі ұйым құрамында болса, 2018 жылдың қаңтар айында Кеңеске төрағалық еткен болатын. БҰҰ Қауіпсіздік ісінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылған. Ол кездері 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелікке Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған еді. Негізінен, Қауіпсіздік кеңесіне 15 мемлекет мүше саналады. Олардың ішінде тек бес мемлекет, яғни АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция – тұрақты мүшелер. Ал қалған он мемлекет БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды, бітімгерлік миссиясын атқаруды көздейді. Сондай-ақ ұйым халықаралық санкциялар салу және Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары арқылы әскери іс қимыл мәселелерін шешумен айналысады. Негізінен, Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне көбінесе Таяу Шығыс мәселесі, Палестина-Израиль қақтығысы, ҚХДР-дың атом бомбасвын сынақтан өткізуі секілді проблемалар кірген. Статистикалық деректерге сенсек, Қауіпсіздік Кеңесінде көтерілген мәселелердің үштен екісі Африкадағы қақтығыстарға арналған екен.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бастамаларының негізі – Н.Назарбаевтың Кеңеске жолдаған саяси Үндеуі. Онда ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, бейбітшілікті арттыру; жер шарын соғыстар мен қақтығыстардан арылту үшін күш-жігерді біріктіру қажеттіліктеріне баса назар аударған. Үндеуде БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан жұмысының басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемге ұмтылу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу секілді мәселелер айтылған. Сонымен қатар Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция (желі) құруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілетуге мүдделі екені атап өтілген.
1-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер 1.БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі туралы не білесіңдер?
2.БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстан қандай бастамалар көтерді?
3.Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық қалай өтті?
2-тапсырма. Ядро, ассамблея, миссия, санкция, коалиция, атом, статистика сөздері қай тілден енгенін тауып, әрқайсысына сөйлем құраңдар.
3-тапсырма. Мәтіндер бойынша тест құрастырамыз. (10-15 сұрақтан)