6. Қазақстандағы алфавиттер тарихынан: латын, кириллица Кириллица негізіндегі қазақ алфавиті 1940 жылы 10 қарашада Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 5-нші сессиясының қаулысымен қабылданды. Қазіргі кездегі орыс кириллица графикасы негізіндегі Қазақ алфавитін қазақ тілінің білгірі, фил. ғыл. докторы, белгілі түрколог, профессор Сәрсен Аманжолов жасады.
Сәрсен Аманжолов жасаған кириллица негіндегі қазақ әліпбиі де қазақ халқының қажетіне жарап 77 жыл бойы пайдаланылып келе жатыр. Қазаққа бұл кириллица жазуы өте озық жасалған алфавит болғанын, яғни жақсы жағын да атап өту керекпіз. Мысалы, Түркияның ғалымы Әбдіуақап Қара өзінің «Латын әліпби қазақ тілін еркіндікке шығарады» атты мақаласында Түркия халқы латынға 1928 жылы өткенімен онда бар-жоғы 29 әріп бар. Мұнда бірқатар дауыстылар ескерілмеген. Негізі түркі тілдерін 34 таңбамен белгілеуге болады. Бірақ бүгін Түркияның латын әліпбиінде 5 әріп кем болып отырғанын айтады. Тіл ғалымдары, солардың ішінде ең ұтымды алфавиттің Қазақстан қолданған кирилл алфавиті екенін айтуда. Мәселен, түркиялық зерттеуші Хатидже Өсер қазақ-кирилл әліпбиі өзге түркі-кирилл алфавитіне қарағанда, таңбаның графикалық және фонетикалық тұрғыдан бір-бірімен байланысты болуы және бір дыбысқа бірден көп таңбаның болмауына байланысты мұқият дайындалғанын айтады. Бұл тұрғыда қазақ-кирилл алфавитін дайындаған тіл ғалымы С.А. Аманжоловтың рөлінің зор екендігін атап өтеді.
Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Жазу тарихын жан-жақты білу үшін графикалық лингвистика теориясын терең тану керек. Қазақ жазуы мен әліпбиі тарихында А.Байтұрсыновтың араб графикасын қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бейімдеп жасаған әлем тіл білімінде өзінің жетістіктерімен ерекшеленетін сингармоалфавиті мен сингармоорфографиясының маңызы зор болды. Себебі қазіргі жазуымыздың өзі А.Байтұрсынов еңбектеріндегі жазу теориясымен сабақтасып жатыр. А.Байтұрсыновтың араб графикасына негізделген (төте жазу) еңбегі 1912 жылдардан бастап белгілі болып, 1914, 1925, 1926 жылдары әр түрлі басылымдарда елге танылды.Қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріптің қызметін А.Байтұрсынов жасаған әліпбиде 16 әріп пен дәйекші атқарған еді. Қазақ тілінің табиғатына сай келтіру мақсатында араб графикасына өзгеріс енгізген. Ғалым 24 әріптің ішінен араб жазуынан 16 таңбаны дайын күйінде алған да, 8 таңбаны өзі қосқан. Араб жазуынан алынған екі әріптің таңбасы А.Байтұрсынұлы әліппесінде басқа әріптерді таңбалайды.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Г.А. Леонтьева. Палеография. Хронология. Археография. Геральдика. - М.: "Владос", 2001.
2. Г.А.Леонтьева, П.А.Шорин, В.Б. Кобрин. Вспомогательные исторические дисциплины. - М.: "Владос", 2009.
3. С.В. Римский. Вспомогательные исторические дисциплины. - М.: "Высшая школа", 2008.
4. Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. Қазақстан тарихы.Авторлары: Н.С. Бакина, Н.Т. Жанақова, Қ.Қ. Сүлейменова