Сюжеттің шиеленісуі –
Ат саны барған сайын бірден өсті,
Атқа еріп, тамашалап халық көшті.
Аттарды жазып-сызып көрушілер
Санақшы санын бір мың үш жүз десті.
Қызыл шыт тартып беріп баласына,
Көп аттың қоя берді арасына:
«Алдыңа бір-екі-ақ ат салып отыр,
Келгенше сонау жердің шамасына.
Бұл айдау – қырған жорық, байқап отыр,
Барғанша бұлаң құйрық, шайқап отыр;
Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!
Тек қана тізгін қағып жайқа отыр.
Қайтарда тізгініңді тежеп отыр,
Тақымды қамшы салмай безеп отыр.
Бол да отыр бірдің соңы, ызаң озба,
Тек қана бір мөлшерді көзде де отыр.
Көрдің бе, сонау жатқан көк өзекті?
Өткенде сол өзектен салшы тепкі;
Қоя бер басын сонда, қарғатайым!
Өзі алар онан кейін қалған бетті.
Бәйгеге мың үш жүз ат қосылды. Бәйгенің алдында Ақан баласы Ыбанға ақыл-кеңес береді. Барғанша ұрма, қамшы салма, озба деп айтады. Көк өзекке келгенде тепкі сал, аттың басын қоя бер дейді.
Шарықтау шегі –
Алуан ат – торы осында, қара осында,
Не саңлақ, сәйгүліктің бәрі осында.
Күңіреніп, кең даланы дүбірлетіп.
Төгілді ат Ерейменнің саласына.
Жер бетін қағып ұшқан құстай шүйгіп,
Адақтап барған сайын шықты жүйрік.
Төртеудің мың үш жүзден мойны озып,
Құлагер келе жатты тістеп құйрық.
Достарыңызбен бөлісу: |