49. Б. Кенжебаевтың сын зерттеу еңбектері.
Б.Кенжебаев әдеби сынға – 1923 жылдан араласып, қашан көз жұмғанша (1987 ж) қол үзбей, алпыс жылдан астам қалам тартқан сыншы. Әдеби сынның «заметка-сын», «сын-жарнама» секілді шағын жанрынан бастап, рецензия, әдеби шолу, жанрлық талдау, проблемалық мақала, әдеби портрет, естелік, әдеби очерк, монографиялық очерк секілді шалқар мүмкіндігі бар, тынысты жанрларына дейін қалам қарымын байқаған сыншы.
Ғасыр басындағы діни ағартушы-демократ жазушылар Ақмолла Мұхамедияров, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәді Жәңгірұлы, Мақыш Қалтаев, Жүсіпбек Шайхысләмұлы, Көкбай Жанатаевты ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі бір ағым өкілдері ретінде қарады. Зерттеуші бұлар жөнінде: «… шығармаларында демократтық-ағартушылық бағыттан кейде феодалдық, буржуазиялық-ұлтшылдық, буржуазиялық-либералдық көзқарасқа ауытқып жүрген ақын-жазушылар…»[1.41] – деп анықтады. Бұл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы»[2.1-4] қаулысының зәрлі ызғырығына байланысты тартына бағалау, сақтанған қалпы еді. Кейін уақыттың жұмсаруына орай аталған ақын-жазушыларды ағартушылық бағыт өкілдері ретінде қарады. Аталған ақындардан Жүсіпбек Шайхысләмұлы, Көкбай Жанатаевтан өзгелерін жеке-жеке портрет етіп зерттеді.
Б.Кенжебаев арнайы қарастырған қаламгердің бірі – Спандияр Көбеев. Ол аталған қаламгер өмірі мен әдеби мұрасын жан-жақты қарастыруды мұрат тұтпайды. «Біздің мақсатымыз қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ ақын-жазушылары деген жалпы тақырып ішінде Спандиярдың өмірі мен шығармалары туралы қысқаша мәлімет беру, өз пікірімізді айту болады деп талдауға Спандиярдың «Үлгілі тәржіме», «Үлгілі бала», «Қалың мал», «Орындалған арман» деген еңбектерін алады. Бұл шығармалар бұрын да талданған. Ал, Б.Кенжебаев осы шығармалар арқылы өз ойын айтады, өзінше пікір өрбітеді.
«Үлгілі бала» оқу кітабын Л.Н.Толстойдың «Новая азбука», «Русская книга для чтения», К.Ушинскийдің «Детский мир», Ы.Алтынсариннің «Мактубат», «Киргизская хрестоматия» секілді кітаптары үлгісінде құрастырғанын айтады.
«Қалың мал» романында талдап өтеді. Бірақ, Е.Ысмайылов зерттеуіндегідей «Қазақтың тұңғыш романы» деген пікір айтпайды. Өзі көзін көрген, «Еңбекші қазақта» бір кабинетте қатар отырып қызмет істеген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романына қиянат жасағысы келмеген шығар.«Қалың мал» романын тиісінше бағалай отырып бірсыпыра кемшілігін көрсетеді. Романда жетпіс шамалы кейіпкердің аты аталып, бірақ іс-әрекетке қосылмайтыны, образ болып тұлғаланбайтыны, кейіпкер әрекетін (Тұрлығұл. Д.С), оның елге көрсеткен зәбірін айтумен шектеледі, бейнелеп көрсетпейді деген секілді сын пікірлер айтады.
«Орындалған арман» романының алғашқы екі тарауының («Балалық шақ», «Мен оқытушы» Д.С.) дұрыс, көркем жазылғанын айта келіп, соңғы тарауларының сыдыртпалы шыққанын сынайды [1
Жиырмасыншы жылдары М.Әуезов мақалаларында есімі ұшырайтын Нарманбет ақын қырқыншы жылдары Е.Ысмайылов тарапынан жақсы зерттелді. Көлемді алғысөз жазып 1939 жылы ақынның жыр жинағын жариялатқан да Е.Ысмайылов [3]. Ысмайылов оқулығы жабылған соң Нармангбет әдеби мұрасына ешкім арнайы барып зерттеген жоқ. Тек Б.Кенжебаев өзінің докторлық диссертациясында , «Қазақ хандығының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» монографиясында аздап сөз етті, есімін еске салды дерлік аз зерттеуді кейін оқулыққа қоспады. Шамасы тәуекелі жетпеді.Есесіне, бұрын сөз болмай келген Бекет Өтетілеуов, Әкірам Ғалымов есімдерін әдебиет тарихына әкелген Б.Кенжебаев. Кейін әдебиетші Төкен Әбдірахманов зерттеген [5] ақын-жазушылар Б.Кенжебаев тарапынан таныстыру дәрежесінде әңгіме етілген [1.60-62]. Ал, Ж.Шәйхысләмов пен К.Жанатаев есімдерін ағартушы ақындар санатында атағаны болмаса, олар жөнінде ғалым кең тоқталмаған. Докторлық диссертациясында да, монографиясында да солай.
«Қазақ» сынды атын атауға болмайтын газеттерді де сынаған болып, баспасөз тарихына енгізген – Б.Кенжебаев болатын. «Тұрмыш» секілді қолжазба журналды таратып түрлі бағыт ұсынған да – Б.Кенжебаев. Сонымен қатар, 1920-1985 жылдар аралығында баспасөзге ұдайы атсалысқан, басшы (бас редактор, орынбасар, жауапты хатшы Д.С.), қосшы журналист еді. Сондықтан қазақ баспасөзі деңгейін толық таныды. М.Сералин публицистикасының сол ортадағы тарихи ролін дұрыс танытты. «Тырнақ астынан кір іздеген» лайсаң саясат үстемдік құрған кезеңдерден журналист басын, мұрасын кір шалдырмай алып шықты. Осының өзі үлкен ерлік еді. Әйтсе де, Мұхаметжан Сералин бай-құлақ ретінде тәркіленіп, әдеби мұрасы жоғалып, ұрпағы Арал теңізі өңіріне жер аударылған ғой.
Б.Кенжебаевтан өзге әдебиетшілер шығарманың ішкі жүйесіне, әсіресе композициялық құрылысына зер сала бермейтін. Көбіне әңгіме тақырып, мазмұн төңірегінде болар еді. Бұл – Б.Кенжебаевтың ілгерілеу басқан қадамы, зерттеу ерекшелігі деуге болады.
Б.Кенжебаев қазақ әдеби сынының тарихына да еңбек еткен ғалым. Бұл туралы Р.Бейсенбаева өз еңбегінде «Б.Кенжебаев алыптар тобының алығ сапында тұрған бес тұлға жөнінде де жазды. Алдындағы ағалары жайында жазғандары әрине үлкен, қомақты, монографиялық зерттеулер емес. Көбін көзімен көрген ағалары, жанымен сезген, шындықпен суарылған, шеберлікпен жазылған еңбектер болғандықтан олар жайында ойын сыншы ретінде сабақтады» – деп, ғалымның сыншылық сипатын нақтылай түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |