5 Қазақстан номадтарының мәдениеті Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет



Дата07.02.2024
өлшемі55.5 Kb.
#491134
5 Дәріс


Дәріс №5 Қазақстан номадтарының мәдениеті



  1. Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет;

  2. Номадизм мәдениеттің түрі ретінде. Қазақстан аумағындағы ежелгі көшпелілер мәдениеті

Адамзат тарихының тас дәуірі, мыс (қола) және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінетіні белгілі. Соның алғашқы кезеңінде өмір сүрген адамдардың тастан құрал жасап, ол құралдардың археологиялық қазба жұмыстарының барысында бізге жетуі «тас дәуірі» деп аталатын шартты атаудың шығуына себеп болды. Осы дәуірдің өзі үш кезеңге бөлінді. Палеолит -бастапқы, ежелгі; мезолит – орталық,; неолит – соңғы кезең. Бұл кездерде адам баласы дамудың аса ұзаққа созылған азапты жолын өтті. Осы жолда олар үнемі ізденіп, тіршілік тәжірибелерін жетілдіріп, табиғатпен тіл табыса білді. Олардың мезолит кезеңінде садақпен жебені ойлап табуы, шағын тастардан әртүрлі қалақшалар жасауы қажымай-талмай алға басудың жемісі болды. Біздің заманымызға дейінгі бесінші мың жылдықта басталған неолит дәуірінде тас құралдарыкеңінен пайдаланылды. Тастарды тегістеу, тесіп, бұрғылау, ағашты арамен кесу сияқты технологиялық әдістердің игерілуі, тұрмыста тас балта, кетпен, дәнүккіш, келі, келісаптардың пайдаланылуы үлкен жетістік болды.
Тас дәуірін ауыстырған қола дәуірінің тұсында діннің бүгінгі бітім-бейнесін қалыптастырып үлгерген Еуразияның ұлы даласын мекендеген адамдар қолға мал ұстап, жерге дән сіңіріп, бірлесіп аң, балық аулау, сөйтіп, топтанып өмір сүру салтын игерді. Еңбек құралдарына ортақ меншік қалыптасты.
Біздің заманымыздан бұрынғы 5 мың жылдықта басталған неолит тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір болды. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары дүниеге келген. Сонымен қатар керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі аналық рулық қауым дәуірі еді. Онда бірігіп еңбек ету және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар туыстық жағына және шаруашылықтың түріне қарай құрылды. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен , егіншілікпен және кен өнеркәсібімен шұғылдана бастады.Сөйтіп, өндіруші шаруашылық пайда болды. Бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына – жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді.Қазіргі уақытта Қазақстан жерінде 600-дей ескерткіш қалдықтары сақталған. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта ежелгі Қазақстан аумағында мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарына да жиі қолданылатын болды. Қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайынның, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқыту температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қазақстан жеріндегі ертедегі адамдар түсті металдар өңдеуге, әсіресе мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында – I мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталды.
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі-Қазақстан Жері. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениеті дәуірінде халықтың басым көпшілігі отырықшылықта өмір сүрген. Өзендердің, көлдердің жағасындағы жайылымы мол жерлерге орналасқан патриархаттық отбасылардың үйлері мен үлкен жер төлелері болған. Олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткені, бұл кезде мал бағу кәсібі басымырақ еді. Тайпалар малшылық-егіншілікпен аралас шұғылданды.
Андронов мәдениеті дәуірінде адамдар металдан еңбек құралдарын, қарулар және сәндік заттар жасауды жақсы білген. Олар түбі шығыңқы балталар, сағасында ойығы бар пышақтар, балға, шоттар, найзалар мен жебелердің өзгеше ұштары, білезіктер, айналар, моншақтар және әр түрлі ілмешектер, егінді оратын орақ, пішенді шабатын шалғы сияқты құралдарды өздері жасап күнделікті тұрмыста кеңінен қолданды.
Андронов мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А.Я. Тугаринов ашты. Содан бергі өткен уақыт ішінде Кеңес елінде, сонымен бірге Қазақстанда бұл мәдениетке қатысты орасан көп археологиялық материалдар жиналды. Андронов мәдениеті қола дәуірінің алғашқы кезеңін (б.з.б. XVIII-XVI ғасырлар) және орта кезеңін (б.з.б. XV-X ғасырлар) түгелдей қамтиды.
Орталық Қазақстанда қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. X-VIII ғасырлар) Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары Дәндібай-Беғазы мәдениеті болғанын білеміз. Ол Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жеріне қарай аталған. Дәндібай-Беғазы мәдениеті Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ даладан табылған көптеген ескерткіштерімен сипатталынады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы-2, Ортау-2, Байбала-2, Бесоба, Бұғылы-3 кешендері жатады. Бұл ескерткіштерге тән нәрсе, бір жағынан Андроновтық дәстүрлердің сақталуы, екінші жағынан, мәдениеттің жаңа элементтерінің,тұрпаты ерекше бейіттік тамдардың, жатаған, домалақ ыдыстардың пайда болуы. Жерлеу ғұрпы да Андронов мәдениетіне тән емес. Әдеттегі бүктелген қаңқалармен қатар аяқтарын созып, шалқасынан жатқызылған қаңқалар да кездеседі. Мұндай жерлеу ғұрпы кейінгі ерте темір дәуірінде Қазақстан жерінде тұрған малшы тайпаларда кеңінен тараған.
Беғазы мәдениеті дәуірінде жерленгендерден мүлік теңсіздігінің болғанын да байқаймыз. Басына обалар жасалып, оның айналасы ірі гранит тақталармен белдеуленген молалар да кездеседі. Бұл патриархаттық-рулық қоғамның көрнекті мүшелерінің қабырлары. Тағы малдарды, жануарларды қолға үйрету көшпелілер қоғамы дамуының заңды кезеңі.
Қазақстан жерінде мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дамыған. Мәселен, Усь-Нарым қонысында (Шығыс Қазақстан) табылған қыстырма орақтар егіншіліктің болғанын көрсетеді. Тастан астық үгетін құралдар: астық түйгіштер, тоқпашалар, келілер, келсаптар жасалған. Егін жинауда алғашқы кезде пышақ пайдаланылған болса, соңғы қола дәуірінде әр түрлі қола және мыс орақ, шалғы қолданылады. Алқаптарда негізінен бидай, қарабидай, тары егілген.
Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштерінің дамуына мал өсіру және егін егумен қатар әр түрлі рудаларды өндіру, тас пен сүйекті пайдалану аса маңызды роль атқарған. Оған Қазақстан жеріндегі мыстың, қалайының және алтынның бай кендерінің болуы қолайлы жағдай жасаған.
Қола дәуірінде Қазақстан жерінде мекен еткен тайпалардың қоныс жайларын анықтау мақсатында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілді. Солардың нәтижесі көрсеткеніндей, әдетте қоныс өзендердің жағасында, жайылы- мы мол мүйісте, көлдің маңына орналасқан. Қоныстар 6-10 үйден, үлкендері 20 үйден тұрды. Өзен жағасында олар бір немесе екі қатар болып тізілген. Мүйістегі үйлердің ортасынан кең алаң-қотан қалдырылған. Тұрғын үйлердің аумағы кең 100 шаршы метрден 300-400 метрге дейін жеткен.
Қола дәуірінде Қазақстан жеріндегі тайпалардың өмірге керекті және үй тұрмысына қажетті заттарды істеп шығара бастағанын байқаймыз. Мал шаруашылығы адамдарды тек тамақтандырып қана қойған жоқ, сонымен қатар киім-кешекпен және аяқ киіммен де қамтамасыз етті. Сойған малдың жүнін түтіп, оны иіріп киім етіп қию үшін жаңадан ұршық және қарапайым тоқыма станогі пайда болды. Бұлар бірнеше қазбалардан табылды. Мұның өзі сол тұста қазақ даласындағы үлкен жетістік еді. Адамдар малдың терісін өңдеп, үстіне тон, басына тымақ, аяғына киім етіп киетін болды. Жүн киімдер қойдың биязы жүні мен ешкінің түбітінен тоқылды.
Қоныстарды мекендеушілерде керамика ыдыстарын жасау кеңінен дамыған. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Бұл тұстағы құмыра жасаушылардың көбі әйелдер болды. Күйдірген балшықтан ыдыс-аяқтардың бірнеше түрі жасалған. Ыдыстарға әшекейлеп өрнек салын- ған. Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалынды.
Қола дәуіріндегі тайпалар жауынгерлік қару жасап, оларды үнемі жетілдіріп отырған. Ол кездегі негізгі қарулар найза, күрзі, дүмі шығыңқы балта, шот болды. Кейбір жауынгелердің қанжарлары болған.
Рулық құрылыстың ыдырағанын және мүлік теңсіздігінің шыққанын қорымдардың қалдықтарынан да көруге болады. Кедейлердің қабірлері қарапайым және саймандары да қарапайым. Ал байлардың қабірлерінен алтын және қола заттар мен шебер өрнектелген балшық ыдыстары табылған. Отбасы иесінің, ру мен тайпа көсемдерінің молалары үстіне биік етіп топырақ оба үйілген немесе үлкен-үлкен гранит тастардан қоршау жасалынған.
Қола дәуіріндегі тайпалардың діни нанымдары мен сенімдеріне келетін болсақ, ол тұстағы адамдардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болғандықтан, олар табиғат күшін киелі рух деп білген. Бұл күштер ең алдымен су, күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі еді. Күн мен от жарық жылылықты береді, мұның бәрі қайырымды құдіретті рухтармен байланыстырылды. Адам мен жануарларға сусыз өмір жоқ, сондықтан суға да, сол сияқты, ай мен жұлдызға да табыну сияқты наным күшті болды.
Қола дәуірінің тайпалары ата-бабаларына сыйынған және о дүниеге сенген. Ауру адамдарды емдеу және оларды өлімнен сақтап қалу әрекеттері де болып отырған. Ол әрекеттер нәтиже бермеген жағдайда өлген адамды о дүниеге қажет деп санаушылық, о дүниеде тамақ керек деп, тамақ пен киіммен, құралдарымен қару-жарағымен, сәндік заттарымен барынша жақсылап көму – қола дәуіріндегілерге тән рәсім.
Қола дәуірінде күнге, отқа, суға, айға, жұлдыздарға және қорғаушы рухтарға арнап құрбан шалу ғадеті де болған. Кейін келе адамның ой-өрісінің өсуі нәтижесінде, оның өзі туралы және табиғат жөнінде ұғымы күрделілене түсті, сөйтіп, діни дүниетаным келіп шықты. Қорытып айтқанда, қола дәуірінің соңғы кезінде өндірістік жабдықтарға және өндіріс өніміне ортақ меншіктің пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап, отбасылық меншік пайда болды.
Қазақ халқының негізін құраған халық болыпқалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жолсалған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар туралы айтқанда оның қазақатауының шығуына да әсерін тигізгені көптегенеңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» деген еңбегінде «Қазақтар – түрік, моңғол тектес халықтардың екі бұтағынан (ғүн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады. Сақтардың ұзақ жылдар дамып қалыптасқан биік мәдениеті болған. Жазуы қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген руй жазуы немесе түркі жазуы деп есептеледі. Осы жазумен жазылып қалған көптеген деректер қазба жұмыстарының барысында мол табылған. Сақтардың жалпы адамзаттық мәдениеттің асыл нұсқасы деп бағаланып жүрген даналық өрнектерінен (скифский зверинный стиль) бүгінгіге жеткен мұра көп. Олар Алтайдағы Пазырық қорғанынан, Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған. 1969-1970 жылдарда Алматы қаласынатаяу жердегі Есік өзенінің сол жақ бетіндегі Есік обасын қазған археологтар ертедегі Жетісу өңірін жайлаған сақтардың экономикалық өмірі, өнерімен мәдениетінен деректі мағлұмат беретін мол мұраға кездесті. Жалпы жұртқа «алтын адам» деген атпен белгілі болған бұл мұра басын батысқа беріп шалқасынан жатқызылып жерленген 17-18 жастағы сақ жауынгерінің бойынан табылды. Жалпы сақтар өздері тұтынған қару-жарақ, ыдыс-аяқ тағы басқа нәрселеріне әртүрлі малдар мен аңдардың, қошқарлардың, текенің, аттың, түйенің, қодастың, арыстанның, аюдың суреттерін салып әшекейлеуді ұнатқан. Көшпелі сақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттері бар күмістен, темірден жасалған ыдыс-аяқ, тарақ қаруларды археологтар сақтардың жерленген жерінен де тапқан. Өлген адамның жанына бұлармен бірге марқұмның көзі тірісінде мініп жүрген аты да көмілген. Қабірдің үстіне топырақтан оба жасалып ол таспен қоршалатын болған. Сақтардың діні тәңірлік дін. Олар Көк тәңірінетабынып, табиғатпен тіл табысуды тіршілік мұраты деп білген. Сақтардың қалыптасқан наным сенімі биік мәдениеті болған. Бүкіл Евразияның байтақ даласын күн шуақты – алтынды «аң тәсілді» өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, біртума ескерткіш Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» кейіпі жерленген мәйіттің басынан аяғына дейін алтынмен апталған киім киісіне қарағанда, оның анау-мынау адам емес, патша сарайы қызметшісі немесе бір тайпа елдің көсемі екеніне шүбә келтірмейсіз. Алтын адам киімі – сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы. Бұл тек құнды археологиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры.
Әлем мәдениетіне қайталанбас, эстетикалық талғамы зор өнер стилін әкелген сақ-скиф тайпа бірлестіктері басқа елдердің өнерінің дамуына игі ықпалын тигізді. Көшпенділер өнерінің шуағы бір шеті Қытайға, екінші шеті ертедегі Иберияға (Испания) дейін жетті. Сол дәуірде скиф-сақ тайпалар бірлестіктерінің ішіндегі аландар, совраматтар, сарматтар ежелгі грек, Римге дейінгі жерді жайлап, тіпті кейде сол өңірге өз үстемдіктерін жүргізіп те отырған. Кейіннен сақтарды безендіру ағымының ықпалынан полихромдық өнер ағымы пайда болды. Полихромдық ағымда негізінен екі бағыт қатты дамыды; оның біріншісі – дәнекерлеп жасаған ұяларға түрлі–түсті тастар орнатылады, сонымен бірге әсем түйіршіктер мен жылтырлаған сымнан өрнектер жасалды, екініш бағыттағыларда фон (түс-қабыршық) болмайды дәнекерленіп жасалған қоршауларға асыл тастар орнатылады. Осы екі бағытта жасалған әшекей заттар Қазақстанның кең байтақ даласында көптеп табылуда. Көбінесе, солардың ішінде; сәукеле, шекелік, жүзік, сырға белдік, қын, қылыштың сабы т.б. заттар кездеседі.
Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтап қалыптастырған мәдениеті мен өнері сол елдің өзіндік паспорты (құжаты) сияқты. Соған қарап-ақ ол халықтың қаншалықты дамыған өркениетті ел екенін, тарихын топшылап, көңіл сарайында таразылап білуге болады. Жалпы адамзат тарихына көз жіберсек, «көшпенділер» деген атпен әйгіленген сақ-скиф тайпа бірлестіктеріне кіретін халықтар өмірі мен мәдениеті еске түседі. Тақырыбымыздың басында атап өткеніміздей, міне осы көшпенді бабаларымыз кезінде бір шеті Қытай, екінші шеті Солтүстік мұзды мұхит бір жағы батыс Европаны басып өтіп, Мысырға дейін көшіп-қонып, әр дәуірде билік құрып, үстемдік еткен. Олардың сол кезеңдерде түрлі елдің мәдениетіне, өнеріне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі сезіледі. Көшпенділердің сол мәдени ықпалын қаншама жылдар бойы ұлы державалық саясат жасырып-жауып айтпай келді, тек соңғы кездерде ғана сең сөгілгендей болды. Тарихи шындықты қалай да бұрмалап, бүркемеленгенмен, бәрібір түнекті жарып шығып, өз орнын табады, солай болды да.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет