А. Құсайынов атындағы орта мектеп
«Ардақты ана, қамқоршы ұстаз және мен» сайысының өту жоспары.
Тақырыбы: «Ардақты ана, қамқоршы ұстаз және мен»
Мақсаты: Оқушыны халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуде мұғалім мен ата-ананың бірлескен жұмысын нығайту.
Көрнекілігі: «Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі-аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық. »
«Дүниеде өзгермейтін үш нәрсе бар: ол-ананың ақ сүті, сәбидің күлкісі, күннің нұры»
Сайыс жоспары:
-
Топтың өзін таныстыруы.
-
«Ата дәстүрі- асыл қазына».
-
«Тәтті ән мен әсем күй».
-
«Он саусағы майысқан, шебер болар ұрпақпыз».
-
«Аталар айтқан асыл сөз».
-
«Ас – адамның арқауы».
Сайысқа 9-10 сынып оқушылары қатысады. Әр сыныптан құралған топтың құрамында: оқушы, анасы, сынып жетекшісі. Сайысқа қатысқан 2 топ:
1. «Арулар»
2. «Үкілі қыздар»
1-жүргізушінің кіріспе сөзі:
-
Қош келдіңіздер, құрметті аналар, ұстаздар және оқушылар. Сіздерді көктемнің лебімен ілесе келген 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға бақыт тілеймін!
«Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі-аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық.
Жан кешкен баласы үшін, бағы үшін де,
Халқының, отбасының қамы үшін де.
Аналар-шексіз әлем, күннің нұры,
Тіршілік көзі жатыр әр ісінде»- дей келе бүгінгі сайысқа келіп отырған аналарымызды ортаға шақырамыз.
Біздерден бар білімін аямаған.
Таңертең күнде құшақ жаяды алдан – деп, жас ұстаздарды ортаға шақырамыз.
Ұлылардан жақсылықты теретін,
Ой маржанын көпке ұсынып беретін.
Барлығынан ардақтысы өмірдің,
Әлемдегі жақсылыққа еретін.- деп шәкірттерге кезек береміз. Олар: Айнұр,Әсия, Марал, Айжан, Нұршагүл, Роза
І. Әр топ өздерінің орындарына жайғасқаннан кейін, кезекпен әр топтың өзін таныстыруы.
Сәлемдесу атадан қалған салтымыз,
Осы салтты ұстанады халқымыз.
Сайыскерлер өнерді сал ендеше,
Амандасып көріңіздер өзгеше
ІІ. Қазақ халқы салт дәстүрге өте бай ел. Бұл оның мәдениетті, әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Нағашыбай Шайкенов «Ұлт дәстүрі – заңнан да биік», - деген. Демек салт дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры биік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, үлгілі жөн-жосықпен, әдепті ырым - тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген.
Халқыңа деген құрмет оның салт дәстүрін қастерлеумен бағаланады. Ал, дәстүр өмір сүру салты, ендеше топтарды осы тұрғыдан да сынайық. «Ата дәстүрі- асыл қазына» шарты бойынша әр топқа алма кезекпен сұрақ беріледі. Қыздарға арналған сұрақтар:
-
Жеті санына байланысты салт-дәстүрді білесіз бе?
(жеті ата,жеті қазына, жеті нан, жеті күн)
-
Балаға байланысты салт-дәстүрлерді атаңыз.
(бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндетке отырғызу)
-
Батаның қандай түрлерін білесіз?
(Наурыз бата, жас отауға арналған бата, ас қайыру батасы т.б.)
-
Ұлттық ойын түрлерін атаңыз.
(соқыр теке, шертпек, ақсүйек, орамал тастау, сақина салмақ т.б.)
-
Мүшел жасты атаңыз.
(ер жете бастау, жігіттік шақ, ақыл тоқтау, орта жас, қарттық, кәрілік, қалжырау, шөпшек сүю, немене сүю)
-
Қазақ халқының ұлттық киімдерін атаңыз.
(сәукеле, тымақ, бөрік, кимешек, шапан, ішік, кәмзол, мәсі т.б.)
-
Қазақ елінде ертеден келе жатқан мейрамдар бар?
(ораза айт, рамазан айт, наурыз тойы, соғым басы, сабан той т.б.)
-
Қандай жілік қыз балаға берілмейді?(кәрі жілік)
-
Төс пен асықты жілік кімге тартылады? (күйеу балаға)
-
Құйымшақ кімге беріледі? (қыз-келіндерге)
-
Қонақтың қандай түрлерін білесіз?(арнаулы шақырылатын қонақ, жора-жолдас, туыс-туған,)
-
Малдың басы мен жамбасы қандай қонаққа беріледі?(көбіне құдаға, үлкен кісілерге, сыйлы қонаққа)
-
Байғазы деген не?(балалардың жаңа киімі, заты үшін берілетін ақшалай, заттай сыйлық )
-
Базарлық деген не?(алыс сапарға, саяхатқа шыққан адамдар көршілеріне, туыстарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі)
-
Қазақ халқының ұлттық тағамдары (қазы-қарта, жал-жая, шұбат, құрт, ірімшік)
-
Көрімдік деген не? (жас нәрестені, жаңа түскен келінді көру үшін берілетін сый-ақы)
Ұстаздарға тапсырма: Қыз тәрбиесіне байланысты мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп береді (2-3 мақал)
Аналарға тапсырма:Үйіңізде балаңызға қыз тәрбиесіне байланысты қандай тыйым сөздерді айтасыз?
ІІІ. Абай атамыздың сөзімен айтқанда
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Тәтті ән мен әсем күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй»- кезекті өнер сайысына береміз. Әр топ өзінің кезегінде ән айтып, би билеп өздерінің өнерге икемділігін байқатты.
ІV. Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз (бұл шарт үй тапсырмасы ретінде берілді.). Өздерінің үйден дайындап келген қолөнері туралы айтып түсіндіреді.
V. «Аталар айтқан асыл сөз» бөлімінде мақал-мәтелден сайысқа түсті. Мақалдың басы айтылып, соңын өздері жалғастырды. Сіздерге мақалдың бірінші сөзін айтамын, сіздер жалғасын табасыздар.
1. АНА (Ананың көңілі балада,
Баланың көңілі далада)
2. ӨНЕР (Өнер алды қызыл тіл)
3. ӘДЕП (Әдепті бала – арлы бала
Әдепсіз бала – сорлы бала)
4. Қыз жоқ жерде – қызық жоқ
5. НАН (Еңбектің наны тәтті,
Жалқаудың жаны тәтті)
6. ОҚУ (Оқу инемен құдық қазғандай)
7. ЖАҢБЫР (Батыр туса ел ырысы,
Жаңбыр жауса жер ырысы)
VІ. «Ас- адамның арқауы» бұл бөлімде ұлттық тағам түрлерінің біреуін, олардың жасалуын түсіндіріп өтті.
VІІ. Қорытынды. Сайыс шарттарына сай, жинаған ұпай санымен алға шыққан топ анықталады.Әділқазылар алқасы қорытынды жасағанша көрермендермен «Жылы сөздер» ойыны ұйымдастырылды. Ортаға екі оқушы шақырылады, әр қадам жасаған сайын анасына деген жылы сөз айтуы тиіс, кім көбірек айтса, сол жеңімпаз.
Осымен бүгінгі мерекеге орай өткізіліп отырған сайысымыз аяқталды. Қатысқандарыңызға көптен – көп рахмет! Келесі көктем мерекесіне аман жетейік, көріскенше күн жақсы болсын ағайын!
Достарыңызбен бөлісу: |