Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлеңдерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды. Абай И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.
Достарыңызбен бөлісу: |