Абай қҰнанбаев



Дата14.06.2016
өлшемі0.83 Mb.
#135706
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ

(1845-1904)

Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы "Қазақ" газетінде жарияланған мақаласында Абайды "қазақтың бас ақыны" деп бағалады. Шынында да, Абай – қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ суреткер ақын. Оның шығармаларында өз тұсындағы қазақтың қоғамдық өмірінің, халық тіршілігінің шытырман шындығы терең де көркем бейнеленген.

Абай өлеңдері "қиыннан қиысып", "айналасы жұп-жұмыр тегістілігімен" көңілге ұялайды. Жаңа ой, мазмұнына лайық өзгеше көркемдік қуатқа ие Абай қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды. Өлеңді өмір сыры туралы кемеңгерлік ойтолғамдармен, адам сезімін, оның көңіл күйін әсерлі бейнелейтін жоғары сапалы лирикамен жаңартты.

Кіршіксіз, адал махаббатты жырлайтын, табиғат жарасымын суреттейтін ғажайып өлеңдер тудырды.

Абайдың композиторлық шығармашылығы да қазақ өнері тарихында үлкен жаңалық болып табылады. Оның өз өлеңдеріне шығарған әндерінде заман ауыртпалығын тартқан адамның мұңы да, сүйіскен жастың жалынды сезімі де айқын көрінеді. Абай адам өмірін мағыналы етуді, нұрлы ақыл, адал еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті, имандылықты ұрпағына өсиет етті, адамның рухани азаттығын жырлады.

Сондықтан да ұлы жазушы М.Әуезов Абайды: "Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі", – деп бағалады.

"Аталарындай атақты болсын!"

Кең-байтақ қазақ жерінің шығысындағы бір құтты қоныс, қасиетті аймақ ол кезде Семей облысы аталатын. Соның төскей төрінде көне тарихтың үнсіз куәсі – әйгілі Шыңғыс тауы жатыр мұнартып. Сол таудың көп бұлақ, көк өзенді жал-жоталары ақбоз үйлер мен төрт түлік малға толы жаз кезі-тін. Осы қалың ел ішіндегі көкмайса көркем қоныстағы бір ауылдың сәулеті өзгеше, сонысынан да ма, аздап сұстылау көрінетін. Міне, сол ауылда, 1845 жылдың тамыз айында нәресте дүниеге келді. Нәрестенің өмірге келуі, оның үстіне – ұл болуы – ол заманның қазағы үшін тіптен ерекше қуаныш еді. Ел молдасы азан айтып, баланың құлағына үш рет айқайлап, атын қойды. Былайғы қалың қазақтың қарапайым тілімен Ыбырайым демей, нәресте туған үйдің өзгешелігіне бейімдеп – арабшасына жақындата Ибраһим деп атады. Құрметті ақсақалдар мен ажары ашық бәйбішелер бала туған үлкен ақ үйге кіріп: "Бауы берік болсын! Ата-бабаларындай атақты, абыройлы болсын!" – десіп жатты. Шынында да, бұл баланың ата-бабалары өте атақты болатын. Арғы түбін айтпағанның өзінде, жас Ибраһимнің туған атасы әйгілі Өскенбай би еді. Ол кісі бұ күнде дүниеден қайтқан. Шыр етіп түскен сәбиді етегіне орап, көтеріп алған мейірбан жүзді қарт әйел, әне, сол қадірлі бидің бәйбішесі, яғни мына сәбидің туған әжесі Зере болатын. Әкесі — Өскенбай бидің өжет баласы, жасында жау түсіргіш қарулы жігіт болған, бүгінде ел "қарадан хан болған" деп марапаттайтын аға сұлтан Құнанбай-тын. Шешесі мінезге бай, ауылға жайлы, сонысымен аса сыйлы Ұлжан бәйбіше еді. Бұл кісі де текті жерден шыққан. Әсіресе өткір сықақ-мысқылға жүйріктігімен аты шыққан елдің қызы. Абайдың біреудің мінін ащы тілмен, ажуа-мысқылмен мінегіштігі шешесінің төркіндерінен – нағашы жұртынан жұққан десетін жұрт. Әлгінде үлкендер жаңа туған нәрестеге "ата-бабаларындай атақты, абыройлы болсын!" – дегенде, меңзеп отырғандары осылар болатын.

Иә, бұл бала кейін атақты болды, бірақ ата-бабаларындай өз ру-тайпасы мен іргелес елдерге ғана емес, тіпті бүкіл қазаққа ғана емес, күллі әлемге Абай деген айтуға жұмсақ қазақы есіммен мәшһүр атақты ақын, ойшыл болды.

Абай туғанда "бауы берік болсын" айтушылардың: "Ата-бабаларындай атақты болсын!" – деулерінің мәнісі не еді?



Әкенің саясы, ананың аясында.

Абайдың бала кезінде әкесі Құнанбай ел басқару жұмысымен жүріп, үйінде сирек болатын. Соның өзінде оны сәлем беріп немесе әр алуан шаруамен келген ел кісілері босатпайтын. Әйтсе де сол қысқа әрі сағынышты кездесулерден алғыр Абай әке мінезін танып, сезімтал жанымен аңғарып өсті. Оның бойына әкесінің батылдығы мен кызу қандылығы, жігерлілігі мен алғырлығы дарыды. Алайда болашақ ақынның балалық шағы, негізінен, қос ананың – әже мен шешенің бауырында, тәрбиесінде өтті. Қайныларының атын атамайтын қазақ салты бойынша бұл ауылдың жас әйелдерінің оны Телғара деп кетулері де сол екі енені тел (қатар) еміп өскен дегенді білдіретін. Тіпті сүйікті немересінің азан айтып қойған Ибраһим деген атына тілі келмей, оны "ойлы болсын, аңдағыш болсын, абайлағыш болсын" деген тілекпен Абай атандырған да сол аяулы кәрі әже-тұғын. Өзара өте тату екі ана – әже мен шеше жаратылысынан байсалды, мейірбан, әділ адамдар болғандықтан, өздерінің мейірі қатты ауған бұл баланы бауырмал, адамгершіл, қайырымды да әділ етіп өсіруге тырысты.

Абай өңі қараторы, екі көзі тостағандай әрі өткір, кең маңдайлы, дембелше бойлы бала болыпты. Мінез жағынан ширақ, өткір, аңқаулығы мен тентектігі де аралас болса керек. Әсіресе, ол аса ұғымтал, бір көргені мен естігенін ұмытпайтын зерделілігімен айрықша көзге түсетін. Кейін кемеңгер Абай адамның ең жақсы қасиетіне санаған "білмекке құмарлық" өзінің туа біткен мінезі десе де болғандай. Оның бала кезін білетіндерден қалған сөзге Қарағанда, Абай ертегі-аңыздар, ел ішінің өткен өмірінен қалған алуан түрлі әңгімелер, өлең-жырлар десе, ішкен асын жерге қояды екен. Мұндайда көп мазалайтыны сондай әңгіме-хикаяларды, әсіресе ертегілерді көп білетін әрі нақышына келтіріп жалықпай айтатын өзінің әжесі еді. Шешесі Ұлжан да ара-тұра хикая құмар ұлына ел ішінің күлкілі оқиғаларын мысқыл, сықақ қоса отырып, қызықты етіп әңгімелеп беретін.

Абай осы әдетін өмір бойы тастамаған. Көп жылдар оның қасында болған Көкбай ақын: "Өзі біреуге ұзақ әңгіме, жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда, еш уақыт басқа, бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын", – деп жазған. Осындай сөзді баласы Тұрагүл мен қызы Уәсила естеліктерінен де оқимыз. "Әкем Абай туралы" атты естелігінде Тұрагүл былай дейді:

"Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, я өзі айтып отыратын әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын естімеген кісіше, ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан (қателескен, жаңылған – Ұ.А.) жері болса, өзі (түзетіп) айтып береді. Қазақ ертегісінде естімеген, білмеген ертегісі кем шығар. Қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені (жауласкан елдері – Ұ.А.), харекеті (кәсібі, шаруасы – Ұ.А.) не екені, елдің арманы, (бүл ертегілерді) білімінің қандай кезінде шығарылғандығы көрінеді деуші еді".

Бұл кезде бір тайпа елдің анасы, көптің тілеуқорына айналған Зере әжеге, оның ара сұлтан баласы Қүнанбайға сәлем беруге, не маңызды бір шаруамен бұл ауылға келуші ел ағалары, атақты билер мен ақын-жыршылар, әнші-күйшілер, жат жұрттық жолаушылар үзілмейтін. Ол кездің әдеті бойынша, олар жата-жастанып өткен-кеткенді, бұрынғының әр алуан қызықты да қайғылы оқиғаларын айтысып, келген шаруаларын тек кетерде сез ететін. Ал сол қонақ отырған үйдің ең ынталы да жалықпайтын тыңдаушысы – Абай-тұғын. Ерекше зерек бала үшін мұның бәрі туған халқының әдет-салтын, сөз өнері мен тарихын, игі жақсыларының үлгі-өнегесі мен мінез-машықтарын білудің, танудың өзінше бір тамаша мектебі еді. Оның үстіне, солардың арасындағы атақты ақын-жыршылар, әңгімеші-ертегішілер Зере мен Ұлжан аналардың өтінішімен апталап, айлап жатып, жас Абайды әңгіме-жырға қандыратын. Ауыздан-ауызға көшіп, келе жатқан шешендік үлгілері, ақындар айтысы, билер дауы, неше түрлі күлдіргі сөз, тапқыр әзіл-сықақтар ынталы баланың ұтқыр жадында өшпестей болып қалып отырды. Абайдың еңбекқор төзімділігі, аз ұйықтайтын сергектігі, тамақты тарта ішетіндігі де бала шағынан бойына мықтап жұққан мінез болыпты. Абай жасы ұлғайған шағында да келген қонақтарымен түннің бір уағына дейін сөйлесіп отырып, олар ұйқыға жатқан соң, өзі оңаша кітап оқып не өлең жазады екен. Соның өзінде таңғы сағат 5–6-ларда елден бұрын тұруды әдет еткен. Сол заманда бала-шаға қақпай көрмей, үлкендердің жанында жүретін. Ас пен той, басқа да толып жатқан мереке-қызықтарда елгезек, аңғарымпаз Абай өнегелі, білімді қауымға жақын жүрген соң, ұққан-білгені аз болмағаны аян. Әрине, мұның бәрі бала Абайдың өз қалау, сұрауымен ғана болмаған. Бұрынғыдан келе жатқан бұлжымас салт бойынша, әкесі Құнанбай да, аналары да сүйікті ұлдарының өздерінің абырой-мәртебелеріне лайық болып өсуін қатты қадағалап, бағыттап отырған. Сөйтіп, Абай 9 жасына дейін ауыл молдасынан оқып, хат танып, қазақтың ескілікті әңгімелеріне қанып, ана тілінің сөз байлығы мен көркем нақыштарын едәуір меңгереді. Айналасындағылармен әзіл-қалжың түріндегі сөз қағыстыруларда оның тілінде тақпақ, ұйқасты оралымдар ұшыраса бастайды. Қазақ салтында бар бірер ауыз өлеңмен сөзге тарту, біреудің кемшілігін өлең қылу сияқты қылықтар да кездесіп қалып отырады. Бірақ, бұл оның ақындық жолға талпынысы емес еді. Өйткені, Құнанбай сияқты кісілер тұқымына ақын-әншілікті кәсіп қылу мін саналған. Тілді, тапқыр Құнанбайдың өзі де, оның әжелері мен аталары да бірер ауыз өлең шығара беретін болған. Ондай өлең сөздерінің ел есінде сақталып, біздің заманға жеткендері де жоқ емес. Бірақ олардың ешқайсысы да онысын ақындық санамаған. Әйтсе де кішкентай Абайдың үлкендерге еліктеп әзіл-оспақ ретінде шығарған шумақтарынан туа дарыған ақындық танылғандай. Болашақ данышпан ақынның 10 жасында шығарған сондай бір шумақ өлеңі сақталған. Оның шығармаларының толық жинақтары, әдетте, сол өлеңмен басталады.








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет