Абдимомынов н. Т



Дата23.02.2016
өлшемі179.31 Kb.
#6314
ӘОЖ 94 (100)
АБДИМОМЫНОВ Н.Т.

Тарих мамандығы бойынша PhD, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті


МИХАИЛ VIII ПАЛЕОЛОГ БИЛІГІ КЕЗЕҢІНДЕГІ (1261-1282) ВИЗАНТИЯНЫҢ АЛТЫН ОРДАМЕН САЯСИ

БАЙЛАНЫСТАРЫ
Аңдатпа

Мақалада Михаил VIII Палеолог (1261-1282) билігі кезеңіндегі Византия империясының Алтын Ордамен саяси байланыстарын зерттеу көзделген. Мақаланың жаңашылдығы – отандық тарихнамада тақырыптың алғаш рет зерттелуі, тақырыпқа қатысты араб-мысыр деректерін пайдаланумен қатар, замандас византиялық тарихшылар Георгий Пахимер мен Никифор Григордың тарихи мәліметтерін кеңінен пайдаланылуында болып отыр. Сонымен қатар, тақырыпқа қатысты мәселелер бойынша Михаил VIII Палеологтың Алтын Орда билеушісі Берке-ханмен, түменбасы Ноғаймен, Ирандық Елхандармен, Мысыр мәмлүк сұлтандарымен қарым-қатынастарын жан-жақты талдай отырып, Византия империясының сол кезеңдегі сыртқы саясатының сипаты мен бағыттары айқындалған.



Түйін сөздер: Византия империясы, Алтын Орда, Елхандар мемлекеті, Мысыр мәмлүк мемлекеті, Михаил VIII Палеолог, Берке, Ноғай.
Еуропа мен Азияның түйіскен аймағында орналасқан Византия империясы жеті ғасырға жуық (VІ-ХІІІ ғғ.) ортағасырлық Батыс пен Шығыстың сауда-экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастарында жетекші рөлге ие болған қуатты мемлекеттердің бірі еді. Империяның рухани ықпалы Балтық теңізінен Қызыл теңізге дейінгі аймақтарға тарады [1, 7-б.]. Бірақ ХІІІ ғ. басына қарай Византия империясы өзінің қуаттылығынан айырылды. Оның тікелей және жанама себептері бар еді. Атап айтқанда, экономиканың әлсіреуі, ішкі талас-тартыстар, шығыстан төнген қауіп-қатер тағы басқалары. Бірақ, басты себебі Батыстан келген төртінші крест жорығына қатысушы француз және италяндық крестшілердің Константинопольді опасыздықпен талқандап, 1204 жылы Латын империясын құруы болды. Византия империясы талқандалғанымен, оның қалдықтары ретінде Никей империясы (Кіші Азияның солт. батысы, 1204-1261), Трапезунд империясы (Кіші Азияның солт. шығысы, 1204-1461) және Эпир патшалығы (Балқан түбегі, 1204-1337) өмір сүруін жалғастырды [2, 26-б.]. Бұлардың арасында қуаттысы Никей империясы болды. Негізін қалаушы – Феодор I Ласкарис (1206-1222). Бұл патшалық Михаил VIII Палеолог (1261-1282) билігі кезеңінде экономикалық дамуы және саяси тұрақтылығының арқасында айтарлықтай күшейді.

Михаил VIII Палеолог жігерлілігі мен батыл саясатының арқасында латындарды 1261 жылы Констан­тинопольден қуып шығып, Византия империясын қайта қалпына келтірді. Осылайша, жаңа император Византия империясының тарих сахнасынан кеткенше оны басқарған Палеологтар әулетінің (1261-1453) негізін қалады. Бұрынғы кезеңдегідей империяның шекаралық аймақтарын қалпына келтіре алмаса да, бұл әулеттің билеушілері кейінгі кезеңде 200 жылға жуық билік құрып, Кіші Азия, Балқан түбегі, Қара теңіз аймағында айтарлықтай ықпалды саяси-экономикалық саясат жүргізді. Михаил VIII Палеолог сол кезеңдегі Византияны қалпына енді ғана келтіріп, саяси және экономикалық ішкі жағдайы әлсіз болғанына қарамастан, ХІІІ ғ. екінші жартысынан бастап монғол факторының Таяу және Орта Шығыста жетекші рөлге ие болуынан аймақтағы ара күштердің өзгеруі мен саяси тұрақсыздықтарға байланысты сыртқы саясатқа белсенді араласуына мәжбүр болды. Өйткені, Моңғол империясының ұлы қағаны Мөңкенің бұйрығымен оның кіші інісі Хулагу қолбасшылығымен батысқа моңғолдардың жалпы империялық масштабты жорықтарының нәтижесінде 1256-1260 жылдары Таяу және Орта шығыстың көптеген мемлекеттері бағындырылды. Бағындырылған аймақтарда Хулагу әулеті билеген моңғолдық Елхандар немесе Хулагулық Иран атымен танымал қуатты мемлекет құрылды. Осы кезеңде Қыпшақ даласындағы Алтын Орда билігіне жаңа келген Берке-ханның (1259 ж.) орталық монғол билігінен тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп, Хулагулық Иран мемлекетімен жауласуы мен Мысыр мәмлүк мемлекетімен саяси одақ құруы аймақтағы саяси жағдайды шиеленістіріп жіберді.

Михаил VIII Палеолог осындай қуатты мемлекеттердің бірде-біреуіне қарсы тұруға қауқары жоқ еді. Сондықтан ХІІІ ғ. екінші жартысында Византия империясының сыртқы саясатына Алтын Орда, Хулагулық Иран және Мысыр мәмлүк секілді үш мемлекет ықпал жасады. Бұл мемлекеттердің ішінде Алтын Орда Византияның саясатына айтарлықтай ықпал етті. Тіпті, Алтын Орданың беклербек дәрежесіндегі түменбасы Ноғай Византия императорының қызын қалыңдыққа алып, императордың саясатына тікелей әсер етті. Михаил VIII Палелог монғол факторының Таяу және Орта Шығыстағы рөлін жақсы түсінгендіктен, өзінің сыртқы саясатында басты назарға алды. Алтын Орда және оның қарсыласы Ирандық монғол билеушісі тараптарынан жасалған қысым-талаптарды император алым-салық төлеп бейбіт түрде шешіп отырды. Бұл жөнінде замандас византиялық тарихшы Георгий Пахимер1 былайша сипаттаған: «Дегенмен моңғолдардың қысымына біз тойтарыс беріп отырдық, бірақ оны мүлдем әскери күш арқылы емес, ынтымақтастық шаралар арқылы туыстық байланыстар орнатып және жиі-жиі ең таңдаулы, бағалы сыйлықтар бере отырып, басқаша айтқанда құлдық құрбандығымыздың арқасында аман қалдық. Кейінгі кезеңдерде мұндай қатынас тексіз тайпалардан шыққан, бірақ орасан зор күшпен солтүстік аудандарын иемденген батыс тохарларымен де (Алтын Орда билеушілері - автор) қалыптасты. Олардың билеушісі Ноғаймен келісімге келудің нәтижесінде патша оған өзінің некесіз туылған келесі Ефросиния есімді қызын бере отырып, достық қарым-қатынас орнатты, бұл кездейсоқ соғыстардан сақтау үшін нәтижелі болды» [3, 3-б.]. Сол кезеңдегі қалыптасқан жағдайға байланысты Константинополь билеушісінің мұндай тең дәрежеде емес матримониалдық келісім жасауы монғол қылышынан аман қалу үшін тығырықтан шығудың жалғыз жолы еді.

Византия империясының қалпына келтірілуіне байланысты Шығыс Жерорта теңізіндегі саяси және коммерциялық үрдістері қарқынды жандана бастады. Византия императоры осы кезеңде Ирандағы монғол билеушілерімен достық қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ, империяның астанасын қайтадан Константинопольге көшіру Михаил VIII Палелог үшін маңызды сауда және қатынас теңіз жолын бақылауға мүмкіндік алды. Босфордағы саяси және коммерциялық революция іс жүзінде одақтас Алтын Орда мен Мысыр арасындағы қолайлы теңіз жолы екі мемлекеттің елшіліктерін қатынауына жағдай жасады [4, 159-б.]. Мысыр мен Алтын Орда арасын жалғастыратын құрлық арқылы байланыстыратын қатынас жолы Хулагу иелігін кесіп өтетін еді. Сондықтан бұл құрлық жолы аса қауіпсіз болмады. Ал екі мемлекетті жалғастырып жатқан теңіз жолы арқылы, яғни Қара теңіздің тек Геллеспонт (Дарданеллы) және Босфор бұғаздары арқылы ғана байланысу мүмкіндігі болды, алайда екі бұғаз да Византия императорының бақылауында болғандықтан, мәмлүктер осы теңіз жолын пайдалану үшін Михаил VIII Палелогпен арнайы келісімге келу қажет болды. Осыған сәйкес, Мысыр сұлтаны Алтын Орда мен Мысыр арасындағы байланыстарын екі (Геллеспонт және Босфор) бұғаз арқылы еркін қатынауы үшін жылына бір рет арнайы елшілік аттандырып отырған.

Михаил VIII Палелог Хулагулық Иранмен достық қарым-қатынас орнатқанына қарамастан, оның дұшпандары болып табылатын Мысыр және Алтын Орда кемелерінің еркін қатынауына қолайлы жағдай жасаған. Бір жағынан алғанда, Михаил Палеологтың шарасыздықтан жасаған саяси қадамы секілді, бірақ императордың сол кездегі жағдайын талдайтын болсақ, онда бұл оның ең тиімді саяси қадамы еді. Осылайша, Алтын Орда Византия тарихында айтарлықтай маңызды рөл атқарған. Ол жөнінде Византия тарихшысы Пахимер, сұлтан Бейбарыс Мысыр жерінде билікке келген соң, қисынды жоспарлары арқылы қыпшақ болғандықтан, өзінің туыстарымен байланыс жасауды мақсат етті. Ол үшін екі мемлекеттің арасын жалғастыратын теңіз жолын пайдалану үшін Византия билеушісімен ерекше мақсатта достық байланысқа түсуді көздеді деген еді [3, 1-б.]. Пахимер Византия билеушісінің бұл саясатын былайша түсіндіреді: «Патшаның пікірі бойынша, бұл өз мемлекетімізге пайда келтіру мақсатында жасалды. Мұндай саясат бейбіт кезеңдегі жағдайға байланысты түсінікті еді, ал басқаша жағдайда бұл аса үлкен қауіп-қатер алып келетін еді. Солтүстіктен тұтқынға түскен және құл ретінде сатып алынған жастарды алып келудің тұрақты түрде артуының нәтижесінде мысырлықтардың әскери күш-қуаты артты, сонымен қатар олардың батылдығы да артып, көрші орналасқан халықтарға қарсы шабуылдар жасап, христиандарға залал келтірді. Өйткені сол кезеңде батыс халықтары (авторда - итальяндықтар) Сириямен көршілес теңіз жағасындағы жерлерге билік жүргізді, Финикияға қожалық етті, тіпті Антиохияға үстемдік жүргізді және өздерінің күш-қуатының арқасында Құтқарушының қасиетті жер ретінде тіршіліктің азап шеккен және туындысы болған Палестинаны азат етуге ұмтылыс жасады, ал бұл кезеңде мысырлықтар скиф (қыпшақ – А.Н.) жасақтарының есебінен күшейіп, христиандарды үлкен қалалардан ығыстырып, бұл елді шөлді аймаққа айналдырды. Қазіргі кезде даңқты Антиохия, Апамия, Тир, Бейрут және Сидон қирап, құлазыған далаға айналды. Батыс халықтарының атақты қалалары – Лаодикея, Триполи және Птолемаиданың жағдайы тым аянышты болып отыр», – деді. Пахимер Византия билеушісінің саясаты пайда алып келмегендігін, монғолдар мен мәмлүк сұлтандары арасында байланыстар жасауына рұқсат беруі нәтижесінде христиан әлеміне дұшпан болған Мысыр мемлекетінің күшеюіне алып келіп, оларға залал келтіргенін айыптады. Автор соңында былай дейді: «Мысыр сұлтаны христиандармен күресінде біздің ақылсыздығымыз, қисынсыз есебіміз, негізсіз жоспарларымыз бен сараңдығымызды ұтымды пайдаланды», – деді [3, 3-б.].

Келесі Византия тарихшысы Никифор Григор2 Константинополь билеушісінің Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыс орнатуына қатысты олардың арасындағы теңіз жолын пайдалануы жөніндегі келісімді былайша сипаттайды: «Бұл уақытта патшаға (яғни Палелогқа - автор) Мысыр мен Аравия сұлтаны жүгінді, оның мәнісі гректермен достық қатынасқа түсу және біздің бұғаздарымыз (Дарданелла және Босфор) арқылы жылына бір рет мысырлық көпестерге сауда істерімен айналысу мақсатында еркін қатынауына рұқсат алу үшін келісім орнату еді. Бастапқы кезеңде бұл аса маңызды болып көрінбегендіктен, оған оңай рұқсат берілді. Уақыт өте келе, оның шынайы мағынасы белгілі болған соң, келісімді бұзуға болмайтындықтан, бұған қарсы тұру аса қиындыққа алып келді. Жылына бір немесе екі рет кемелер еуропалық скиф еліне қарай өтіп, Азов теңізі және Дон аймағында мекендеген ерікті босқындарды, бай-мырзалардан сатып алған құлдарды және ата-аналарынан сатып алынған балаларды жинақтаған бұл кемелер мысырлық Вавилонға (яғни, Каир - автор) және Александрияға қайтып оралды, осылайша мысырлықтарға скифтік әскери күштерді жеткізіп отырды. Өйткені мысырлықтар әскери іске қабілетсіз, аса қорқақ және қайрат жігерінен айырылған еді; сондықтан әскери қызметке жауынгерлерді шет жерліктер және жалдамалылар есебінен жинақтауға мәжбүр болды... Бірақ көп уақыт өтпей-ақ, мысырлық арабтардың аталған жағдайларға байланысты жинаған әскерінің қуаттылығы соншалықты, тіпті батыс халықтарына ғана емес, шығыс халықтарының өзіне аса қауіпті жауға айналды. Олар Африканы және бүкіл Ливияны Геркулес бағаналарына (Гибралтар бұғазының ежелгі атауы - А.Н.) дейінгі жерлерді иемденіп, бұдан кейін Финикия мен Сирия және бүкіл теңіз жағасындағы елді Киликияға дейін жылжып, бұл аймақтағы жергілікті халықты қырғынға душар етті. Осылайша, басқалармен де, әсіресе, батыстан келген және бұл аймақтар мен қалаларды игерген галаттар мен кельттер (әлбетте, француздық және итальяндық крестшілер) басына да осындай күн туды» [3, 5-6-б.]. Осылайша, 1261 жылдың аяғы немесе 1262 жылдың басына қарай Бейбарыстың тапсырмасымен оның елшілері императо­р VIII Михаилмен Алтын Орда және Мысыр арасындағы қатынас жасауда Константинополь арқылы өтетін теңіз жолын пайдалану және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара келісімге келді. Мысырға 1263 жылы мамырда аттанған Берке елшілері де осы жаңа теңіз жолын пайдаланды. Алайда сол жылдың жазында VIII Михаил, шамасы, Хулагудың қысымымен бұл келісімді бұзып, Алтын Орда және Мысыр елшілерін тұтқынға алды [4, 169-б.]. Бұл оқиға Алтын Орда мен Визан­тия арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келді.

Мысырдан 661 х.ж. рамадан айының 17-де (=27 шілде 1263 ж.) аттандырылып, ал 662 х.ж. рамадан айында (=27 маусым - 26 шілде 1264 ж.) Бейбарыс сұлтан елшіліктің Византия императорының тұтқынында отырғаны жөнінде хабар алды. Бейбарыс бұл жөнінде хабардар болған соң, өзіне патриарх пен епископты шақырып Византия императорының Мысырмен серт беру арқылы жасасқан достық келісім хатын көрсетіп, олардан Византия императорының бұл әрекеті жөніндегі пікірлерін сұрады. Олар императордың бұл әрекеті арқылы сертті бұзғандығы үшін шіркеуден аластатылуы тиіс екенін айтты [5, 125-б.]. Ибн Абд аз-Захир мәліметіне сәйкес, олардан Мысыр сұлтаны серттен тайған Византия императорының әрекеті жөніндегі өз пікірлерін жазбаша түрде алып, оны императорға арнап жазған «ашу-ызасын білдірген» хатымен бірге қосып жіберді. Сонымен қатар, сұлтан бір мезгілде Алтын Орда ханы Беркеге де жағдайға байланысты арнайы хат жіберді [5, 62-63-б.]. Ибн Абд аз-Захир бұдан кейін бұл оқиға жөнінде ешқандай мәлімет қалдырмаған. Бірақ келесі автор әл-Муфаддал өз мәліметтерінде ибн Абд аз-Захир мәліметтерін пайдаланған болса да, бұл оқиғаға қатысты біршама қосымша ақпараттар береді. Оның мәліметіне сәйкес, Мысыр елшілері және Алтын Ордаға қайтып бара жатқан Берке хан елшілерімен қатар, бір мезгілде Михаил Палеолог сарайына Хулагу-ханның елшілері де келген еді. Импера­тор Мысыр сұлтанның алдында өзінің әрекетін осы жағдайды айтып ақталған еді. Хулагу елшілерінің көзінше, өз иелігінен Мысыр сұлтанының елшілерін Беркеге өткізе алмайтынын айтты. Өйткені Хулагулық Иран мемлекеті оның иеліктерімен тікелей шектесіп жатқандықтан, өш алу мақсатында шекаралық аймақтарда олардың шабуылға тап болуы ықтимал еді. Бірақ осы оқиғаға байланысты Берке хан хабардар болғандықтан, Константинопольді қоршауға Ноғай қолбасшылығымен Алтын Орда әскерін аттандырған еді [6, 41-42-б.].

Ноғай басқарған Алтын Орда әскерлері Константинопольге жақындаған сәтте император қаладан қашып шығып, алтынордалық әскердің қолбасшысымен байланысқа түсу үшін бітімгер ретінде Константинопольде тұтқында отырған Мысыр елшісі әмір Фарис ад-дин Акуш ал-Масудиді жіберген еді. Михаил Палеологтың өтініші бойынша әмір Константинопольде өз еріктерімен кідіргенін айту қажет болды. Алайда Алтын Орда әскерінің қолбасшысы оның мәлімдемесін жазбаша түрде растауын талап еткен соң, Мысыр елшісі қолбасшы Ноғайдың бұл талабын орындады. Византия императоры Алтын Орда қолбасшысына Мысыр сұлтанымен достық қарым-қатынаста болғандығын ескертіп, Византия императоры «өзінен жыл сайынғы беретін алым-салықтың қатарына 300 атлас киімдерін қосатынын, осылайша ол (Берке) оған одақтас болып, оның жеріне жорық жасамауын сұранды. Осыдан кейін, Алтын Орда әскері кері қайтып, Мысыр және Алтын Орда елшілері дереу босатылды. Елшілік ешқандай оқиғаларға тап болмай, Қырымға дейін жетіп, содан кейін төменгі Еділ бойына Беркенің көшіп-қонып жүрген жеріне келген.



Фарис ад-Дин Акуш ал-Масуди Алтын Орда ханының алдында ұзақ кешігуін Византия императорының тұтқында ұстап отыруына байланысты болды деп ақталуға тырысты. Алайда Берке оған Константинопольде оның ерікті түрде кідіргені жөнінде Алтын Орда қолбасшысына берген жазбаша дәлелдемесін көрсетті. Берке бұл жағдайға байланысты қатты ашуланды. Беркенің ашулануы орынды еді, ол Мысыр сұлтанының жіберген сыйлықтарының елшіліктің Византияда кідіруіне байланысты біршама бөлігінің жоғалып кетуіне емес, елшінің өзіне жүктеген дипломатиялық миссиясына құрметсіздікпен қарауы мен оның екі жүздігіне байланысты ашу шақырды. Алайда елшінің жеке басына қол сұғылмаушылық құқығы мен сұлтан Бейбарыспен достық қатынасын құрметтегендіктен Алтын Орда ханы оны өзі жазаға тартпай сұлтанның қарауына қалдырды [5, 191-б.]. Мысыр елшісі Фарис ад-Дин Акуш ал-Масуди Мысырға 1267 жылдың наурыз айында келген соң, сұлтан оны опасыздығы үшін жазаға тартты. Оның дүние-мүлкі мен алып келген 40 мың динарлық тауарлары тәркіленіп, өзін түрмеге отырғызды. Тәжірибелі әмір Фарис ад-дин Акуш ал-Масудидің опасыздығын дәлелдеу айтарлықтай қиындық туғызуы да мүмкін бе еді, бірақ қолбасшы Ноғай одан жазбаша түрде қолхат алып, алдын ала сақтық қамын жасағаны мәселені жеңіл шешкен еді. Егер мысыр-араб авторларының мәліметтеріне сенетін болсақ, онда Константинополь Бейбарыстың елшілерінің ішінен – Фарис ад-Дин Акуш ал-Масудидың бітімгерлік қызметінің арқасында жаулап алудан аман қалды. Михаил VIII Палеологтың өтініші бойынша, алтынордалық әскердің басшысына Византия, Мысыр және Алтын Орда арасында одақтық келісім бар екеніне сендіру оның қолынан келді. Осылайша, Берке Византия императорына өзінің әскери күш-қуаттылығын көрсетіп, оған Алтын Орда мүддесіне қарсы кез-келген әрекеттерінің соңы жақсылықпен аяқталмайтынын түсіндірді. Византия императоры бейбіт өмір сүру үшін алым-салық төлеп тұруға келісімін берді, яғни қалыптасқан жағдайда оның тек бейбітшілікті ұстанған бейтараптық саясаты жүйесінде болғаны байқалады, ол басқаша дипломатиялық немесе әскери блок құруға әрекет етуге қауқары да жоқ еді.

Мысыр мен Алтын Орда арасындағы қатынас жолында елшілерді Византия императорының тұтқынған алғаны жөніндегі 1265 жылғы оқиғадан кейін саяси жағдай күрт өзгерді. Бірақ, тарихи әдебиеттерде жүйелі түрде қалыптасқан Византия – «Хулагулық Иран одақтасы» ретінде, Мысыр – Алтын Орда альянсына қарсы бағытталуы нақты анық дәлелді емес. Кейбір ортағасырлық авторлардың шығармаларында Мөңке-Темірдің 1269-1270 жылдары немесе 1271-1272 жылдары Константинопольге жасаған әскери жорықтары жөнінде мәліметтер бар. В.Л. Егоровтың пікірінше, бұл оқиға Алтын Орда мен Иран арасындағы ұзақ күрестің бір эпизоды болып табылады және тағы да Константинопольдің Мысыр – Алтын Орда альянсына қарсы бағытталған жүйелі саясатын тағы да бір растайды дейді [6, 194-б.]. Мөңке-Темір әскерінің Константинопольге жорықтары жөнінде ан-Нувейри, Ибн Хальдун, әл-Макризи және әл-Айни шығармаларында бар, сондай-ақ барлық авторлар оны бірдей сипаттап жазған. Мөңке-Темір өз әскерін Константинопольге қарсы жорыққа Византия императорының әрекеттеріне «наразылыққа байланысты» жібереді. Мысыр сұлтанының елшісі Фарис ад-Дин Акуш әл-Масуди Алтын Орда әскерінің қолбасшысына (Ноғайға – А.Н.) жүгініп, Алтын Орда, Мысыр және Византия арасында одақтық келісімнің барына сендіреді. Мөңке-Темір әскері Константинопольдің маңын тонап, өздерімен бірге сұлтан Ияз ад-Динді алып қайтады. Мысыр елшісі Фарис ад-Дин Акуш ал-Масуди Мысырға сұлтан Бейбарысқа барған соң, оны өзінің өкілеттілігін айқын асыра пайдаланғаны үшін қатаң жазалайды [5, 511-512-б.]. Бұл мәліметтің сипаттамасы Рукн ад-Дин Бейбарс шығармасында жазылған Берке хан әскерінің 1265 жылы Византияға барған жорығына мазмұны жағынан ұқсас екенін аңғару қиын емес [5, 275-б.]. Тек жекелеген фактілер ғана емес, оқиғаға қатысушы кісі атаулары да сәйкес келеді. Осы және бұрынғы оқиғада да, елші Фарис ад-Дин Акуш ал-Масуди және султан Ияз ад-Дин аталады, яғни авторлардың мәліметтеріне сенетін болсақ, ол екі рет тұтқынға алынып, мүмкін емес жағдай пайда болды. Демек, біздің қолымыздағы мәлімет бойынша аталған жорықтардың сипаттамасы бір мағынада, тек даталық тұрғыда дұрыс емес көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген деректі талдай келе, мынадай заңдылық анықталады. Ан-Нувейри, ибн Хальдун және әл-Макризи шығармаларында Константинопольге жорық Мөңке-Темір билігі кезеңіне жатады, ал Беркенің билігі кезеңіне арналған бөлімдерінде Алтын Орда әскерінің Византияға жорығына қатысты ештеңе айтылмаған. Рукн ад-Дин Бейбарыс, Шафи, әл-Муфаддал және Ибн Касир шығармаларында керісінше, жорық Берке билігі жылдарында болған да, ал Мөңке-Темір билігі кезеңіне арналған бөлімінде Константинопольге жорығы жөнінде ештеңе айтылмаған. Тек әл-Айни шығармасында ғана Берке жорығы да, Мөңке-Темір әскерінің жорығы да жазылған. Бірақ ескеретін жағдай – әл-Айни өзінің шығармасын XV ғ. басында, яғни Алтын Орда әскерінің Константинопольді қоршауынан 150 жылдан кейін жазылған. Шамасы, ол өзінің алдындағы көптеген авторлардың шығармаларын пайдаланып, біреулерінен 1265 жылы жорығы жөніндегі мәліметтерді, ал басқаларынан 1269-1272 жж. соғыстың мәліметтерін пайдаланған. Берке әскерінің Византиядағы әскери қимылдары жөнінде ең жақсы егжей-тегжейлі баяндалған мәліметтері әл-Муфаддал шығармасында да бар. Оның шығармасында бұл жорықтың негізгі кезеңдері баяндаудың жалпы контекстінде қисынды түрде жазылып, ілгерідегі және одан кейінгі оқиғалармен жақсы үйлеседі. Ал ан-Нувейри, әл-Макризи және Ибн Хальдун мәліметтерінде тек Мөңке-Темірдің Византия императорына «наразылығы» ғана айтылған. Бұл «наразылықтың» себебі неде және ол одан кейін не болғаны түсініксіз қалып отыр. Константинопольге жорық Мөңке-Темір кезінде емес, Берке билігі кезеңінде ұйымдастырылды деген мәліметтерді басқа фактілер де растайды. Ең алдымен, Мөңке-Темір кезінде Алтын Орда мен Византия арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастық немесе дұшпандық түрде болған жоқ. Осылайша, Константинпольге жорық 1265 жылы Берке ханның бұйрығымен ұйымдастырылды деп нақтылауға болады. Ал 1269-1272 жж., оқиғалар сипаттаған ан-Нувейри, ибн Хальдун, әл-Макризи және әл-Айни шығармаларындағы мәліметтерге келетін болсақ, олардың даталық тұрғыдан және кейбір мәліметтері қате, нақты емес екенін мойындауымыз қажет, ал Мөңке-Темір әскерінің Византияға жорығы мәліметін тарихи жаңылысу қатарына жатқызуымыз керек.

Алайда келесі жылы Беркеге бұл жорықты аяқтау мүмкіндігі туындады. 1265 жылы оның қолбасшысы Ноғай бастаған қол болгар патшасы Константин I Тихпен бірге одақтасып, Византияға басып кірді. Бірқатар қоныстарды талқандап, Михаил VIII Палеологтың өзін тұтқындауға аз қалды. Императорды тек астанасына қайтар жолында құрлықпен емес (онда орда-болгар торуылы бар еді), теңіз жолымен келуі құтқарды. Ноғайдың бұл жорығының мақсаты бұрынғы селжүк сұлтаны Изз ад-Дин Кей-Кавусты Византия тұтқынынан босату еді. Бұрынғы селжүк сұлтаны Изз ад-Дин Кей-Кавус өзінің бауыры Рукн ад-Дин Килич-Арсланның тақтан құлатуынан кейін, Михаил VIII Палеологқа баспана сұрап келген еді. Бірақ император оның серіктестерінен қауіптеніп, сұлтанды зынданға қамап қойды. Беркенің бұрынғы сұлтанның тағдырына алаңдаушылығының мәнісі, Алтын Орда билеушісі Кей-Кавусты таққа қайта отырғызып, Бату кезіндегідей Алтын Орданың Селжүк сұлтанатына саяси ықпалын қалпына келтіру еді. Ноғай жорығының нәтижесінде сұлтан тұтқыннан босаған соң, Беркеге келді. Берке өзінің қызы Урбай-хатунды қалыңдыққа беріп, Қырымдағы Солхат қаласын (қазіргі көне Қырым) жоғалтқан тағын алғанша, уақытша билеуді берген [7, 30-б.]. Алайда Берке қайтыс болған соң, оның бұл жобасы мұрагері Мөңке-Темір билігі кезінде жүзеге асырылған жоқ.

1271 жылы Ноғай Мысыр мен Алтын Орда арасындағы елшілік байланысын Босфор теңіз жолы арқылы еркін қатынауды қалпына келтіру үшін Константи­нопольге қарсы аттанды. Император жеңіліске ұшырауға тәуекелге бармай, бейбіт келісім орнату мақсатында Ноғайға достық қатынасын білдірді. 1273 жылы Михаил өзінің некесіз туылған қызы Ефросинияны Ноғайға қалыңдыққа берді. Осылайша, Палеологтар (некесіз туылған ханшайымдар арқылы) елхандармен де, қыпшақ даласының билеушілерімен де туыстық қатынасын орнатты [4, 170-б.]. Бұл оқиғадан кейін екі жақтың да достық қатынастары қайта жандана бастады. Ноғайдың Византия императоры Михаил VIII Палеологтың некесіз туылған қызы Ефросинияға үйленген соң, патша, Ноғайдың... көңілін табу үшін оған үлкен мөлшерде, киім түрінде, түрлі өнімдер түрінде және оларға қосымша жомарт түрде хош иісті шарап бөшкелерін жіберуді тоқтатқан емес. Ноғай ықыласпен ол жіберген өнімдер мен сусындарды алды, сондай-ақ алтын және күміс кубоктарын да қабыл алды [6, 120-б.]. Ноғайдың императордың қызына үйленуі мен одан бағалы сыйлықтарды алуы оның Византияның саясатына орасан зор саяси ықпалының бар екенін айғақтайды. Бірақ бұл оның сарай билеушісіне оппозициялық көңіл-күйде екенін дәлелдей алмайды, сондай-ақ осындай сипатта Константинопольмен байланысқа түсуі заңсыз немесе дәстүрлі заңдылыққа қарсы деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Пахимер шығармаларының үзінділерінде Ноғайды «патша» немесе «хан» деп атамаған, оны тек «архонт» түрінде көрсеткен. Сондай-ақ, Ноғайдың бақылауындағы территория тікелей Византия империясының шекарасына жақын маңда болды, сондықтан император жағынан оған аса назар аударуы түсінікті жайт. Мөңке-Темір билігінің соңғы жылдарында Ноғай мен Византия арасындағы қарым-қатынас «болгар мәселесі» бойынша біршама шиеленіскен еді. Бірақ император Михаил VIII Палеологтың Мөңке-Темірмен тікелей байланысқа түсуінің арқасында бұл мәселе оң шешімін тапты. Мөңке-Темір қайтыс болған соң, Ноғай Византия императорымен достық қатынасын жалғастыра берді. Ол бүлікшіл Фессалия билеушісіне қарсы VIIІ Михаилге көмекке 4 мың таңдаулы моңғол жауынгерлерін аттандырды. Император бұған аса ризашылығын білдірді, бірақ бұл жорық Михаилдің VIIІ Палеологтың (1282 ж.) кенеттен қайтыс болуына байланысты жүзеге асқан жоқ [4, 182-б.].

Қорытындылай келсек, Византия империясы Михаил VIII Палеолог билігі кезеңінде саяси және экономикалық жағынан айтарлықтай дамыды. Шығыс Жерорта теңізіндегі сауда қатынастары жанданып, Батыс пен Шығыстың қарым-қатынастары да дами түсті. Бірақ, сыртқы саясатта Михаил VIII Палеолог моңғол факторының маңыздылығын түсініп, әсіресе Алтын Орданың әскери қыспағынан қауіптеніп, туыстық байланыстар арқылы, түрлі сый-сыяпат, тарту-таралғылар бере отырып, достық қатынастарға қол жеткізіп отырды. Осындай саясаттың арқасында Палеологтар әулеті Византия империясын сыртқы қауіптен сақтап қалды.



Әдебиеттер:

1. Византия между Западом и Востоком. Опыт исторической характеристики. – СПб.: Алетейя, 2001. – 544 с.

2. Закиров С. Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом. – М.: Наука, 1966. – 160 с.

3. Успенский Ф.И. Византийские историки о монголах и египетских мамлюков // Византийский временник. – 1926. – Т. 24. - С. 1-16.

4. Вернадский Г.В. Монголы и Русь / пер. с англ. Е.П. Беренштейна, Б.Л. Губмана, О.В. Строгановой. – Т.: ЛЕАН, Москва: АГРАФ, 1997. – 480 с.

5. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. В.Г. Тизенгаузена. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884. - Т.І. – 563 с.

6. Мыськов Е.П. Политическая история Золотой Орды (1236–1313 гг.). – В.: Изд. Волгоград. Гос. университета, 2003. – 178 с.

7. Почекаев Р.Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Ор­ды – СПб.: Евразия, 2010. – 408 с.


References:

1. Vizantiya mezhdu Zapadom i Vostokom. Opyt istoricheskoy kharakteristiki. – SPb.: Aleteyya, 2001. – 544 s.

2. Zakirov S. Diplomaticheskie otnosheniya Zolotoy Ordy s Egiptom. – Moscow: Nauka, 1966. – 160 s.

3. Uspenskiy F.I. Vizantiyskie istoriki o mongolakh i egipetskikh mamlyukov // Vizantiyskiy vremennik. – 1926. – T. 24. - S. 1-16.

4. Vernadskiy G.V. Mongoly i Rus' / per. s angl. E.P. Berenshteyna, B.L. Gubmana, O.V. Stroganovoy. – T.: LEAN, Moskva: AGRAF, 1997. – 480 s.

5. Sbornik materialov otnosyashchikhsya k istorii Zolotoy Ordy. V.G. Tizengauzena. Izvlecheniya iz sochineniy arabskikh. – SPb., 1884. - T.І. – 563 s.

6. Mys'kov E.P. Politicheskaya istoriya Zolotoy Ordy (1236–1313 gg.). – Volgograd: Izd. Volgograd. Gos. universiteta, 2003. – 178 s.

7. Pochekaev R.Yu. Tsari ordynskie. Biografii khanov i praviteley Zolotoy Ordy – SPb.: Evraziya, 2010. – 408 s.


АБДИМОМЫНОВ Н.Т.

PhD по специальности «История», доцент кафедры «История Казахстана» Таразского инновационно-гуманитарного университета


ПОЛИТИЧЕСКИЕ СВЯЗИ ЗОЛОТОЙ ОРДЫ И ВИЗАНТИИ ПЕРИОДА ПРАВЛЕНИЯ МИХАИЛА VІІІ ПАЛЕОЛОГА
Аннотация

В статье исследуются политические взаимосвязи Золотой Орды и Византийской империи периода правления Михаила VІІІ Палеолога (1261-1282 гг.). Новизна статьи заключается в том, что данная тема впервые изучается в отечественной историографии, а также в исследовании наряду с арабскими источниками широко используются исторические сведения историков-современников Византии Георгия Пахимера и Никифора Григора. Наряду с этим, изучения взаимоотношений Михаила VІІІ Палеолога с правителями Золотой Орды, Илханидами, мамлюкским султанатам Египта, автором дан развернутый анализ характера Византийской внешней политики и ее основных направлений.



Ключевые слова: Византийская империя, Золотая Орда, Золотая Орда, Илханиды, мамлюкский султанат Египта, Михаил VIII Палеолог, Берке, Ногай.
ABDIMOMYNOV N.T.

PhD in History, association professor of the department «History of Kazakhstan», Taraz University of Innovation and Humanities


POLITICAL RELATIONS OF THE GOLDEN HORDE AND BYZANTIUM OF MICHAEL VIII PALAEOLOGUS PERIOD
Annotation

The article investigates political interrelations of the Golden Horde and Byzantine Empire of Michael VIII Palaeologus (1261-1282) period. Novelty of article is that this topic is wholly new to the national historiography. Along with the Arab sources historical data of historians -contemporaries of Byzantine Empire Georg Pakhimer and Nikifor Grigor are widely used in this research. Alongside with the study of Michael VIII Palaeologus interrelations with governors of the Golden Horde, the state of Ilkhanate (House of Hulagu), the state of Mamluk Sultanate of Egypt, the author gave a thorough analysis of character of Byzantium foreign policy and its main directions.



Keywords: Byzantine Empire, the Golden Horde, Ilkhanate, Mamluk Sultanate of Egypt, Michael VIII Palaeologus, Berke, Nogai.


1 Георгий Пахимер (1242-1310) – оқиғалармен замандас византиялық тарихшы, философ, жазушы, шіркеу қызметкері. Михаил VIII Палеолог және Андроник ІІ кезеңінде Византия империясында болған оқиғаларды сауатты сипаттаған замандас автор. Оның шығармаларының ішіндегі ең атақтысы «Тарихи жазбалар» болды. Тарихи еңбек 13 кітаптан тұрады. Оның 6 кітабы Михаил VIII Палеолог билігі кезеңіне, 7 кітап Андроник ІІ Палеолог кезеңіне арналған. Византия тарихшысының сол кезеңдегі болып жатқан оқиғалардың бел ортасында болып, беделді бақылаушылар ретінде тарихи оқиғаларға өз бағасын беруі оның мәліметтерінің маңыздылығын арттырады.

2 Никифор Григор (1295-1359) - оқиғалармен замандас византиялық тарихшы, философ, дін қызметкері. Оның басты шығармасы «Ромейлер тарихы» 37 кітаптан тұрады және 1204 жылдан 1359 жылға дейінгі Византия империясындағы оқиғалар сипаттаған. Оның шығармасында Палелогтар билігі кезеңіне сипаттама бере отырып, ол моңғолдар және мысырлық мәмлүктермен қарым-қатынастары жөнінде маңызды мәліметтер береді. Никифор Григор Дешті Қыпшақ жеріндегі мекендеген халықтарды солтүстікте мекендеген сансыз көп халықтар ретінде қарастырып, моңғолдардың жорықтарын стихиялық сипатта түсіндірген.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет