Абуова Рахия И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық



Дата03.03.2016
өлшемі49.15 Kb.
#36064
Абуова Рахия

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық

техникалық колледжінің жоғары санатты оқытушысы
Келешегі кемел оқу орны

Бүгінгі таңда әрбір мемлекеттің алдына қойған мақсаты – тарих сахнасынан орын ала отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылу болса, сол экономикасы жақсы дамыған елдердің басты жетістіктері олардың қазба байлықтарының көптігі немесе жер көлемінің үлкендігінде емес, сондағы байлықты өз орнымен игере білуінде. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін ел ертеңі - бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бүкілхалықтық дәрежеде мән беру - қазіргі кездегі үлкен мәселе.

Тәуелсіз еліміздің керегесі кең , шаңырағы биік болып, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосылуы үшін білімді, ғылымды дамытуымыз қажет. Болашақ ұрпақтарымыз әлемдік білім деңгейінде де өзге елдермен терезесі тең, бәсекелестік дәрежеге жетуі керек.

Бұл тұрғыдан зерделер болсақ, көреген Ахмет Байтұрсынов «Білімсіз халық қанша бай болса да байлығы басқа халықтың қолына көшеді» - деп біліктілікпен айтып кеткен екен.

Тарихын тереңнен тартқан сондай білім ордасы – Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі – Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасы, парасат ұясына айналып, ауылшаруашылығына, өнеркәсіп пен транспорт салаларына орта буын мамандар даярлайтын бірден- бір білім ошағы.

Қызылорда аграрлық техникалық колледжі Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1997 жылғы 8 мамырдағы № 814 қаулысымен Қызылорда ауылшаруашылық, политехникалық және теміржол колледждерін біріктіру арқылы қайта құрылды.

1930, 1947, 1979 жылдан бастап өзіне тән дәстүрі, жолы болған үш оқу орнының басын қосып, жаңадан ұжым қалыптастырып, жұмыс жасау әрине оңайға соққан жоқ.

Колледжіміздің тарихы тереңнен , сонау 1930 жылдан басталады. 1930 жылы агро-индустриялы техникум құрылады. 1931 жылы осы техникум негізінде Қызылорда ауылшаруашылығы техникумы құрылды. 1959 жылы 23 ақпанда № 19 бұйрық бойынша Қызылорда ауышаруашылық техникумы Қазалы зоотехникалық малдәрігерлік техникумына біріктіріліп, Қазалы ауылшаруашылық техникумы болып аталды. 1971 жылы 17 маусымдағы № 491 Қазақ ССР Ауылшаруашылық министрлігінің бұйрығы бойынша Қазалы ауылшаруашылық техникумы Қызылорда облысындағы Сырдария ауданына қарасты «Комсомол» совхозы аймағына көшіріліп, Қызылорда ауылшаруашылық техникумы болып аталды. 1977 жылы техникум совхозбен бірігіп, Қызылорда совхоз техникумы болып қайта құрылды. Кейіннен ауылшаруашылық кололеджі болып қайта жарақталған бұл оқу орнынан ұлан байтақ еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дамытуға өз үлесін қосқан майталман азаматтар: Социалистік Еңбек Ері Бәйімбетов Орынбасар, Социалистік Еңбек Ері Бейсенов Алдаберген, көп жылдар бойы облыс білім басқармасының меңгерушісі болған, педагогика ғылымдарының кандидаты Мүсілімов Әли шықты.

Агроколледж негізін қалаған келесі оқу орны – Қызылорда политехникумының тарихы 1946 жылдан басталады. Нақтылап айтсақ КСРО Су шаруашылығы министрлігінің 1946 жылғы 12 қазандағы № 339 бұйрығымен Қазақстанның оңтүстік аймағы су жүйесін мамандармен қамтамасыз ету үшін Гидромелиоративті техникум құрылды. 1969 жылы жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты гидромелиоративті техникум политехникалық техникум болып қайта құрылды. Кеңес Одағы кезінде бүкіл Одақ бойынша материалдық техникалық базасы жағынан алдыңғы қатарда болған бұл оқу орнында 1200 оқушыға арналған оқу зертханалары, кабинеттері, үш спорт залы, оқу және акт залдары, 1982 жылы іргесі қаланған 100 адамдық санаторий-профилакторийі болды. Сол кезеңдегі тек Қазақстан емес, бүкіл Одақтағы үлкен жетістік еді. Политехникум тарихында оның түлектері: Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Қошқаров Серікбай, бірнеше жыл Сырдария ауданының әкімі болған, белгілі кәсіпкер Хожбанов Әріп, белгілі композитор Рамазан Тайманов есімдері құрметпен аталады.

1979 жылы КСРО жоғары және арнаулы орта оқу министрлігінің келісімі бойынша Жол қатынас министрлігінің 03.08.1979 жылғы № ТД - 25332 бұйрығымен Қызылорда теміржол көлігі техникумы ашылды. 1982 жылы техникумның жаңа ғимаратының іргетасы қаланып, оқу комплексінің құрылысы басталды. 1983 жылы техникум тарихында тұңғыш рет 75 жас маман Қызылорда теміржол бөлімшесіне жолдама алып, қыры мен сыры мол мамандықты игеріп, жемісті еңбек етті. Техникумның алғашқы қарлығаштарының ішінен бүгінде Әбдіразақ Қалтай Қостанай депосында, Мусаев Жұлдызбай Қызылорда депосында басшылық орындарда болса, Көпірбаев Мұхтар Қызылорда депосында кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Қызылорда аграрлық техникалық колледжі Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1997 жылғы 8 мамырдағы № 814 қаулысымен Қызылорда ауылшаруашылық, политехникалық және теміржол колледждерін біріктіру арқылы қайта құрылды. Жаңа оқу орнының директоры болып , техника ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Баязитұлы Құдайбергенов тағайындалды.

Колледждің оқу-материалдық базасын қалыптастыру, дамыту, жабдықтау, сапалы білім, саналы тәрбие беретін оқытушылар құрамын жасақтау, әртүрлі колледждің қабырғасында білім алып келе жатқан оқушыларды бір ұжымға қалыптастыру т.б жұмыстар сол кездегі колледж әкімшілігі мен оқытушыларының атқарған міндеттері болды.

2003 жылы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 497 (30.05.2003 ) Қаулысымен Қызылорда аграрлық техникалық колледжіне қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс және еңбек ардагері , техникум түлегі Исатай Әбдікәрімовтың есімі берілді.

Жалпы колледж оқу корпусы типтік жобамен салынған екі ғимараттан тұрады. № 1 Бас оқу ғимараты 1976 жылы салынған, жобалық қуаты 1200 студентті оқытуға жобаланған. № 2 оқу ғимараты 1967 жылы салынған , жобалық қуаты 300 студентті оқытуға жобаланған. Колледж қаламыздың көрікті, орталық бөлігінде орналасқан бұрынғы политехникалық колледж ғимаратында.

Колледж жатақханасы 1979 жылы салынған, жобалық қуаты 200 студент жатуға жобаланған. Екі оқу ғимаратында 43 зертхана, 50 оқу кабинеті оқу процесіне қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Заман талабына сай білім беру процесін ақпараттандыру мақсатында колледжге 2 мультимедиялық проекторлы аппаратура, 40 интерактивті тақта алынып, оқытушылар мен оқушылардың пайдалануына берілді. Колледждің барлық бөлімшелері, циклдік комиссиялар компьютермен жабдықталған. Халықаралық интернет жүйесіне қосылған кабинет бар. Соңғы талапқа сай жабдықталған 324 орындық акт залы, 2 спорт залы және тренажерлік – атлетикалық залдар өз қызметін көрсетіп келеді.

2 асхана колледж ұжымы мен сырттан келетін қонақтарға да өз ас мәзірін ұсынады.

Колледждің оқу-өндірістік базасында инженерлік жүйеге келтірілген егістік және жайылымдық жер,әртүрлі маркалы ауылшаруашылық, мелиоративтік- құрылыс машиналарынан тұратын машина-трактор паркі бар. Оқу шеберханасында оқушылар металды жону, тегістеу және электрлік пісіру жұмыстарын жүргізіп, жұмысшы мамандығына дағдыланады.

Бүгін таңда колледждің күндізгі және сырттай оқыту бөлімдерінде 36 мамандықтар бойынша мамандар дайындалады. 80 жылдық тарихында колледж еліміздің халық шаруашылығына 30 мыңнан астам мамандар даярлады.



«Мұғалім – мектептің жүрегі» - деген екен көрнекті педагог Ушинский. Өзгенің бақытын аялаған, өзінің уақытын аямаған, бар күш жігерін шәкірт бойына білім етіп құйып жүрген ұстаздар қауымы. Колледжде еңбек ететін 229 оқытушының 1-і ғылым докторы, профессор, 1-і ғылым кандидаты, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің 7 үздігі, 6 ғылым магистрі болса, жоғары санатта - 33, бірінші санатта - 48 ұстаз бар.

Міне, осындай ұстаздардан білім нәрін алған, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, қоғамның белсенді азаматы болатын біздің шәкірттеріміздің келешегі әрқашанда кемел болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет