АДАМИ КАПИТАЛ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Байгісиев М.К., Оспанбаев Ж.А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы. Қазақстан.
Адам капиталы тұжырымдамасы жүздеген жылдар бойы батыс экономикалық әдебиетінде өзінің даму жолын жүріп өтті. Дамудың әрбір сатысында сол кезеңде өмір сүрген экономикалық мектептерге тән көзқарастар жүйесі қалыптасты. Экономикалық ғылымдағы адам капиталы тұжырымдамасының қалыптасуы белгілі бір білімдер мен ғылыми көзқарастардың жинақталу үдерісін көрсетеді. Бұл әр түрлі ғылыми мектептердің адамға және оның экономикадағы рөліне байланысты жетістіктерін синтездеу эволюциясы болып табылады. Бүгінде бұл тұжырымдама заманауи көзқарастар шеңберінде дами бастады, атап айтқанда адам капиталына институционалдық көзқарас қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік үдерістерді сәйкесінше сипаттап, аталған теорияның одан әрі дамуына қарқын бере отырып, зерттеу шеңберін кеңейтіп, талдау әдіснамасын байыта түсті.
Адам капиталының заманауи теориясы классикалық саясиэкономия өкілдерінің еңбектерінен бастау алады. Мәселен, У. Петти экономистер арасында бірінші болып, «адамның әрекет етуші күші» категориясын негіздеп, оны ұлттық байлықтың құрамдас бөлігі ретінде санауды ұсынды[1]. XVIII ғасырда А. Смит «...пайдалы еңбек өнімділігінің артуы ең алдымен жұмысшының қабілетіне, содан кейін ғана ол жұмыс істейтін машиналар мен құралдарды жақсартуға тәуелді» деп байлықтың шешуші рөліне жұмысшы мен оның қабілеті мен біліктілігі ғана ие екенін көрсетті[2]. Ол машина мен басқа да еңбек құралдары, жер және құрылыспен қатар, негізгі капитал құрамына елдің барлық тұрғындарының жинақталған және пайдалы қабілеттерін де жатқызды. А. Смит білім беруді жоғары бағалап, оны қоғамдық байлықты арттыруға әсер ететін фактор ретінде қарастырды. Д. Рикардо болса, бұл пікірді толық қолдай отырып, елдердің экономикалық дамуда артта қалуы «халықтың барлық топтарындағы білім берудің кемшілігінен» деп атап көрсетті. Ол жұмыс күшінің ұдайы өндірісін халықтың ұдайы өндірісімен теңестіре отырып, өндіріс тиімділігі үшін жұмыс күшінің сапасы маңызды аспект болып табылатынын тұжырымдайды[3]. Классикалық саясиэкономия өкілдерінің адам капиталы тұжырымдамасының дамуына қосқан үлесі келесі үш аспектіде айқын көрініс табады:
-
ғылыми айналымға алғаш рет «әрекет етуші күш», «жұмысшының еңбек қабілеті», «өндірістік жұмысшы күші», «жұмыс күші» секілді түсініктер енгізілді;
-
адамдардың жинақталған қабілеттері бүкіл қоғам байлығының бір бөлігін құрайды деген идея негізделді;
-
адамның маңызды қасиеттері білім беру және тәрбие институты арқылы қалыптасады деген идея негізделді.
К. Маркс Д. Рикардоның «жұмыс күші» категориясын кең көлемде талдады. Ол «жұмыс күші» түсінігін «адамға тән және қандай да бір тұтыну құнын жасаған кезде көрінетін физикалық және рухани қабілеттердің жиынтығы» ретінде қарастырады[3]. К. Маркс бойынша, құн тек қана жұмыс күшін шығындауға әкелетін еңбек процесінде жасалып қана қоймай, еңбек өнімділігін сипаттайтын табиғат пен қоғамның өзара әрекеттесу үдерісі болып табылады. Оның мөлшері жұмыс күшінің біліктілігіне тәуелді. Адамның физикалық, ақыл-ой, шығармашылық қасиеттерінің дамуын К. Маркс «нағыз байлық», «қоғамның басты өндірістік күші» деп атады. Ол адамның шығармашылық қасиеттерінің арнайы өндіріс процесінің нәтижесінде ғана жасалатынын және оның қандай да бір шығынды талап ететінін атап көрсетті. К. Маркс адамды негізгі капитал ретінде қарастырып, оның өсуі үшін білімнің жинақталуы мен дамуын, өндірістік тәжірибенің маңызды екенін атап көрсете отырып, «жұмысшы күші» категориясын әдіснамалық тұрғыдан негіздеді. Осылайша, К. Маркс адам капиталы тұжырымдамасының тереңдеуіне едәуір үлес қосты.
Адам капиталы теориясының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында дамуы Л. Вальрастың, Дж. М. Кларктың, Ф. Листтің, Дж. Мак-Куллохтың, Г.Д. Маклеодтың, А. Маршаллдың, Дж.С. Милльдің, Ш.Сэйдің, И.Ф. Тюненнің, Т. Уинштейннің, Дж.С. Уолштың, И. Фишердің, У. Фаррдың және тағы да басқаларының есімдерімен байланысты.
Ф. Лист, В.Рошер, Г.Сиджуин, Дж.С. Уолш, Дж.С. Милль капитал болып адам емес, оның туылғаннан немесе жинақталған еңбекке деген қабілеттері және білімі мен біліктілігі секілді қасиеттері болып табылатынын атап көрсетеді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы экономистердің негізгі бөлігі адамның қабілеттерін емес, оның өзін капитал ретінде қарастырған. Олардың қатарында Л. Вальрас, Дж. Мак-Куллох, А. Маршалл, И.Ф. Тюнен, Т. Уинштейн, И. Фишер, У. Фаррды атауға болады. Р. Дорнбуш, К. Шмалензи және С. Фишер «адам капиталы» түсінігіне тек қана адамдардың білімі мен икемділігін, еңбекке қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар, адамның физикалық, психологиялық, дүниетанымдық, мәдени қасиеттерін де қосады[4].
ХХ ғасырдың басында адам капиталы түсінігін зерттеу қолданбалы сипат ала бастады. Экономист-ғалымдар Л. Дублин, Ф. Крам, И. Фишер, С.Х. Форсит жеке адамның және жалпы халықтың құнын, балаларды тәрбиелеу үшін берілетін мемлекеттік көмектің төменгі, орта және жоғарғы мөлшерін, отбасы бюджетінен сәйкес шығындарды анықтауға тырысты. Дж. Уолш кәсіби білім берудің АҚШ-тың ұлттық табысына әсерін нақты есептеп, «балама шығындар» түсінігін енгізді.
А. Маршалл еңбек өнімділігінің өсуіне тікелей әсер ететін адамның күші мен қабілеттерін материалдық емес байлыққа жатқызып, «жеке капитал» («персональный капитал») түсінігін енгізді[5]. ХХ ғасырға қарай адам капиталы теориясының жекелеген элементтері ғана жасалып, адам капиталының тұтас тұжырымдамасы орныға қоймаған еді, алайда осы кездің өзінде теорияның әдіснамалық негіздері қаланып, басты даму бағыттары айқындалған болатын. А. Маршаллдың атақты шәкірті Дж. М. Кейнстің әдептілік пен өнегелілік туралы ойлары білімге, білімділікке, яғни адами капиталға қатысты айтылады. Кейнстің пікірінше, «адамдардың құлқымен байланысты мәселелердің басым бөлігі біздің жақын болашақ туралы біліміміздің шектеулігінде болса керек. Біз болашағымызды болжауда бір қадамнан әріге дәрменсізбіз. Егер соғыстың нәтижесі әркімге белгілі болса, онда ешқандай соғыс оты тұтанбас еді. Жеңілетінін сезетін тарап төбелеске құмартпайды»[6].
Адам капиталы теориясының жеке ғылыми тұжырымдама ретінде қалыптасуы ғылыми-техникалық прогресс арқылы туындаған қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге байланысты болды. ХХ ғасырдың 60 жылдары жоғары білікті жұмысшыға қажеттілік айқын сезіле бастады, бұл білім мен оның еңбектегі рөлін қайта қарау қажеттілігін туындатты.
Адам капиталы тұжырымдамасының өткен ғасырдағы бастауында американдық экономистер, «Чикаго мектебінің» өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары Т. Шульц пен Г. Беккер тұр. Бұдан өзге, Ч. Боуэнді, Б. Вейсбродты, М. Блаугты, Дж. Минсерді, Э. Денисон мен Л. Туроуды атап өтуге болады. Т. Шульц өзінің «Білім капиталының қалыптасуы»[7] (1960) және «Адам капиталына инвестициялар» (1961) атты еңбектерінде: «Капиталдың бір формасы білім болып табылады, оны адам капиталы деп атайтын себебі, ол адамның бір бөлігі болуында. Сондықтан, болашақ қанағаттану мен болашақ жалақылардың қайнар көзі капитал болып табылады» деп атап көрсетеді[8].
Л. Туроудың пікірінше, адам капиталы оның иесінен бөлінбейді және ол «сәйкес білім мен тәрбие нәтижесінде қалыптасатын адамның саяси және әлеуметтік тұрақтылықа ізеттілік секілді қасиеттерін» өзіне қосады[9].
Т. Шульц ең алғаш болып білімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуші фактор ретінде атап көрсеткен. Т. Шульц жұмыс күшінің сапасын жақсарту процесін білімге қосымша салымдардың заңды қорытындысы ретінде қарастырады. Мұндай салымдар инвестициялар ретінде көрсетіледі.
Адам капиталы теориясының дамуына үлкен үлес қосқандардың бірі Г. Беккер болды. Г. Беккер «адам капиталы» түсінігін кеңінен қарастыра отырып, «адам капиталы білім, өндіріске даярлау, денсаулық шығындары, миграция, бағалар мен табыстар туралы ақпарат іздестіру түрінде болатын адамға салынған инвестициялар есебінен қалыптасады» деген байлам жасайды[10]. Ол адамға салынатын инвестициялар қатарына жалпы және кәсіби білім алу шығындарынан бөлек, балаларды тәрбиелеу шығындары, денсаулық сақтау, ақпарат іздестіру, жұмыс ауыстыру шығындарын және адамның өндірістік күшінің дамуына, оның мәдени және интеллектуалдық өсуіне ықпал ететін басқа да салымдарды жатқызады.
Адам капиталы және адамға салынған инвестициялар түсінігі экономистер үшін экономикалық өсу факторлары мәселесіне жаңа көзқарас танытуға мүмкіндік берді. Әрине, бұл факторлар қатарында білімнің шешуші рөл атқаратыны белгілі. Т. Шульц білімді өсудің ерекшеленген, жекелеген қайнар көзі ретінде қарастырса, Э. Денисон мен М. Уилл білімнің экономикалық өсуге қосатын үлесін бағалауда білім деңгейі мен табыс арасындағы корреляциялық тәуелділікті анықтау жеткіліксіз деп санайды[11]. Осы орайда, М. Уилл «білімнің әлеуметтік рентабельділігіне» әсер ететін факторлардың жіктемесін жасаған. Олардың қатарында адамның жасы, жынысы, қоғамдық жағдайы, дарыны, тәрбиесі, құндылық бағдарлары, ұлттық, этникалық құндылықтары мен дәстүрлерлерді атап көрсетеді. Бұл факторларды дұрыс бағаламау білімге салынатын салымдардың шынайы тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Мұндай көзқарас адамның өндірістік қабілетіне институционалдық көзқараспен сәйкестенеді.
Адам капиталына салынатын салымдардың жоғары нәтижелілігін дәлелдей келе, Беккер мектебі мемлекеттің және фирманың экономикалық саясатын адам капиталына салынатын инвестициялар көлемін ұлғайту бағытында өзгертуге ықпалын тигізді. Білімге, кадрларды даярлауға және қайта даярлауға қаржы бөлу бұрынғыдай өндірістен тыс тұтыну объектісі ретінде емес, керісінше, инвестициялық салымдардың тиімді объектісі ретінде түсініле бастады.
ХХ ғасырдың екінші жартысында білімнің экономикалық мәнін бағалауда елдер арасындағы салыстыру әдісі (А. Андерсен, С. Беннет, М. Кайзер, Д. Мак-Клеланд) және білімнің тиімділігін «өндіріс талабы» тұрғысынан бағалау әдісі (А. Берг, В. Роулинз, Дж. Скволл, Л. Уильман, С. Боулс, Д. Гордон, Г. Джинтис, Р. Эдварс) секілді балама көзқарастар орын ала бастады.
Г. Беккердің бұдан әрі зерттеулері «ауыстыруға келмейтін», шектеулі шаруашылық кеңістікте қолданылатын спецификалық адам капиталын сараптаумен байланысты болды. Ол «жалпы адам капиталымен» салыстырғанда, арнайы дайындық нәтижесінде жинақталған білім мен дағдыларды біріктірумен және соларға қол жеткізілген фирманың ғана мүддесін көздеуімен ерекшеленеді[12].
ХХ ғасырдың 90 жылдары адам капиталы теориясын К. Ванг, Дж. Грейсон, Н. Герланд, Дж. Минцер, Г. Псахаропулос, Т. Шульц дамытты. Олар негізінен адам капиталына салынатын инвестициялар мәселелерін қарастырды. Олар адам капиталын дамыған нарықтық экономикасы бар елдердегі білім беру мен кадр біліктілігін арттыруды макро және микро деңгейде басқару тәжірибесінде қолдану идеясын әзірледі.
Осылайша, адам капиталы теориясы ағымдағы жаңа ғылыми бағыттарға бет алды. Әлемдік ғылыми-экономикалық ой-пікірлер тарапынан қоғамдық мойындауға ие болып, адамның экономикадағы рөлі мен орны айқындалды. Олай болса, сапалы адам капиталын қалыптастыру, оның шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін ел игілігіне тиімді пайдалану ХХІ ғасырда да өзінің әлеуметтік-экономикалық мәнін жоғалтпайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
В. Петти. Экономические и статистические работы. – М.: Соцэкгиз, 1940. – 324 с.
-
А. Смит. Исследование о природе и причинах богатства народов. М.: Соцэкгиз, 1956. – 490 с.
-
Антология экономической классики. Т.1. –М.: 1993, - 308 с.
-
С. Фишер, Р. Дорнбуш, К.Е. Шмалензи Экономика. – М.: Дело, 1992. – 24 с.
-
А. Маршалл. Принципы политической экономии. Т.1. – М.: Прогресс, 1993. – 124.
-
Дж. М. Кейнс. Общая теория занятости, процента и денег. М., 2008.
-
T. Schulz. Capital Formation bi Education[][] Journal of Political Economy. 1960. – 25 p.
-
T. Schulz. Investment in Human Capital[][] The American Economic Review. March 1961 №1.
-
L. Thurow. Investment in Human Capital. Belmont. 1970. – 104 p.
-
G. Becker. Investment in Human Capital: Theoretical Analysis[][] Journal of Political Economy. Supplement. Oct., 1962
-
M. Wealle. Critical Eraluation of Return Analysis[][] The Economic Journal. 1993. № 418.
-
Г. Беккер. Воздействие на заработки инвестиций в человеческий капитал [][] США: экономика, политика, идеология. 1993, №11. - 109-119 с.
Достарыңызбен бөлісу: |