Инновациялық экономиканы қалыптастыру жағдайындағы адам ресурстарының рөлі э.ғ. к., доцент Нұрсейтова Г. Б



Дата13.06.2016
өлшемі72.57 Kb.
#133706
Инновациялық экономиканы қалыптастыру жағдайындағы адам ресурстарының рөлі
э.ғ.к., доцент Нұрсейтова Г.Б

экономика ғылымдарының магистрі Оспанбаев Ж.А.


әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Алматы. Қазақстан
Соңғы уақытта әлемдік шаруашылық жүйесінің жаһандануымен, ұлттық экономиканың жедел модернизациялануымен байланысты адам ресурстарын дамыту, ұдайы жетілдіру сондай-ақ оның интеллектуалдық әлеуетін барынша ұтымды пайдалану ерекше маңызға ие болуда. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде мұндай тенденцияны Қазақстан дамуынан да байқауға болады.

Постиндустриалдық қоғамға өтумен байланысты дамыған батыс елдерінің экономикасындағы маңызды өзгерістер ХХ ғасырдың соңында айқын көріне бастады. Кәсіпорындағы еңбекті ұйымдастыруды түбегейлі өзгерту қажеттілігі екі факторлар тобымен шарттастырылған. Шартты түрде оларды кәсіпорынның сыртқы ортасымен байланысты объективті және еңбек субъектісі ретіндегі адамның өзгеруімен байланысты субъективті факторлар деп екіге бөлуге болады. Егер, дәстүрлі түрде фирманың негізі тауар өндіру болса, қазір – білім, ноу-хау өндірісі, жаңа технологиялар әзірлеу болып табылады. Нәтижесінде бұрынғы ғылыми категориялар да өзгеруде. Индустриалдық қоғамда капитал ретінде өндіріске инвестициялану нәтижесінде қосымша табыс әкелетін қаржы құралдары түсінілсе, бүгінде адамның өзі де капитал ретінде қарастырылады, яғни адам ұйымның немесе тұтас елдің стратегиялық ресурсы, оның бәсекеге қабілеттілігінің негізі.

Адам ресурстары экономикалық ресурстардың ішіндегі маңызды әрі спецификалық ресурс болып табылады. Экономикалық даму факторы ретінде адам ресурстары – бұл белгілі бір кәсіби білім, дағдыларға ие және оларды еңбек процесінде қолдана алатын жұмысшылар.

Экономикалық дамудың басқа факторларымен салыстырғанда адам ресурстарының спецификалық ерекшелігі мынада, біріншіден адамдар материалдық және рухани құндылықтарды жасап қана қоймайды, сондай-ақ оларды бірден-бір пайдаланушы, екіншіден адам өмірінің әрқырлылығы еңбек әрекетімен ғана шектелмейді, сондықтан адам еңбегін тиімді пайдалану үшін адамның тұлға ретіндегі қажеттілігін әрдайым ескеру қажет, үшіншіден ғылыми-техникалық прогресс және қоғамдық өмірдің гуманизациялануы білім, адамгершілік, интеллектуалдық әлеуеттің және жұмысшының басқа да жеке қасиеттерінің экономикалық рөлін барынша арттыруда.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін «адам капиталы», «адам ресурстары» түсініктері тек еңбек күші ретінде ғана қарастырылып келді. Бұл түсініктердің өзара тығыз байланыста екені бізге белгілі. Қазіргі таңда да экономикадағы адамның рөлін сипаттауда бірқатар түсініктер қолданылады: экономикалық адам, жұмыс күші, жеке өндіріс факторы, еңбек ресурстары, адам ресурстары, адам капиталы, кәсіпкер және т.с.с.

Экономикалық ғылымда «экономикалық адам» категориясын өз мақсаты мен мүдделері есебінен экономикалық тұрғыдан оңтайлы шешім қабылдайтын және таңдау еркіндігіне ие нарықтық экономиканың басты шығармашылық тұлғасы ретінде анықтайды. Жұмыс күші ретінде адамның еңбекке деген жеке қабілеттілігі ғана түсініледі. Ал, «жеке өндіріс факторы» категориясын А.И. Добрынин мен Л.С. Тарасевич бірлескен еңбектің өндіріс күші ретінде анықтайды, яғни жеке еңбек күштерінің қандай да бір корпорациясын білдіреді деп есептейді./1/ Жеке фактор құрылымы өндірістің шоғырлану дәрежесімен және құрылымымен, еңбектің мамандану және бөліну деңгейімен анықталады. «Еңбек ресурстары» категориясы халық шаруашылығында еңбек етуге қажетті физикалық және ақыл-ой қабілеттеріне, қандай да бір білім, біліктілік деңгейіне ие болатын ел тұрғындарының негізгі бөлігін біріктіреді. Бұл жұмысбасты, жұмыссыз, бірақ еңбекке қабілетті ел тұрғындары. Еңбек әлеуеті ұғымын екі ұстанымда қарастыру керек: статистикалық көрсеткіш ретінде және экономикалық категория ретінде. Статистикалық көрсеткіш ретінде еңбек әлеуеті – бұл қарастырылып отырған кезеңдегі әзірше экономикалық іс-әрекетке тартыла қоймаған еңбек ресурстарының саны. Экономикалық категория ретінде еңбек әлеуеті келесі қасиеттердің жиынтығы негізінде материалдық игіліктердің өндірушісі болып табылатын халықты сипаттайды:



  • жұмысшының еңбекке қабілеті;

  • оның денсаулық жағдайы;

  • жүйке жүйесінің типі және т.с.с.

Сонымен, еңбек әлеуеті дегеніміз – ғылым мен техниканың осы даму деңгейіндегі қоғам ие болатын еңбектің мүмкін саны және сапасы.

А.И. Добрынин мен Л.С. Тарасевичтің пайымдауынша, кәсіпкер дегеніміз – белгісіздіктер мен тәуекелдер жағдайында әрекет ететін, жаңа тауар шығару және пайда табу мақсатында жаңа өндіріс факторлары мен ресурстар комбинациясын іске асыру үшін барлық қажетті қасиеттерге ие, нарықтық экономикадағы белсенді субъект. /1/

А.И. Добрынин мен Л.С. Тарасевич адам капиталы түсінігін инвестициялардың және адамның жинақтауының нәтижесінде қалыптасқан, қоғамдық ұдайы өндіріс салаларында мақсатты түрде қолданылатын белгілі бір білім, біліктілік, денсаулык, қабілеттер мен мотивациялар жүйесі деп есептейді. Ол еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ сол адамның жалақысының өсуіне ықпал етеді./1/

Б.Г. Юдин болса, адам капиталын адамның тұлғалық ерекшеліктерімен анықталатын, сыртқы факторлар әсерінен кейде көп, кейде аз мөлшерде қолданылатын жеке адамның әлеуеті ретінде сипаттайды./2/

С.Фишер, Р. Дорнбуш, Р.Шмалензи келесідей анықтама береді: «Адам капиталы адамға табыс әкелетін қабілеттер. Адам капиталы туғанынан берілетін қабілеттер мен дарындарды, сондай-ақ білім мен біліктіліктерді өзіне біріктіреді». /3/

Т. Шульц «адам капиталы» түсінігіне келесідей анықтама береді: «Барлық адам ресурстары мен қабілеттері туғанынан немесе қалыптасқан болып келеді. Әрбір адам жеке дара гендер кешенімен туылады, олар оның адами капиталын анықтайды. Сәйкес салымдар арқылы жинақталатын адамның құнды қасиеттерін, біз «адам капиталы» деп атаймыз»./4/

Байқағанымыздай, жоғарыдағы анықтамалардың мағынасы өте жақын. Сонымен, «адам капиталы» дегеніміз – адамның білім беру және тәжірибелік іс-әрекеті процесінде қол жеткізілген интеллектуалдық қабілеттер мен тәжірибелік дағдылар формасындағы капитал.

Сонымен қатар, адам капиталын келесі факторлардың комбинациясы ретінде қарастыруға болады:



  • адамның өз еңбегіне жұмсайтын қасиеттері: ақыл-ой, энергия, құштарлық және т.с.с.

  • адамның қабілеттері: дарындылық, тұлғаның шығармашылық сипаты және т.с.с.

  • ақпарат пен білімді бөлісуге адамның ынтасы: ұжымдық рух пен мақсатқа бағдарлану.

«Адам капиталы» түсінігін жан-жақты талдау барысында оның келесідей негізгі параметрлерін көрсетуге болады:

  • білімі;

  • біліктілігі;

  • білімінің жұмысымен байланыстылығы;

  • кәсіби құштарлығы;

  • психометрикалық сипаттары;

  • денсаулығы.

Адам әлеуеті категориясы соңғы уақытта кең етек жайды. Ол үш негізгі көрсеткішпен сипатталатын адам даму индексімен өлшенеді. Үш негізгі көрсеткішті атайтын болсақ: өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі және табыс деңгейі. Кез келген ұлттық экономиканың дамуы тек қана материалдық игіліктер көлемінің артуымен қарастырыла алмайды. Даму деңгейі бойынша елдерді ранжирлеу кезінде тек экономикалық көрсеткіштер ең тиімді критерий ретінде көріне алмайды.

«Адам ресурстары» – кәсіпорынның, тұтас елдің, аймақтың, немесе саланың жалпы еңбек ресурстары мен кадрлық құрамын сапалық тұрғыдан сипаттайтын түсінік. Басқа дәстүрлі түсініктерге қарағанда, «адам ресурстары» ұғымы қызметкердің шығармашылық әлеуеті мен адами құндылықтарын білдіреді. Егер, «кадр», «персонал», «жұмыс күші», «еңбек ресурстары», терминдерінің мазмұны жұмысшыға деген функционалдық, технократиялық келісті білдіріп, «экономикалық адам» тұжырымына сай келіп жатса, онда «адам ресурстары» термині кең мағыналы болып табылады және «әлеуметтік адам» тұжырымына сәйкес келеді деген байлам жасауға толық негіз бар. «Адам ресурстары» түсінігі «еңбек әлеуеті», «интеллектуалдық әлеует» түсініктерімен тығыз байланысты.

Бүгінгі таңда кез-келген мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыруының негізгі міндеті ретінде инновациялық, өндірістік және ғылыми дамуы арқылы білімге негізделген экономикаға көшу мәселесі қойылды. Бұл ғылыми бағдарламалардың мақсатты бағдарлануын және өндірістік жүйені жаңғыртуды сонымен қатар, ғылыми салаға жүйелік көзқарасты қажет етеді. Ұлттық инновациялық жүйелердің модельдерін зерттеу өндірістің, ғылымның және инновацияның дамуындағы мемлекеттің рөлін дәлелдеді. Мемлекеттік инновациялық қызметке ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруға бағытталған инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыруға бағытталған инновациялық саясат жатады. Инновациялық саясат технология мен ғылымның даму болашағына және болжауына негізделеді. Инновациялық саясаттың негізгі бағыттары индустриалдық саясаттың бағыттарымен анықталады және инновациялық қызметті ынталандыру мен мемлекеттік қолдауды іске асыру мен байланысты.

Қазақстандағы инновациялық экономиканы қалыптастыру ХХІ ғасырдағы даму бағыты болып табылады. Қазіргі кезде, Қазақстанда инновациялық қызметті қолдауға және дамытуға біршама іс-шаралар атқарылды:



  • Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы;

  • Қазақстанның барынша бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы;

  • Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру және дамыту бағдарламасы;

  • 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды.

2003 жылы Қазақстанда индустриялық-инновациялық стратегияның қабылдануы мен қаржылық институттар жүйесіне және индустриалдық-инновациялық дамуды мемлекеттік реттеудің механизмдеріне қайта құру іс-шаралры жүргізілді.

Қазіргі күні Қазақстанның экономиканы әртараптандыру және әлемдік нарыққа интеграциялану мақсатында өзінің инновациялық саясаты мен ұлттық инновациялық жүйесі қалыптаса бастаған. Бұл бастаманың негізі болып 2003 жылы қабылданған Қазақстанның 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы болып табылады.

2010 жылы мемлекеттің қатысуымен Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру мақсатын көздеген стратегияның екінші кезеңі аяқталған болатын. Жалпы алғанда, сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанның индустриалды-инновациялық саясатын жүзеге асыру, мемлекет қызметтерінің барлық салаларына әсер етті, бұл бойынша заң қабылдау саласында түрлі жұмыстар атқарылып, бағдарламалық құжаттар мен нақты шаралар істеліп жатыр.

ҚР-да инновациялық бағыттағы экономиканы қалыптастыру адам ресурстарына тікелей байланысты. Тіпті, адам ресурстары инновациялық экономика қалыптастырудың шешуші факторы десек қателеспейміз. Жоғарыда аталған стратегияларды нәтижелі жүзеге асыру адам ресурстарының сапалы дамуын талап етеді. Олай болса, адам ресурстарын ұдайы әрі сапалы дамыту инновациялық экономика қалыптастырудың негізі ғана емес, мемлекет саясатының басым бағыты ретінде жүзеге асуы тиіс.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. А.И. Добрынин Л.С. Тарасевич. Экономическая теория. Учебник для вузов 3-е издание/ СПб.: Питер, 2000. –С.350-351

  2. Б.Г. Юдин. Человеческий потенциал российской глубинки / Человек. 2003. №2. 7с.

  3. С.Фишер, Р. Дорнбуш, Р. Шмалензи Экономика. –М.: Дело, 1994 -С. 303.

  4. Schultz, Theodore W. Investment in human capital: the role of education and of research. N.Y., 1971;


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет