Райымбек ауданының әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлының ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы бойынша 2011 жылы атқарған жұмыстарының есебі және 2012 жылы алда тұрған міндеттері туралы есепті баяндамасы.
Қадірменді көпшілік!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы 6 сәуір 2005 жылғы №1546 Жарлығына сәйкес елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру жиындары өтуде.
Соңғы жылдардағы есеп беру жиындары аудан әкімдерінің атқарып отырған қызметін халықтың көзімен бағалауға жағдай жасады. Жергілікті атқару органдары да өз жұмыстарының басым бағыттарын айқын көре алды.
Нәтижелі істер мен өзгерістер өткен жылы жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтары күні «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауын ұсынды.
Елбасы, Қазақстанның даму жолының жаңа кезеңі – экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттері мен экономикалық табыстар және қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табудың - өмірлік маңызды нәрсе екендігіне тоқталып, Қазақстанның алдағы дамуының негізгі он бағытын айқындап, орындалуын міндеттеді.
Осы орайда өткен жылдың басында селолық, поселкелік округтерде өткізілген есеп беру жиындарында тұрғындар тарапынан егістік мәдениетін жақсарту, мал басын көбейту, өңдеуші кәсіпорындарды дамыту, тұрғын үй, ауыз су бағдарламасын жүзеге асыру, ауыл - селоларды көркейту, мәдени - әлеуметтік ғимараттарды қайта қалпына келтіріп көпшілік игілігіне жарату, білім беру сапасын дұрыс жолға қою, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуді жақсарту жөнінде көптеген пайдалы ұсыныстар айтылған болатын.
Соның нәтижесінде 2011 жылы ауданның әлеуметтік – экономикалық жағдайын дамытуда, салалар бойынша ілгерілеушіліктер болып, төмендегідей жұмыстар атқарылды.
Өнеркәсіп.
Өнеркәсіп саласында 2011 жылы 900,0 млн теңгенің өнімі өндірілді. (2010 ж. 1 млрд 135,4 млн теңге).
Нақты көлем индексінің 96,1 пайызға дейін төмендеуіне жол берілді.
Себебі қажетті жүн дайындау жұмыстары мерзімінде жүргізілмегендіктен, Текес ауылындағы жүн өнімдерін өңдейтін «Қуат ЛТД», «Текес түбіт» ЖШС-рі 2011 жылы жұмыс істемеді. Өнеркәсіп саласының дамыту үшін ауданда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін өндейтін шағын цехтарды ашуды ұйымдастыруымыз қажет.
Кеген ауылындағы қымыз өнімдерін құю цехының жұмыс ауқымын ұлғайтуға көмек көрсетуіміз керек.
Біріншіден, қымыз құюдың көлемін ұлғайтсақ, екіншіден асханалық су құюды ұйымдастыруымыз қажет.
Ауылшаруашылығы.
Ауылшаруашылығы саласында 2011 жылы 18,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. (2010 ж. 13,8 млрд теңге).
Аудан бойынша 18000 гектар астық себіліп, күздік бидайдың әр гектарынан 20,8 центнерден, жаздық бидайдың әр гектарынан 19,2 центнерден, жаздық арпаның әр гектарынан 20,9 центнерден өнім алынып, аудан бойынша әр гектардан орташа 20,8 центнерден айналып, барлық түсім 30368 тоннаны құрады.
Ауданда 2010 жылы бағдарлама бойынша 290 мың тонна шөп дайындалған болса, 2011 жылы 295 мың тоннаға орындалды.
2011 жылы егін шаруашылығына мемлекет тарапынан 9 млн 902 мың тенге субсидия бөлініп, 7 млн 499 мың теңгесі игерілді, немесе 2 млн 403 мың теңгенің игерілуі қамтамасыз етілмеді. Себебі ұсақ шаруа қожалықтардың мемлекеттік актісі және де басқа құжаттары болмағандықтан субсидия төленбеді.
Аудандағы картоп өсірумен айналысатын 3 – тұқым шаруашылығы, өндірістік кооперативтерге, жеке тұлғаларға жоғарғы репродукциялы картоп тұқымын дайындап сатқаны үшін, мемлекет тарапынан 28 млн. теңге субсидия төленді.
Сонымен қатар 2011 жылы картоп тұқымымен айналысатын 2 шаруа қожалығы құрылды.
Картоп дақылдарын отырғызып өсіруді қолға алуымыз қажет. Бүгінгі нарықта, картоп бағасы ауыл еңбеккерлеріне қаржылық жағынан өте қолайлы болып отыр. Текес, Қарқара, Жалаңаш аймақтарында осы дақыл түрімен айналысамын деген инвесторлар шығуда. Олар бізден тек қолдау табатын болады.
Кез келген ауылшаруашылық жұмыстары техниканың күшімен бітетіні сөзсіз.
Ауданда 900-ге тарта әр түрлі маркалы тракторлар бар. Сапасы төмен, тіркеме саймандар жеткіліксіз. Жалпы 2011 жылы 46 млн теңгеге ауылшаруашылық техникалары алынды.
Егін шаруашылығы саласында кезек күттірмес мәселенің бірі осы саламен айналысатын шаруа қожалықтарын ірілендіру болса, Нарынқол, Кеген, Жалаңаш аймақтарында 3 ірі шаруашылықтардың төңірегіне ұсақ шаруа қожалықтарын топтастырып ірілендіру мақсатында шаруа қожалықтардың төрағалары мен селолық округ әкімдерінің қатысуымен жиналыстар өткізіліп есептерін тиісті құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұның сыртында 3 аймақта МТС – тар құрудың да жолдары қарастырылуда.
2011 жылы 3-каналға күрделі жөндеуге 89 млн тенге қаражат бөлініп «Құмтекей» каналына 23 млн тенге, «Дараты», «Жаңа жеміс» каналдарына 66 млн тенгеге жұмыстары жүргізілді.
2012 жылы «Белтоған» каналына-34,5 млн тенге», «Казачи» каналына, «Үлкен Қақпақ» каналына -76,2 млн тенге, «Үкірші», «Ортатоған», «Қаратоған» каналдарына 61,4 млн, барлығы 172 млн 125 мың теңге бөлініп күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде.
Мал басы жылдан жылға өсуде, ірі – қара 96,1 мың, қой ешкі 422,0 мың, жылқы 57,5 мың басқа жетті. 2011 жылы мал шаруашылығы саласының көрсеткіштері толық орындалды. Төл алуда ірі қарадан 100 аналыққа есептегенде 92 – ден бұзау, қой ешкіден 100 аналыққа есептегенде 102 – ден қозы мен лақ, жылқыдан 100 аналыққа есептегенде 86 – дан құлын алынды.
Мал мен құс етін өндіру тірі салмақта 26151 тонна (109 пайыз), сауылған сиыр сүті 34761 тонна (100,4), алынған жұмыртқа 10672 мың дана (99,8), қырқылған жүн 920 тонна (101,9) болды.
Ауданда асыл тұқыммен айналысатын бүгінгі күнге жылқыдан - 3, қойдан – 4 , ірі – қарадан – 2 шаруашылықтар жұмыс жасайды.
Алайда, қолдағы бар асыл тұқымды малдардың саны жеткіліксіз. Мал тұқымын асылдандыру жұмысы біздің негізгі мақсатымыз болуы тиіс.
«Кеген Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Канададан 376 бас герефорд асыл тұқымды ірі қара малын әкеліп өсіруде. Бұл мал басы 800 басқа жететін болады.
Мал ұрықтандыру пунктері бойынша 2011 жылы 10245 бас ірі қараны ұрықтандыру жоспарланса, ол толығымен орындалды.
Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру бойынша 82800 бас ірі қара жоспарланып, ол толығымен орындалды және 100 пайыз компьютерге енгізілді.
2011 жылға арналған ауылшаруашылық жануарларының ветеринариялық профилактикалық және ветеринариялық диагностикалық шараларының жұмыс жоспары толық орындалды.
Ауданда Қарабұлақ, Жылысай, Бөлексаз, Қарқара, Сарыжаз, Қайнар, Тегістік, Қарасаз, Көкпияз ауылдарында мал сою алаңдары бар.
21 селолық округте ұқсатылған (примитивный) мал қорындыларын тастайтын орын бар, ал Кеген мен Нарынқол ауылдарында арнайы типтегі мал өлексесін тастайтын орын бар.
Елбасының тапсырмасына сәйкес ет бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданда 3807 бас аналық сиырлары бар 77 шаруа қожалықтары ет бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының экспорттық әулетін арттыру бағдарламасына кірді.
Оның ішінде 3600 бас сиырға мал азығын арзандату мақсатында 16,2 млн теңге мемлекет тарапынан субсидия төленді.
Жоғарыдағы ірі қаралардың 2225 бас аналығы ет бағытындағы «Қазақтың ақбас» бұқасының ұрығымен қолдан ұрықтандырылуға тиіс болса, бүгінгі күнге ол толығымен орындалды.
Аудандағы шаруа қожалықтары «Кеген Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өз қаражаттарына 40 бас қазақтың ақбас бұқасын сатып алып, 1105 бас аналықты сіңіре будандастырды.
2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалынан 7 шаруа қожалығы 65 млн 500 мың теңге несие алып 437 бас аналық сиыр малын сатып алды.
Инвестиция.
2011 жылы Республикалық бюджет қаржысы есебінен 1 млрд 125 млн теңге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 1 млрд 704 млн теңге, кәсіпорындар мен жеке азаматтардың қаржысы есебінен 4 млрд 530 млн теңге, Мойнақ су электр станциясына заемдық қаржылар есебінен 21 млрд 513 млн теңге мөлшерінде негізгі капиталға инвестиция тартылып, барлығы 28 млрд 872 млн теңге болып былтырғы жылмен салыстырғанда 195,2 пайызға немесе 2 есеге дейін артық орындалуы қамтамасыз етілді.
Ал, 2012 жылы Шелек өзенінің бойынан 8 каскадты шағын су электр станциясының құрылысына 8,5 млрд теңге, Мойнақ туристік кешені құрылысына 3,5 млрд теңге, Республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге және кәсіпорындар мен мекемелердің қаржысы есебінен 0,8 млрд теңге барлығы 15,0 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
Бұл тартылатын инвестиция көлемі аудан үшін жеткіліксіз. Жоғарыда айтылғандай өнеркәсіп саласын дамытуға барынша көңіл бөлініп осы мақсатқа инвестиция тартуға ат салысу баршамыздың міндетіміз. Осы орайда Сарыбастау, Нарынқол, Жалаңаш ауылдарындағы кірпіш заводтары. Ақтасты, Ақсай, Сарыбастау, Текес ауылдарында әк-тас(известь) шығару орындары, Үкіршідегі цемент заводы, Ұзынбұлақ, Сүмбе, Сарыбастау ауылдарындағы тері илеу цехтарының жұмыс істегендігін білесіздер. Осы нысандарды қалпына келтіруге бірлесіп жұмыс жасасақ.
Бюджеттің орындалуы.
Аудан бойынша барлық салық көздерінен жылдық жоспардағы 784 млн теңгенің орнына 944 млн теңге болып болжам 120,4 пайызға орындалды немесе бюджетке қосымша 160 млн теңгенің артық түсірілуін қамтамасыз етті. Ал, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 147 пайызға орындалды.
Ауданның өз кірісінің болжамы 110 млн теңге болса, ол 147 млн теңгеге орындалды.
Берешек қарыздар көлемі жыл басымен салыстырғанда 3,5 млн теңгеге азайған. (Жыл басында 26,6 млн теңге болса, биыл 23,1 млн теңге).
Берешек қарыздарды толық өндіруде, ауыл әкімдері мен салық инспекторлары жұмыстарын әлі де болса жандандыруы керек.
Алдағы уақытта бюджеттің түсім көздерін ауданға құрылыс жұмыстарын атқаруға келген мердігерлерді, ауданға салық төлемдерін төлуге тіркеу арқылы көбейтуді жалғастыруымыз қажет.
Бюджет қаржыларын игеру нақтыланған жоспармен (5310 млн теңге) салыстырғанда (5300 млн теңге) 99,8 пайызға орындалды.
Алдағы уақытта бюджет қаржыларының өз мақсатында сапалы орындалуы үшін бағдарлама әкімгерлері мен бюджеттің орындалуына жауапты уәкілетті орган қаржы бөлімі өз жұмыстарын ширатулары қажет.
Білім бөлімі.
Білім саласында 43 орта, 3 орталау, 8 бастауыш мектептер, 2 оқу өндірістік комбинаты, 2 кәсіптік лицей, 1 жасөспірімдер спорт мектебі, 2 өнер мектебі, 3 бала бақша, 2 мектеп жанындағы интернат және 36 мектепке дейінгі шағын орталықтары жұмыс жасайды.
Өткен оқу жылын аудан мектептері 46,6 % жылдық сапа, 100 %-қ үлгеріммен аяқтап , жаңа оқу жылын білім мекемелері 754 сынып компелктісі 13374 оқушымен бастады. Денсаулығына байланысты 53 оқушы үйден оқуға тартылса, 6 елді мекендердегі 285 оқушы тасымалданып оқытылады. Оқушыларды сапалы тасымалдау мақсатында 2 мектеп жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілді.
2011 жылы 145,5 млн. теңгеге Текес ауылындағы «Қызғалдақ» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілді және 3 мектепке дейінгі шағын орталықтары ашылды.
Осының нәтижесінде балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы жыл аяғына 47,0 % болды.
2012 жылы Жамбыл, Тоғызбұлақ ауылдарындағы әрқайсысы 140 орындық балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарға енгізілсе, Кеген ауылынан 320 орындық бала бақшаның құрылысы басталады және қосымша мектепке дейінгі шағын орталықтарды ашу мүмкіндіктері қарастырылатын болады.
2011 жылы 2 мектеп (Барманбекұлы атындағы және Талды орта мектептері) күрделі жөндеуден өтті, 2 мектептің (Сауранбаев, Орманов атындағы орта мектептері) жылу жүйесі жасалынды, 1 мектептің (Қарабұлақ орта мектебі) шатыры ауыстырылды.
Интернет жүйесіне және қашықтықтан оқытуға бөлінген 29 млн 676 мың теңге игеріліп, 3 Мегалайн, 30 кабельдік, 21 спутниктік жүйеге аудан мектептері қосылған.
Білім мекемелерінде барлығы 1063 компьютер бар. 15 балаға 1 компьтерден келеді.
6 мектепте стомотологиялық кабинеттер оқушыларға медициналық қызмет көрсетеді.
Ауданда 22 мультимедиялық-лингофондық кабинет бар, оның 5-уі 2011 жылы берілген (Қ. Байғабылұлы , Ш.Уалиханов атындағы, Ақсай, Шәлкөде, Бөлексаз орта мектептеріне) , 12 физика кабинеті жұмыс істейді, 2011 жылы 1 химия кабинеті берілсе ( Б.Соқпақбаев атындағы орта мектебіне), 11 биология кабиентінің 4- уі 2011 жылы берілді. (Абай, Н. Өмірзақов, Ө. Жаңабаев, С.Сауранбаев атындағы орта мектептеріне).
13,5 млн теңгеге 6 мектепке (Талды, Тұйық , А.Барманбекұлы ,Т.Мұсақұлов, Ө.Жаңабаев атындағы орта, Жайдақбұлақ орталау мектептері ) материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында қатты және жұмсақ мүліктер берілді. 30 мектепке 22,0 млн теңгенің спорт инвентарларымен қамтамасыз етілсе, 39,5 млн теңгеге білім мекемелеріне жаңа буын оқулықтар мен көркем әдебиет, әдістемелік көмек құралдарымен толықтырылды.
2012 жылдың жобасына Шыбышы ауылынан 180 орындық орта мектептің ғимараты 348 млн теңгеге жаңадан салынатындығы енгізілсе, Нарынқол ауылындағы О. Жандосов атындағы орта мектептің ғимараты 127 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтеді.
2011 жылы аудандағы 40 орта мектептегі 1061 бітірушінің 938-і ҰБТ-ге қатысып қорытындысы бойынша ортақ балл 80,2 пайыз болды. (2010 жылы 74,5 пайыз). 1 оқушы Ж.Ермегияев атындағы орта мектебінен Омар Таңшолпан Кипрда өткен физика пәнінен өткізілген Халықаралық олимпиадада жүлделі 3-орын иеленгендіктен ҰБТ-ден босатылды.
Былтырғы жылы 10 мектеп бітірушісі «Алтын белгі» белгісіне, 8 бітіруші «Ерекше аттестатқа» үміткер ретінде тіркеліп, тестілеудің қорытындысында «Алтын белгі» белгісіне - 3 үміткер, «Ерекше аттестатқа» - 3 үміткер білімдерін қорғап шықты.
Алдағы уақытта мектеп бітіруші түлектердің білімін бағалауда пән мұғалімдерінің жұмысына бақылауды күшейту қажет.
Аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшесінің есебінде 31 жасөспірім есепте тұрады. 12 мектеп оқушысы, 19 кәсіптік лицей, колледж студенттері себепсіз сабақ қалдырғандары, ұсақ бұзақылық жасағандары үшін есепке алынған.
Оқушылар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстық әрекеттерді болдырмау, алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылатын болады.
Денсаулық сақтау.
Денсаулық сақтау саласында тұрғындарға 1 орталық, 4 селолық аурухана, 20 дәрігерлік емхана, 33 медициналық пункттер қызмет көрсетеді. Стационарлық көмек көрсетуде аудан бойынша емдеу орындары 260 төсекпен, күндізгі стационарлық көмек көрсету 101 төсекпен қамтылған.
Ауруханаларда жоғары білімді дәрігерлер, әсіресе, педиатр, фтизиатр, реаниматолог, стоматолог мамандары жетіспейді.
Барлығы ауданға 160 дәрігер керек болса, бүгінгі күнге 110 дәрігер жұмыс істеуде немесе 50 дәрігер жетіспейді (реанематолог-5, гинеколог-5, терапевт-10, педиатр-10, хирург-5, басқалары-15).
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2011 жылы 6 дәрігер жұмысқа қабылданса, 2015 жылға ауданға керекті дәрігерлермен толық қамтылатын болады.
2010 – 2011 жылдары ауданда ана өлімі тіркелген жоқ.
1 жасқа дейінгі балалар өлімі 2010 жылы 30 бала болса, 2011 жылы 22 бала өлімі тіркелді.
2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда туберкулезбен ауру 100 мың адамға шаққанда 23,8 пайызға көбейсе, бруцеллезбен ауру орташа облыстық көрсеткіштен 3,5 есеге көбейген.
Туберкулез ауруына 2010 жылы 25 адам шалдықса, 2011 жылы 32 адам тіркелді.
Аталған аурудың алдын алу мақсатында ауруға қарсы екпе жұмыстарын толық көлемде жалғастырып, тұрғындар арасында санитарлық – ағарту жұмыстарын ұйымдастырып және аурудың ерте кезеңінде анықтап, емдеу іс – шараларын жүргізу қажет.
Бруцеллез ауруымен 2010 жылы 58 адам ауырса, 2011 жылы 64 адам есепке алынды.
Алдағы уақытта ауруды азайту мақсатында мал басын серологиялық тексеруден өткізіп, алдын ала ветеринарлық шаралар кең көлемде ұйымдастырылатын болады.
2011 жылы аудандық орталық ауруханаға 16 млн теңгенің өкпені жасанды желдендіру аппараты алынып, дәрігерлік емханалар көз ішілік қысымды өлшейтін «Маклакова» тонометрімен қамтамасыз етілді.
Материалдық техникалық базаны жақсарту алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар
Райымбек ауданы халқын жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі 2011 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан бойынша жұмыс іздеуші ретінде 646 адам тіркеліп, олардың 556-ы жұмысқа орналастырылып, жылдық бағдарлама 106,3 пайызға орындалды, халықтың нысаналы топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламасы 114,2 пайызға, жұмыссыз азаматтарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау 100,0 пайызға, ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру 122,9 пайызға, жас мамандарды жастар тәжірибесіне жіберу 146,4 пайызға, жаңа жұмыс орындарын құру 100,0 пайызға орындалды.
Мүгедек азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында 2011 жылы жеке оңалту бағдарламасы бойынша 14 мүгедек азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Есепті мерзімде мүгедек азаматтардың 8-і жұмысқа орналастырылды, 10-ы қоғамдық жұмысқа жіберілді, 1-мүгедек кәсіптік оқуға тартылды.
Аудан бойынша аз камтамасыз етілген отбасыларға, жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі мүгедек азаматтарға, барлығы 999 отбасындағы 3069 адамға 3396,5 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілсе, 1 маусым балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай демеушілер арқылы 70 отбасындағы 246 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаға 107630 теңгенің, «Қарттар күніне» байланысты 75 отбасына 677960 теңгенің көмегі көрсетілді.
Үйден тәрбиеленіп оқытылатын 86 балаға 2476,0 мың теңге жәрдемақы төленді.
2011 жылы аз қамтылған 198 отбасындағы 978 адамға 21770,9 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 1538 отбасындағы 5065 балаға 69482,5 мың теңге 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы, 1110 жанұяға 31402,0 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленді. Жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыту үшін мал сатып алуға 5 отбасына 1 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілді.
Сондай-ақ ауданның 23 селолық округтеріндегі дүкендерден ұйымдастырылған 41 әлеуметтік бұрыштардан жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларына ай сайын арзандатылған бағамен азық-түлік беріледі.
Ауылдық жерде тұрып жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу үшін 3325 адамға 25137,0 мың теңге, Ұлы Отан соғысының 16 ардагеріне 521675 теңге коммуналдық төлем төленді.
Шағын және орта бизнес
Ауданда шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын 4964 субъект тіркелсе (жұмыс істейтіні 4826), оның 3850 шаруа қожалықтары, 152–і заңды тұлғалар (жұмыс істейтіні 135), 962-і жеке кәсіпкерлер (жұмыс істейтіні 841). Оларда барлығы 17287 адам жұмыспен қамтылған.
2011 жылы шағын кәсіпкерлер субьектілері 1918,2 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, бюджетке 62,9 млн. теңге салық төлемдерінен түсімдер құйды.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша инвестициялық жобаларды индустриялды картаға енгізу мәселесі бойынша «Елтану» туристік кешенінің «Теплоэнергомаш» ЖШС-ің, «Хантәңірі» ЖШС-ің, «Жетісу строй комплектациясы» ЖШС-ің жобалары жасалынып тиісті орындардан тексеруден өтуде.
Осы бағдарлама бойынша «Консалтинг» орталығы мамандары арқылы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына ақысыз көмек көрсетілуде (бизнес жоспар, декларация толтыру, стат есептерін жүргізу).
Халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларының және жанар жағар майдың бағаларын тұрақтандыру жөнінде әр селолық округтарда құрылған жұмысшы топтардың жұмыстары ауыл әкімдерінің басты бақылауында болуы қажет.
Құрылыс, күрделі жөндеу,
көгалдандыру, көркейту.
Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі бойынша 2011 жылы 18 нысанға 844 млн. теңге қаралып, ол толығымен игерілді.
Атап айтқанда:
Аудан елді мекендерінің көшелерін жарықтандыруға (Жалаңаш, Қарқара, Сарыбастау, Қайнар) 14807 мың теңге, Қарасаз ауылын абаттандыруға 83200 мың теңге, Су қоймаларының техникалық күйін зерттеуге 9900 мың теңге, елді мекендердегі көше жарықтарын күтіп баптауға 3000 мың теңге, Қарабұлақ ауылына жарық шамын орнатуға 1819 мың теңге, бильборд жасауға 1167 мың теңге, Кеген ауылының күл қоқыс төгетін орнын қоршауға 4527 мың теңге, Нарынқол және Текес ауылдарына бағдаршам орнатуға 4485 мың теңге, Қарасаз ауылының көше жолын жөндеуге 106400 мың теңге, Кеген ауылының көше жолын жөндеуге 84864 мың теңге, Нарынқол ауылын сумен жабдықтауға 289967 мың теңге, Саты ауылын сумен жабдықтауға 109241 мың теңге, Сүмбе ауылын сумен жабдықтауға 99310 мың теңге, Жалаңаш ауылының суына жобалық сметалық құжат жасауға 6900 мың теңге, Қарасаз ауылының саябағын қоршауға 3000 мың теңге бөлінді.
Сонымен қатар ауданда құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына 18 нысанға 665 млн. теңге қаралып 12 айда толығымен игерілді.
Атап айтқанда:
Сарыжаз ауылындағы салынатын жекеменшік тұрғын үйлердің инфрақұрылымын дайындауға 61742 мың теңге, Нарынқол ауылындағы 2 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысына және инфрақұрылымын дайындауға 14400 мың теңге, Кеген ауылындағы 5 жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына және инфрақұрылымын дайындауға 40772 мың теңге, Құмтекей каналының бас қондырғысын жасауға 28400 мың теңге, Қайнар ауылындағы «Жаңа жеміс» каналының бас қондырғысын жасауға 66000 мың теңге, Текес ауылындағы «Қызғалдақ» бала бақшасын күрделі жөндеуге 145540 мың теңге, Қарасаз ауылындағы А.А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеуге 43076 мың теңге, Сарыбастау ауылындағы С.Сауранбаев атындағы орта мектептің жылу жүйесін жасауға 8451 мың теңге, Талды орта мектебін күрделі жөндеуге 26343 мың теңге, Жылысай ауылындағы М.Орманов атындағы орта мектептің жылу жүйесін жасауға 7137 мың теңге, Қарабұлақ орта мектебінің шатырын ауыстыруға 7363 мың теңге, Қарасаз ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге 148915 мың теңге, аудандық мәдениет үйлеріне материалдық – техникалық жарықтандыруға 9000 мың теңге, Кіші Жалаңаш ауылының мәдениет үйінің қазандығын орнатуға 4000 мың теңге, Қарасаз ауылының дәрігерлік емханаға күрделі жөндеуге 44000 мың теңге, Шырғанақ ауылындағы дәрігерлік емханаға күрделі жөндеуге 11000 мың теңге бөлінді.
Ішкі саясат және мәдениет.
Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тұрғындарға насихаттау мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық тобы құрылып, селолық, поселкелік округтерде үгіт насихат жұмыстарын жүргізді.
Жолдаудың тезистері дайындалып, селолық, поселкелік округтердегі ақпараттық-насихаттық топтарға берілді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес атқарылар жұмыстар белгіленді.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерей тойының мәдени шаралары, концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Елбасы Жолдауына сәйкес мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға баса назар аударылды.Қарасаз ауылында Жастар форумы өткізілді
Талдықорған қаласында өткен Райымбек ауданының мәдениет күнінің шарасы жасалып,ауданның мәдениет күні өткізілді.
Қарттар күніне байланысты аудан ардагерлерінің жиыны өткізілді.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «20 Жұлдызды күн» шарасының аясында мәдени мерекелік шаралар өткізілді.
«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасынан, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, аудандық «Хантәңірі» газетінде мақалалар, оқырмандардың пікірлері тұрақты жарияланып келеді.
Спорт
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында - саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортқа тартылу керектігі айтылды. Жолдауға сәйкес ауданда іс – шаралар жоспарлары жасалынып, нақты жұмыстар ұйымдастырылды. Ауданда 22 наурыз, 1 мамыр, Ұлы жеңістің 66 жылдығына, М.Мақатаевтың 80 жылдығына, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған спорт түрлерінен 47 рет аудан көлемінде жарыстар өткізілді.
Спортты дамытуға байланысты жоспарлар жасалынып, жүргізілгенімен де кемшіліктер жеткілікті.
1. Ауданымызда қыс мезгілі ұзақ болады, табиғаты керемет. Спорт түрлерін өткізер әдемі жерлер көп болса да қысқы ойын түрлері өз мәнінде жүргізілмейді.
2. Оқушылардың сабақтан бос кезінде спорт түрлерімен айналысуға жете мән берілмеген. Мектептердің спорт залдары кешкісін бос тұрады.
3. Жаз кезінде ауылдарда футбол, баскетбол, волейбол тағы басқа ойын түрлері өтетін алаңдары жасалынбаған.
4. Ұлттық ат спорты ойындарына да дұрыс көңіл бөлінбеген.
5. Ауданда туризмді дамытуда табиғи сұлулығы мол көрікті жерлер көп. Осы жерлерді жастарға насихаттауда, туристік жорықтар мүлдем ұйымдастырылмайды.
Мәселен қыс мерзімінде Ақбұлақ, Қарабұлақ, Кеңбұлақ, Қайқы, Шырғанақтағы шаңғы базаларының жандануына жұмыс жасасақ.
Жаз мезгілінде селолық округтерде табиғат аясында киіз үйлерден балаларды демалдыратын демалыс орындарын ұйымдастыруымыз қажет. Аталған жұмыстарға байланысты құжаттарын ретке келтіруді осы кезден қолға алулары керек.
Қылмыс
2011 жылы аудан бойынша барлығы 198 қылмыс тіркеліп, ол өткен жылмен салыстырғанда 63,6 пайызға өскен.
2010 жылмен салыстырғанда адам өлтіру 1 жағдайға көбейсе, бөтеннің мүлкін ұрлау 64 жағдайға көбейген. Ал қылмыстың ашылуы 2010 жылы 92,2 пайыз болса, бұл көрсеткіш 75,9 пайызға дейін төмендеген.
Бұл бағытта аудандық ішкі істер бөлімі өз жұмыстарын сараптап, кемшілікті түзетудің барлық шараларын қарастыруы тиіс.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» - атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын орындауда Сіздердің еңбектеріңіз орасан зор.
Ауданда өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылды. Дегенмен, істелген жұмыстардан атқарылмаған жұмыстарымыз баршылық.
Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты, осы көштің құрамында біздің ауданымыздың да кетіп бара жатқанын бір сәт естен шығармаңыздар.
Осы орайда Елбасының «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауындағы негізгі он бағытын орындауға ат салысуға шақырамын.
2011 жылы атқарылған жұмыстар Сіздердің ынтымақ – бірліктеріңізбен жүзеге асса, осы жетістіктердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі, сыртқы саясаттағы қол жеткізген жетістіктері мен ел ішіндегі тыныштықтың нәтижесі.
Жерімізге тыныштық, халқымызға ынтымақ, береке бірлік тілеймін!
Тыңдағандарыңызға рахмет !
Достарыңызбен бөлісу: |