ОҢТҮСТІК АЙМАҚТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ
Өмірзақов Саян Еркінұлы
s_a_i_a_n@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Туризм» мамандығының 2 курс студенті,Астана,Қазақстан
Ғылыми жетекшісі – Д.Женисхан
Бүгінгі таңда экотуризм мәселесі әлемдік деңгейде айрықша маңызға ие. Қазақстан Республикасындағы туристік потенциалы жоғары аймақтарды толығымен пайдалану – мемлекеттік деңгейдегі негізгі мақсаттардың бірі. Экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша Қазақстан туристік ассоциациясы және туристік индустрияны дамыту мақсатындағы сала мамандары жұмыс жасауда.
Қазақстан Республикасының барлық аймақтары туристік әлеуеті бойынша ерекше маңыздылықтармен сипатталады. Солардың бірі Сыр бойындағы туризм саласынан кенде емес Қызылорда облысындағы Қамыстыбас көлі. Тарихы терең Арал ауданындағы Қамыстыбас көлін туристік мақсатта пайдалану оңтүстік аймақты дамытудың маңызды экономикалық мүмкіндігін көрсетеді.
Қызылорда облысының қазіргі экологиялық ахуалына тоқталатын болсақ,ол төменгі дәрежеде. Адам денсаулығы өндіріс қалдықтары мен Байқоңыр айлағының әсерінен зардап шегуде. Табиғат тазалығы, байлығы халық қажеттілігін өтей алатындығымен қатар адам денсаулығына әсерін ескере бермейміз. Жаз айларында халықтың өзен, көлдерге шомылып, демалыс орындарына айналдырып жататындығы бәрімімізге аян. Сондай халықтың жағажайға айналдырған көлінің бірі – Қамыстыбас көлі. Қамыстыбас көліне жаз айларында облыстың түкпір-түкпірінен демалушылар ағылып келіп жатады. Күнге қыздырынған халықтың саны Қырғызстандағы Ыстықкөлді елестетеді.
Қамыстыбас көлінің жанға шипа болатын химиялық құрамы емдік балшықтары, тартымдылығымен ерекшеленетін құмды алқаптар, өсімдіктері мен жануарлары көлдің маңыздылығын көрсете алады. Көлдегі хлоридтер мен сульфаттардың басым бөлігі судың тұздылығын көрсетеді. Ал иодтың болуы – су шипалылығының белгісі. Су құрамындағы мыстың, хромның нормативтік көрсеткішке сәйкестігі судың залалсыз екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген йод тапшылығына сәйкес аурулардың (жемсау, микседема, бақшаңкөз, т.с.с) белең алуы баршамызға аян. Йод – қалқанша безінің тироксин гармонының негізігі құрамы. Ал гармон құрамындағы иод адам ағзасының өсуіне, ақыл-ойының жетілуіне, жүрек жұмысына, көңіл-күйіне көп әсер етеді. Қазіргі таңда әлі күнге дейін таза йод табылған жоқ. Теңіз суында йод көптеп кездеседі. [1]
Сол сияқты Қамыстыбас көлінде де йод мөлшері жеткілікті. Осы орайда зерттеу нысаны ретінде алған Қамыстыбас көлін туризм нарығындағы зерттеу жолдарының жаңа бағыты – ұлттық жарнамалау арқылы туризм аймағына айналдыру қажет. Қамыстыбас көлін келешекте туризм аймағына айналдыру мынадай жаңа жоспарлар көздейді:
-келешекте салынатын демалыс үйлері мен санаторийлерді халықаралық стандартқа сай сәйкестендіру;
-шағын үйлер мен кемпингтер салу;
-ұлттық дәстүрлерімізді көрсетететін этноауыл құрып, ұлттық тағамдар кафесін ашу қажет;
-тұрмыстық және техникалық қызмет саласын, жол инфрақұрылымын жақсарту міндеттері тұр. Бір кезде шығарылып келген ұлттық үлгідегі сувенир өнімін қайта жаңғыртып, кеңейткені абзал.
Маңызды мәселенің бірі – өлке тарихын, туристік маршруттарды жақсы білетін,сауатты,патриоттық рухта тәрбиеленген мамандарды, үш тілге жетік гидтерді, экскурсия жүргізушілерді, туризм нұсқаушыларын, аудармашыларды даярлау.[2]
Қамыстыбас көліне көрші мемлекеттер, шетелдерден келіп тынығушылар саны жылма-жыл артуда. Қамыстыбас көлінің ерекшелігі – ең тұнық көл, суы мөлдір, түбі мен жағалауы қиыршық құмды. Көлдің емдік қасиетін ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттемесе де , емдік қасиеті бар екенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Көбіне тері жаралары, адам денесіндегі жарақат көлге түскеннен кейін жазылып кетіп жатады. Сырдария өзенінің көлге құятын аңғарында йод иісі кәдімгідей аңқиды. Тағы бір ерекшелігі – күнге қыздырынған адам денесіндегі Қамыстыбас көлінен алған күйігі келер жылға дейін сақталады екен. Байқоңыр қаласынан келген ресейліктер мен түрлі салада қызмет етіп жүрген шетелдіктер Қамыстыбас көліне демалуды жөн санайды. Өйткені емдік қасиеті мол Қамыстыбас суының шипалылығы көптеген адамдардың денсаулығына оң әсерін тигізуде. Көл суының мөлдір тазалығы, минералды құрамы туризм имиджін қалыптастыра алады. Қазіргі таңда тынығушыларға арналған орын да, жағдай да толық жасалмаған. Сондықтан Қамыстыбас көлінің қасиетін ескере келе онда емдеу-сауықтыру орталығын ашып,туристерге ыңғайлы жағажайлар мен қонақ үйлер салуға мүмкіндік бар. Бұл жоба әлемге Арал өңірінің экологиялық аймақ ретінде емес, туризм саласында Қазақстан бойынша бірден-бір танымал тынығу орнына айналар еді.
Жалпы Қамыстыбас көлін туристік аймақ ретінде дамыту Қазақстанның, оның ішінде Қызылорда облысының экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттырары сөзсіз.
Осы мүмкіндіктерге қол жеткізу мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетілген. Атап айтқанда, туристік салада мемлекеттік реттеу келесі міндеттерді шешуді көздейді:
-
Туризмнің басым бағыттарын айқындау және сәйкес мақсатты бағдарламаларды жарақтау;
-
Халықаралық бірлестікте елдің тартымды үлгісін жасау,оның туристік ресурстарын насихаттау;
-
Туризм инфрақұрылымын жасау мақсатында мемлекеттік және жеке сектор ресурстарын шоғырлау;
-
Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу және қайта жөндеу,салу,коммуникациялық және инженерлік құрылыстар бойынша шаралар қабылдау;
-
Туристік кластерге қатысушылардың ынтасын арттыру,яғни салық преференциялары мен мемлекеттік грант беру механизмдерін белсенді пайдалану;
-
Мемлекеттің құзырлы және жергілікті атқарушы органдарына ынта туғызушы ұсыныстарды енгізу жолымен кластерді дамыту процесіне қатысушылар белсенділігін арттыру;
-
Туристік аймақтарға кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету,туристік көз тартарлық объектілерді қорғау;
-
Туризмге жеке инвестицияны қызықтыру үшін жеңілдіктер бөлу;
-
Туристік аудандардың тартымдылығын көтеру мақсатында маркетинг және жарнамалық тиімді шараларды анықтау;
-
Қоршаған ортаны қорғау мен жерді пайдалану ережелерін бекіту,олардың орындалуын бақылау;
-
Лицензиялау ережелерін қабылдау және қадағалау,сонымен бірге,туристік объеектілер мен туристерге қызмет көрсетулер сапасын бақылау;
-
Туризм аясы қызметкерлерін кәсіби даярлау,қайта даярлау және кәсіби деңгейін көтеру;
-
Даму институттары ресурстарын қолдану механизмін өңдеу және тиімді пайдалану.[3]
Мемлекет тарапынан атқарылатын жоғарыдағы міндеттерді ескеретін болсақ, туристік потенциалды арттыруда Қызыорда облысының өзіндік туристік мүмкіндіктері нақтыланады.
Қазіргі кезде «Қамыстыбас» туристік аймағын құру туралы бағдарлама Қазақстан туризмінде елеулі орын алатыны анық. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – ішкі туризмді және дәл солай шетелдік туризмді дамыту,нәтижесінде Қазақстанның ұлттық турөнімінің әлемдік туристік нарыққа жылжуын арттыру, туристік индустрияны халықаралық кәсіпкерлік және іскерлік ынтымақтастық сала ретінде құру, сондай-ақ туризм саласының мемлекет экономикасының табысты секторы ретінде қалыптасуын көздейді.
Бағдарламаны іске асыру аясында келесі іс-шаралар қарастырылған:
-
Қызылорда облысы экономикасының құрамдас бөлігі ретінде туристік саланы құруға;
-
Жергілікті, халықаралық деңгейде қажылық және оның алуан түрлерінде (танымдық, іскерлік, спортық, сауықтыру, экзотикалық, экологиялық т.с.с) туризм индустриясын құруға;
-
Туризм инфрақұрылымын жасауға: сервистік және сауда қызметін көрсететін кәсіпорындарды, табынушылық және туристік кешендер, халық қолөнер шеберханаларын, этнографиялық мұражайларды, өнердің дәстүрлі нысандарын белгілейтін салт жоралық, этнографиялық және фольклорлық театр мен ұжымдар, керуен жолдарының, жаяу жүру маршруттарының тарихи ландшафтын жаңғыртуға, жолдарды, су жабдықтау және арна жүргізу жүйесін жаңартуға және көркейтуге, электр жарығымен жабдықтау;
-
Туризм саласында қызмет істейтіндердің санын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға;
-
Жергілікті бюджеттердің салық салынатын базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Демек, Қызылорда облысындағы туристік индустрияны дамытудың басты көздерінің бірі. Болашақта бұл аймақта әлем талаптарына сай келушілерге арнап демалатын жерлер мен суға түсетін орындар, тұрмыстық және сервистік қызмет көрсету орындары ашылады. Сондай-ақ, бұл демалыс аймағында көркейту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, Қызылорда облысындағы туризмнің дамуына кедергі болып отырған негізгі мәселелер мыналар:
1) құнды және тартымды экскурсиялық объектілерге автокөлік жолдарының болмауы немесе нашар жағдайы;
2) экскурсия нысандары жағдайының нашарлығы – қолайлы тамашалау алаңдарының, ақпарат тақпаларының, жабдықталған және қауіпсіз жолдардың, демалыс орындарының жоқтығы, әсіресе қолайсыз ауа райы жағдайында (жаңбыр, қатты жел, ыстық);
3) алыс аудандарда жергілікті тұрғындар ішінен білікті қызмет көрсетуші болмауы;
4) облыстың рекреациалық жерлерінде электр жарығымен, сумен жабдықтаудың және көріз жүйелерінің болмауы.[4]
Туризм инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуын, сондай-ақ қаржылық қаражаттың шектеулі екенін ескеріп, шағын қонақ үйлердің, қонақтарға арналған үйлердің, кемпингтердің және мотельдер желілерінің, бірнеше киыз үйлерден тұратын ұлттық ауылдардың алғашқы кезектегі құрылысын айқындау қажет. Сонымен қатар киіз үйлер жасайтын кәсіпорындарды қалпына келтіру және жаңаларын салу қажет. Шетел туристерінің келу бағыттары бойынша турларына ұлттық нақыш беру ұлттық қолөнерлердің қайта дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады.
Қазіргі таңда еліміздегі туризм деңгейінің дамуы орташа, яғни даму үстінде деп айтуға болады. Оның бірден-бір себептерінің бірі ретінде инфрақұрылымның дамымауын айтуға болады. Инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына үкімет те белсенді қатысуда, дегенмен біздің елеміздегі туризм нысандары мен объектілері батыстық стандарттарға сай келмеуде. Ал қаражаттың көп бөлігі сол елдерде екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Сондықтан, болашақта жасалатын іс-шаралардың барлығын тек сол бағытқа бағыттап жасаған абзал.
Қорыта айтқанда, еліміздің экономикасына елеулі үлесін қосатын, сүбелі жобалардың бірі ретінде осы Қамыстыбас көлі аймағы жобасын айтуға болады. Жалпы экономикасының басым бөлігі туризмнен түсетін елдермен бір дәрежеде болып, осы жобаның Қазақстан Республикасының туристік әлеуетін арттыратын жоба ретінде танылып, қазақстандық және шетелдік туристердің назарын аудартатынына сенімім кәміл!
ҚОЛДAНЫЛҒAН ӘДЕБИЕТТЕР ТIЗIМI
-
http://visitkazakhstan.nur.kz
-
http://baq.kz/regional_media/post/59932
3.www.korkyt.kz/Docs/sugurova.doc
4. http://www.aral.aral.gov.kz/news/1177/
Достарыңызбен бөлісу: |