Адвокаттардың құқықтық жағдайы. Адвокаттық қызметті лицензиялау тәртібі.
Адвокаттың құқығы мен міндеттері.
Адвокаттың көмекшілері мен тағлымдамадан өтушілері.
Адвокаттық қызметті лицензиялаудын тәртібі.
Лицензия беруден бас тарту және лицензия әрекетін тоқтата тұру: негіздері және тәртіптері.
Адвокат – жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы.
Қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталған, белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған, адвокаттар алқасынан шығарылған, тәртіптік жағымсыз әрекет жасағаны үшін құқық қорғау органдарынан босатылған адам – босатылған күнінен бастап бір жыл бойы, сондай-ақ лицензиясының қолданылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылған адам адвокат бола алмайды.
Адвокаттың құқықтары:
1. Адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез келген заң көмегiн көрсетуге құқылы.
2. Адвокат өзiне өтiнiш жасаған адаммен заң көмегiн көрсету туралы өз атынан жазбаша келiсiм жасасады.
3. Адвокат, қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет жасай отырып, iс жүргiзу заңына сәйкес:
1) барлық соттарда, құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға және бiлдiруге;
2) барлық мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк емес ұйымдардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға;
3) заң көмегiн көрсету үшiн қажет нақты мәлiметтердi дербес жинауға және дәлелдер табыс етуге;
4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамға қатысты материалдармен, соның iшiнде iс жүргiзу құжаттарымен, тергеу және сот iстерiмен танысуға және олардағы ақпаратты заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен белгiлеп алуға;
5) iске қатысуға жiберiлген сәттен бастап жолығулар санын, олардың ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететiн жағдайларда өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға;
6) заң көмегiн көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер мен басқа да қызмет салаларында арнайы бiлiмдi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн шарттық негiзде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
7) өтiнiштер, мәлiмдеуге, әдiлет, прокуратура, анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттың лауазымды адамдарының, сондай-ақ көмек сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтарына және заңдармен қорғалатын мүдделерiне қысым жасайтын өзге де лауазымды адамдардың әрекеттерiне белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
8) мемлекеттiк құпияларды құрайтын ақпаратпен, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен, егер бұл анықтау, алдын ала тергеу кезiнде және сотта қорғау немесе өкiлдiк ету үшiн қажет болса, заң актiлерiнде көзделген тәртiппен танысуға;
9) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заңдарда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға.
Адвокаттың мiндеттерiне жатады:
1. Адвокат заң талаптарын сақтауға, адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметiнiң принциптерiн басшылыққа алуға, кәсiптiк мiнез-құлық нормаларының талаптары мен адвокаттық құпияны сақтауға мiндеттi.
2. Егер адвокат осы iс бойынша мүдделерi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның (тараптардың өзара келiсiмi бойынша ара ағайын болған жағдайларды қоспағанда) мүдделерiне қайшы келетiн адамдарға заң көмегiн көрсетiп жүрсе немесе бұдан бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, анықтауды жүргiзушi адам, тергеушi, сарапшы, маман, аудармашы, куә, жәбiрленушi немесе куәгер, азаматтық талап қоюшы немесе азаматтық жауапкер ретiнде iске қатысқан жағдайларда, сондай-ақ егер iстi тергеуге немесе қарауға адвокатпен жақын туыстық қатынастағы лауазымды адам қатысса, ол заң көмегiн көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға мiндеттi.
3. Адвокат заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға мiндеттi және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етуге құқығы жоқ.
4. Iс бойынша адвокаттың көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық позиция ұстануына тыйым салынады.
5. Адвокаттың қылмыстық iс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және ол қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзiнiң көзқарасы бойынша әдiлетсiз үкiм шығарылған жағдайда алған белгiленген тәртiппен шағым жасауға мiндеттi.
6. Адвокатқа мемлекеттiк қызметте болуға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысуға тыйым салынады.
Адвокаттың лицензиясы Әділет аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі берген адвокат лицензиясы лицензияда көрсетілген адамның адвокаттық қызметпен айналысуына рұқсат беру болып табылады. Лицензия адвокаттар алқасында үш айдан бір жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өткен адамдарға олар аттестаттаудан өткен жағдайда беріледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі осы тізілімді жүргізеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына тарайтын мерзімді баспа басылымдарында адвокаттар лицензияларын беру, лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру, лицензияларынан айыру және қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді жариялайды.
Достарыңызбен бөлісу: |