АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНДЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖОЛДАРЫ
Ауелбекова А.Қ.
Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті
Жаһандану жағдайында әлемдегі қаржы дағдарысының, яғни құлдырау мен рецессияның ұлттық экономикаға ықпалы күрт өсті. Көптеген мемлекеттер интеграциялық үрдіске қосылуына байланысты сыртқы жағдайлар ел экономикасына қатты әсер ете бастады. Қазіргі жағдайда және болашақта болатын құбылыстарға сәйкес келетін іс-шаралар жүйесін құрастыру және дағдарыс салдарынан болатын жағымсыз құбылыстарға қарсы тұра алатын шараларды ұйымдастыру қажет. Сыртқы тәуекелділікті және қазіргі жағдайдағы қауіпті мәселелерге көңіл аудармауға, елемеуге болмайды [1].
Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ететін шарттар мен факторларды талдау оларды кері ықпал етуші (инновациялық дамуды тежеуші) және оң ықпал етуші (инновациялық процестердің қарқындылығын күшейтуші) деп екіге бөлуге мүмкіндік береді (1-сурет).
Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына оң ықпалын тигізетін шарттар мен факторларға шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсілін, табиғи ресурстардың көптігін, ғылым мен білім әлеуетінің жеткіліктілігін, ішкі азық-түлік нарығының ауқымдылығын, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, табиғи азық-түлік өнімдер өндірісінің мүмкіндігін жатқызуға болады.
Ал, кері ықпал ететін шарттар мен факторлар ретінде отандық ауыл шаруашылығы ғылымындағы ұйымдық құрылымның күрделілігін; ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет түрлерінің әркелкілігін; ғылыми зерттеулердегі өңірлік, салалық және салааралық сипаттағы мәселелердің үлес салмағының басымдығын; ұдайы өндіріске қатысты кейбір мәселелерді зерттеу мерзімінің тым ұзақтығын қарастыруға болады. Аталмыш факторлар ауыл шаруашылығы ғылымы мен аграрлық ғылыми зерттеулерді басқаруда елеулі қиыншылықтар туғызады.
Нарықтық экономикадағы инновациялардың басым көпшілігі кәсіпкерлік құрылымдар тарапынан өндірістік және коммерциялық міндеттерді шешудің құралы ретінде, әрі олардың тұрақты жұмыс істеуін, экономикалық өсімді және бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде жүзеге асырылады және нарыққа, нақты бір тұтынушы тобына немесе қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталады.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қажетті шарттардың бірі – ғылыми-техникалық прогресс. Аталмыш процесс ғылым мен техника жетіктістерін игеру арқылы кеңейтілген ұдайы өндірісті жүргізуге мүмкіндік беретін инвестициялық-инновациялық процестерге негізделеді. Сонымен қатар, кадр (маман) әлеуеті агроөнеркәсіп кешеніндегі инновацияларды игерудің басты факторларынан саналады. Сол себептен, кадр әлеуетін күшейтпестен ауыл шаруашылығы өндірісіне озық үлгідегі, ресурс үнемдеуші технологияларды ендіру мүмкін емес [2].
Сурет-1. Агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамытуға ықпал ететін шарттар мен факторлар
Инновациялар зерттеу, өндіру және сату (өткізу) қатынастарының жалпы кешенін қамтитын күрделі де көп қырлы мәселе болып табылады.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық процесс қарқынының елеулі дәрежеде тежелгеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы ұйымдарының 10-15℅ бөлігінің ресурс үнемдеуші жаңа ауыл шаруашылық технологияларына деген қажеттілігі артып келеді. Дегенмен, инновациялық технологияларды әзірлеу мен ендіру процесі, бірінші кезекте, ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстар қомақты қаржыны талап етеді.
Қазақстан экономикасының аграрлық саласында сақталып отырған қолайсыз макроэкономикалық ахуал мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің төмен инвестициялық мүмкіндіктері АӨК-дегі инновациялық қызметті белсендіруге қажетті шарттарды шектері сөзсіз. Сондықтан, тиімді инновациялық қызмет – «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасын сәтті іске асырудағы басты факторлардың бірінен есептеледі.
Қазақстанда бірегей ғылыми-өндірістік база мен жоғары білікті ғылыми мамандардың бар болуына қарамастан, инновациялық дағдарыс жаңалықтарды ойлап табу мен шығару процесін мемлекеттік реттеу мен басқару деңгейінің күрт төмендеуінен, қаржыландыру көздерінің жоқтығынан және зерттеу ұжымдары қызметінің дұрыс берілмеуінен туындап отыр [3].
Ауыл шаруашылығындағы инновациялық әлеуетті қалыптастырудың басым бағыттарының бірі, әрі маңызды міндеті ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарды жеткілікті көлемде қаржыландыру болып табылады. Соңғы жылдары мұндай жұмыстар бірнеше көздерден, атап айтқанда, республикалық бюджеттен (шамамен 40℅); жергілікті өңірлік қаржылардан (орташа есеппен 27℅); ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен ғылыми мекемелердің меншікті қаражатынан (32,8℅) қаржыландырылды.
Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы ғылымына жұмсалатын мемлекеттік шығындар жылына 4-6℅ артып отырса, ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарға кететін шығын көлемі жалпы ұлттық өнімнің 2℅-дан астамын құрайды. Ал, Қазақстанда болса, шығын көлемі біршама жылдан бері жалпы ұлттық өнімнің 0,25℅-ынан асқан емес.
Мемлекет, бірінші кезекте, материалдық өндіріске, еңбекке және ақылға негізделген ұдайы өндіріс тетігін қолдауға; ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, аграрлық бағыттағы ғалымдардың ғылыми нәтижелерін уақытылы патенттеу жұмыстарының ұйымдастырылуын күшейтуге; инновациялық жетістіктердің өндіріске ендірілуін ынталандыруға баса мән беру керек. Неге десек, жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына қомақты қаржының құйылуын талап ететін, қымбат, жаңа инновациялық технологияларды шұғыл түрде ендіру қажет. Осы орайда, ауыл шаруашылығындағы кадр әлеуетінің қазіргі ахуалы инновацияларды іс-жүзінде ендіруге елеулі кедергі келтіретіндіктен, инвестициялардың тиімділігін барынша азайтып, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасының жүзеге асуын тежейтінін айқын ұғынған жөн.
Бүгінгі жағдайда ғылым мен техника жетістіктерін ендіру арқылы агроөнеркәсіп өндірісін барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестерді дамытып қана дағдарыстан шығуға болады. Инновациялық процестер нақты техникалық және технологиялық идеяларды ғылыми әзірлемелер негізінде жаңа технологияларға айналдырудың және жаңа, сапалы өнім алу мақсатында тікелей өндірісте игеруге дейін жеткізудің тұрақты, үздіксіз ағымы болып табылады. Аталмыш процеске ауыл шаруашылығындағы ғылыми ұйымдар мен оқу орындары, өндірісті басқару мекемелері, қызмет көрсетуші және өндіріске ендіруші құрылымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін ғылыми-техникалық зерттеу, әзірлеу және өндіріске даярлау, басқаша айтқанда, өндіру, сақтау, қайта өңдеу және өткізу инновациялық процестің негізгі функционалдық бөліктерін құрайды.
Дәстүрлі тауарлардың ұлттық нарықтары сияқты инновациялық өнімдердің ұлттық нарықтарының да сандық сипаттары, салалық және географиялық құрылымы, өзіндік жарнамалау түрлері, баға есептеу әдістемесі, заңдық ережелері болады. Инновациялық өнім нысандарының айырбасы барысында сатып алу-сату, жалға алу немесе жалға беру, қызмет көрсету, капитал, қарыз және серіктестіктерді инвестициялау келісімдері секілді өзге де коммерциялық мәмілелердің заңдық шарттары орындалады. Экономикасы дамыған елдердің инновациялық нарықтары негізінде әлемдік инновациялар нарығы құрылады. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан инновациялар нарығының түбегейлі нарықтық қайта құруларды жүзеге асыру кезеңіндегі агроөнеркәсіп кешені экономикасының дағдарысқа ұшырауына байланысты төмендегідей бірқатар өзіндік ерекшеліктері байқалады:
- ғылыми-техникалық салада өткен жылдардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстардың жеткілікті қоры қалғанымен, оларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласында жаңа зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізу үшін тапсырыс беруші тұтынушылардың қаржысы жетпейді;
- инновация нарығы өнімнің өзінен емес, инновациялық қызметті жүргізуге қабілетті ұйымдардың, ұжымдардың, жекелеген мамандардың жиынтығынан тұрады;
- бүгінгі күні инновациялық ұйымдар көбіне венчурлық капиталмен қамтамасыз ететін ұйымдардың қаражаты есебінен өз беттерінше жұмыс істей алмайды.
Мемлекетімізде инновациялық және техникалық прогресстің тежелуі немесе баяу қарқынмен дамуы әлемдік нарықтың шикізаттың көзі болып қала беруіне соқтықтырады. Ал мұндай болашақ технологиясы жетік дамыған мемлекеттерге тәуелді еткізіп, прогресстің соңғы сатыларында жүруге итермелейді. Отандық өндіруішлер мен тұтынушылардың қандай да бір тауар түрі бойынша сыртқы нарыққа тәуелділігі түбінде мемлекеттің халық аралық бәсекедегі орнын төмендетіп, оларды сатып алудан түскен қосымша құн мен валюталық түсімдер шет елдік бәсекелестердің өндірісі мен технологияларын жаңартуға жұмсалады.
Өндірістің индустриалды-инновациялық тұрғыда жедел дамуын талап етіп отырған шаруашылықтың қазіргі жағдайында келесі факторларды ескеру қажет:
• институционалды тұрғыда тиімді қызмет атқаруға қабілетті жеке меншік секторын қалыптастыру;
• өндірістік тұрғыда импорттың орнын алмастыру мен инновациялық саясаттарды алға қоя отырып, ішкі нарықтағы өндірушілердің өнімдері мен сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
• ресурстық тұрғыда инвестициялық жедел амортизация саясаттарын қалыптастыру мен еңбек ресурстарының тиімділігін көтеру;
• ұйымдастыру – басқару шаралары бойынша мемлекеттік стратегиялар мен өндіріс анклавтары арасындағы мүдделерді үйлестіру.
Қорыта келгенде, экономикалық тұрғыда дамыған мемлекеттер қатарына жоғарғы технологиялы өнімдер нарығында бәсекеге түсе алатын елдерді жатқызуға болады. Ал тиімді ұлттық инновациялық жүйе бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы құру мен қалыптастырудың басты механизмі. Дұрыс өңделген инновациялық саясат индустриалды-инновацилық дамудың жетекші тізгіні ретінде отандық ғылыми сыимды өндірісті дамыту мен бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негізігі құралы бола алады.
Әдебиеттер
1. Ә.Н.Дәуренбекова Қазақстанда инновациялық дамудың жаңа бағыттары / ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сериясы, №2 (72), 2009. –С.111-115
2. А.Н.Токсанова. Финансирование иннавационных проектов и методы их оценки. Конкурентоспособность экономики Республики Казахстан: состояние, проблемы и приоритеты развития. Материалы Международной научно-практической конференции. Астана. 2005ж. – 307 б.
3. Р.А.Лутфуллаева. Реализация инвестиционной политики в регионе. Национальные экономические системы в центрально-азиатском союзе: возможности и перспективы интеграции. Материалы Международной научно-практической конференции. Астана. 2005ж. – 338 б.
Резюме
В статье рассматриваются инновационные пути развития агропромышленного комплекса. Условия и факторы развития инновации в АПК.
Регистрационная форма
-
Фамилия, имя, отечество: Ауелбекова Айгүл Құрманбайқызы
-
Ученая степень, ученое звание: экономика ғылымдарының кандидаты
-
Место работы, должность: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, аға оқытушы
-
Адрес: Астана қ., Юго-Восток, Іле №5
-
Контактный телефон: 8 702 511 93 20
-
E-mail: aigul-76@list.ru
-
Название доклада: «Агроөнеркәсіп кешенде инновациялық даму жолдары»
Достарыңызбен бөлісу: |