Агроөнеркәсіп кешені саласында қызметін жүзеге асыратын азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары



Дата23.02.2016
өлшемі59.44 Kb.
#9636


Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрінің 2013 жылғы «___» ____________

№ _______________ бұйрығымен бекітілген

Агроөнеркәсіп кешені саласында қызметін жүзеге асыратын азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу

қағидалары



  1. Жалпы ережелер

1. Осы Азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 233-бабына сәйкес әзірленді және агроөнеркәсіп кешені саласында қызметін жүзеге асыратын азаматтық қызметшілерді (бұдан әрі – қызметшілер) аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидалар оларды аттестаттау «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 қаулысына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк кәсiпорын басшыларына қолданылмайды.

3. Қызметшiлердi аттестаттау - олардың кәсiптiк-бiлiктiлiк даярлығының, iскерлiк қасиеттерiнiң деңгейiн айқындау жөнінде кезеңдеп жүзеге асырылатын рәсiм.

4. Аттестаттау кезiнде негiзгi бағалау өлшемi қызметшiлердiң өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау қабiлетi болып табылады.

5. Жүктi әйелдерден басқа барлық қызметшiлер аттестаттаудан өтедi.

6. Қызметшiлер мемлекеттiк қызметте болған әрбiр кезектi үш жыл өткен сайын, бiрақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап алты айдан ерте емес аттестаттаудан өтедi.

Бала күтiмi жөнiндегi демалыста жүрген қызметшiлер қызметке шыққаннан кейiн алты айдан кейiн аттестаттанады.

Қызметшiлердi олардың өтiнiшi бойынша белгiленген мерзiмге дейiн аттестаттаудан өткiзуге болады.

7. Аттестаттау мынадай кезекті кезеңдерді қамтиды:

1) аттестаттауды өткізуге дайындық;

2) аттестаттау комиссиясының қызметшімен әңгімелесуі;

3) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.


  1. Аттестаттауды өткiзуге дайындықты ұйымдастыру

8. Аттестаттауды өткiзуге дайындықты басшының тапсырмасы бойынша аттестаттайтын органның кадр қызметi ұйымдастырады және ол мынадай iс-шараларды қамтиды:

1) аттестаттаудан өтушiге қажеттi құжаттарды дайындау;

2) аттестаттауды өткiзу кестесiн әзiрлеу;

3) аттестаттау комиссияларының құрамын айқындау;

4) аттестаттау өткiзудiң мақсаты мен тәртiбi туралы түсiндiру жұмыстарын ұйымдастыру.

9. Кадр қызметi осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес аттестатталуға тиiс қызметшiлердi алты ай iшiнде бiр рет айқындайды.

10. Ұйымның басшысы кадр қызметiнiң ұсынысы бойынша бұйрық шығарады, сол бұйрықпен аттестатталатын адамдардың тiзiмi, аттестаттауды өткiзу кестесi және аттестаттау комиссияларының құрамы бекiтiледi.

11. Кадр қызметi аттестаттауды өткiзу мерзiмi туралы оны өткiзудiң басталуына кемiнде бiр ай қалғанда қызметшiлердi жазбаша хабардар етедi.

12. Аттестатталуға тиiс қызметшiнiң тiкелей басшысы қызметтiк мiнездеменi рәсiмдеп, оны кадр қызметiне жолдайды.

13. Қызметтік мінездеме аттестатталатын қызметшінің кәсіби, жеке қасиеттері мен қызметтік іс-әрекеті нәтижелерінің негізделген, шынайы бағасын қамтуға тиiс.

14. Кадр қызметi аттестаттау комиссиясының отырысына дейiн кемiнде үш апта бұрын қызметшiнi оған берiлген қызметтiк мiнездемемен таныстыруға тиіс.

15. Қызметшi өзiне берiлген қызметтiк мiнездемемен келiспейтiнi туралы мәлiмдеме жасауға және өзiн сипаттайтын ақпаратты кадр қызметiне ұсынуға құқығы бар.

16. Аттестатталатын қызметшiге кадр қызметi осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау парағын ресiмдейдi.

17. Кадр қызметi жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына жолдайды.



  1. Аттестаттау комиссиясы

18. Аттестаттау комиссиясын кадр қызметiнiң ұсынысы бойынша ұйымның басшысы құрады және ол комиссия мүшелерi мен хатшысынан тұрады. Аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң iшiнен төраға тағайындалады. Аттестаттау комиссиясының төрағасы оның қызметiне басшылық етедi, отырыстарда төраға болады, оның жұмысын жоспарлайды және оның қызметi мен қабылданатын шешiмдерiне жалпы бақылауды жүзеге асырады.

19. Аттестаттау комиссиясының құрамына ұйымның әртүрлi бөлiмшелерiнiң, оның iшiнде кадр және заң қызметтерiнiң басшылары, ұйым қызметкерлерінің өкiлi, сондай-ақ өзге де қызметшiлер енгiзiледi. Ұйым қызметкерлерінің өкiлдерiне кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің органдары және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен қызметкерлер уәкілеттік берген (сайлаған) өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар жатады.

Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерiн алмастыруға жол берiлмейдi.

Аттестаттау комиссиясының хатшысы кадр қызметiнiң өкiлi болып табылады, оны кад қызметінің басшысы айқындайды.

Аттестаттау комиссиясының хатшысы комиссия отырысына тиiстi материалдарды, қажеттi құжаттарды дайындайды және комиссия отырысы өткеннен кейiн хаттама ресiмдейдi. Хатшы техникалық қызмет көрсетедi және аттестаттау комиссиясының қызметiн қамтамасыз етедi және дауыс беруге қатыса алмайды.

20. Ұйым басшысының лауазымындағы қызметшіні аттестаттаудан өткізу үшін аттестаттау комиссиясын оны осы лауазымға тағайындауға құқылы лауазымды тұлға құрады.

21. Аттестаттау комиссиясының мүшелерi аттестаттаудан жалпы негiзде өтедi.

22. Құрамының кемінде үштен екісі қатысқан аттестаттау комиссиясының отырысы заңды деп есептеледi.

23. Дауыс берудiң нәтижесi комиссия мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен айқындалады. Дауыстар тең түскен жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

24. Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр айтылған жағдайда, ол жазбаша түрде жазылып, хаттамаға қоса берілуі тиiс.



  1. Аттестаттауды өткізу

25. Аттестаттау комиссиясы аттестаттауды аттестатталатын қызметшінің қатысуымен өткізеді.

Аттестаттаудан өтуші комиссия отырысына орынды себеп бойынша келмеген жағдайда оны аттестаттау мәселесін қарау аттестаттаудан өтуші жұмысқа шыққаннан кейінгі комиссия белгілеген неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылады.

26. Отырыс барысында комиссия ұсынылған материалдарды зерделейді және аттестатталатын адамды тыңдайды.

Аттестатталатын адамға берілетін сұрақтар кәсіби және біліктілік даярлық, іскерлік қасиеттер мәселелеріндегі оның құзыреттілігінің деңгейін анықтауға бағытталған болуға тиiс.

Аттестатталатын адамның кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін талқылау объективті, сыпайы және жанашырлық жағдайда өткізілуге қажет.

27. Ұсынылған материалдарды зерделеу және қызметшімен әңгімелесу нәтижесінде комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

2) қайтадан аттестатталуға жатады;

28. Аттестаттау комиссиясының шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Аттестаттау комиссиясы құрамына кіретін аттестаттаудан өтушi қызметшi өзiне қатысты дауыс беруге қатыспайды.

29. Қайта аттестаттау бастапқы аттестаттау өткен күннен бастап алты ай өткеннен кейiн осы Қағидаларда айқындалған тәртiппен өткізіледi. Қайта аттестаттауды өткізген аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.

30. Аттестаттау комиссиясының шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған оның отырысына қатысқан аттестация комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қояды.

31. Қызметші аттестаттау комиссиясының шешімімен таныстырылуы тиіс.

32. Аттестаттау комиссиясының шешiмдерiн ұйымның басшысы бiр ай мерзiм iшiнде бекiтедi.

33. Аттестаттау комиссиясының бекiтiлген шешiмдерi қызметшiлердiң аттестаттау парағына енгiзiледi.

34. Аттестаттаудан өткен қызметшiнiң аттестаттау парағы және оған берiлген қызметтiк мiнездеме жеке iсiнде сақталады. Аттестаттау комиссиясының ұйым басшысы бекіткен шешімі де қызметшінің қызмет тізіміне енгізіледі.

     
Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағым беру
35. Қызметшiлер аттестаттау комиссиясының шешiмiн бекiту туралы ұйым басшысының бұйрығына Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен шағымдануға құқығы бар.

36. Осы Қағидаларды бұзу жағдайлары анықталған кезінде ұйым басшысы бұйрықтың күшін жойып, осы Қағидалардың  29-тармағына сәйкес, қайтадан аттестацияны тағайындайды.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет