Егемен Қазақстан. – 2013. - №110. – 19 сәуір
Ақылбек Күрішбаев
ауыл шаруашылығы ғылымдарының
докторы, профессор,
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры,
Валерий Ажбенов,
биология ғылымдарының докторы,
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры.
Шегіртке шабуылының қалай алдын алуға болады?
Ел экономикасына кері әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығын күйретіп кететін шегірткенің «сойқаны» басталар күн де жақын. Осы орайда, ғалым мамандардың шегірткемен күрестің алдын алу шаралары туралы пікірі әрине, көпшілікке ой салады.
2000-2001 жылдар аралығында 12,9 млн. га аумақта бастырмалы химиялық өңдеу секілді теңдессіз шаралар жүзеге асырылды, сонымен қатар 5 млн. га жерге агротехникалық әдістің қолданылуы шегіртке шабуылының шектелуіне және 2004 жылға қажетті химиялық өңдеулер көлемінің 506 мың. гектарға азаюына әкелді. 2005 жылдан бастап шегіртке шабуылының кезекті кезеңі басталып, химиялық өңдеу аумақтары соңғы 7 жылда 4,4 есеге көбейіп, 2 228,4 мың га жетті. Әсіресе, 2012 жылдың фитосанитарлық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.
Ғылыми экспедициялар нәтижелері бойынша 2012 жылы Батыс Қазақстан облысының 10 ауданында және Ақтөбе облысының 5 ауданында шегіртке балаң құрттарының көлемі 20-40 есеге көбейіп, бұрын шегірткелерден бос болған аудандарда да өңдеу аумақтары пайда болғандығы анықталды. Бұл жағдай 2011 жылы Ресей Федерациясының шекаралық аймақтарынан италиялық шегірткелердің көп көлемді миграциясынан туындады. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметінің мәліметі бойынша Ресейдің оңтүстік аймақтарындағы соңғы жылдардағы құрғақшылық италиялық шегірткелердің көбеюіне және алыс қашықтықтарға таралуға қабілетті үйірлі фазасына өтуіне септігін тигізген.
ҚР АШМ ресми ақпараты бойынша, 2012 жылы италиялық шегірткелерге қарсы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында қосымша өңделген 258,3 мың га аумақты қоса есептегенде барлығы 1883,4 мың га аумақ өңделген. Айтарлықтай химиялық өңдеулерге қарамастан шегірткелер қанаттанып, үйірлер қалыптастырып Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарына, Ақмола облысының Жарқайың және Есіл аудандарына миграцияланған. Ұшып келген шегірткелер массасы өз тұқымдарын қалдыру себебінен шегірткелердің көп көлемде ұшып келуі қоныстанған ошақтардағы фитосанитарлық жағдайды өзгертті. Топырақ қазбасы кезінде 1 шаршы метр жерде 100 ұрықтық қорапшалар анықталды, ал ең жоғары тығыздық Ақтөбе және Қостанай облыстарында айқындалып, оның мөлшері 1 шаршы метр жерде 2000-4000 ұрықтық қорапшаны құрады.
Шегірткенің көбейіп кетуіне шегіртке үйірлерінің шекарадан ұшып келуі ғана емес, сонымен қатар италиялық шегірткелердің тұрақты орналасқан орындарының жоғары қауіптілігіне тиісті деңгейде көңіл бөлмеу болып табылады. Шегірткелер жер үсті зерттеулер жұмыстарына қолайсыз және қолжетімсіз болып табылатын жерлерде орналасады. Қолжетімсіз ошақтарды фитосанитарлық мониторингілеу және зерттеу жұмыстары көліктердің жетіспеу және қашықтықтан зондылаудың заманауи құралдары мен аса жеңіл аппараттардың жоқтығы салдарынан «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар республикалық әдістемелік орталығы» ММ тарапынан тиісті деңгейде жүргізілмейді.
Шегірткенің көбейіп кетуіне химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен қателіктер де кері әсерін тигізген. 2012 жылы химиялық күрес жүргізудің жағдайлары өте қатал болды, қатты құрғақшылық пен жоғары температура өңдеу уақытын әдеттегіден 10-14 күнге, кейбір жерлерде 20 күнге дейін кешіктірді. Өңдеушілер мұндай жағдайларға нашар дайындалған болып шықты: өңдеу орнына бүрку техникасы кешігіп келеді, дабыл беру уақыты мен нақты өңдеулер арасында 7-10 күндік үзіктер орын алады, препараттарды қолдану ережелері сақталмады. Шегірткелер жоғары деңгейде мекен еткен кейбір ауылшаруашылық егістіктері өңделмей қалып, ол өз кезегінде қалыптасқан үйірлердің миграциясына және жаңа аймақтарға көптеп таралуына алып келді.
Шегірткенің қаптап кетуінің алдын алу үшін олар тарай бастаған және қауіпті зиянкестердің миграциясы кезінде кең ауқымды аумақтарда жаппай химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл орайда шегірткелердің үйірлері ұшып келгеннен кейін қолданған тәсілдердің әсері қанағаттанғысыз болады. Жаппай химиялық өңдеудің басты стратегиялық кемшілігі сол, бұл жұмыстар «өрт сөндіру» түрінде өткізіледі де, бастапқы ошақтарда, әсіресе қол жетпейтін немесе қиын аумақтарда шегірткелер шоғырлануының алғашқы кезеңдері назардан тыс қалады.
Біздің ойымызша, бүгінгі таңда шегірткелердің жаппай таралуы кезеңінде үлкен аймақтарда жаппай химиялық өңдеудің жалғыз баламасы ретінде сақтандырғыш тәсіл қолданылуы керек. Аталған сақтандырғыш тәсіл шегірткенің бір жылдық өмір сүру мекендерін тиімді бақылау нәтижелеріне негізделіп, көлемдері көбеюінің және мінез-құлқының өзгеруін ерте анықтау мақсатында іске асырылады, сол арқылы шегіртке ошақтарының қаулап кетуін болдырмайтын ерте ақпараттану және жауапты іс-шараларды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
Шегірткенің көп шоғырлануын болдырмау үшін ГАЖ және GPS/ГЛОНАСС технологиялары арқылы қашықтықтан алдын ала тексеруге негізделген болжау мен бақылаудың заманауи тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл орайда ең басты қажеттілік шегірткелердің алдын алу шараларының стратегиялық бағытын өзгерту, залалы аз инсектицид, биопестицид және басқа да биологиялық құралдарды қолдану қажеттігін ескеруіміз керек.
Шегіртке көп шоғырланатын және төтенше жағдайлар туындап жататын көптеген аумақтар Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қытай Халық Республикасымен шекаралас өңірлерде орналасқан. Бұл елдермен шекаралас аймақтарда алдын алу шараларында шегірткемен күрестің көпжылдық тәсілін қолдану күн талабынан туындап отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |