– Ақылбек Қажығұлұлы, көктем келіп, өңірлерде егістік жұмыстары басталды. Егін бітік болсын десек, жаз шыға бас көтеретін шегірткені ойлап, ертерек қам қылған жөн-ау. Ауыл шаруашылығына орасан шығын келтіріп, егістік алқаптар мен жайылымдарды жайпап кететін шегіртке «сойқандары» ұмытыла қойған жоқ...
– Әңгімені соңғы 10 жылда шегіртке сияқты зиянкестерге қарсы қандай жұмыстар атқарылғанынан бастау керек. Жалпы, 2000-2001 жылдары шегіртке зиянкесімен күрес бағытында 12,9 млн га аумақта химиялық өңдеу жасалды. Бұл үлкен нәтиже берді. Ал 5 млн га жерге агротехникалық әдістің қолданылуы шегіртке «басқыншылығын» шектеді. Соның нәтижесінде 2004 жылы химиялық өңдеуді қажет ететін жер көлемі 506 мың гектарға азайды. Бірақ 2005 жылдан шегіртке шабуылының кезекті кезеңі басталып, химиялық өңдеу аумақтары соңғы 7 жылда 2 228,4 мың га жетті. Яғни 4,4 есеге көбейді. Әсіресе, 2012 жылдың фитосанитарлық жағдайы бізді ерекше мазалап отыр.
Енді қазіргі ахуалға тоқталайық. Өткен жылғы ғылыми экспедиция Батыс Қазақстан облысының 10 ауданында және Ақтөбе облысының 5 ауданында шегіртке балаңқұрттарының көлемі 20-40 есеге көбейгенін анықтаған. Ең бастысы, бұрын шегіртке ұяламаған аумақтарда да зиянкестің жұмыртқалары табылып отыр. Бұл – үлкен қауіп. Мұның негізгі себебі 2011 жылы Ресейдің шекаралық аймақтарынан италиялық шегірткелердің көп көлемді миграциясы ықпал етіп отыр. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметінің (Россельхознадзор) мәліметі бойынша соңғы жылдары Ресейдің оңтүстік аймақтарындағы құрғақшылық италиялық шегірткелердің көбеюіне және популяцияның алыс қашықтықтарға миграциялауға қабілетті үйірлі фазасына өтуіне бейімдеген. 2010-2012 жылдар аралығында Ресей Федерациясының көптеген субъектілерінде шегірткеге байланысты төтенше жағдайлар жарияланғанын білеміз.
– Сөзіңізге қарағанда, шегіртке жайлаған аумақтар ұлғайып, егістіктер мен жайылымдықтарға кезекті бір «жұт» төніп тұрған сияқты...
– Иә, қауіп қайдан демеңіз. АШМ ресми ақпараты бойынша, өткен жылы италиялық шегірткелерге қарсы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында қосымша өңделген 258,3 мың га аумақты қоса есептегенде, барлығы 1883,4 мың га аумақ өңделген. Едәуір химиялық өңдеулерге қарамастан шегірткелер қанаттанып, үйірлер қалыптастырып Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарына, Ақмола облысының Жарқайың және Есіл аудандарына миграциялаған. Ұшып келген шегірткелер массасы өз тұқымдарын қалдыруы себебінен олар қоныстанған өңірлердегі фитосанитарлық жағдайды өзгертті. Топырақты қазып тексергенде 1 шаршы метр жерде 100 ұрықтық қорапша (дернәсілдер) анықталды. Ал ең жоғары тығыздық Ақтөбе және Қостанай облыстарында айқындалып, оның мөлшері 1 шаршы метрде шегірткені 2000-4000 ұрықтық қорапшасы анықталды. Мұның алдын алмаса, көп шығын әкеледі.
– Зиянкестердің бұлайша көбейіп бара жатуының себептері неде? Мемлекеттен қаражат бөлініп, өңдеу, дәрілеу жұмыстарының бәрі жүргізіліп жатыр емес пе?
– Шегірткемен байланысты ахуал шегіртке үйірлерінің шекара асып ұшып келуінен ғана нашарлап кеткен жоқ. Оның негізгі факторлары – италиялық шегірткелердің тұрақты резервацияларының шалғай ошақтарының жоғары қауіптілігіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығында. Шегірткелердің көп көлемді миграциясы жерүсті зерттеу жұмыстарына қолайсыз және қолжетімсіз болып табылатын резервация орындарынан (Нарын, Тайсойған, Үлкен Борсық, Айырқұм, Мамыт, Айырқызыл құмдары) шыққан. Жол талғамайтын көліктердің жетіспеуі және қашықтықтан зондылаудың заманауи құралдары мен аса жеңіл аппараттар жоқ. Сондықтан мұндай шалғай ошақтарды фитосанитарлық мониторингілеу және зерттеу жұмыстары «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар Республикалық әдістемелік орталығы» ММ-сі тиісті деңгейде жүргізе алмайды.
Шегіртке қаупінің өршуіне химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен қателіктер де өз әсерін тигізген. Мысалы, өткен жылы химиялық күрес жүргізу қолайсыз жағдайларда өтті: қатты құрғақшылық пен жоғары температура өңдеу уақытын әдеттегіден 10-14 күнге, кейбір жерлерде 20 күнге дейін кешіктірді. Өңдеушілер мұндай жағдайларға нашар дайындалған болып шықты. Өңдеу орнына бүрку техникасы кешігіп келеді; дабыл беру уақыты мен нақты өңдеулер арасында 7-10 күндік үзілістер болады; препараттарды қолдану ережелері сақталмайды. Шегірткелер көп жайлаған кейбір ауылшаруашылық егістіктері өңделмей қалып қойып, ол өз кезегінде қалыптасқан үйірлердің миграциясына және жаңа аймақтарға көп көлемде таралуына алып келді. Нәтижесінде препараттар әсерінің төмендеуі мен аз көлемді химиялық өңдеулер қауіпті зиянкестерді тоқтатуды қамтамасыз ете алмай, шегірткелердің Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының айтарлықтай көп аумақтарына ұшып қоныс аударуына әкеліп соқты.
Жалпы, қолданыстағы тәсілдер, яғни шегіртке үйірлері ұшып келгеннен кейінгі қолданған тәсілдердің әсері қанағаттандырарлықсыз. Жаппай химиялық өңдеудің басты стратегиялық кемшілігі – бұл жұмыстардың «өрт сөндіру» тәртібінде өткізілетіндігінде, өйткені бастапқы ошақтарда, әсіресе, қол жетпейтін немесе қолжетімсіз аумақтардағы шегірткелер шоғырлануының алғашқы кезеңдері назардан тыс қалады.
– Сонда шегірткемен күрестің басқадай тиімді амалдары болмағаны ма? Ғылыми әлеуеті бар салалық жоғары оқу орнын басқарып отырған ғалым ретінде осы мәселеге қатысты тың ізденіс, ұсыныстарыңыз бар ма?
– Біздің ойымызша, бүгінгі таңда шегірткелердің жаппай таралу кезеңінде үлкен аймақтарда жүргізілетін жаппай химиялық өңдеудің орнына шегіртке «шабуылының» алдын алатын, сақтандырғыш тәсіл қолдану қажет. Бұл тәсіл шегіртке мәселесінің ұзақмерзімді әрі тұрақты шешімін қамтамасыз етеді. Өйткені ол стратегия қомақты ғылыми негізбен дәлелденген ауқымды тәжірибеге сүйенген, көп жылдар бойы жүзеге асырылған қолданбалы зерттеулердің нәтижесі.
Аталған сақтандырғыш тәсіл шегірткенің бір жылдық тіршілігіндегі мекендерін тиімді бақылау нәтижелеріне негізделіп, олардың көбеюін және мінез-құлқының өзгеруін ерте анықтау мақсатында іске асырылады. Сол арқылы шегірткенің тұқым салатын ошақтарын азайтатын, шегірткелердің көптеп шоғырлануын болдырмайтын ерте ақпараттану және жауапты іс-шараларды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
Шегірткенің көп шоғырлануын болдырмау үшін ГАЖ және GPS/ГЛОНАСС-технологиялары арқылы қашықтықтан алдын ала тексеруге негізделген болжау мен бақылаудың заманауи тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл орайда ең басты қажеттілік шегірткелердің алдын алу шараларының стратегиялық бағытын өзгерту, залалы аз инсектицид, биопестицид және басқа да биологиялық құралдарды қолдану қажеттігін ескеруіміз керек. Шегіртке көп шоғырланатын және төтенше жағдайлар туындап жататын көптеген аумақтар еліміздің Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қытаймен шекаралас аймақтарда орналасқан. Бұл елдермен шекаралас аймақтардағы алдын алу шараларындағы шегірткемен күрестің көпжылдық тәсілін қолдану уақыт талабынан туындап отыр. Осыған орай, 2001 жылы Алматыда Халықаралық «Орталық Азиядағы шегірткемен күрес» атты дөңгелек үстелден кейін басталған мемлекетаралық комиссияның шегірткемен күрес туралы қолданымдағы жұмысын оңтайландыру қажет деп санаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
|