Aқын тойы – айтулы оқиға
Аталмыш мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев баяндама жасады. Облыс әкімдігінің қаулысымен Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойын әзірлеу және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді деді ол өз сөзінде. Осыған сәйкес аталған мерейтойды өткізу жөніндегі іс-шаралар бағдарламасы әзірленіп, арнайы комиссия құрамы бекітілді.
Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде ақынның мерейтойына арналған әншілер конкурсы, ақындар мүшәйрасы өткізіліп, үш бірдей кітап шығарылды. Мәдениет басқармасының сайтынан рубрика ашылды. Жаңадан жарық көретін дүниелердің қатарында Қасымның өлеңдеріне жазылған әндер жинағы бар. Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы аталмыш жинақты әзірлеп, баспаға өткізді. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты CD дискі әзірленуде. Оның әндерін Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері мен фольклорлық ансамблі жазып бітірді. Қазір арнайы диск әзірленуде. Ақынның өміріне арналған екі деректі фильм түсіріліп жатыр. «Қасым Аманжолов» атты ғылыми-танымдық сайт іске қосылады.
Мерейтой аясындағы іс-шаралардың сүбелі кезеңі шілде айының 27-30 аралығына белгіленді. Облыстық телеарнадан Қасым Аманжолов туралы әзірленген фильм көрсетіледі және республикалық ақындар айтысы өтеді. Қарағанды қаласының орталығында Қасым Аманжоловтың еңселі ескерткіші орнатылады. Дәл осы күні жоғарыда аталып өткен Қасым Аманжоловтың таңдамалы шығармалар кітабының және «Қасым» әдеби-мәдени қоғамдық журналының тұсаукесері жасалады. Сонымен қатар, республикалық ақындар мүшәйрасы өтеді, ал кешкілік Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген Қасым Аманжолов туралы деректі фильм көрсетіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласады. Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып, «Қ.Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция және Қасым әндері мен өлеңдеріне жазылған республикалық ән фестивалі өтеді.
Келесі күні дүбірлі той ақынның туып, өскен өлкесі Қарқаралы жерінде жалғасын табады. Театрландырылған концерттік бағдарламалар, аламан бәйге, көкпар, қазақша күрес, теңге алу тәрізді ұлттық спорт ойындары өткізіледі.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Ол Қасым Аманжоловтың 100-жылдығын атап өту – біздің аймағымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға екендігін атап айтты. Сондықтан, мерейлі мерейтойға дайындық тиісті деңгейде жүргізілу керек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 21 мамыр (№ 79/80). - 1 б.
Достарыңызбен бөлісу: |