«АҢыздың АҚыры» романының лирикалық, романтикалық сипаты



Дата01.03.2024
өлшемі19.62 Kb.
#493619
аңыздың ақыры тақырыбы мен идеясы


«АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ» РОМАНЫНЫҢ ЛИРИКАЛЫҚ, РОМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Ә.Кекілбаев үшін романда оқиғаның қай ғасырда, қай жерде болғаны маңызды емес. Мəселе, оқиғаның қашан жəне қалай болғанында емес, болған оқиғаның адамгершілікфилософиялық мəнінде. Сюжетке өткен дəуір оқиғасы арқау болғанымен, ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ, бақыт сияқты жалпыадамзаттық мəні бар мəңгілік мəселелерді қозғайды.


Романның негізгі сюжеті шығыс елдерінің ежелгі аңыздарының негізінде алынған. Тарихта болған дерек пен шығармашылық қиял, фольклорлық бастау мен реалистік баяндау осы шығармада ерекше жымдасып кетеді де, халықтың əр қилы аңыз əңгімелерін өзінше қызғылықты түсіндіретін автордың көркемдік философиялық концепциясы барынша толық, айқын танылады.
«Аңыздың ақыры» романының лирикалық, романтикалық сипаты мол. Романның сюжеті үш кейіпкердің (Әмірші, ханша, шебер) төңірегінде өрбитін тарихи аңыз-əңгімеге құрылған. Жазушы өзіне таныс аңыз-əңгімені жалаң баяндаушы емес, ол аңыздық желіні жаңаша түсіндіріп, жаңғыртып, сол арқылы адам жанының терең иірімдерін ашқан композициясы күрделі, психологиялық салмағы бар дербес туынды жасайды. Әмірші, кіші ханша мен шебердің арасындағы шарпысқан ішкі психологиялық сезім-күйлері мен жан дүниесіндегі толғанысы, ой арпалысы шеберлікпен суреттеледі.
Романның бас кейіпкері – Алмас хан. Шығармада Алмас хан өмірінің соңғы айларында болған оқиға баяндалады. Ол өз халқын толық бағындыруда да, оны басқаруда да, оған жаңа жетістіктер қосуда да табысқа жеткен əмірші. Бірақ ол халқына өз философиясын уағыздауда жеңіліске ұшырайды. Сондықтан автор кейіпкердің ой жүйесін, сезіну, түйсіну өрісін, оның құбылыстарын, суреттеуге ерекше көңіл бөледі. Әміршінің мінез-құлқы – романның негізгі желісі.
Хан кезекті жорығынан оралғанда, кіші ханшаның өзінің құрметіне салдырған биік мұнарасын алыстан көзі шалады. Мұнараны салушы жас шебер ханшаға ғашық болып, оған деген құмарлығы мен іңкəр сезімін, махаббатын өз өнері арқылы бейнелейді. Ханға суық хабар өзегін құрт жеген алма арқылы беріледі. Қызғанышы оянған Хан шебер мен ханшаға қаһарланып, жас жігіттің көзін ойып, тілін кесіп, қатал жазалайды. Ханша мен шеберді қатаң жазалағанымен, хан олардың жүрегіне əмір ете алмайды. Өйткені байлық пен биліктен тыс, оларға бағынбайтын махаббат, сезім құдіреті бар. Нағыз өнер туындысына тəн сұлулық пен нəзіктік тек шынайы махаббаттың əсерінен туындайды.
Әміршінің бейнесін жасағанда Ә.Кекілбаев тарихи материалдарға сүйеніп, қазіргі болмысқа сəйкес əлеуметтік-психологиялық модель жасаған. Эгоцентризм мен өзін ғана сүюдің жалғыздыққа, рухани азушылыққа ұшырататынын көрсеткен. Жазушы шеберлігі Жаппардың өзімен өзі сөйлескен монологын беруде ерекше көзге түседі. Жасынан сəулетшілік өнер бойына дарыған Жаппарға (əкеден берілген қабілеттілік) дүние жүзінде теңдесі жоқ мұнара салу ісі тапсырылады.
Кіші ханшаға ерекше ықылас, құмарлық сезінген сəулетші мұнараны салудың жаңа түрін ойлайды. Оның ойынша мұнара ендігі жерде өзінің ұлылығымен емес, адамдарда басқа адамдарға деген сенім, сүйіспеншілік сезімін туғызуы керек. Осы ойын іске асыру үшін сəулетші аса көп жұмыс істейді. Алғашқыда сəулетші хан бақшасының ішінде жас сұлуды жиі көру мүмкіндігі бар ккетікті бекітпеді. Енді сəулетші қалайда жас сұлуды өзіне қарату үшін, оның өзіне деген сүйіспеншілік сезімін туғызу үшін мұнараны ерекше ықыласпен əшекейлеп сала бастайды.
Жер бетіне өзінің əмірлігін, үстемдігін жүргізіп, ашса алақанында – жұмса жұдырығында ұстай білген Әмірші «мұнара бейнелеген асқақ махаббаттың иесі кім, ол кімге деген ақ сезім» деп іздеумен болады.
Романда мұнара – шебер махаббатының символындай. Шығармада мұнараның атқаратын қызметі ерекше. Ол үш кейіпкерді, ханды, ханшаны жəне шеберді өзара байланыстыратын, бір қазыққа байлайтын ортақ желі. Романдағы романтикалық сарын да осы мұнара бейнесімен байланысты. Ол жанданған кейіпке еніп, адам əрекетіне, адамға тəн мінезге, қылыққа ие. «Мұнара күніне бір мінез шығарады. Бір күні жас майсадай үлбіреп, жас сəбидей мөлдіреп тұрса, ертеңіне-ақ жан-жағына ойнақы нұр таратып, жайнақтап шыға келеді. Бірде терезенің алдынан ет жүрегіңді елжіретіп, үн-түнсіз телміріп түрып алса, артынша-ақ төбесімен көк тіреп аспандап шыға келеді» [4,134].
Мұнара бірде «күледі», бірде «мұңаяды», бірде «сұстанады», бірде «алыстан ым қаққандай» болса, бірде «жалбарынады». Шығарманы мұқият оқып шықсаңыз, мұнараның мұндай «мінезінің» сан қырына куə боласыз. Шығармада мұнара романтикалық бояумен бейнеленген. Оның қасиетін суреттеуде əсірелеу де басым. Мұнараға қараған жанның барлығы қайран қалады. Ол шаһардағы басқа мұнараларға атымен ұқсамайтын ерекше бір сипаты бар, сиқырлы мұнара. «Әмірші сан-сапат жорықтарында талай мұнаралар мен сарайларды көре-жүре, тап мынадай сиқыр сұлулықты бұрын-соңды ешқайдан жолықтырған емес. Бірақ көзін жібермей, көңілін тұзақтап, тұсап-матап тастаған өзгеше көріктің сиқырына түсіне алмай келеді» [4,40]. Романда мұнараның қасиетін айқындауда «сиқыр» сөзі онымен жиі қатар айтылады. Мұнараның сиқыры – шебердің ханшаға деген махаббатын бейнелеуінде, тіпті сол махаббаттың өзіне айналуында.
Кіші ханша əміршінің алдында жалғыз-ақ күнə істепті. Онда да өңінде емес, түсінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының өзін əміршінің қырағы көзі қалт жібермепті. Әміршінің мына монологына көңіл бөлейік: «Ханымның сол жолғы түсінде құшқан еркегі басқа ешкім де емес, əнеу күнгі монтаны жігіт. Ханым онымен өңінде болмағанымен түсінде табысты. Ендеше сол бір жайнақ көз жігітпен өмірінде болмағанмен, көңілінде əлдеқашан қауышқан. Көңілінде ол ханымға бұдан гөрі əлдеқайда жақынырақ...» [4,172].
Шығармада жазушы тек Әміршінің ғана қатыгездігін орынсыз кінəлай бермейді, оның іс-əрекеттерін төтелеп даттай да бермейді, автор адамшылық қасиетті, адамның жеке басын аяққа таптайтын зорлық пен зұлымдықтың, билік құмарлықтың шірік философиясын əшкерелеуге назар аударады. Қаншалық қаһарлы, қайратты болғанмен, Әміршінің өзі де, шынтуайтқа келгенде көрсоқыр, қатыгез. Ол өзгелерді қайғы-қасыретке ұшыратумен бірге, өзі де шектеусіз биліктің құрбаны болады.
Ә.Кекілбаев тарихи шығармаларында ежелгі аңыз-əңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің жарқын да қаһарлы бейнесін, моральдық бейнесін жасады. Әбдіжəміл Нұрпейісов өзінің бір сөзінде: «Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол өз халқының өткен тұрмысын əспеттеу, əйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің əлеуметтік сыр-сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен», - деген болатын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет