Шығыстан келе жатқан жаңа Шыңғыс,
Таза бояу қайраткері, қара сөздің патшасы, –
дейді Олжас Сүлейменов Айтматовқа.
Өз кезегінде Ш.Айтматов та О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, С.Санбаев сынды қазақ жазушыларына арнап баспасөздерде жылы пікірін білдіріп отырды.
Саттар Сейітхазин мен Жаппар Өмірбековтің сөздеріне жазылған Ілия Жақановтың «Даниярдың жыры», «Жәмиләнің жыры», «Әселім» әндері елу жылдан бері қырғыз бен қазақ сахнасында шырқалып келеді.
Шыңғыс Төреқұлұлын пафоспен «Адамзаттың Айтматовы» деп атағандар да қазақ ағайындар.
Қырғыз-қазақ ғылыми интеллигенциясының қалыптасуында екі халықтың ғалымдары үлкен рөл атқарды және атқарып келеді. Ол құбылыс А.Байтұрсынұлынан, Мұхтар Әуезовтен басталады. Ишеналы Арабаев, Қасым Тыныстанов қырғыз тілінің әліпбиін, жазу ережелерін Ахмет Байтұрсынұлынан үйренді. Мұхтар Әуезов мұрағатынан Қ.Иманалиев, Ж.Таштемиров және З.Мамытбековтің ғылыми еңбектеріне жазылған пікірлер сақталған.
Міне, осы ғылыми дәстүрді әдебиетші-ғалымдар З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Т.Кәкішев, Б.Әбілқасымов, У.Қалижанов, Ш.Ибраев, Д.Ысқақұлы, Ж.Дәдебаев, З.Бисенғали, Қ.Ергөбек, Қ.Әбдезұлы, Б.Ыбырайым, Б.Мамыраев, Ө.Әбдіманұлы, К.Матыжанов, А.Бұлдыбай, Д.Қамзабекұлы, Б.Омарұлы, Д.Қыдырәлі, С.Ананьева, А.Шәріп, басқалар жалғастырып, кандидаттар мен докторларды даярлап шығарды. Мен де ондаған қазақ ғалымдарын даярлауға жәрдем бердім.
Қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы Р.Мылтықбаев, А.Мусинов, А.Ақматалиев, Б.Омарұлы монографиялар жазды.
Әдебиеттанушы-ғалым Бауыржан Омарұлының «Зар заман» ағымына қатысты ғылыми еңбегін ерекше атап өтуге болады. Өйткені онда кеңестік кезеңде оқырманға жетпеген, жетсе де идеология әсерінен теріс баға берілген қазақтың Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, қырғыздың Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Нияз, Молда Қылыш, Алдаш Молда жырлары салыстырылып, ұқсастықтары мен ерекшеліктері қарастырылған.
Бүгінде қырғыз ғалымдары қазақ әріптестерімен бірге «Айтматов және Қазақстан» энциклопедиясын дайындау үстінде. Бұл еңбек мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым салалары бойынша жан-жақты қарастырылып, кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Қырғызстан мен Қазақстанға көктем келді. Таулар мен далалар құлпырды. Қызыл, сары гүлдер кілемдей жайнады. Бішкекте Абай мен М.Әуезов ескерткіштері, көшелері, Астанадағы Айтматов көшелері көзге жылы ұшырайды. Міне, қазір Айкөл Манастың мүсіні Астанада алыстан көздің жауын алып, асқақтап тұр...
Біз елордаға бет алғанда:
Қазақ-қырғыз бір туған,
Алға қарай ұмтылған, –
деп келеміз...
Абдылдажан АҚМАТАЛИЕВ,
Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, Қырғызстан ҰҒА академигі
https://egemen.kz/article/362444-qazaq-qyrghyz-bir-tughan-algha-qaray-umtylghan
Достарыңызбен бөлісу: |