Айқын.-2013. - №7.-17 қаңтар
Бұқарқызы Х.
Екі жүз оқытушы миллионер атанды
Еліміздегі жоғары оқу орындарында еңбек ететін 200 оқытушы 2012 жылдың үздіктері деп мойындалды. Ал сейсенбінің кешінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде оларға «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2012» сертификаты мен төсбелгілері табыс етілді. Осылайша 200 оқытушы бір-ақ күнде миллионер атанды.
Әрине, олар бұл марапатқа білім, ғылым деп аталатын ұзақ жолмен жүріп жетті. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, байқауға 97 жоғары оқу орнынан 500-ден астам өтінім түскен. «Солардың арасынан ұстаздық қызметінің үздік нәтижелерін көрсеткен 200 үміткер таңдалып алынды. Конкурс жеңімпаздарының 50 пайызы ғылымның көкейкесті: физика-математика, биология, медицина, химия ғылымдары салаларынан. Ал 31 адам педагогикалық ғылым саласынан», — деді министр.
Айта кетейік, үздік оқытушылар бұл грантпен әлемнің Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей сияқты елдердің үздік жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтеді. Педагогикалық шеберліктерін арттырады. Мәселен, Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетінің оқытушысы, техника ғылымдарының докторы Ажар Баяшева жуырда Санкт-Петерборда өтетін семинарға бармақ. Сосын Лондонға ат басын бұрғысы келеді. Электрохимия бағытында жұмыс істейтін ғалым-педагог бүгінгі танда газ түріндегі тастандыларды залалсыздандыру әдісімен айналысуда.
Үздік оқытушылар арасында белгілі әнші, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Қайрат Байбосынов та бар. «Сахнада жүріп алған сыйлығым аз емес, бірақ бұл марапаттың орны бөлек. Бұл менің білім беру саласындағы 35 жылғы еңбегімнің нәтижесі деп білемін», — дейді ағынан.
Қ. Байбосынов мамыр айында Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары мен студентгерінен жасақталған өнерлі топпен Италияға гастрольдік сапарға дайындалуда.
Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Әбуов осы марапатынан кейін 1 кітап, шетелдік журналда жариялау үшін 5 мақала жазуды, Қытай мен Германияға тағылымдамадан өтуді де көздеп қойыпты. Ең бастысы, экономист Қазақстанда ешқандай дағдарыс болмайды деп мәлімдеді. «Өндірісті де, сатуды да өзіміз ұйымдастырып жатырмыз, бізде шетелге шығаратын өнім шамалы. Сондықтан дағдарыс болмайды», деген экономист ағамыздың аузына май дейміз.
Айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев та үздік оқытушы атанды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, абылайтанушы Зарқын Тайшыбайдың да еңбегі еленді. Кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра қалдыру үшін мұрағаттарды сүзіп шығудан жалықпайтын Зарқын Сыздықұлының кітаптары энциклопедияға татиды. Қарағанды мен Петропавлдағы мемлекеттік университеттерде журналистика кафедрасын ашып, қазақ ұлтына қызмет етер журналистерді тәрбиелеген ұстаз қуанышына біз де ортақпыз. 500 оқытушының арасынан дара шыққан 200 ұстаздың әрқайсысы да бөлежарып айтуға лайық. Олай болса «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді данышпан Абай. Ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар ұстаздардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс», деген Б.Жұмағұловтың сөзіне қосып аларымыз жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |