Айқын. -2014. - № 163. – 12 қыркүйек
Университетте Ассамблея кафедрасы бар
Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде патриоттық іс-шара өтті.
Салтанатты жиынды ашқан Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев: – 29 ұлт пен ұлыстардың өкілдерінен құралған 10 мың студент-жас білім алып жатқан біздің университетте қызмет жасайтын
мыңнан аса ғалым-оқытушылардың да 20-дан астам ұлттың өкілдері екендігін біз әрқашан мақтан тұтамыз.
Университетімізге қадам басқан әрбір зерделі де зейінді азамат ең алдымен, оқу орнының тек қана білім мен ғылымның ордасы ғана емес, тәрбиелі де саналы ұрпақтың аяулы да құтты мекеніне айналғанын айқын аңғарады. Мысалы, халықтар арасында татулық пен бірлікті насихаттау бағытында құрылған «Достық» клубы кеңейіп, бүгінде кафедраға айналып отыр. Қазіргі күні бұл кафедра – Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы деп аталады. Дәл осы кафедра алдағы уақытта татулық тың жаршысы болып отырған Қазақстан халқы ассамблеясымен тығыз жұмыс жасамақ, – деді.
С.Сейфуллин атындағы білім ордасы басшысының айтуынша, биылғы оқу жылында Қазақ агротехникалық университетіне 2 364 студент-жас қабылданса, олардың 1 238-і мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ең бастысы, ҚазАТУ бүгінде еліміздегі ұлттық университеттер деңгейімен теңесіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың арнайы тап сырмасына сәйкес республика бойынша «Қазақстанның жаңа индустриализациясы» бағдарлама сын жүзеге асырушы оқу орны ретін де айқындалып, ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болды.
Патриоттық іс-шараға арнайы қатысқан Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов Ассамблеяның жұмыс барысына жан-жақты тоқталып, алдағы жылы аталып өтілетін шараларға дайындық туралы әңгімелеп берді.
Салтанатты шара барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы салтанатты жағдайда ашылды. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ арасында өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды.
Достарыңызбен бөлісу: |