ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ КеАҚ
С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институты
«Экономика және есеп» кафедрасы
АВТОРЕФЕРАТ
“ Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы, қазіргі кездегі жағдайы”
Дайындаған: Хасенов Жалгас Бауржанович
Тексерген: Әбутәліп Бақытбек Көкенұлы
КӨКШЕТАУ 2022
Ауыл шаруашылығының қазіргі кездегі жағдайы
Қазақстан Республикасының 30 бəсекелі елдердің қатарына енуге ұмтылуы, Əлемдік Сауда Ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы үшін үлкен сын. Өйткені ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық жəне қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып табылады. Сондықтан да аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн экономикалық жəне ең бастысы əлеуметтiк негізде стратегиялық жағынан маңызды.
Нарықтық экономика жағдайында Қазақстан Республикасының əлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту үдерісі өндірістің, əсіресе ауыл шаруашылығының тиімділігін тұрақты əрі бекем арттыру үшін шаруашылық жүйенің түбегейлі қайта құрылуын талап етеді. Қазіргі таңда отандық экономиканы қайта құру кезінде бірқатар мəселелер туындады. Əсіресе Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін анықтайтын аса маңызды стратегиялық қызмет саласы ретінде агроөнеркəсіп өндірісінің тиімділігін арттыруға елеулі назар аударылды.
Қазіргі уақытта агроөнеркəсіп кəсіпорындары шаруашылық механизмнің жетілмеуінен, коммерциялық ақпараттың жеткіліксіздігінен, сыртқы орта факторларының (тұтынушылардың іс- əрекеті, нарықтық конъюнктураның өзгеруі, жаңа тауарлардың пайда болуы т.б.) əлсіз талдануынан жəне нарықта жұмыс істеу тəжірибесінің жоқтығынан тұрақсыз шарттарда əрекет етіп келеді. Сондықтан ауыл шаруашылық өнімін тұтынушыға дейін тиімді жеткізуге бағытталған ғылыми зерттеулер өзекті мəселелердің бірі болып келеді.
Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде «Агробизнес — 2020» бағдарламасы [1] отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабілеттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды. Бірақ саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, қолданылатын технологиялардың жетілмеуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы оны кең көлемде дамуға мүмкіндік бермей отыр. Ол үшін ауыл шаруашылығы қолда бар материалдық, еңбек жəне басқа да ресурстарды экологиялық талаптарға сəйкес толығымен қолдануды қамтамасыз ету керек [2]. Қазіргі жағдайда экономиканың аграрлық секторындағы экономикалық агенттердің мүдделерін үйлестіру, көбінесе оларды нарықтық жəне мемлекеттік реттеу нысандарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын ынталандыру арқылы қол жеткізіледі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығын реттеу əдістері экономикалық тепе-теңдікті сақтаудан, ауыл шаруашылығы өндірісін өндіруден жəне қайта өңдеуден, сонымен қатар шикізат пен азық-түліктің объективті қажеттілігінен туындаған. Өйткені ауыл шаруашылық өнімдері кез келген мемлекеттің экономикалық жəне əлеуметтік тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сол себептерден экономиканың ауыл шаруашылық секторын мемлекеттік реттеу қажеттілігін екі топқа бөлуге болады:
ауыл шаруашылығы өндірісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Басқа салаларға қарағанда, тəуекелдік сипатының (құрғақшылық, су тасқыны жəне т.б.) болуымен, ауыл шаруашылығына деген сұраныс пен ұсыныстың ауытқымалығымен, техникалық үдерістің жылдамдығымен ілесе алмауымен сипатталады;
ауыл шаруашылығы нарығы қызметін реттеу механизмінің жетілмеуі. Ауыл шаруашылығы өндірісіне үстемдік бағаны енгізуді бақылаумен, қоршаған ортаны қорғаумен, табиғи ресурстарды тиімді қолданумен ерекшеленеді.
Сонымен, ауыл шаруашылық секторын мемлекеттік реттеу экономикалық құралдар мен ынталардың жүйесінен тұрады, олардың көмегі арқылы мемлекет еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономиканың ауыл шаруашылық секторының дамуына əсер ете алады.
Экономикада ауыл шаруашылық секторды мемлекеттік реттеу жұмыстарын қалыптастыру əр түрлі кезеңдер бойынша жүргізіледі. Ең алғашқы қадам бұл мемлекеттің қандай күрделі кезеңдерде болсын, сонымен қатар қаржылық дағдарыс кезінде ауыл шаруашылық секторына деген қарым- қатынасын анықтау [3]. Аграрлық сектор саласында мемлекет тарапынан қолданылатын шараларға экономикалық агенттер арқылы сараптама жасау. Қойылған мақсаттар арқылы ауыл шаруашылығының даму қажеттілігі анықталады, ал бюджеттік мүмкіншіліктер арқылы мемлекеттік реттеу құралдарының тізімі бекітіледі. Аграрлық сектор саласын қалыптастыру барысында негізінен тиімді аймақтардың ғылыми жүйесі зерделенеді, яғни қолданыстағы құралдардан əсер алу элементтерін айқындау керек: ауыл шаруашылық салалары, ауыл шаруашылық саласын өндірістік қамтамасыз ету, өнеркəсіп саласын жетілдіру, ауыл шаруашылық тауарларын жеткізу жəне сақтау орындарын қарастыру, тауарларды соңғы тұтынушыға дейін жеткізу.
Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы экономика саласында ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығының дамуынан мемлекетің азық түлік қауіпсіздігі жəне халықтың əлеуметтік экономикалық жағдайы өзгереді. Ауыл шаруашылығының Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) қалыптастыруда 6 % мөлшері кездеседі (1-сур.). Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығын жетілдіруде жəне жандандыруда кең көлемде ресурстар кешеніне ие болып отыр, олардың қатарына мал шаруашылығын дамыту, көкөніс өнімдерін, мақта өсіру, егін жай өнімдерін саралау жатқызылады. Еңбек өнімділігін арттыру жəне егін жайдың құнарлық сапасын жақсартуда көптеген мүмкіншіліктер кездеседі, яғни ресурстарды тиімді қолдану жəне егіс алқаптарының көлемін көбейту.
Сурет мəліметтері көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қазақстан Республикасының ішкі жиынтық өніміндегі үлес салмағы, 2011 ж.а (7,8 %) қарағанда, 2015 ж. (6,74 %) төмендеуде. Біздің ойымызша, бұл мəселеге мынадай факторлар əсер етуде: аумақтық жəне салалық дамудың əзірленген жəне бекітілген жобасының болмауы;өндірісте қолданылатын технологияның төмен деңгейі; ескірген жабдықтардың ұлғаюы;аймақтардың бюджет қаражатымен төмен деңгейде қамтылуы;айқын кадрлық саясаттың болмауы;жоғары білікті басқарушы қызметкерлердің жеткіліксіздігі [4]; ауыл шаруашылығы мамандарының төмен жалақысының болуы.
Қазіргі уақытта Қазақстанның аграрлық секторына арналған жердің жалпы аумағы — 222,6 млн га, оның ішінде 24 млн га (10,8 %) — егістік жерді, 5 млн га (2,2 %) — пішендік, 189 млн га (85 %) жайылым жерді алып жатыр. Дегенмен ауыл шаруашылығының дамуы Казақстанның əр аймақтарында əр түрлі деңгейде дамып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің аймақтар бойынша шығарылымы 1-кестеде көрсетілген.
Кесте мəліметтері көрсетіп отырғандай, егер де 2011 ж. ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) шығарылымы бойынша бастапқы үштігіне Қостанай (394419,8 млн тг), Солтүстік Қазақстан (353527,5 млн тг) жəне Ақмола (246247,9 млн тг) облыстары жатса, ал 2015 ж. ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын аймақтардың үштігіне Алматы (450032,9 млн тг), Оңтүстік (344645,1 млн тг) жəне Солтүстік Қазақстан (311080,2 млн тг) облыстарын жатқызуға болады. Соңғы жылдары еліміздің астықты мекені — Қостанай облысының аграрлық саясаты мемлекет тарапынан қомақты қаржы ресурстарын салуды талап ететіні көрініп тұр. Əрбір аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуда өздерінің мамандандырылған ерекшеліктері бар. Мəселен, еліміздің солтүстік аймақтарында көбінесе астық дақылдарын өсірумен жəне мал шаруашылығын дамытумен айналысса, ал оңтүстік аймақтарда суармалы дақылдарды (астық, майлы, жеміс-жидек дақылдары, көкөніс, мақта) өсірумен маманданған.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында егістік түсімін, ең алдымен, жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігі туындап отыр. Ол үшін экологиялық мəселелерді есепке ала отырып, ұлттық бəсекеге қабілетті брендтер құрылуы тиіс. Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, жер өңдеу мəдениетін өзгертпесе жəне мал шаруашылығындағы дəстүрлерімізді жаңғыртпаса, ауыл шаруашылығында жетістіктерге жету мүмкін емес [6]. Дегенмен мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қаржылай ынталандыру бағыттарында көптеген қызметтер атқарылуда. Олардың нəтижесін əрі өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының арасындағы өнім шығарудың көлемін 2-кестеден байқауға болады.
2011–2015 жж. аралығындағы нақты мəліметтер көрсеткендей, ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 50 % жоғары өсімдік шаруашылығына тиесілі. Бұл мəліметті есептеу үшін өсімдік шаруашылығының өндірілген өнімінің құнына ауыл шаруашылығы дақылдарынан — дəнді, техникалық дақылдардың (майлы дақылдардың, қант қызылшасының, темекінің жəне басқалардың тұқымдары), картоптың, көкөністер мен бақша дақылдарының, жемістер мен жидектердің, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өзге де түрлерінің (азықтық түйнек жемістерден, шөптен, сабаннан, пішендеме, сүрлем, шөп, гүлдер жəне т.б.) алынған жылдық түсім құны кірген. Соңғы жылдары мал шаруашылығының өнімдері 942,3 млрд тг-ден 2011 ж. 1260 млрд тг-ге 2015 ж. өскен. Мал шаруашылығының өндірілген өнімінің құны ауыл шаруашылығы малдарынан алынған өнімдердің (сүт, жұмыртқа, жүн, тері жəне т.б.) құнын, союға өткізілген мал мен құстың құнын, ара өсірушілік пен бағалы жүнді аңдарды өсіру шаруашылығы өнімнің құнын қамтиды.
Əрине, ауыл шаруашылығы өндірісі мамандарды дайындау барысында дүниежүзілік ең озық тəжірибені ескере отырып, үнемі оқытуды жəне қайта оқытуды қалыптастыру қажет. Шетелдік мамандарды əр шаруа қожалағына жеке кеңес алу үшін тарту көп шығынды талап етеді. Мұндай іс- шараларды жүзеге асыру тек ірі ауыл шаруашылығы кəсіпорындары үшін ғана қолжетімді болып келеді.
2015 ж. мəліметтер бойынша, ауыл шаруашылық кəсіпорындарының құрылымында ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің 24,6 % ірі ауыл шаруашылық кəсіпорындары, 70–80 % фермерлік қожалықтар мен жеке шаруашылықтарға тиесілі.
Қазақстанда шағын кəсіпкерліктің дамуына, қоғамның тұрақтылығының негізіне жəне мемлекеттің экономикасына əрқашан тұрақты түрде көп көңіл бөлінуде. Бұл негізінен көптеген мəселелерді шешудегі мемлекеттің нақты қызметтерінің нəтижелерімен байланысты. Олардың қатарына, біріншіден, мемлекет шағын кəсіпкерліктің дамуы арқасында қоғамдық тұрақтылықтың негізін салатын орта буынды қалыптастыру мəселесін шешеді, екіншіден, халықты жұмыспен қамту мəселесін реттейді, үшіншіден, жалпы ішкі өнімнің өсуіне септігін тигізеді. Шағын кəсіпкерліктің дамуының негізін ауылдық жерлерден байқауға болады. Ауыл шаруашылықпен айналысатын кез келген аймақтарда шаруа қожалықтарының құрылуын жəне қалыптасуын байқауға болады, сонымен қатар осы шаруашылықтардағы, яғни жылдан жылға өсімдік жəне мал шаруашылықтарындағы материалдық-техникалық базаның нығаюын байқауға болады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылық саласында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған экзотикалық өнімдер дайындау, страус өсіру жұмыстары жəне қоян өсіру салалары дамып келуде. Аграрлық саладан басқа, кəсіпкерлер ауылдық жерлерде əр түрлі бағыттағы қызметтер түрлерін қарастыруда, мысалы: бөлшек сауда саласында, күнделікті сұраныс көп болатын тауар түрлерін шығару, қызмет саласы (киім тігу, өнеркəсіп техникасын жөндеу, көлік саласындағы қызмет түрлері).
Жоғарыда аталып өткендей, алдымызда елiмiздегi агробизнестiң бəсекелестiк жүйесiн қалыптастыруды шешу мiндетi тұр. Ол үшiн заң актiлерiнiң, бiрiншi кезекте, Жер, Су жəне Орман кодекстерiнiң қалтқысыз орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дəндi дақылдар нарығын реттеу жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың тиiмдiлiгiн арттыру керек. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеудi жəне өнiм сапасын арттыруды жаңғыртуға ерекше назар аударылғаны жөн. Қазiргi заманғы аграрлық ғылымды дамытуды да естен шығаруға болмайды.
Ауылдық жерлердегi кедейшiлiктi жою үшiн шағын несиелер беру жұмысын кеңiнен өрiстету қажет, оның үстiне ол өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсете де бiлдi. Осы жылдан бастап ауылдық аумақтарды дамытуға арналған мемлекеттiк аграрлық саясат бағдарламасы iске қосыла бастады.
Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Аграрлық сектордың даму деңгейі қашан да қазақстандық қоғамның экономикалық жəне қоғамдық- саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып келді жəне əлі де солай. Республика экономикасы дамуының басым бағыттарының бірі бола отырып, ауыл шаруашылығы аса зор əлеует пен үлкен қорға ие. Қазақстанның əр түрлі климаттық жағдайлары қоңыржай жылы белдікте барлық дерлік дақылдарды өсіруге жəне мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |