Ұлтаралық қатынас мәдениеті: мәдени-философиялық талдау
6D020100 – философия мамандығы бойынша философия докторы (PhD)
ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациялық жұмысына
АННОТАЦИЯ
Диссертациялық еңбекте теориялық тұрғыда Қазақстандық әлеуметтік кеңістіктегі ұлтаралық қатынастардың күрделі сипаты зерделенеді және еліміздегі әртүрлі этникалық мәдениеттер арасындағы өзара сұхбаттастық пен әрекеттестік мәдени-философиялық негізде сараптаудан өткізіледі. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі қоғамдағы этносаралық қатынастар деңгейіндегі ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшеліктері зерттеу жұмысында нақты айқындалып, оларға заманауи әлеуметтік-гуманитарлық саладағы ғылыми талдаудың әдіснамасы мен тәсілдері арқылы сипаттамалар беріледі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі Диссертациялық жұмыс мәдени-философиялық қарастыру тұрғысынан ұлтаралық қатынастар мәселесінің ең маңызды негіздерін анықтауға арналған. Өзара рухани сұхбаттасу мен қазіргі мәдениет талаптарына сай келетін этносаралық қатынастар өмір қажеттілігінен туындап отырғаны белгілі. Демек бұл қатынастарға шындыққа сай келетін сипаттама беруге арналған зерттеулердің, олардың мәдениеттіліктің жалпы және арнайы критерийлеріне сәйкестігін анықтауға бағытталған өзіндік философиялық-мәдениеттанулық экспертиза жасаудың мәдениеттердің өзара жақындасуына, халықтардың конструктивті ынтымақтасуына ықпал ететіні сөзсіз – диссертациялық жұмыстың жоғары өзектілігі осыменен негізделеді.
Зерттеудің нысаны Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардың мәдениетін этносаралық қатынастардың жетілуі мен дамуы саласындағы әлемдік тәжірибені ескере отырып философиялық-методологиялық зерттеу.
Зерттеудің пәні Полиэтникалық Қазақстан жағдайындағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің ерекшеліктері мен қозғаушы күштері, қазіргі ахуалы мен болашағы.
Диссертациялық зерттеудің мақсаттары Диссертациялық еңбектің негізгі мақсаты – ұлтаралық қатынастар мәдениеті феноменін философиялық-мәдениеттанулық талдау, оның қалыптасуы мен дамуының онтологиялық негіздемелерін, мәндік сипаттарын және Қазақстандағы этносаралық қатынастар эволюциясының қазіргі ахуалы мен перспективаларын бағалауға мұрсат беретін критерийлерін анықтау болып табылады.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері ретінде объективтілік, даму, нақтылық, қайшылық, тарихилық пен логикалықтың бірлігі принциптері алынған. Жұмыста сонымен бірге мәдениет дамуының тарихи субъектілерінің өзара сұхбаттастығы, мәдениеттер және өркениеттер сұхбаты принципі жүйелі қолданылады. Ғылыми зерттеуде қазіргі Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың даму жағдайлары зерделеніп, толеранттылық ұстанымының өзектілігі жіті зерттелген.
Зерттеу тәсілдеріне антропологиялық, герменевтикалық, компаративистикалық талдау және де мәдени-әлеуметтік реалдылықты социологиялық талдаудың амалдары жатады.
Зертеудің ғылыми жаңалығы қазіргі Қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшеліктерін мәдени-философиялық деңгейде зерделеу болып табылады. Мәдени-философиялық зерделеу әдістеріне, әлемдік және қазақстандық философия, саясаттану мен әлеуметтануда кеңінен қолданатын дүниетанымдық бағдарларға сүйенген автор төмендегідей негізгі ғылыми нәтижелерге қол жеткізді:
– ұлтаралық қатынастар мәдениетінің қалыптасуы мен өрбуі өзіндік терең дүниетанымдық, мәдени және тарихи негіздері бар құбылыс екендігі дәлелденіп, оның әлеуметте кездейсоқ тарихи дерек емес екендігі дәйектелінген, оның рухани және мазмұндық қайнар көздері анықталып, тарихи және мәдени-философиялық мәні мен мағынасы жан-жақты зерделенді;
– еуразияшылдық идеясының тарихи және дүниетанымдық маңыздылығы бағамдалып, оның Қазақстанда көрініс беру заңдылықтары сараптаудан өткізілді, сонымен қатар әлем халықтарын өзара жақындататын мәдени сұхбат мәселесіне мәдени-әлеуметтік талдау жасалынды;
– тарихи субъект ретіндегі кез-келген этнос ерекшеліктерінің этникалық санасында басымдық танытатын дүниетанымдық бағдарлармен және этика-аксиологиялық ұстанымдармен астасып жататындығы туралы қағида ұсынылып, олардың құндылықтық-мағыналық негіздері анықталды;
– ұлтаралық қатынастардың үйлесімді дамуына кедергі келтіретін факторлар жүйесі сыни тұрғыда талданып, оның жасампаздық мағынадағы пәрменді қозғалысын анықтайтын қырлары бағамдалды, қазіргі тарихи кезеңдегі ұлтаралық қатынастарға әсер ететін мәдени және рухани процестердің шешуші жақтары анықталды;
– тәуелсіздік кезеңіндегі этностардың әлеуметтік және рухани құндылықтарының жүйесі мәдениет философиясы тұрғысынан сараптаудан өткізіліп, мәдени сұхбатқа жетелейтін негізгі тетіктер ретінде толеранттылық ұстанымның, ұлттық пен жалпыадамзаттықтың үйлесімділігі, руханилық пен адамгершілік принциптерінің басымдылық танытуы екендігі дәлелденді;
– этнотарихи субъектілердің диалогқа, өзара түсінісуге, қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың үйлесімденуіне бейімділігі көрсетіліп, оның ұлт мәселесіндегі жасампаз рөлі мен орны анықталды, әртүрлі құндылықтық тармақтарындағы пайымдаулардың еліміздегі этникалық бірегейленуі мен ынтымақтасуына әсері айқындалды;
– Қазақ халқының жаһандану заманында басымдық танытқан рухани-адамгершіліктік қасиеттерінің (сұхбатқа ашықтығы, қонақжайлылық, толеранттылық, басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне сыйластық қатынас, инновацияларға деген қабілеттілік және т.б.) этнотарих аясындағы өміршеңдігі мен маңыздылығы дәлелденді, қазақ ұлттық мәдениетінің Қазақстанда тұратын барлық басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдері мәдениеттерінің гармониялық дамуының мағыналық орталығы екендігі көрсетілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы Диссертацияның қағидалары мен қорытындыларының теориялық және практикалық маңызы олардың ұлтаралық қатынастар мәдениеті мәселесінің бірқатар принципиалды тұстарын мәдениет философиясының, тарих философиясының, әлеуметтік философияның өзара байланысындағы әлеуеті тұрғысынан шешілуінде. Бұлар этносаралық қатынастармен, тұтас алғанда ұлттық проблематикамен және соның ішінде ұлтаралық қатынастар мәдениетімен байланысты мәселелерді болашақ зерттеулердің философиялық-методологиялық негіздері есебінде қолданыла және дамытыла алады. Зерттеудің нәтижелері жоғары оқу орындарында философиядан, мәдениеттанудан және саясаттанудан дәріс оқуда, семинар сабақтарын жүргізуге қолданыс таба алады.
Достарыңызбен бөлісу: |