Айнагүл Сарайқызы
Моңғолия қазақ әйелдері
«Арулар одағының» төрайымы,
«Арулар-жұлдыз» журналының
бас редакторы (Моңғолия)
УЛАНБАТАР МЕН МОҢҒОЛИЯНЫҢ БАСҚА АЙМАҚТАРЫН
МЕКЕНДЕЙТІН ҚАЗАҚТАРДЫҢ РУХАНИ ЖАҒДАЙЫ,
ТІЛ, МӘДЕНИЕТ ЖАЙЛЫ ОЙТОЛҒАМ
Армысыздар, құрметті ағалар, апалар, тіл мен ұлт жанашыры болған ардақты қандас бауырластар!
«Ата жұрт», «Атамекен» деген аяулы атауларды қаршадайымнан жадыма сіңіріп өссем де, дәл мағынасын енді ғана толық сезіне бастағандаймын. Әр қазақтың жүрегіне ұялаған, ата жұртқа деген сағынышы, сол бір қасиетті мекенге алғаш ат басын тіреген әр қазақтың ой толқуы мен тебіренісін, қуанышы мен мұңын мен де басымнан кешіріп келемін! Біз Атамекенге жақын болсақ та алыстамыз. Жақын болуымыз, әрине ұлттық рухымызға байланысты ғой. Ал алыс болуымыз еларалық шекара бізді бөліп тұр. Алайда ұлт жанды адам үшін шекара бөгет емес. Кітаптан ғана оқып, теледидардан ғана көріп жүрген Ата жұртқа ақыры жеттім-ау, әйтеуір! Халықаралық конференцияға Моңғолия қазақ әйелдері атынан қатысып сөз алғаныма көңілім дән риза.
Кемеңгер атамыз Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан туар» деген еді. Ал Авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатов «Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар» дегені бар. Иә, ұлтының қамын азаматы, азаматының қамын ұлты ойласа біздің арман, мүддеміз ұштасқаны осы емес пе!
Мен Атамекеннен алыста Моңғолия жерінде дүниеге келдім, сонда бойжеттім, тәрбиелендім. Қазір Моңғолияның астанасы Уланбатарда тірлік кешудемін. Тіл маманы емеспін. Заңгермін. Бірақ тілдің жанашыры тұрғысынан ұлттық тіліміздің байлығын, таза тұнықтығын сақтауға аз да болса үлес қосуға тырысушылардың бірімін. Бүгінгі басқосуда да шет шалғай қазақтардың тіліне байланысты кейбір ойымды ортаға салмақпын.
Қазақстаннан басқа шет елдегі бес миллион қазақ ағайындардың бір бөлегі Моңғолияның астанасы Уланбатарда, сондай-ақ Төв, Хэнтий, Дархан уул, Орхон, Сэлэнгэ сияқты орталық аймақтарда, моңғол жұртшылығымен бірге мекен етеді.
Қазіргі Моңғолия қазақтарының бабалары арғысы аллаһтың әмірі, бергісі өмір тақауырына сай Алтайдың теріскей беті атанған жанға рахат, шөбі шүйгін, суы мөлдір, малға суат өңір – Қобда өлкесіне Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінен ауа көшіп, алғашында жайлап, күзеп, кей жылдары қыстай жүріп, 1870 жылдары түпкілікті орын тепкен көрінеді. Бұл жайлы дерек мағлұматтар орыс саяхатшысы Потанин қатарлылардың ғылыми туындыларында жазулы. 1924 жылы шақырылған МХР-дың Алғашқы құрылтайына коминтерн өкілі Тұрар Рысқұловпен бірге қатысып, Моңғолияның астанасын «Уланбатар» деп атауға пікір берген Т.Дәуітбай ақсақал: «Қазақтар Моңғолия жеріне аяқ басқалы міне 60 жыл, Моңғолияның біліміне өткелі 14 жыл болды» депті. Бұл тарихи оқиғаға келесі жылы 145 жыл толмақ. Дәуең ақсақал Қазақстанға Моңғолиядан оралған репатрианттардың тұңғыш көшбасшыларының бірі, қазіргі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлім меңгерушісі Ботагөз Уатханның ұлы әкесінің інісі ғой.
Осы бір бимәлім тарихты әкем Асқанбайұлы Сарай марқұм бұдан жарты ғасыр бұрын зерттеп «Баян Өлгий аймағы қазақ қауымының тарихынан» атты туынды жазып, ұрпаққа мұра қалдырып кетті. Өз төркінім уақ. Керей мен уақ аса бауырмал ру. Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама – жоңғар шапқыншылығы заманында Алтай мен Арқадан Сырға, Сырдан Орға, Ордан Шыңғысқа, Шыңғыстан Шыңжаңға, ақыры Алтайдың Бес әулие шыңының баурайын мекендеп қалғаны әмбеге аян. Сізді де, бізді де шарпыған ақтаңдақ, кейбір жандайшаптық нәубатты айтпағанда, бұл жылдары Моңғол өкіметінен зорлық-зомбылық көрмедік. Ұлттық аймақ құрды. Қазақ әкім тағайындады. Рухани тұрғыдан айтсам, салт-дәстүр, тіл, дінімізді қастерледі. Баян Өлгийге мешіт орнатып, Қазақстаннан имам келтірді. Орта мектептер қазақша оқу жүргізді. Қазақстаннан шақырылған оқытушылар дәріс беріп, ұлттық ұстаздарымызды даярлап беріп кетті. Соңында жоғарғы білімді ұстаздарды КазПИ-ден дайындап шығаратын болды. Міне, сол заманнан бері кирилше сауат ашып, әлем жаңалығы, Абай мен Мұхтарды қазақша оқып, көкірегіміз ашылумен келеді. Латын ғарпін білетіндіктен қазір ағылшын тілінде оқып үйрену де жеңіл. Қазақ жігіттердің еңсесі түсіп, ауыл аймағын сағынады ғой деп Моңғол үкіметі 1937 жылға дейін әскер қатарына да алмапты. Қазір моңғолиялық қазақтар жаппай мұсылмандыққа бой ұсынып діндар бола бастады. Құдайға шүкір! Қазақтар топтасқан елді мекендердің бәрінде дерлік мешіт-намазхана, Уланбатарда ұл-қыздардың пансионаттық екі медресесі жұмыс істейді. Қарапайым тұрғыдан айтсам, сол заманнан бері материалдық тұрмысымыз да «көппен көрген ұлы той» дегендей, ойдағыдай жақсы. Көйлегіміз көк, көңіліміз тоқ. Халхалармен тереземіз тең. Асса төрінде, қалса сырмақ шетіндеміз. Бұл бірден өкіметіміздің аз ұлтқа деген саясат, ниеті. Екіншіден, намысты қолдан бермеуге ұмтылдық. «Артық болсаң тең боласың, тең болсаң кем боласың» деген аталар қағидасын ұстанып, қатардан қалмауға тырыстық. Саяси рухани тұрғыдан пайымдап, өткенге көз жіберсек, Моңғолияда халық төңкерісі жеңген кезден бері қазақтан парламент мүшесі, оның басқармасы, хатшысы, министр, әуе әскери күшінің бас қолбасшы-генералы, соғыс қаһарманы, еңбек ерлері, академик, профессор, докторлар, әр саланың саңлағы, даңқ, сыйлық иегерлері талай абзал азаматтар туыпты.
Моңғолия қазақтарының тобынан мемлекет қаһарманы 1, Еңбек ері 21, Мемлекеттік сыйлықтың иегері 4, Халық әртістері 3, қоғам өмірінің әр саласына еңбек сіңірген қайраткер 59, Моңғолияның Ғылым Академиясының толық мүшесі - Академик 2, Ғылым докторы 14, Профессор 10, Ғылым кандитаты 100, Төтенше және өкілетті елші 1, дипломат 4, мемлекеттік атақ иегері, әйгілі палуан, спорт мастері, альписті 8, шетелдік мемлекеттік атақ, орден иегері 6, генерал-майор, бригада генералы 2, мемлекеттік қаһарман М.Ікей, тұңғыш Еңбек ері Т.Нұқ, тұңғыш ғалым профессор Ө.Қамбар, әйелдер тобынан тұңғыш ғалым доктор, профессор Қ.Анаргүл, еңбек ері Ш.Ұлболған, әйелдердің жаяу жүгірісінен спорт мастері Р.Алданыш, Моңғолия кіші құрылтайына мүше басқарма болған тұңғыш парламентші әйел Ә.Жамиладан басқа қайсы бірінің атын айтамыз.
Ал Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық дәрігері, еңбек сіңірген адам дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор, ұстаз, Моңғолияда нейрохирургияның негізін салушы, аудармашы, медициналық көптеген ғылыми туындылардың авторы, /Алтай тауының заңғары-теңіз деңгейінен 4600 метр биік Бес әулие шыңына Моңғолия мемлекетінің туын тіккен/ альпинист қатарлы бір басынан асқан атақ шен иегері Ж.Хайрулла атаға жете қабыл. Солардың бірі Моңғолдың тұрақты Парламенті, мемлекеттік ұлы Құрылтай құрылғаннан бастап мүшелігіне қатардан екі мәрте сайланған мемлекет қоғам қайраткері, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Қазақстан, Можарстан, Молдавия еліне танымал көрнекті жазушы, аудармашы, ғалым, дипломатшы, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Моңғолия жазушылар одағының сыйлығы мен шетелдік орден иегері Таукейұлы Сұлтан ағамыз.
Тұрақты парламент құрылған 16 жылда бес рет ұлы құрылтай мүшесіне Баян Өлгийден әрдайым үш өкіл сайланып келеді. Баян Өлгийде ұлттық профессионалдық театр, музей бар. Академик жазушы Сәбит Мұхановтың көзімен көріп бағалағанындай, Моңғолия қазақтарының үш ерекшелігі: бәз қалпында сақталған әдет-ғұрып, орда қалпында сақталған өте сәнді 80-90 басты киіз үй, ата-бабаларымыздың көне музыка аспабы сыбызғы үшеуі бізде. Оралмандар осы мұралармен бірге қазақтың байырғы тегене құйрық қойын атамекенге ала келіп жерсіндірді. Ата мекенге оралған қайраткер Қ.Зардыхан, Моңғолияның халық артисі Ә.Қабылаш, Моңғолия Ғылым Академиясының толық мүшесі, Академик А.Мағыш, алғашқы ғылым докторы Ә.Мініс, докторлар Қ.Ұлықпан, С.Қаржаубайлар Моңғолияға әйгілілердің сорпа бетіне шығары. Олардың мәртебесі Ата жұртымызда да жоғары жүр.
Сонымен қазақтар жоғары мәртебелі лауазымға тағайындалып, оқуға ілесіп, соңында көмір, алтын, вольфрам-шпат кеніші, ағаш дайындау, шикізат өңдеу, егіншілік орнында кәсіп етумен шұғылдана келіп «үлкен жер, ішкері жақ» Улаанбаатар, Налайх, Сэлэнгэ, Дархан, Өндөрхаан, Шарынгол, Эрдэнэт, Бэрх, Мандал, Түнхэлге 1940-1950 жылдан лек- легімен келіп мекендей бастаған көрінеді. Улаанбаатарға қазақтан алғаш ат ізін салғандардың тұңғышы да азды көпті жыл орын тепкені 1930 жылдан Моңғолияның кіші Құрылтай мүшесі, басқармасы болған Ж.Мұхан ақсақал-ау сірә, деп ойлаймын. Аталмыш аймақтарда қазір солардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр.
Моңғолиялық қазақтардың орталығы атанған шалғай батыстағы Баян Өлгий аймағында тұратын қазақтар жайлы әңгіме өзінше бір төбе. Ондағы қазақтар тілі мен салт-дәстүрін біршама таза сақтаған, рухы биік екенін мақтанышпен айта аламын. Сіздер де мұны жақсы білесіздер. Сол Баян Өлгий аймағында әлі де 100.000 астам қазақ өмір сүріп отыр. Мен тек Улаанбаатар қаласы мен басқа аймақтардағы қазақ ағайындардың тіл, мәдениеті, рухани жағдайы жайлы бірер сыр шертейін.
Тек астана Уланбатарлық 9 ауданның сегізінде қазақтар өмір сүріп жатыр. Қазақтың басым көпшілігі Налайх ауданында. Онда 800 жанұяда 4850 шамалы қазақ бар. Ал ең азы Багануур ауданында 10 жанұяда 39 қазақ мекен етеді. Ал Төв аймақтың 4-5 сұмынында қазақтар недәуір топтасқан. Мұнда да 220 жанұяда 1100, Хэнтий аймағының 2-3 сұмынында 86 жанұяда 341, Дархан уул аймақтың 2-3 сұмынында 1990 жанұяда 8050, Орхон аймағында 150 жанұяда 720, Сэлэнгэ аймағында 2-3 сұмында 65 жанұяда 250, жалпысы 3973 жанұяда 17762 қазақ өмір сүреді. Әрине, осы орталық аймақ, қалаларда басқа ұлт өкілдерінің ортасында өмір сүріп отырған қазақтардың тілін, салтын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу оңай мәселе емес.
Ешбір құжатқа жазылмаса да моңғолиялық қазақтардың ана тілі қазақ, мемлекеттік тілі моңғол, әлем өркениетінен нәр алу тілі орыс, ағылшын тілі деп ойлаймын. Құжатқа жазылуға да тиіс емес, айдан ашық айпарадай мәселе.
Алайда, ішкері жақтағы қазақтар ана тілінен кем баға болып отырған жайт та бар. Бұл аса қынжыларлық жәйт. Тым болмаса Баян Өлгийден кейінгі қазақи үлкен орталық Уланбатар, Дархан уул, Налайхда қазақ мектептер ашылса жақсы-ақ. Қазақтар топтасқан кейбір ірі қалаларда «Ата таным» атты факультативтік дәріс жүргізілсе игі болар еді деп ойлаймын. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүр. Қазақстанның мәдени орталығы құрылса, бұл істі Улаанбатардан бастауға болар еді.
Қазақша дұрыс сөйлеп сауат ашудың бір көзі көркем әдебиет. Алайда әдеби кітаптар бізде жоқтың қасы. Бары ескірген, кейбірі ағымдық туындылар. Социализм заманында Баян Өлгийге Қазақстаннан оқулықтар үздіксіз келіп тұрды, кітапханалар Алматыда басылған баспа өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етілді. Өкінішке орай 1990 жылдан бері бұл байланыс күрт үзілді. Бұрын Қазақстаннан «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Балдырған» қатарлы журналдарды тапсырып оқитынбыз. Қазір Баян Өлгийден шеткері аймақтарда тұратын қазақтар үшін бұлар жоқ. Қазақстаннан ешбір әдебиет алынбайды. Қазақ баспа тапсыру жолға түсірілген жоқ. Қазақстанның телеарнасын тек Баян Өлгийліктер ғана көреді. Кексе адамдар, ақсақалдар мен әжелер ғана болмаса, жастар қазір қазақша сөйлеспейді. Орталықта қазақтың тіл, мәдениет, салт дәстүрін дамыту жайлы істеліп жатқан шаруа шамалы. «Тәрбие басы тіл» деп Махмұд Қашқари айтқандай, тілді таза сақтаудың бір кепілі – сол ұлт тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар екені даусыз. Балаларды қазақша оқытатын бір де бір мектеп жоқ, барлық мектеп моңғол тілінде. Моңғол алфавитінде 35 әріп бар. Моңғолша сауат ашқан балаға қазақтың төл дыбыстарын тану қиын. Еліміздің экономикалық жағдайы қазақша мектеп ашуға мүмкіндік туғызбай отыр. Әрине, қазақи ортадан мүлде алыстағы баланы қазақша тәрбиелеу ең қиын да ауыр мәселе. Бізде қазақ тілінің ұмыт болып бара жатуының бір себебі – әлеуметтік орта, нақты өмір жағдайымыз қазақ тілін қажет етпеуінде. Күллі Моңғолияда бүкіл іс ақпарат моңғол тілінде жүргізілетіндіктен қазақ тілі біртіндеп ұмытыла бастады. Тек отбасында ғана, онда да үлкен адамдар ғана қазақ тілінде, ал жастар өзара моңғолша сөйлеседі.
Тағы бір мәселе қазақша термин! Әр салада қолданылатын арнайы атаулар мен ұйым, мекеме аттарын моңғол тілінен сөзбе сөз аударғандықтан тілдік бұрмалау, түсініксіз атаулар молайып барады.
Қазіргі қоғам талабына сай жан-жақты сарапталған қазақша-моңғолша сөздік шығару да толғағы жеткен мәселенің бірі.
Қол қусырып қарап отырсақ, біртіндеп басым ұлттың құрамына сіңіп жоғалуымыз оп оңай. Сондықтан Улаанбаатардағы кейбір зиялылар бас қосып әртүрлі іс шараларды қолға алудамыз. Мәселен:
-
Қазақ тілінде Моңғолияның Ұлттық телеарнасынан екі апта сайын 30 минуттық қысқаша «ТВ толқын» атты бағдарлама жасау;
-
Моңғолия Ұлттық радиосынан екі апта сайын 30 минуттік «Толқын» атты радио хабар беру;
-
Қазақ әйелдері Арулар одағының «Арулар- жұлдыз» атты әдеби көркем қазақша журналын мезгіл сайын шығару;
-
астаналық орталық кітапханада қазақ кітап оқу залын ашу қатарлы игі іс бастадық.
Журналымыздың бетінде Қазақстанның елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауы және Қытай Халық Республикасы, Түркия, АҚШ, Англия, Германия, Франция қатарлы елдерде өмір кешіп жатқан қандастарымыздың ой пікір, назы жарық көргенін әдейі атап айтқым келеді. Бұл күллі Моңғолияда қазақ тілінде шығатын жалғыз журнал деуге болады. Журналға моңғол, қазақ демей жұртшылық байғазы, көмек беріп келеді.
Осындай қыруар дерлік жұмысымыз бейресми болғандықтан қаржыдан тым тапшы екеніміз хақ.
Моңғолиядан ішкері жақта ұмыт болып бара жатқан тіліміз, мәдениет, салт-дәстүрімізді жандандырып, кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін өзім бірнеше зиялы әйелмен бірігіп осыдан екі жыл бұрын Уланбатарда қазақ әйелдерінің «Арулар» одағын құрдым. Әзірше қазақ ағайындар ішінде әртүрлі жұмыстар ұйымдастырған болып жатырмыз. Халықтың рухани байлығына себі тие ме деген ниетпен мезгіл сайын нендей бір жұмыс ұйымдастырып, «Үлкеннің сөзі ұлағат», «Қызым сен тыңда», «Ибалы жастар» атты кездесулер, «Игі дәстүр ибалы ұрпақ» деген ғылыми конференция, «Ана әлдиі», «Балалар біздің болашағымыз» атты тақырыпта жұмыстар жүргізудеміз. Арулар одағының қасында «Әжелер алқасы», «Инабатты қыздар» алқасын құрып, қыздар мен жасөспірім балаларға ақыл кеңес беру, тіл байлығын жақсартуға арнап кездесулер өткізудеміз. Өткен жылдың аяғында бұрынғы Ұлы Құрылтай мүшесі А.Бәкей, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Улаанбаатар қалалық бөлімше бастығы Р.Асайлармен бірігіп, қалалық орталық кітапханада қазақша кітап оқу залын аштық. Алғашқы қорымызға 200-ге жуық кітап жиналды. Кітап саны қосылып келеді. Бұл қазақ ағайындардың тілін ұмытпауына, рухани байлығын, ұлттық санасын көтеруге қосқан азғантай үлесіміз. Мезгіл сайын «Арулар-жұлдыз» журналын қазақ тілінде шығарып, әсіресе ішкері жақтағы ағайындарға жеткізіп отырғанымызға қауым көпшілік риза.
2007 жылдың аяғынан Моңғолияда Қазақстан елшілігі орнағаннан бері бірталай келелі істерді бастады. Кешікпей қазақтың мәдени орталығын орнатып беру, қазақ тілінде балабақша құру, кітапхана ашуға кірісті. Моңғолиядағы Қазақстанның елшісі Орман Нұрбаев қатарлы білімді, білгір, халқына қаны қызған азаматтар көбейе бергей деп тілейміз. Қазақстан елшілігі, Моңғолияның білім, мәдениет министрлігімен бірлесіп осы жылдың қазан айында Уланбатарда өткізген Қазақстанның мәдени күндері біз үшін соңғы 40 жылдан бергі болмаған үлкен жаңалық болды. Бұл күндері өткізілген жиын, концерт, кино – астаналық қазақ ағайындардың рухани байлығын молайтып, белге көтеріп тастады. Әсіресе қазақтың өнер тарландары қатысқан концертті қазақ қауымы қатты тамашалап, бір жасап қалды. Қазақстанның мәдениет, ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзамен астаналық зиялылардың кездесуі жанға жайлы, рухымызды көтерген бір ғанибет болды. Осындай кездесу, мәдениет күндерін қазақ ағайындар аңсап отырады, жиі болып тұрса игі деген ізгі ниет көптеген адамның көкейінде.
Моңғолиялық жастар тек өз жоғарғы оқу орнымызда ғана емес, АҚШ, Жапония, Түркия, Еуропа, Ресейде білім алған, сапалы да білікті мықтылар. Бұлар Қазақстанға оралса, атамекеннің келешігіне керек-ақ. Жастардың атамекенге қоныс аудармай жатқанының бір себебі, олар азаматтық ала алмай сенделіп бір жыл жүреді, пәтер жоқ, жұмысқа орналаса алмайды деген сияқты ауырпалықта.
Моңғолияның жоғарғы оқу орындарын бітіріп білім алса да жастар үшін жұмыс орны шамалы. Соларды атамекенге қоныстандырып, мамандығына лайық жұмысқа орналастырса, квотаның сыртында пәтер үймен қанымдап қамқорлыққа алса, оралмандар саны молаяр еді. Қос азаматтықтың мәселесін де зерттесе артық болмас.
Моңғолияда өмір сүріп жатқан қандастарға Қазақстан республикасы қол ұшын берсе екен! Мәселен:
- қазақтар басым мекендейтін Улаанбаатар, Дархан уул, Налайх ауданында қазақ мектеп ашу, оны оқу құралдармен қамтамасыз ету;
- Моңғолияның ұлттық университетіне қазақ тілін оқытатын факультет ашу, оқулықтармен қамтамасыз ету;
- сөздік, балаларға арналған көркем шығарма, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы кітаптармен қамтамасыз ету;
- Қазақстан хабары және басқадай телеарналардың әуе толқынын орталық аймақтарға тарату;
- қазақтың шет елдегі диаспораларына берілетін ақшалай және басқа көмектеріңізді біздегі кейбір бейресми қазақи ұйымдарға, «Арулар» одағына, «Арулар-жұлдыз» журналына да бере жүрулеріңізді өтінеміз. Өйткені өзіндік кеңсеміз жоқ, пәтер үйімізде жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.
Мұның бәрі тек Уланбатарлық ғана емес, шеткері жүрген әр қазақтың, әсіресе басқа ұлт өкілдерінің ортасында өмір сүріп жатқан қандастарымыздың басындағы толғағы жеткен, жауабы табылмай жүрген мәселе деп білгейсіздер.
Алаш туын биік ұстап, қандас туысымыз деп зор ілтипат білдіріп, Моңғолия қазақтарының атынан осы форумға шақырғандарыңызға көп мәрте алғыс айтамын.
Ұлтымыздың рухы артып, тіліміздің мәртебесі биіктеп, дініміз пәк-таза бола берсін!
Бүгін алаш идеясы жүзеге асты, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Өзінің экономикасы, дербес территориясы, Конституциясы, мемлекеттік тілі, мәдениеті, әскері, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдары бар. Қазақстанды шет мемлекеттер тани бастады. Бірақ, қазақ отарланған ұлт болғандықтан, әлі рухани тәуелсіздікке қолы жетпей отыр. Мүмкін, тарих оған әлі аз уақыт беріп отырған болар.
Амангелді Айталы
Достарыңызбен бөлісу: |