Өзіңдік жұмыс-14 және 15 Елтаев Ілияс 23-17 РЭТ
1)Қазақстанда тоталитарлық жүйенің нығаюы 1925 жылдың күзінде өлкелік партия ұйымының басшысы болып сайланған Ф.И.Голощекиннің есімімен байланысты еді. Кәсіпқой революционер, патша отбасының атылуын ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келіп түскен бойда, бірден «қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жоқ» екенін, «ауылда Кіші Қазан» өткізу керектігін мәлімдеді. Негізгі міндет ретінде әлеуметтік саралауды жою арқылы дәстүрлі қауымдастықты бұзу жарияланды. Қазақтарды жаппай отырықшы ету келесі маңызды қадам болуға тиіс еді. Бұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистер тарапынан наразылық туғызуы мүмкін екенін айқын түсіне отырып, Голощекин ең алдымен өзінің көзқарасын бөліспеген партия көшбасшыларымен күресуді қолға алды. Көп ұзамай-ақ, 1926 жылы С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «ұлтшылдыққа бет бұрған» деп айыпталды. С.Сейфуллин, М.Мырзағалиев, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев және басқалары қуғындалды. Олардың көпшілігі республикадан шеттетілді. Ж.Сұлтанов, С.Сәдуақасов және Ж.Мыңбаев қызметтерінен қуылды. Ф.И.Голощекин ауылдардың әлі күнге дейін «…таптық күрестің лебін сезбегенін», «…қазақ ауылдарында Кеңес өкіметінің жоқтығын», «…ауылда Қазан болмағанын, кедейлер комитеттері мен мал-мүлкі тәркілену дегеннің не екенін білмейтінін», «…ауылда коммунистің атымен болмағанын» қасарыса дәлелдеуге тырысты. Ары қарай Голо¬щекин «осыған дейін бұл жерде 1925 жылдың күзіне дейін болған жайттарды Қазақстанның және оның партия ұйымының алдыңғы тарихы деп атауға болатынын» айтты. Жиырмасыншы жылдардың ортасындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне тән қасіретті ерекшелік – сол уақыттан бастап сталинизмнің идеологиялық аппаратының тарихи сана-сезімді түп-тамырымен құртуға, осы сана-сезімді бойларына жинаған ұлттың зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің көзін жоюға бағытталған кең ауқымды іс-шараларды жүргізуі болды. Тоталитарлық режимнің нығаюына қарай, бірте-бірте «Алаш» партиясының мүшелерін, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқындары мен әдістері мәселесінде өз көзқарастарынан танбаған және республиканың шаруашылық-саяси және кадр мәселелерін шешу ісіндегі егемен құқықтарын аяусыз таптап, қорлап отырған, тұрғылықты халықтың ұлттық ерекшеліктерімен, мүдделерімен санасқысы келмейтін Орталықтың саясатының дұрыстығына күмән келтірген республиканың басқарушы қызметкерлерін саяси қуғындау күшейе түсті. Сөйтіп, саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Тіпті, Ф.И.Голощекинннен кейін Қазақстанды басқарған Л.И.Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз атылғандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдер қамалды. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды.
2) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының ғасырдан астам уақытқа созылған ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов, Сыбанқұл Ханқожин және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев сияқты ел таныған көсемдер мен батырлар бастап шықты. 1916 жылғы көтеріліс, Кенесары Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалысынан кейінгі кең-байтақ қазақ даласының барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығына көзқарас бірдей болған жоқ. Жергілікті әкімшіліктің белгілі бөлігі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар болды. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық бағыттағы зиялылар халықты өкіметке қарсы шықпауға, жарлықты орындауға үгіттеді. Оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Ал, қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жүнісов т.б.) халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты.Әдетте, 1916 жылғы көтеріліс туралы сөз болғанда Торғайдағы Амангелді батыр бастаған көтеріліс пен Жетісудағы Ұзақ, Жәмеңке, Бекболат бастаған және т.б. қозғалыстар еске түседі. Біздің шығыс өңірінде де бас көтерулер болды, бірақ ірі іс-қимылдарға баратын ұйымдасқан ауқымды көтеріліс дәрежесіне жете алмады. Әр жерде бұрқ ете түскен халық наразылықтары жақын жерде дайын тұрған қарулы әскердің көмегімен тез арада басып-жаншылып тасталды. Шығыстағы Семей, Өскемен, Көкпекті, Зайсан, Аягөз, Үржар сияқты патша бекіністері бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналастырылып, қазақ даласын тор тәрізді шырмап алған еді. Бекіністер арасындағы әрбір 20-25 шақырым сайын қойылған бекеттер шапшаң байланысты қамтамасыз етіп, қазақтардың тыпыр етуге шамасын келтірмейтін. Патша жарлығын жариялау аса маңызды оқиға ретінде белгілі тәртіппен ресми түрде өткізілетін шара болды. Облыс немесе уездің өкілетті шенеуніктері болыс басқарушыларын, болыстардағы басқа лауазым иелерін (указной билер мен старшындар) және елге беделді адамдарды уезд орталықтарына немесе жайлаудың ыңғайлы тұсына жинап, жарлықты жариялайтын. Сол жерде тізімді жасап, адамдарды жинау болыс басқарушыларына қол қойғызу арқылы міндеттелетін. Ел ішінде толқу барынан хабардар өкімет адамдары қауіпсіздік үшін айбар қылып қарулы казактарды да өздерімен бірге ала жүретін. Көтеріліс белсенділері ретінде кылмыстық іс қозғалып қамауға алынған мына адамдар: Оралбай Тілемісов, Кайыржан Маймақов, Аманбай Кештыбаев, Аманбек Дулатов, Кұсман Олжабаев, Қанафия Байымбетов, Ыдырыш Айымбетов, Есепбай Жогумбетов, Баткулла Алтыбаев, Тұрсагат Қосаев, Қали Шалгымбаев, Ахметжан Бектыбаев, Қасымбет Абраимов, Ережеп Хайнакпаев, Досан Алибаев, Қайкен Асауыров, Кұдайберген Ермұратов, Есімхан Кенжебаев. Екі мыңнан астам адамның ішінен таңдап алып тұтқындауларына қарағанда көтерілісті ұйымдастырушылары, елге ықпалды адамдар болуы керек. Хайнакпаев, Абраимов, Бектаев деген үш азаматтың әрқайсына 500 сомнан кепіл беріп туысқандары уақытша босатып алған. 1917 жылдың ақпан айындағы рапортта Хайнакпаев алған жарақатынан қайтыс болғандығы айтылған. Жоғарыда аттары аталып, қылмыстық іс қозғалған азаматтардың барлығы көтерілістің басшылары, белсенділері, ұйымдастырушы-ұйытқысы болған адамдар. Қазіргі кезде бұл адамдардың ұрпақтары да, ауылдас-туыстары да арамызда жүргені сөзсіз. Патша отаршылдығына қарсы қазақтардың ең ауқымды көтерілісіне 100 жыл толды. Осы адамдардың елі үшін көрсеткен ерліктерін ескеріп, аудандардағы мұражайларда, өз ауылдарында аты-жөндері жазылған тақталар қойылса артық болмас еді. Мектептегі тарих пәні мұғалімдері 1916 жылғы көтеріліс туралы тақырыпты өткенде жергілікті компоненттерді пайдаланып жатады. Сол кезде осы адамдардың аттары аталып, жанкешті ерлік істері айтылып жатса, жас ұрпақтың ел қамы үшін күрескен жерлес батыр бабаларына деген мақтаныш сезімдері оянып, олардың патриоттық рухын көтеретіні сөзсіз. Ұлтының болашағы – жастарды тыл жұмысына бермей, аман сақтап қалу үшін бораған оққа қарсы қарусыз шапқан есіл ерлердің аруақтары да риза болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |