Академик Ш. Ш. Сарыбаев –
қазақ аймақтың лексикографиясын теориялық
тұрғыдан зерттеудің негізін салушы ғалым
Сембиева Г.
Корқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің оқытушысы
Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді жинастыру жане зерттеу жұмыстарын сонау 1950-жылдары бастаған Ш.Ш.Сарыбаев қазақ диалектологиясының дамуына зор еңбек сіңірді. Ғалымның осы салада жазылған теориялық еңбектері өз алдына бір төбе. Әсіресе “Қазақ аймақтық лексикографиясының проблемалары тақырыбы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы мен бірнеше жылдардан кейін жарық көрген “Казахская региональная лексикография” атты монографиясының орны бөлек. Ғалымның аталған еңбектерінде қорғаған, ұсынған, дәлелдеген ғылыми тұжырымдарының қазақ диалектологиясы мен лексикографиясының дамуына тигізген игі әсері мол болды.
Ғалым “Казахская региональная лексикография” атты еңбегінде жалпы лексикографияны әдеби және бейәдеби түрлерге бөліп қарастырады. Бірінші топқа түсіндірме, екі тілді (аударма), терминологиялық, орфографиялық сөздіктерді, т. б. осы типтес сөздік түрлерін жатқызады. Екінші топқа - кітаби, диалектілік және қарапайым лексиканы қамтитын сөздіктерді енгізеді. Осылай жіктей отырып, ғалым мүндай екі мүшелі жіктеменің шарттылығын да ескертеді. Бұл жерде автордың әсіре теория қуушылықтан аулақ, шынайы ғылыми ұстаным иесі екендігін байқауға болады.
Ғалым өзінің еңбегінде әдеби лексикология мен лексикографияның нысаны ретінде әдеби лексика, ал аймақтық лексикология мен лексикографияның нысаны ретінде диалектілік лексика саналғанымен, олардың ортасында «диалектілік-әдеби лексика» тобының болатынын жазады.
Ғалым диалектілер қолданыста бар сөздерді екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа нормаланған әдеби тілге кірмейтін таза диалектілік лексика, екінші топқа: а) әдеби – облыстық (локальный) және әдеби-жалпыхалықтық ттопшалары алынады. Мұндағы бірінші топшада облыстық немесе аймақтық қолданыстағы сөздер берілген. Оларды автор әдеби тіл құрамында қарайды.
Диалектизмдерді нормаланған тілді байытуына немесе байыта алмауына қатысты екі топқа бөліп қарастырады. Автор диалектілік ерекшеліктердің типтерін айырып көрсетеді. Солардың ішінде ғалым әдеби тілдегі лексемадан тұлғасы жағынан еш айырмасы болмайтын, алайда диалектілік қолданыста қосалқы мағынаға ие болатын әке (қымбатты, қадірлі) тәрізді семантикалық диалектизмдерге тоқталады. Ғалым жергілікті говорларда қолданыстан шығып қалған реалияларды білдіретін ағаштіс, жерағаш тәрізді архаизмдер мен историзмдердің кездесетінін жаза отырып, дегенмен, жағлан (шабадан сияқты тері қапшық), талыс (өгіз терісінен істелген үлкен қапшық), шөншөк (бұзау терісінен істелген шағын қапшық) тәрізді сирек кездесетін ескірген сөздердің де ұшырасатынын айтады.
Ғалым диалектизмдерді анықтау кезінде олардың бейәдебиелігін ғана ескерудің жеткіліксіз болатынын, ондай жағдайда диалектологиялық сөздікке кітаби, окказионал, қарапайым сөздердің де алынып кетуі мүмкін екендігін ескерте келіп, бір жағынаң, әдеби және диалектілік лексиканың ара қатынасында, екінші жағынан, диалектілік лексика мен кітаби, қарапайым, этнографиялық, кәсіби лексика арасында толық айқын ажыратылатын меженің болмай отырғандығына өкініш білдіреді.
Өткен ғасырдағы отандық тіл білімінде кітаби, окказионал (жаңа, қолданыс), қарапайым сөздер тобы әдеби тіл лексикасына алынған жақ. Кезінде, осыған орай, түркі лексикографиясының белгілі маманы
А. А. Юлдашев ескі жазба тілдегі мәтіндерде кездесетін кітаби («түрки») сөздердің не тарихи түсіндірме сөздіктерде немесе арнайы “ескірген, тарихи сөздер сөздігінде” қарастырылуы керектігін жазған болатын. Р.И. Аванесов, О. С. Ахманова, Ғ. Ғ. Мұсабаев тәрізді ғалымдардың еңбектерінде қарапайым сөздердің әдеби лексика құрамына кірмейтіндігі жан-жақты дәлелденеді.
Ш. Ш. Сарыбаев Қазан төңкерісіне дейінгі дереккөздерде қолданыста болған мәзкүр (аталған), ғайри (басқалар), заруат (қажеттілік), реуіш (сықылды), ләкін (тек), тариғат (жол), хаяла (алдау), мағруф (белгілі), милет (ұлт) тәрізді араб-парсы текті сөздерден құралатын кітаби лексиканың да диалектілік лсксика құрамына алынбайтындығын айта отырып, олардың жалпыхалықтық тілде сақталмағандығын, сөйтіп жаргон деңгейінде қалғандығын жазады. Ғалым, сондай-қ, кітаби лексика құрамына тар көлемде қолданылатын ғылыми терминологияны да, ресми жазба, іс-қағаздар стиліне жататын лексиканы да, экзотизмдерді де, өзге халықтардың тұрмысын бейнелейтін кірме лексиканы да кіргізушіліктің (әсіресе татар ғалымдары) кездесетінін айтады.
Диалектизмге берілген анықтамаларды талдай келе ғалым әдеби лексика мен диалектілік лексика аралығында өтпелі, аралық топтың болатындығын, осы топқа енген диалектизмдердің біразы бірте-бірте әдеби лексика қатарына өтетіндігін дәлелдейді. Бұл әз кезеңінде жаңалық болды.
Әдеби және аймақтық лексикографияның өзара байланыстылығы туралы айта отырып, ғалым лексикографиялық туындыларды түзу кезінде “диалектілік-әдеби” аталатын аралық топтағы лексикалық бірліктерді сұрыптап алу мәселесі шығатынын тілге тиек етеді. Осы мәселе бойынша өз пікірін білдіре отырып, көркем әдеби туындыларда кездесетін диалектизмдерді түсіндірме сөздікке алудың қажеттігі туралы башқұрт тілі түсіндірме сөздігінің инструкциясындағы тұжырымға қарсы шығады. Себебі ол диалектизмдердің ішінде әдеби тілді байытатын да, оны шұбар- лайтын да лексиканың кездесетінін сөз етеді.
Ш. Ш. Сарыбаев әдеби сөздіктерде қолданылатын обл. белгісөзін тиым белгісі ретінде түсінушіліктің қателігін айтады. Ғалым бұл белгісөзбен әдеби тілді байытатын лексиканы берудің қажеттігін айтады. Қазақ тіліндегі сөздіктер үшін облыстық белгісөзінің баламасы ретінде “облыс, аудан, өлке” мәнінде қолданылатын айм. (аймақтық) белгісөзін қолдануды ұсынады. Бұл да құнды пікір болды.
Автор 1959 - 1961 жылғы екі томдық түсіндірме сөздікке бес жүздей дублет алынғандығын айта отырып, әртекті диалектілік сөздерден құралатын вариант қолданыстардың әдеби сөздікке алынуын колдайды. Оның басты уәжі ретінде дублеттердің әлі де нормаланып болмағандығын, олардың әдеби сыңарларының әлі де толық анықталмағандығын айтады. Бұл қазақ тілінде ауқымды қолданылатын жарыспалы варианттардың сақталуына жол ашқан шешім еді.
Ғалым өз зерттеуінде екі томдың түсіндірме сөздікке алынған дублеттердің бәрі бірдей диалектілік-әдеби топқа кірмейтіндігін, олардың ішінде әдеби, әдеби-қарапайым, әдеби-кітаби және орфографиялық дублеттердің кездесетінін ашық жазады. Автор соидай-ақ дублет сөздердің варианттарын сұрыптап алу кезінде түсіндірме сөздікті құрастырушылардың негізгі диалектідегі вариантқа басымдық беру тәжірибесін ұстанатындығын, мұның өзі диалектілік негіз мәселесі толық шешімін таппаған қазақ тілі үшін дұрыс бола бермейтіндігін, оның үстіне әдеби норманың қалыптасып бекуі мәселесінде негіз диалектінің лексикасы әрқашан да қажетті өлшем, балама вариант бола бермейтіндігін жазады. Бұл тілдегі демократиялық ұстанымның белгісі болатын. Автор дублет сездер қатарында мағыналық айырмашылықтың, дифференциалдық белгінің пайда болуы негізінде әдеби тілді байытатын варианттардың кездесетінін, бұл тәжірибені молайта берудің қажеттігін де жазып келеді. Бұдан да ғалымның тіліміздің сөздік, мағыналық байлығын арттыра түсуге деген қамқор көңілін байқау қиын емес. Аталмыш еңбектің үшінші тарауында қазақ тілі диалектологиялық сөздігін түзудегі басты ұстанымдар мәселесі зерттеледі. Мұнда лексикалық бірліктерді сұрыптап алу мен сөзтізбе құрамы, диалектологиялық сөздіктің жалпы құрылымы мен ондағы сөздік мақаланың құрылымы, сөз мағыналарына түсіндірме жасаудағы анықтамалардың түрлері (синонимдік, сипаттамалы, сілтемелі), диалектілік полисемия және оның сөздіктегі көрінісі, диалектілік - әдеби дублеттер мен варианттар және олардың сөздікте берілу ерекшеліктері, диалектілік-кәсіби лексика және оның сөздікте берілуі, диалектілік омонимдер, омоантонимдер және оларды сөздікте берудің ерекшеліктері, сез тіркестерін сөздікте берудің жолдары, диалектілік деңгейдегі кірме лексиканы берудің ерекшеліктері, дәйектеме материалдың құрамы мен құрылымы, түсініктемелі-ақпараттық материалдарды сөздікте орналастыру, шартты белгілердің құрамы, оларды сөздікте пайдалану ерекшеліктері мәселелері жан-жақты сөз болады.
Әр ғылым саласының өзіне ғана тән метатілі, яғни ғылыми аппараты, өз ғылыми тезаурусын құрайтын терминдері болады. Қай ғылымның саласы бойынша да зерттеу жүргізу үшін ең алдымен сол саланың қалыптасқан гылыми тілі - метатілі болуы керек. Әр ғылым саласының метатілі аталмыш сала үшін ең тиімді, ең жақсы, ең сәйкес келетін тіл болып саналады.
Салалық метатіл - ғылымның даму дәрежесін айғақтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Себебі, зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша, тіл білімінде ғылыми зерттеудің негізгі үш кезеңі болады: а) тілдік деректерді зерттеу; ә) ұғымдарды қалыптастыру; б) метатіл жасау. Метатіл жасау — тілтанымдық талдаудың ақырғы кезеңі болып табылады. Метатілдік зертгеулер терминдерді анықтап, оларды реттейді, жүйеге салады. Тіл білімі салаларының ғылыми аппаратына метатілдік талдау жасаудың қаншалықты маңызды екендігін осыдан байқауға болады. Шөкең осы еңбегінде қазақ диалектологиясында қолданылатын терминдер тізбесін береді. Осылардың ішінде аймақтық лексикография, атыраптық лексика, аралас говор, аралдық говорлар, әдеби лексикография, бейәдеби лексикография, вибрациялық аймақ, ауыспалы говор, диалектілік неологизм, диалектілік архаизм, диалектілік историзм, диалектілік-әдеби дублет, сәйкесті диалектілік құбылыс, сәйкессіз диалектілік құбылыс, сыртқы ауыспалы говор, тосын сөз, тіларалық говор, т.б. ұғым атауларының қазақ диалектологиясының, қазақ диалектілік лексикографиясының кейінгі дамуына қажет болғандығы айдан анық.
XX ғасырдағы, кеңестік дәуірдегі тіл білімінде норманың варианттылығына, сатылылығына емес, оның тұрақтылығы мен міндеттілігіне ерекше көңіл аударылды. Бұл әдеби тілдің саралануына қызмет еткен сол кезең үшін бірден-бір дұрыс тілдік саясат болды. Коғамдық құрылыс күрт өзгерген, алуан түрлі тарихи кезеңдерді қамтыған алмағайып заманда ұлттық әдеби тілдердің өз бет-бсйнесін сақтап қалып, одан әрі дами түсуіне. жағдай жасаған шара болды. Алайда аталмыш кезеңде әдеби тілге қатысты мәселенің екінші жағы да болды. Әдеби тілдің хронологиялық шегі ретінде Кеңес үкіметі дәуірі алынды. Жаңа жасалып жатқан сөздіктер үшін бұл айтылмаған заңдылық болды. Мәселен, қазақ тілінің 1959-1961 жылдары жарық көрген екі томдық түсіндірме сөздігіне, оның кіріспесінде айтылғандай, Казан төңкерісінен кейін тыңнан жасалған жаңа әдеби тілде жиі қолданылатын сөздердің енгендігі белгілі. Түркі лексикографиясының зерттелуіне көп еңбек сіңірген маман А. А. Юлдашев та кезінде қазіргі түркі әдеби тілдеріндегі нормативті лексиканың арғы хронологиялық шегі 1920 жылдардың басынан басталатынын тұжырымдаған еді. Ғалымның пікірі бойынша, қазіргі түркі әдеби тілдері үшін нормативті лексика ретінде тек Кеңес үкіметі дәуіріндегі лексика саналады. Кеңес дәуірінде, сондай-ақ, “диалектіде норма жоқ. Диалект — нормаланған дұрыс әдеби тілдің бұзылуы, әдеби тілден ауытқу” деген көзқарас үстем болды. Осыдан келіп норма терминін тар аяда, “әдеби тілдің нормасы” ұғымында ғана түсінушілік орнықты. Жалпыхалықтық тілдегі ескірген сөздер — архаизм, историзм қатарына жататын тарихи лексиканың үлкен бөлігі, неологизмдер, қарапайым сөздер, ғылыми-техникалық терминология, облыстық және жергілікті, сөздер тәрізді лексикалық микрожүйелер “нормативті емес” лексика саналды. XX ғасырдың 50-жылдарынан бастап диалектология ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген Ш. Ш. Сарыбаев сынды ғалымдар диалектілік қолданыстағы тілдік нормалар жүйесін айқындады, диалектілік құбылыстарда да норма бар екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Лексикографияны теориялық тұрғыдан зерттеуге көп еңбек сіңірген ғалымдардың бірі академик Л. В. Щерба әдеби тіл сөздігін “нормативті сөздік” ұғымымен астарлас мәнде қолданған еді. Олардың арасын ашып, айырым белгілерін көрсетпей, түсіндірме сөздіктердің әдеби тілдің қалыптасуына, нормалануына қызмет ету, оны байыту мақсатымен, оның байлығын оқырманның жақсы меңгеруіне қол жеткізу мақсатымен жасалатындығын жазған болатын. Ш. Ш. Сарыбаев та “түсіндірме сөздік ең алдымеи әдеби тілдің сөздігі” деген көзқарасты ұстанады. Яғни бұл жерде ғалымның пікірі академик Л. В. Щерба пікірімен үндес болып келеді. Дегенмен, Л. В. Щерба ұсынып отырған жүйеде ойланатындай жағдайлар бар. Ғалымның нормативті академиялық сөздік туралы пікіріне қарап, бұл жерде қазіргі кездегі әдеби тілдің, яғни белгілі бір тарихи кезеңдегі әдеби тілдің түсіндірме сөздігі туралы сөз болып отыр деп ойлауға болады. Алайда ғалым қазіргі тілдік сананы бейнелейтін акаде- миялық сөздіктер қатарына жеке ғылым түрлері бойынша жасалатын салалық сөздіктерді (медициналық, әскери т. б.) жатқызады. Бұл жердегі нақты сала тілінің сөздігі — академиялық, нормаланған сөздік болып, ал аралас сала аралық сөздіктердің — нормаланбаған сөздіктер қатарында аталуы, біздіңше, нақты ғылым тілінің нормаланған сөздігін нағыз ғылым тілінің көрсеткіші ретінде бағалауына байланысты болса керек. Л. В. Щерба анықтамалық сөздіктер қатарына ұлт тілінің түрлі дәуірлердегі сөйленімін қамтитын, тарихи принципке құрылған түсіндірме сөздіктерін, жалпыға бірдей энциклопедиялық сөздіктерді, пәнаралық техникалық сөздіктерді, таза облыстық сөздер сөздігін, жазушы тілі сөздігін т. б. енгізеді. Демек ғылымның бір саласының сөздігі ңормативті, академиялық сөздік болып саналады да, пәнаралық, яғни салааралық сөздік — анықтамалық сөздік болады. Әдеби тілден айырмашылықтары айқын ажыратылып көрсетілмеген, яғни тезаурустық тәсілмен зерттелген говор тілінің сөздігі - академиялық, нормативті болады да облыстық сөздердің сөздігі - анықтамалық сөздік болады. Бұл жердегі облыстық сөздерді Ш.Ш. Сарыбаев ұсынған “облыстық, аудандық, өлкелік сөздер”, аймақтық лексика ұғымында ұғынар болсақ, академик Л. В. Щерба пікіріндегі қайшылықты байқауға болады.
Жалпы халық тілінің сөздігінде нормаланған әдеби тілдің лексикасы да, нормаланбаған бейәдеби лексика да қамтылатындығы белгілі. Бұл жерде нормативтік сөздік пен анықтамалық сөздік арасындағы өткен дәуірде айқындалған ерекшеліктердің жаңаша сапалық тоғысуы жүзеге асады.
Халықтың тілі оның өзіндік табиғи негізін айғақтайтын архинормадан және үлкенді - кішілі нормалардың вариантты, сатылы жүйелерінен құралатындығы анық. Біздің ойымызша, академик
Ш. Ш. Сарыбаевтың еңбектерінде жалпыхалықтық тілдегі норманың көптеген шағын нормалардан (жергілікті қолданыс, аймақтық қолданыс, т. б.), нормативті шағын микрожүйелерден құралатындығы дәлелденеді. Ғалымның кейінгі кездері айтып жүрген әдеби - диалектілік сөздік жасау идеясы да нормативті колданым мен дағдылы қолданым ерекшеліктерін айқындай түсуге қызмет етеді.
Қорыта келе айтарымыз: академик Ш. Ш. Сарыбаев — жалпы қазақ тіл білімінің, қазақ диалектологиясының дамуына зор үлес қосумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасаған ғалым. Сонымен қатар, Шөкеңнің жалпы қазақ тіл біліміндегі лексикографияның теориялық мәселелерін кәсіби маман ретінде зерттеген алғашқы ғалым екендігін де айту қажет. Ғалымның еңбектеріне дейін лексикографияның жалпы мәселелеріне арналған бірлі - жарым ғылыми мақалалар мен жекелеген сөздік түрлері туралы сыни пікірлер болғанымен, лексикографияның теориялық мәселелерін жүйелі түрде, монографиялық деңгейде кешенді тұрғыдан зерттеу болған емес.
Достарыңызбен бөлісу: |