Акробатика денсаулыққа зақым келтіре ме?
Ілгеріде акробатиканың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екенін айта кеттік. Ол буындардың бекуіне, жүрек бұлшық етінің мықты болуына жәрдемдесіп, баланың иммун жүйесіне оң әсер етеді. Алайда, көптеген ата-аналар үшін бұл пайдалы тұстардан гөрі, оның жарақат алу қаупі жоғары болғаны қорқыныш ұялатады. Неліктен?
Мамандардың айтуынша, бала көп өтпей ауыр жарақат алатын болса, ол әрі қарай осы спорт түрімен айналысуға жүрексініп қалады. Осындай оқиғаларға тап болған ата-аналар баласының қорқынышынан кейін акробатика үйрімесінің есігін ашуға үзілді-кесілді қарсы болады. Сескеніп қалған жас спортшы одан кейін де жарақаттардан көз ашпайды деп ойлау қателік. Бұл орайда, ондай балғын акробаттармен арнайы психолог мамандары жұмыс жасағаны абзал.
Шынында, ата-аналар ойлайтындай акробатика аса қауіпті ме?
Ата-аналардың акробатика үйірмесі қауіптірек деп, үй жағдайында тәжірибеден өткізуі қаншалықты дұрыс? Мамандар, бұл әдістің соңы жақсылықпен аяқталмайтынына кепілдік береді. Одан да баланы бірнеше спортшылардың буынын жаттықтырған білікті жаттықтырушылардың қолына тапсырған жөн. Олар осы спорттың жілігін шағып, майын ішкендіктен, тіпті дұрыс құлау тәсілдерін де жас акробаттың санасына құятын болады.
Акробатика мектебінде баланы алдымен жеңіл жаттығуларға үйретіп, одан кейін түрлі қиын элементтерден құралған комбинацияларға жаттықтырады. Бала осы кешендерді еш қиындықсыз орындап үйренгенде ғана, бапкер одан да күрделі нұсқаларды оқытуға көшеді. Сонымен қатар, жаттығу барысында балаларға арнайы сақтандыру белдіктері және басқа да қорғанысқа арналған заттар пайдаланылды. Акробатика – экстремальды спорт түріне жатпайды, мұнда қауіпсіздік ережесі бірінші орында болмақ. Акробатика және осыған ұқсас спорт түрлерінде баланың дамуы бір ырғақпен жүретіндігі дәлелденген. Яғни, бала болашақта басқа да спорт түрлерімен оңай айналысып кете алады.
Жаттықтырушылар акробатиканың шаңғы спорты немесе футболмен салыстырғанда қаупі төмен екенін айтады.
Он жылдан бері осы спортқа балаларды дайындап келе жатқан Марат Абаев:
«Расында акробатика қауіпті спорт түрі, бірақ біз бала жарақат алып қалмас үшін барлығын жасаймыз. Ұзақ уақыт бойы денесін қыздырып, бұлшықет тонусымен айналысамыз. Бірден акробатикалық элементтерді жасауға көшпейміз, баланың физикалық денсаулығының мықты болғанына көп уақытымызды арнаймыз. Бала дайын болған кезде ғана күрделі жаттығулар жасауы керек. Қиын жаттығулар жасап, бірден жарақат алып қалғанша, физикалық дайындықта ұзағырақ тежеліп қалғанымыз жақсы. Жоғары разрядтарда жарақаттан қашып құтылу қиынның қиыны. Десе де, ол кезде балалар қауіп-қатерден құтылудың амалдарын біліп тұрады», – дейді.
Бала жаттығу залында ғана емес, өз достарымен ойнап жүріп те аяғын қайырып, қолын шығарып алуы мүмкін. Сол себепті, акробатика жарақатқа толы екен деп, бұл спорт түрінен айналып өтпегеніңіз дұрыс болар.
Достарыңызбен бөлісу: |