Алаш айнасы. 2011. №175. 5 қазан Қазы Қ. Тай боксының нартайлағы



Дата04.07.2016
өлшемі40.36 Kb.
#178044
Алаш айнасы.- 2011.- №175.- 5 қазан

Қазы Қ.


Тай боксының нартайлағы

Шығыс жекпе-жегінің кейінгі жылдары әлем арасында қарқынды дамып келе жатқан түрлерінің бірі - тай боксы. Муай-тай аталатын спорттың осынау түрі қазақ спортшыларының да соңғы уақытта делебесін қоздырып қана қоймай, шаршы алаңның шаңын қағатын шеберлігіне де тәнті етіп жүргені белгілі. Бақсақ, «муай-тай» сөзінің өзі «еркін төбелес» немесе «еркін ердің жекпе-жегі» деген мағынаға саяды екен. Соңғы уақыттары әлемдік додалардан жарқылдап көрініп жүргеніне қарап, қазақтың қара домалақтарына мұндай жекпе-жектің де ауылы алыс емес екендігін байқағандаймыз. Сондай жалынды жастардың бірі -жақында ғана Ташкент қаласында өткен муай-тайдан әлем чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа таққан астаналық Дархан Қазиевпен жолығып, аз-кем әңгіме құрғанбыз.

- Дархан, алдымен өзің жайлы айтып өтсең... Муай-таймен қай жыл-дан айналысасың?

- Астаналықпын. Елордада 1991 жылы дүниеге келгенмін. Қазір қаладағы Агротехникалық университеттің экономика факультетінің студентімін. Муай-таймен 15 жасымнан, яғни 2006 жылдан бастап айналысамын. Оған дейін біраз уақыт бокспен әуреленгенім бар. Кейіннен Астанадағы секциялардан қарап жүріп, осы тай боксымен шынығуға болатынын естіп, сонда бардым. Расын айтқанда, алдымен тайлықтардың боксы қандай болады екен, оның кәдімгі бокстан айырмашылығы не екен деп қызыққаным есімде. Дегенмен төбелес барысында аяқ-қолды бірдей іске қосатын спорттың түрін шапшаң меңгеріп кеткендеймін. Мен үшін тек жұдырықтасып қана қоймай, аяқпен шалып тебу, тіземен соққылау, реті келгенде, шынтақты жұмсаудың өзі бір түрлі қызықтау әрі ыңғайлырақ көрінді. Қазір мұндай жекпе-жек өнерін тандағаныма еш өкінбеймін.



- Муай-тайдан қандай жетістіктерге жеттің?

- Қазақстан ішінде ел чемпионаттарын бірнеше рет жеңіп алдым. Халықаралық додаларда, негізінен, биыл менің бағым жанды деп айтсам, артық болмас. Ағымдағы жылы сәуірде Анталияда өткен Еуропа чемпионатына қатысып, онда үшінші орынға қол жеткізген едім. Одан кейінгі басты жетістігім - жақында, 20-27 қыркүйек арасында Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатындағы алтын.



- Иә, дәл осы көршілес елдегі дүбірлі додадан абыроймен оралғаныңа дән ризамыз. Осы өзіңе де, елімізге де мерейлі болған әлемдік чемпионат туралы нақтырақ әңгімелесең...

-Өзбекстандағы муай-тайдан өткен әлем чемпионатына Қазақстаннан осы


жолы 20-ға тарта спортшы қатыстық. Кейбір келеңсіз сәттерді қоспағанда, біздің жігіттердің бәрі сәтті өнер көрсетті деп айтуға болады. Әрине, жарыс деңгейіне сай оңай болған жоқ. 45 келідегі Дидар Болатов, 57 келі салмақтағы Дамир Төленов және 63 келі салмақтағы мен алтынға қол жеткіздік. Бұдан бөлек ұлттық құраманың қанжығасына бес күміс, төрт қола медаль байланды. Әлемнің 70 елінен 800 спортшы қатысып отырған әлем біріншілігінде мұндай деңгейге жету оңай шаруа емес, әрине. Оның үстіне әлемнің муай-тайшы маиталмандары арасындағы төбелес көршілес өзбек елінің алаңында өткені де бізге біршама қиындық тудырғанын сезінуге бола­ды. Расын айтқанда, негізгі қарсыласта - осы өзбектер. Бокстағы секілді, муай-тайда да біз көп ретте бәсе-келеспіз. Тіпті ТМД мен Орталық Азиядағы басты қарсыластармыз. Сондық-тан болуы керек, өзбек жеріндегі жекпе-жектер тартысты ғана емес, текетіресі көп әрі аса қатаң жағдайда өтті.

- Осы біріншілікте өзің неше жекпе-жек өткіздің?

- Негізі, ақтық бәсекеге дейін төрт жекпе-жек. Оның алғашқысы кореялық


муай-тайшы болатын. Сосын финн елінің өренімен кездестім. Осы екеуінен соң жартылай финалда өзбек боксшысымен шығуыма тура келді. Әлем біріншілігінде мен үшін ең қиын әрі аса маңызды жекпе-жек те осы жергілікті спортшымен арада өтті деп білемін. Өйткені зал толы-қарсыласымның жанкүйерлері. Ол да біршама әсер етеді. Алайда дәл осы төбелеске бел буып шығып, бастан-аяқ намысқа тырысып бақтым. Жаттықтырушымның сәл босаңсысам, жеңіс уысымнан шығатыны туралы ескертулері де маған жігер берді. Жолдастарым да өзбек жерінде өзбекті тек айқын басымдықпен ғана ұтып жеңе алатынымды құлағыма құйып жіберген. Содан болса керек, жекпе-жек барысында басқаға көп мән бермей, тек қарсыласымның мысын басып, бет қаратпай соққылауды ғана ойладым. Соның өзінде де төреші менің қолымды көтергенде ғана анық жеңіске жеткенімді сездім. Расында, мен үшін бұл аса қиын жекпе-жек еді. Мүлт кетуге, осалдық танытуға еш қақым да жоқ болатын. Сондықтан шығар, өзбектен кейінгі ақтық төбелесте филиппиндік муай-тайшыны тізе бүктіру маған аса қиынға соққан жоқ.

- Бәрекелді! Жалпы, жарыстарда сені не жігерлендіреді?



- Жарыста да, жаттығуда да ең алдымен жаттықтырушымның ақыл-кеңесін тыңдап, соны ұғуға тырысамын. Менің ойымша, кез келген жеңіске жеткісі келетін спортшы , осылай істеуі шарт. Сонда ғана нәтиже көрсете аласың.

- Ендеше, жаттықтырушың туралы да білсек...

- Ол - тәжірибелі, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұралы Әубәкіров. 1997 жылдан бері сол кісінің қарамағында шыңдалып жүрмін. Жыл сайын әлем чемпиондарын тәрбиелеп, әлемдік деңгейдегі муай-тайшыларды додаға қосып келеді. Жаттықтырушым Н.Әубәкіровтің спортшылардан ең алдымен тәртіпті талап ететіні ұнайды. Қазір муай-тайға келіп жатқан жастар жетерлік. Соған қарап, елордадағы 22-мектептің спортзалынан әлі де елдің атын шығаратын талай муай-тайшы чемпион шығатынына қатты сенемін.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет