Кіріспе Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш партиясы, Алаш қозғалысының тарихнамасы туралы зерттеу жұмыстары жарық көре бастады. Алаш партиясы туралы алғашқы пікірлер мен зерттеулер 1919-1920 жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан кейінгі кезеңде ондаған жылдар тыйым салынған Алаш тақырыбы жөнінде тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған талпыныстар жасалынды. 1989 жылы шілдеде Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихи институты “Алашорда: пайда болуының, қызметі мен күйреуінің тарихы” деген тақырыпта пікір алысу ұйымдастырды. Оған қатысушылардың пікірлері көп жағдайда әр қилы болғанына қарамастан, бас қосу жаңа тарихи кезеңде бұл тақырыптың бірінші кезекте зерттелуі қажет мәселелерінің басын ашуда оңды рөл атқарды. Алаш қозғалысына жаңа көзқарас қалыптастыруда соны пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда М. Қойгелдиев,Т. Омарбеков белсенділік көрсетті. Бүгінде Алаш мәселелері жекелеген монографиялық зерттеулерге арқау болды. 1994-1995 К. Нұрпейісовтың, М.Қойгелдиевтің монаграфиялық еңбектері жарық көрді.
Алаш партиясы туралы мәліметтерді аталған әдебиеттерден қарастырдым.
1. Алаш партиясының құрылуы Алаш партиясы - қазақтың тұңғыш ұлттық демократиялық партиясы (1917 - 20).
20 ғ-дағы қазақ тарихында терең із қалдырған Алаш партиясының өмірге келуі біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық , саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті.
Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін бірінші орыс революция жылдарында (1905 – 1907) қолға алды. 1905 жылы 6 тамыздағы Мемлекеттік Дума құру жөніндегі патша манифесі басқа ұлттармен бірге қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берді. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт – насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттілігін айқын аңғарды.
1905 жылдың соңына қарай Орал қаласында өткен қазақ облыстары өкілдерінің съезі «Қазақ конституциялық – демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған оның ОК мен бағдарламасы туралы хабар «Фикер» (Пікір) газетінде жарияланды.
1906 жылы 10 маусымда Семей қаласында Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдер жиналысы өтіп, Ә . Бөкейханов жиналғандарды «халық еркіндігі » (кадеттер) партиясының бағдарламаларымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде қаулы қабылдады. Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси әлеуметтік бағдары белгілі дәрежеде, Ресейлік радикалды – буржуазиялық партия – кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кездегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды : қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын Заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілердің легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университетер ашу т.б . 1905 жылы жазда өмірге келген Қарқаралы құзырхатының (петициясының) да талаптары осы мазмұндас болды. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғышарттар қалыптаса қоймаған болатын. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. М. Сералин бастаған «Алаш» журналы төңірегінде топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық проблемаларды талқылап, белгілш бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру туралы бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери – отарлық тіртіппен есептесугемәжбүр болған Ә.Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді – кесілді қарсы шықты. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, оған мынадай негіз жасады: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары оның программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның болса программасы түп – түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасамайынша болмайды». 1917 жылғы 21 – 26 шілде аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынандай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды жөн көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шора – исламға » сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ ... » .
Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов россиялық кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептарін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұтас келді. «Қазақ» басқармасынан барлық облыстарғдағы Қазақ кадеттеріне саяси партияның атын «Алаш» қою туралы жеделхаттар жіберілді.
Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен шамамен қазанның 12 – 20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10 – на қарай Орынборда ашылды. Семей облысында партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды . Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жеті жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыттың қолайлы жағдайдың болмауынан Орталық комитет құрылмады.1 – жалпықазақтық съезі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидатат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы болды.