Алашорда және Тәуелсіз Қазақстан
Сарсекеев Қуат Ғалымұлы
тарих пәнінің мұғалімі
№ 36 жалпы беретін орта мектеп
Қарағанды қаласы.
Ғасырлар керуеніне ілескен Ұлы Дала елінің ұрпақтары небір қилы заман, қиын кезеңдерді басынан өткеріп, Тәуелсіздіктің де 25 жылдық мерекесін атап өттік. Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін жай айтыла салған сөз емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы ғасырлар бойы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған азаттық жолында жан аямай күрескен ата-бабаларымыздың, Алаш арыстары мен ұлт перзенттерінің ерлік жолдары айқын дәлел бола алады. Сондай қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірі Әлімхан Ермеков.
Әлімхан Ермеков – Алаш Орда үкіметін, Алаш партиясын құрушылардың бірі, жарқыраған талант иесі, мемлекет және қоғам қайраткері болған қазақтың айтулы азаматы. Тұлға кеңестік Қазақ автономиялы республикасын құруға белсене қатысушы, қазақ жерлерін біріктіруге жасаған қызметі бүгінгі күнде жұртшылықтың қызығушылығын танытуда. Оның есімін атауға ұзақ уақыт тыйым салынып келді және қазіргі уақытта да ол туралы жазылған еңбектер көп емес. Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – жоғары интеллектуалды тұлға. Ол сол кездегі жарқыраған білімді жас қазақ азаматтарының қатарында жүріп, Ресейдің оқу орнын үздік бітіріп, бірнеше шет тілдерін меңгерген. Әлімхан Ермековтың жалындаған жастық шағы қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге дәл келіп ертерек саяси істерге араласа бастады. Алаш партиясы 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық съездің шешіміне байланысты құрылған еді. Бұл съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана, облыстарынан және Бөкей ордасынан делегаттар қатысқан. Съезде қаралған 14 мәселенің ішіндегі ерекше маңыздысы қазақ қоғамының сол кездегі алдында тұрған мақсаттарына сәйкес қазақтың дербес саяси партиясын құру болатын. Бұл мәселені талқылау барысында съезд іс жүзінде партияны Ұйымдастыруға арналған Құрылтай Жиналысына айналады. Жаңадан құрылған партия қазақ атауының синонимі "Алаш" деген атқа ие болды. Оның құрамына қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері - М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ж.Досмұхамедов, М.Дулатовтармен бірге Әлімхан Ермековте кіреді.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Бұл жерде Әлімхан Ермековтың еңбегін ерекше айтуымыз керек. Ол өзінің дарындылығымен экономика саласындағы терең білімі, құқық, саясат, халықтың әлеуметтік және мәдени жағдайынан өте жақсы хабардар болған. Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов оны Қазақ елі мен жерінің тағдыры шешілгелі тұрған жиынға кездейсоқ жібермеген. Ол кезде жас Әлімхан Алаш Орда атынан барып, әртүрлі саяси топтардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады. Ол баяндамада Астархань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3467922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді 12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша Алаш арыстары тұңғыш рет алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды. Белгіл алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай былай дейді: –Әлімхан Ермеков өз сөзінде мынадай пікір айтыпты: «Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады. Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстарэкономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек». Ермековтің айтқаны шындық еді. Егер де Сібірревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды. Егер сол астраханьдық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кету керек болатын. Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда, онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді. Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесі мен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады. Мәжілісте Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті.Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Соның бекітілгеніне тоқсан алты жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды, тарихты жасаушы ұлт азаматтарын ұлықтай білуіміз керек.
Сондай тұлғалардың бірі де бірігейі Әлімхан Ермеков. Қайраткердің бүкіл өмірі күрес және арпалыспен өткен: ол 3 рет сотталып, ГУЛАГ лагерлерінде қамауда 18 жыл отырған. Қайраткер барлық қиындықтарды басынан өткізіп, ерекше төзімділік танытқан.
Достарыңызбен бөлісу: |