Кгути им Шахмардана Есенова



Дата11.10.2024
өлшемі221.07 Kb.
#504585
тарих бөж4


КГУТИ им Шахмардана Есенова

БӨЖ№4
Тақырыбы: Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық және шаруалар көтерілістері

Өткізу түрі- Контент-талдау (анализ)

Орындаған: ИС-23/1 топ студенттері


Турим Жайылхан
Белгібай Мәди
Дүзелбай Нұршат
Алтынбекова Меруерт
Калдыбаев Мұхаммедали
Тексерген: Бекенжанова Айнаш

Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық және шаруалар көтерілістері
Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.

Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.

Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:


«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім… Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».

Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.



Ақтөбе вокзалында, жиналған қалың жұрттың көзінше, 72 жастағы зейнеткер Бақытжан Қаратаев қазақ коммунистерінің көсемі Голощекинге ашаршылық үшін айыптаған ауыр сөздер айтып, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне респуб­ликаның бірінші басшысы ретінде жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне басты. Алайда артында қалған жазбаларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин емес, оның айна­ласындағы қазақ қайраткерлері де айып­ты деп түйді.
Солардың бірі Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат тапсырған-ды. Онда ол өлкеде орын алып тұрған ахуалды ашық баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиын­дықтан шы­ғаратын шаралар ретіндегі ұсы­ныс­тарын тұжырымдады. Соны­мен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» Ф.Голощекин отыр­ған­да – республикадағы ауыр «жағ­дай­ды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.

Ол Голо­щекинді Қазақ партия ұйымының жетек­шілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланыс­ты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Өтінішінің бұл бөлігі қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабыл­даған қаулысына негіз етіп алынды.

Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталин­ге жолдаған баянхатында айтты. 1933 жылғы 24 ақпанда Бас хатшы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л. Мирзоянның атына Мәскеуде оқитын «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Ай­басов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жан­досов) жіберілді.

Онда 300 мыңнан астам қазақ отбасыларының Сібір және Орта Азия темір жол станция­ларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов Сталинге Қазақстандағы ашар­шылық зардаптарын жою жөнін­дегі баянхатын жолдады.



Қазақстанның жаңа басшылығы республикадағы 162 ауданның ішінде­гі ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүр­гізді. Өкімет өкілдері Ораз Жан­досов пен Жанайдар Садуақасов баста­ған құтқару комиссиясы көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданның үштен бірі ғана аман қалған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгерту және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды. Босқындарды елге алып келу үшін автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.
Монархия құлар қарсаңдағы алты миллиондай қазақ саяси сілкіністерге толы он алты жылда үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апаттың аталған үш кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он миллиондай адамнан айрылды. Негізгі халқының саны мен дәстүрлі экономикасының мәнін құрайтын мал басының мөлшері ашаршылық жылдары күрт түсіп кеткен Қазақстан 1936 жылғы 5 жел­то­қсанда қабылдаған сталиндік конс­титуция бойынша, Ресейдің құра­мын­­дағы автономиялық республикадан КСРО құрылтайшыларының бірі санатындағы «тәуелсіз мемлекет» мәртебесіне көтерілді. Бұл – боль­­ше­визмнің қазақ халқына қар­сы жа­саған мемлекеттік қылмы­сын өте сәтімен бүркеген шара еді.

Одақ­тық республика болу арқылы 1991 жылы тәуелсіз­дікке қол жеткіздік. Демек біз ашар­шы­лық құрбандарына мәңгі борыш­ты­мыз. Осыны түсініп, сол мил­лион­даған аруақтарға тағзым ету, Ұлттық Апаттың себеп-салдарын, ащы шындығын жан-жақты ашу, тәуел­сіздік жарияланған бетте Жо­ғарғы Кеңес құрған арнайы комис­сия­ның ұжымдастыру жылдары көш­пен­ділерге геноцид жасалғаны жайын­дағы тұжырымын көтеру, оған тиісті тарихи, заңи, саяси бағасын беру және осы ащы шындық айтылған қазақтың қасіретті тарихы арқылы күллі қазақстандықты тәрбиелеу – парыз, ол елдің бірлігін, тұтастығын нығайта түсетін болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет