Аманкөл селолық округі әкімінің м.у.а Қуанышбай Ералин:
Селолық округ әкімінің жұмыс жоспары Қазақстан Республикасының заңдары негізінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа алып жүргізілуде. Аманкөл селолық округінің құрамына Құтикөл, Аманкөл, Жарма елді мекендері кіреді. Халық саны 2046 адамнан тұрады. Оның ішінде 154 зейнеткер, 424 оқушы, 742 еңбекке жарамды тұрғындар бар. Жалпы жерінің аумағы 194 980 гектар.
Округ бойынша барлығы 35 ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Оның 4-еуі жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 31-і шаруа қожалығы. Биылғы жылы 2 кәсіпкер тіркеліп, қазіргі уақытта 20 кәсіпкер жұмыс жасайды. Шаруашылық құрылымдары және жеке қожалықтарда 2013 жылдың 9 айына мал басын өсіруде мүйізді ірі-қара 3994 басқа,қой – ешкі 22378 басқа, жылқы 611 басқа, түйе 279, құс 1781 басқа жетті.
Ауылшаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмысы қазіргі таңда жалғасын табуда, яғни 2013 жылдың 9 айына 971 бас ірі- қара, 252 бас жылқы, 35 бас түйе, 971 бас қой-ешкі малдары бірдейлендірілді.
Мал тұқымын асылдандыру мақсатында «Гүлжазира», «Бартай», «Келаман», «Ізтілеу», «Сартай», «Асылан», «Жанат», «Береке-1» шаруа қожалықтары барлығы 19 бас қазақтың ақбас бұқасын сатып алып жұмыс жасауда.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2013 жылы «Береке-1» шаруа қожалығы 9 780 000 және «Гүлжазира» шаруа қожалығы 3 300 000 теңге несие алып мал басын көбейтуде.
Қысқы мал азығын дайындауда қазіргі уақытта 21873 тонна мал азығы дайындалып, қыстақтар мен жеке тұрғындарға тасылуда. Округте қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс жасайд, биылғы жылы 109 бас мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылды.. Жұқпалы ауруларға қарсы малдар округ көлемінде толық егіліп, тексерілді. Округ бойынша бруцеллез ауруы анықталған 5 мүйізді ірі қара, 5 қой малдарының көзі жойылып, мал қоралар мен баздар толық дезинфекцияланды.3 елді мекен бойынша Ырғыз аудандық ветеринариялық стансасының 3 мал дәрігері жұмыс жасауда.
Округ аумағында 2 орта, 1 негізгі мектепте 541 бала оқиды. Орталықта 1 дәрігерлік амбулатория, екі елді мекенде медпункттер, 2 балабақша және 1 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс жасайды.
Құтикөл селосынан жаңа үлгідегі 150 орындық жаңа мектеп үйінің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға берілді.
Халыққа қызмет көрсетуде 2 клуб, 2 кітапхана жұмыс жасайды. Елді мекендерде мәдени шаралар ұйымдастыру дәстүрлі түрде жүргізіледі. Мекемелердің барлығы қысқы жылыту маусымына дайын.
Қоғам қайраткері Т.Жаманмұрыновтың туғанына 125 жыл толу мерейтойын өткізу жөнінде бекітілген жоспар бойынша мекемелерде іс-шаралар өткізілді. Демеушілердің көмегімен Аманкөл ауылында орналасқан Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектебіне қайраткердің мүсіні қойылды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 1-бағытына сәйкес 1 бала Ақтөбе ауылшаруашылық колледжіне тегін білім алуға жіберілді. Осы бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыссыздарды жұмысқа алуда 2013 жылы барлығы он жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылды. Арнаулы оқу орынын бітірген 2 жас маман жастар практикасында іс-тәжірибе жинақтаудан өтті. Жыл басынан бері жұмыссыз 37 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Елді мекендерде телефон байланысы жолға қойылған. 213 үй «OTAU TV» ұлттық спутниктік желісін пайдалануда.
Ауыл жастары спорттық шараларға белсене қатысып отырады. Атап айтсақ Нұра селолық округінің Белшер ауылында өткен аудандық ауыл жастарынының ХІІ-ші спартакиадасында округ спортшылары ұйымдасқан түрде қатысып, жалпы командалық есепте жүлделі ІІІ орынға ие болды.
9 мамыр күні соғыс ардагерлері ағайынды Бөлекбаевтар атындағы жылма жыл дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан елді мекендер арасында футболдан спорттық жарыстар өткізілді.
1 - қазан халықаралық қарттар күнінде округтің егде адамдарына дастархан жайылып, мерекелік концерт қойылып құрмет көрсетілді.
Құтикөл селосына «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында саябақ жасалынып, ойын алаңдары қондырылды. Қараарық көпірінің жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша 15 жерге жарықтар орнатылды, алдағы уақытта іске қосылатын болады.
Есепті кезең ішінде барлық елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық қалдықтар арнаулы орындарға шығарылды.
Алдағы уақытта да саяси-әлеуметтік жағдай орта мерзімдік даму жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |